Жұма, 22 Қараша 2024
Абай мұрасы 2085 4 пікір 23 Ақпан, 2024 сағат 12:27

Тәңіршілдіктің құлдырау себептері

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Халқымыздың ұлттық болмысын алғаш қалыптастырған тәңіршілдік бүгінгі күндері құлдырап, құр сүлдері ғана қалды.

Нәтижесінде ғасырларлар қойнауынан келе жатқан салт-дәстүріміз ұлт тірегі болудан қалып, тіпті, енді өзінің кері әсерін беріп, елдің рухани құлдырау себебіне айналып отыр. Бүгінгі мардымсыз өміріміз, оның ішіндегі халық бірлігіне қауып төндіріп отырған тәңіршілдік пен бүгінгі дініміз исламның арасындағы алауыздық осының көріністері ғана. Болмысты толық қамтитын әуелгі тәңіршілдік бүгінгі күндері исламды қабылдамай, оған қарсылық көрсетіп отыр. Ұлт болмысының қалпына келуіне, оның ішінде тәңіршілдіктің  құлдырау себептеріне көз жіберу бүгінгі күндері өте өзекті мәселе болып отыр.

Бұл мәселелердің шешімін хакім Абай ілімі аясында қарастырып көрелік.

Абай ілімі бойынша, тәңіршілдіктің құлдырауының негізгі себебі Болмысты толық қабылдамаудан шығады. Тәңіршілдік көшпелі өмірден пайда болып, қоршаған ортаның ықпалымен қалыптасқандықтан, отырықшы өмірде табиғаттың ықпалы әлсіреп, тәңіршілдік құлдырай бастады. Себебі, тәңіршілдікте өзінің пайғамбары, қасиетті кітабы, не болмаса тәртіптің бұзылмауын қадағалайтын белгілі бір ереже-рәсімдері жоқ.  Қоршаған ортаның ықпалы әлсірегенде көңіл құлқын қамына ауып, адамдар тіршілік қамымен бірліктен айырыла бастайды. Осылай бірлік болмай, Болмыс үйлесімділігі бұзылады. Адамдар бір Болмысты бөліп, Оның бөліктерін ғана қабылдай бастайды. Болмыстың бөліктеріне табынатын политеизм, көпқұдайылық (язычество) пайда болады. Біртұтас Болмысты бөліп қабылдағандықтан, адамдардың ой өрісі тарылып, ұсақтала келе араларында түрлі келіспеушіліктер туып, түрлі қақтығыстар көбейеді. Осылай адамның  ой өрісі Болмыстың рухани және материалдық бөліктерін толық қабылдай алмайтын жағдайға келеді. Сана төмендеп, Болмыстың материалдық деңгейіне түседі. Жүрек былғанады. «Мен» деген жалған эго пайда болып, сана одан сайын тарылады. Төменгі сана қиянат тудырып, түрлі күнәлі істер көбейеді. Күнәлі істер жүректі одан әрі былғап, адамның санасы «жарым адам» деңгейіне түседі. Осылай қиянат істер күнә тудырып, ол жаңа қиянат жасатып, қоршаған ортамен үндестік әлсіреп, тәңіршілдік одан әрі құлдырайды. Болмысты толық қабылдай алмайтын таза материалдық ой өріс, яғни тән құмарының күш алып кетуі осылай пайда болады.

Абай ілімі аясында қарастыра отырып бұл құбылыстың барысына көз салайық.

Жалған эгоның пайда болуы. Адамның заттық әлем заңдылығына түсіп қалу себебі -- оның рухани болмысын, яғни нағыз эгосын ұмытып, жалған эго пайда болуы. Жалған эгоның не екенін Абай «Ақыл мен жан – «мен өзiм», тән – «менiкi», «мен» мен «менiкiнiң» мағынасы екi» деп түсіндіреді. Яғни, ақыл мен жан менмін, ал тән және онымен байланыстылардың барлығы менікі. Заттық әлемде «Мен» деген ұғымнан «менікі» шығады. «Мен» өзін «менікімен» балау «жалған эго» болып табылады. Бұл оны Болмыстан бөліп, Оған қарсы қояды. Осылай өзін Болмыс бірлігінен бөлген жан дараланып, басқалармен қарсыласа бастайды. Түрлі текетірестердің негізгі себебі осы. Ал шын мәнінде, жанның бұл әлемде ештеңесі жоқ болғандықтан, бұл текетірестің ешқандай себебі жоқ. Бұл туралы Абай былай деп түсіндіреді:

Адам ғапыл дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда ойла, болады не сенікі?

«Менікі» деп жүргенінің барлығы Оныкі, бір Жаратушыныкі. Біз тек қана Оның бергенін алып, өзіміздің нәзік және тұрпайы болмыстарымызды құрадық. Осылай, ой-өрістің құлдырау себебі – адам білместігінен өзін тәнмен балап, рухани болмысын ұмытып кетуінен екенін түсінеміз.

