«Екі Әшімбаев» туралы ертегі
«Бұл ретте Оңтүстіктен Солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы күтілген нәтижені бермегенін мойындауымыз керек!».
Бұл – осы 2024 жылғы 20 ақпанда Сенатта өткен Еліміздің көші-қон және демография саясатына байланысты өткен Үкімет сағатыдағы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың сөзі.
Иә, Көші-қон саясаты бойынша Мәулен Әшімбаев мойындайтын мәселе көп. Соның біреуін мойындады. Екіншісі – шеттен келетін этникалық қазақтар үшін қолдан жасалып отырған Ұлттық трагедия.
Жұрт жақсы біледі, Мәулен Әшімбаев ескі билік тұсында да өте маңызды, тағдыршешті қызметте болды.
Қазақ көшінің отыз жылдағы басып өткен жолына үңілсек, қандастар тағдыры көп жерде осы Мәулен Әшімбаев отырған креслоларды айналып өтпегені мәлім. Әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі және Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары болғанда; Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры қызметін атқарған уақытта; бесінші, алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты әрі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы кезінде; Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Бірінші орынбасары болып тұрғанда...
Бірақ, Мәулен Сағатханұлы осынау биік лауазымдарда жүріп, Ұлы көш, қандастар тағдыры туралы шөп басын сындырған жоқ десек, бұнымыз – әділетсіздік болар еді.
– Басқа елдердегі қазақ диаспораларымен байланысты күшейту керек. Бірқатар Азия елінде қазақ диаспоралары тұрып жатыр. Олар ұзақ жылдар бойы біздің тілімізді, салт-дәстүрімізді сақтап отыр. Осыған байланысты шетелдегі елшіліктердің басты міндеті - қазақ диаспораларымен өзара қарым-қатынасты нығайтып, оларға Қазақстанмен мәдени және гуманитарлық байланысты сақтауға көмектесу. Қандастарымыздың мәліметіне сәйкес, жоғарыда аталған жұмыстар жүйелі және тиісті деңгейде жүргізілмейді.
Сондай-ақ,
– Шетелдегі қазақ жастарына отандық университеттерде жоғары білім алуына жағдай жасау маңызды. Елбасы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шетелдегі отандастырымыздың білім алуы үшін отандық жоғары оқу орындарындағы квота санын 2 есеге дейін өсірген. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанға көшіп келгісі келетін азаматтар үшін құжаттарды тез жасауға, оларға тиісті кеңес беру сынды жұмыстарды күшейтуге тапсырма берген. Осы аталған бағыттар бойынша шетелдегі елшіліктер белсенді жұмыс жүргізуі қажет.
Бұл – Мәулен Әшімбаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымның депутаты кезінде 2018 жылы өткен Үкімет сағатында жасаған депутаттық сауалы.
Түсінікті болу үшін айта кетейік, осыдан бір жыл бұрын – 2017 жылы Астанада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өткен болатын.
Сол Құрылтайға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев келіп, баяндама жасаған, тарихи шешімдер қабылдаған. Біз ұсынған бес ұсыныстың төртеуін Нұрсұлтан Назарбаев сол құрылтайдың үстінде шешкен.
Ол - «Отандастар қоры» құру; Қытайдан оралған қазақтардан тұрақты тіркеуге тұру, азаматтық алу кезінде Ішкі істер органдары жағынан «Соттылық туралы» анықтама талап етпеу; Зейнетақы тағайындау кезінде Қытай мен Маңғолиядан келген қандастардың шығу еліндегі еңбек қызметін есепке алу; Шеттен келген ұлты қазақ студенттердің оқу грантын 2 пайздан 4 пайызға көбейту мәселесі болатын.
Мәулен Сағатханұлы біліп қойсын, біз бұл салаға он бес жыл өмірімізді арнаған, күні-түні тынбай жұмыс істеген, арыстанмен алысқан, жолбарыспен жұлқысқан адамбыз. Назарбаев дәуірінде көші-қон үрдісін реттеуге арналған заңдар мен нормативтік құжаттарға елеулі өзгерістер мен толықтырулар енуіне ықпал еттік. Қандастарымыз қазір соның қызығын көруде. Біз де «Жаңа Қазақстанның» қолдаушысымыз. Шамамыз жеткен саланының пұшпағын илесудеміз. Шеттен келген ағайынның бір үлкен әлеуметтік топ екенін ескерген дұрыс. Қолдан жасалған кедергілер олардың шырқын әбден бұзды, жүйкесін әбден тоздырып бітті. Онымен біз айналыспасақ, Әблязов пен басқалар айналысады. Әблязов – Әшімбаев пен Қошановты сынағанымен, Тоқаевты қолдайтын Ауыт Мұқибек емес!..
Сөйтіп, Нұрсұлтан Әбішұлы аталған Құрылтайда Елбасы Үкіметке жеті нақты тапсырма берді. Бір жыл өткен соң, сол кездегі депутаты Мәулен Әшімбаев, міне, атқарушы билікке Мәжіліс төрінен мәселе көтеріп, Тұңғыш Президенттің шеттегі қандастар тағдырына қатысты сол тапсырмаларының өз деңгейде орындалуын талап етіп отыр.
2018 жылы 2 ақпанда Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары болып тағайындалғанда, Оның Ұлы көш, шеттегі қандастар туралы осы сөздерін Facebook-тегі парақшамызда еске ала отырып, «Қателессем кешірім өтінем, сол Құрылтайдан бері Президент ортаға салған сол тапсырмалар бойынша күйініп Үкіметке қузау салған бірінші һəм жалғыз депутат – осы Мәулен Əшімбаев!», - деп, Оны жаңа қызметімен құттықтап, сәт сапар тілеген болатынбыз.
