Сенбі, 23 Қараша 2024
Талқы 2749 32 пікір 14 Ақпан, 2024 сағат 14:29

Кітапшыл қауым қуанып жатыр...

Коллаж: Abai.kz

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Кітап шығару Ережесін ұсынғалы редакцияға оны қолдау хаттары келіп жатыр. Бұл – елімізде кітап шығарудағы қордаланған мәселелердің көптігінен хабар береді. Ұзақ жылдар кітап шығару, баспа жұмысын реттеу салалары еш бақылаусыз болып, ол ұлттық мүддеге сай мемлекеттік идеология қалыптасуы үрдісінен тысқар қалған еді. Өйткені, «кітап мәселесі» еліміздің мәдени салаларын: әдебиетті, театрды, киноны, өнерді және ғылымды біріктіретін іргетас саналады. Сол үшін «іргетасты бекіту – мәдени дамуға жаңа серпін беру» болып табылады

Сурет: Abai.kz

Дәурен Қуат, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы:

ЖАЗУШЫНЫҢ ТУЫНДЫСЫ - ЖАЛПЫНІКІ

Қазақ қоғамы нарықтық қатынасқа көшкелі бері «нәпақадан қағылған» қауым қаламгерлер болған.  «Апыр-ау, қыбырлап-жыбырлаған жанның бәрі еңбегіне қарай ақы талап етеді, айлық ақша алады, сонда бұл ақын-жазушының таңды таңға ұрып жазған дүниесі мына заманда сұраусыз, құнсыз болғаны ма?» деп, әлі күнге далмыз. Себебі бізде, «жазушы жазса, өзі үшін жазады» деген бір доғалдау түсінік мінберге мініп алған. Жә, жазушы өзі үшін ғана жазса, былайғы жұрттың дені қарын мен қалтаның қамы үшін қарекет қылып жүр емес пе? Оныкі – өзінікі. Жазушының туындысы – жалпынікі.

Қазіргі қасаң тілдің қалыбына салып қайырсақ, материалдық емес дүние өндіретін жеке тұлғаның жасағаны (яғни, жазғаны) мемлекеттің рухани қазынасын толтырады. Әрине, жазарманның бәрі жасампаздардың қатарынан табыла бермейді. Жазарманның да жазарманы бар. Баяғыда «Қазақ әдебиеті» газеті «ғасыр халтурщигі» деген мәселе көтерген. Сондағы көздегені бір адам еді. Жоқ, халтурщик о заманда жалқы емес-тұғын. Көп еді, қазір де жетіп артылады. Сол «халтекеңдер» қалт-құлт еткен шиман бет шығармаларымен баспаларды басып алды. Баспалардың да осы кезде базары жайнап, самаурыны қайнап қоя берді дерсің. Бір кітап – жүз пәленбай мың  теңге. Бажалыстаңыз! Сөйтіп баспалар мен халтурщик-графомандар қосылып алды да, кітап патшалығының тоз-тозын шығарды.

Мұның сыртында тума таланттардың да кітаптары жарық көріп жатты. Бірақ олардың саф туындылары ормандай ойлы оқырманның қолына тие бермейтін болды. Ақын-жазушылар шығармасының баспа бетін көргеніне, сөзінің тасқа түскеніне ғана шүкіршілік айтып отыратын халге душар болды. Қаламақының қарасын көруден қалды. Бірақ күндердің бір күні билік пен қоғам тарапынан қаламгерлер ауылына қарай оқыс бұрылыс болатынын ішіміз сезетін. Соның анық белгісін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның кітап басу ісіне қатысты ұсынған тың тәсілінен аңғардық.

Министр ханым кітапты сапалы, мазмұнды етіп шығарудың ережелерін ескерте келіп, қолжазба бірнеше сүзгіден өтіп барып оқырман ортасына жол тартатынын айтты. Демек, алдағы уақытта қазақ оқырманы мазмұны бай, тілі көркем, ойы кемел шығармаларды оқитын болады. Бәрекелді! Кітабы 160 бетті қамтитын қаламгер 4 млн. теңгенің көлеміндегі грантты иеленбек. Ал авторлық құқық автордың өзінде қалады. Бұл ережені ақын-жазушылар қуана қоштап, желпініп отыр. Ендеше, «Ай да Пушкин, ай да сукин сын!» демекші, айда, жаз, төгіл, төпелет, құрметті қалам иесі!

Сурет: halyqline.kz

Нұржан  Әбжанұлы, «Халық» газетінің бас редакторы Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі,

МҰҚАБАСЫНДА МІН ЖОҚ, ІШІНДЕ ДЫМ ЖОҚ КІТАП ШЫҚПАЙТЫН БОЛАДЫ

Бүгінде не көп, қаптаған кітап та, белсенді «жазушы» да көп. Бірақ оқырман аз. Себебі сол, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай саны бар да, сапасы жоқ дүниелер оқырманның олжасына айнала алмай тұр. Өйткені дені оқырманның жүрегіне жол таппайды. Яғни, кітаптың мұқабасында мін жоқ, ішінде дым жоқ. Әрине, барлық кітап осындай екен деген ойдан аулақпын.