Сонымен, адамның негізгі болмысы жан, ал қоршаған орта, оның ішінде тән де, оныкі емес, Болмыстың бөліктері. Әуелгі тәңіршілдік Болмыс көрінісін толық қамтитын мәңгілікті болғанымен, заттық деңгейге түсіп, сананың құлдырауы басталады. Адам санасы нәпсі ықпалымен үнемі рухани деңгейде болмай, осылай төмендейді. Сана Болмыстың рухани бөлігін қабылдай алмай, тек қана Оның заттық бөлігіне көңіл аударады. Сол сәттен бастап санадағы Болмыс көріністері заттық сипат алып, адам материалдық әлемнің екіұдайылық заңдылығына түседі. Адам санасы біртұтас Болмысты бөліп қабылдағандықтан, түрлі бейнелер алып, құлдырап кетеді. Адам енді Болмыстың біртұтастығын қабылдай алмай, бөліктерін ғана қабылдағандықтан, санасы ол бөліктерді өзім деп қабылдап, қорғануға кіріседі. Әрбір ұсақталған бөлік өзін «мен» деп қабылдағандықтан, түрлі ағымдар пайда болып, өмірдегі қайшылықтарды тудырады. Олардың арасында айырмашылықтар, келіспеушілік, қарсыластық туады. Политеизм күш алып, көпқұдайылық елдің шырқын алып, қоғам құлдырау жолына түседі. Сол кезде қоғамды қалпына келтіру үшін Абай сөзімен айтқанда «Кез кезімен нәби келді». Олар Болмыстың бірлігін түсіндіріп, өмірді қайтадан үйлесімге келтіреді. Осылай бір Аллаға табынатын монотеистік діндер пайда болды. Діндердің пайда болу себебі: бір Тәңірдің біртұтастығын қалпына келтіру. Олар тәңіршілдіктің уақытша пайда болған бөліктері. Сондықтан, заттық әлемге берілгендіктен, уақыт келе олар да Болмыстың бірлігінен ауытқып, түрлі ағымдарға бөлініп, Болмыстың түрлі көріністерін ғана қабылдай бастайды. Осылай, бүгінгі түсініктегі дін -- тәңіршілдіктің өзгерген түрлері екенін білеміз. Бұл өзгеріс шексіз көп болғандықтан, діндер түрлері де саналуан. Олар материалдық әлем заңдылығы бойынша пайда болып, өзінің шыңына жетіп, қайта құлдырап, ақыры жоғалып кетіп жатады. Олардың орнына басқа діндер келеді. Адамзат тарихында бұл көптеген ағымдар тудырады. Бұлардың барлығы тәңіршілдіктің құлдырау көріністері.

Енді тәңіршілдіктің құлдырау себептеріне оралайық.

Қиянат. Жалған эго, оның тартысы қиянатты тудырады. Біреудің нәрсесін менікі деу, әсіресе, ол Құдайдыкі болса, бұл әрине қиянат, және үлкен қиянат болып табылады. Қиянат неге пайда болады?

«Оның үшін көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады» деп Абай қиянаттың арғы түбі тәрбиеде жатқанын көрсетеді. Тәрбие дегеніміз адамның жас кезінен бастап, өмірінің соңына дейін оның жанын Болмыс бірлігіне бағыттап, Онымен бірігуге үйрету болып табылады. Тәрбие бала кезден басталып, өмірдің соңына дейін жалғасады. Ал жас кезден бастап алмаған тәрбиені кейіннен қалпына келтіру өте қиын болады.  Ондай адамның өмірі зардапты болады. Әрі қарай Абай ол зардаптың нәтижесін былай деп түсіндіреді:

Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымғы да, ұстазға да, хаттә иман иғтиқадқа (дінге сеніп табыну) да қиянатпенен болады. Бұл қиянатшылар – жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман. Олардың адамдығының кәмәләт (жетілу) таппағы – қиынның қиыны. Себебі Алла тағала Өзі – хақиқат, растықтың жолы. Қиянат – хақиқат пен растықтың дұшпаны. Дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме?

Осылай, Абай қоғамның, сонымен бірге, тәңіршілдіктің құлдырауы «жарым адам»  мен «жарым мұсылмандардың» көбеюінен екенін білдіреді. Жарым адамдардан жарым молдалар шығып, олар жарым мұсылмандарды тудырады. Бұл арада «мұсылман» дегенді «иманды адам», ал «молда» дегенді тәрбиеші, мұғалім деп түсіну керек.  Қоғамдағы парақорлық, рухани мешеулік, адамгершіліктің төмендеу себептерін түсіну сонда оңай болады.

Қиянат іс күнәні тудырады. Күнә дегеніміз не? Күнә дегеніміз -- қиянат істің нәтижесі. Қиянатты іс күнә болып табылады. Бұл әлемде «менікі» деп жүргеннің бәрі Оныкі болғандықтан, Бір Жаратушы үшін жасамай, тек өзінің құлқын қамы үшін жасаған әрекеттің барлығы күнә болып табылады. Себебі, адам өзіне тиесілі емеске ұмтылып, заңсыздыққа ұрынады. Бұл тұрғыдан алғанда, елдер арасындағы соғыс қана емес, түрлі ұрлықтар, қарабас қамынан шыға алмаушылық, дінаралық және отбасындағы келіспеушіліктердің барлығы күнә болып табылады.  Күнәні мойындау үшін сенім мен таным, және олардың үйлесімділігі керек. Бұл туралы келесі мақалада сөз болады.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1440
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3202
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5174