Заман өзгерді. Өзгергенін көз көрді. Президент алмасты. Билік басына Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Мәулен Әшімбаев Сенат Төрағасы болды.
Уақыт деген зымырап өтіп жатыр. Шеттегі қандастарымыздың көрмеген азабы жоқ. Қытайдағы қазақтар, тіпті, ГЕНОЦИДті бастан кешірді. Мұндағы қазақтар ҚАҢТАР ҚЫРҒЫНЫНА тап болды...
Сөйтіп жүріп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болғанына да, міне, БЕС ЖЫЛ толайын деді,
Тілекке қарсы, мен Назарбаев дәуіріндегі Мәулен Әшімбаевты Тоқаев дәуірінде жоғалтып алдым.
Мәжіліс депутаттығынан көтеріліп, мемлекеттегі ЕКІНШІ АДАМ болып отырған Мәулен Әшімбаев соңғы бес жылда Ұлы көш, ел іші-сыртындағы қандастар туралы жақ ашпайтын болды. Тілін жұтып қойды.
2022 жылы «Конституциялық реформа» кезінде, Ата Заңның 10-бабына «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұратын қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқылы» деген норма енгізу туралы Ерлан Қарин екеуіне өлердей жалындым. Пысқырған жоқ.
Ата Заңды қойып, масқара болғанда, Мәулен Әшімбаев басқарып отырған Қазақстан Республикасының Сенаты өткен жылдың Сәуір айында «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 20-бабына 5) тармақ етіп, Үкімет айқындаған сегіз өңірден басқа тоғыз облыс пен үш қалаға өз беттерімен көшіп келіп, қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесін берілмейтін норма енгізіп тастады ғой.
Қасым-Жомарт Кемелұлының «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды», - деген сөздеріне пысқырып та қарған жоқ Мәулен Әшімбаев.
Бұл туралы 15 ақпан күні, «Көші-қон заңындағы шу болып жүрген 20 баптың 5 тармағы 2023 жылы 16 наурызда Мәжіліс тарап кеткенде, Сенат Әкімшілік реформа туралы заңға өзгеріс енгізу арқылы қабылдаған. 2023 жылы 19 сәуірде Президент қол қойған. Қазіргі ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымы алғашқы Жалпы отырысын 2023 жылы 5 сәуірде бастады. 20 сәуірге дейін 14 заң қабылданды. Бұлардың ішінде Көші-қонға қарсы, 20 бабы 5 тармағына қатысты ешқандай да заң қабылданған жоқ...», - деп, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мәлімдеді.
Міне, енді келіп, «демографиялық жағдай...», «урбанизация», «Солтүстік өңірлер...», - деп, Мәулен бауырымсайрааааап отыр.
Қазақтың үлесі қырық пайызға жетпейтін жаңдайда Тәуелсіздік жариялаған Қазақстанның бүгінгі күнде қазақтың үлесі 70 пайызға жетуіне шеттен келген ағайынның да еңбегі бар екенін ешкім жоққа шығара алмасы анық.
Бір қызығы, Сенатта өткен Үкімет сағатында Мәулен Сағатханұлы ішкі көші-қон – қоныс аударушылар туралы егжей-тегжейлі тоқталғанымен, сыртқы көші-қон – көшіп келушілер туралы бір ауыз сөз айтпапты.
Қазақта «Түйе пішілген жеріне жоламайды» деген тамаша сөз бар.
Мүмкін, Мәулен Сағатқанұлы сол аты шулы 20-баптың 5) тармағын өз қолдарымен қабылдап жібергенін, сөйтіп қолдан Ұлттық трагедия жасағанын да мойындап, сыртқы көші-қонға – көшіп келушілерге соқпай өте шыққан шығар. «Мемлекет қашанда шетелдегі қазақтардың мәселесіне баса мән берді. Атажұртқа оралуға ниеті бар адамдар үшін барлық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығы мен қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді...», - дегізіп, Президентімізді өтірікші қылғаны үшін ұялған шығар...
Қалай десек те, мен Назарбаев дәуіріндегі Мәулен Әшімбаевтың Тоқаев дәуірінде мүлде басқа Мәулен Әшімбаев болып кеткеніне қайран қалудамын.
«Екі Әшімбаевтың» сөздерін тыңдасам, екеуі екі түрлі сөз айтады. Соңғысынан қиял-ғажайып ертегілер естіп отырғандай күй кешемін. Тәпсірші болып кеткен.
Мәулен Сағатханұлы менен екі-ақ жас кіші. Замандаспыз. Текті, тағдырлы ауылдың тумасы. Қай жағынан алсақ та, бөтен емеспіз. Ол маған, мен оған жиенмін. Назарбаев дәуірінде қол астында қызмет атқардым. Бетімнен қаққан емес...
Төбемде Құдай тұр ғой, мен Назарбаев кезіндегі Мәулен Әшімбаевты өте жақсы көремін. Ол мені елеп-ескермесе де, мен Оны қатты сағынамын...
Ал, Тоқаев дәуіріндегі Мәулен Әшімбаев маған ұнаңқырамай барады. Өзін жоғалтқан. Сол үшін де, мен Оған өкпелімін. Қатты өкпеледім. Жеке мүддем үшін емес, қандастарына жасаған қиянаты үшін қапа болдым Оған. Көп тиісетінім, ащы сөздер айтатьыным – содан...
Ауыт Мұқибек
Abai.kz