Енді елімізде кітап шығару саласын дамыту бойында іс-шаралар қабылданып жатыр екен. Бұл жұмысты күшейтуді Мәдениет және ақпарат министрлігі қолға алғалы отыр. Ол туралы сала министрі Аида Балаева әлеуметтік парақшасында жариялаған бейне үндеуінде айтты.

«Кітап – адамзат үшін ең құнды қазына. Мәдениет және ақпарат министрлігі кітап шығару жұмысын күшейтуді қолға алып отыр. Бұл ретте, осы саладағы тың бастамалармен таныстыруды жөн көрдім. Біріншіден, кітап басу ісі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан бұл саланы дамыту үшін жаңа ереже қабылданады. Соған сәйкес кітаптар бірнеше сараптамалық сатыдан өтіп, тек үздіктері ғана жарық көреді» деді ол.

Сол үндеуден бағамдағанымыз, отандық ғылыми-зерттеу орталықтарының әлеуметтік зерттеуінен кейін ғана өкілетті орган қай кітапты, қанша кітап шығару туралы шешім қабылдайтын болады. Сондай-ақ, бұрын қолжазбаға гонарар төленсе, енді оның орнына жаңа әдеби туындыларға грант берілмек. Аударма әдебиеті бойынша «Мәдениет туралы» Заңына бірқатар өзгеріс енгізілмек. Сонымен қатар, аталған Заңда жазушының мәртебесін айқындау ұсынылған. Одан басқа да өзгерістер айтылған.

Бір сөзбен айтқанда, кітап шығару ісіне мемлекет тікелей өзі араласатын болады. Бұл, бір жағынан, пайдалы болса, екіншіден, кей кітап цензурадан өте алмайтын тәрізді. Неде болса, бүгінгі бәсекелесіп кітап жазып, өз әулетінің немесе жеке адамның отбасылық өмірін паш ететін арзанқол кітаптардан арылсақ дейміз. Сондай-ақ, заңғар жазушылар мен классик тұлғалардың кітабын шетке ысырып тастаған психологтардың, блогерлердің жарнамасы жер жаратын кітаптарын да талғамға негіздейтін уақыт жеткен сияқты. Енді тек електен өткен сапалы дүниелердің, көркем әдебиеттердің басылып шыққанын қалаймыз. Әрине, бұл жерде кім көрінгеннің арзанқол дүниелерін басып шығара беретін жекеменшік баспаларды да шектеп, елге белгілі баспалардың жұмысына дем берген жөн.

Сурет: adebiportal.kz

Арасанбай Естенов:

КІТАПТЫ ҰРЛАП ШЫҒАРАТЫН АЛПАУЫТ БАСПАЛАРҒА ТИЫМ САЛУ КЕРЕК

Біздің пікіріміз: біріншіден, биліктегілер баспа (издательство) мен баспахананы (типогифияны) ажырата білуі тиіс. Әсіресе, Балалар кітабын шығаратын арнайы жеке баспалар іріктелуі міндет. Сонда ғана "бар жақсымыз - балаларға" деп, мазмұнға сай безендірілген балдырғандар кітабын шығаруға қол жеткіземіз!

Содан кейін кітапты авторға айтпай ұрлап шығаратын алпауыт баспаларға тыйым салып, жауапқа тарту жолын қарастырған жөн болар еді. Бұл бассыздықты 2019 жылы  "Фолиант" баспасынан шыққан біздің "Көне кенттер күмбірі" кітабымыз бастан өткерген соң, айтып отырмыз.

Ал қолжазбаны сараптамадан өткізу міндетті! Өтімі жақсы, көп оқылатын кітапты мол тиражбен қайта басылатыны да бұрыннан бар үрдіс. Ешқандай жаңалық емес!

Ендігі жерде тек сыбайлас жемқорлықты ауыздықтай алса, болғаны. Біздіңше, ол үшін "тендердің" ашық, жария түрде өтуін қамтамасыз ететін тетік табу шарт! Бар бәле осында! Бүгінде «тендер» дегенің жемқорлардың жемсауының нақ өзі болып тұр.

Қоғамның бір үзік пікірі осы. Сөз соңында айтарымыз: бұл Ережеге Ғылым саласына тікелей қатысы жоқ, не болмаса, өнерге де (әдебиетке делік) қатысы алшақтау «ғылыми‑танымдық әдебиеттің» мәселесі жеке бап ретінде қаралса дейміз. Себебі,ғылыми‑танымдық кітаптар «гонорар үшін» деп тек парақ санымен өлшене алмайды. Керісінше, ғылыми‑танымдық кітаптар мейлінше қысқа‑нұсқа, мазмұны нақ әрі ұғынықты жазылуы шарт. Ал, оған төгер тер қомақты роман жазудан бір де бір кем емес... Одан әрі айтсақ ‑ онда, танымдық кітаптардың еліміздің адам капиталының өсуіне, адамның интеллектуалды дамуына тигізер әсері өте жоғары болады дер едік.

Топтаманы әзірлеген Әбдірашит Бәкірұлы   

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385