Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
46 - сөз 1955 1 пікір 1 Наурыз, 2024 сағат 18:58

Фиджиталды Қазақстан. Тиммейттер мен дроптар

Сурет: newsroom.kz

1552 жылы Еділ өзеніндегі сауда коридорына жол іздеген орыс патшасы Иван Грозный Қазан қаласын басып алып, Қазан хандығы ыдырайды. Қазан, Астархан, Сібір хандықтары мен Қазақ хандығы арасындағы суверенді экономикалық байланыс біртіндеп үзіліп, ақырында Қазақ хандығының өзі Ресей империясына жұтылып кетеді.

Кеңес дәуірінде Қазақстанның болашақ тәуелсіздігін бастап берген оқиға – 1936 жылы орын алды. Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасы Қазақ кеңестік социалистік республикасы болып қайта құрылады да, біз автономия деген сөзден құтыламыз. 1990-1993 жылдары дербес социалистік республикалар тәуелсіздік алады да, ал автономия деген тіркесі бар республикалар Ресей Федерациясының құрамында қалып қояды. Бұл жағынан алып қарасаңыз, Ұзақбай Құлымбетов деген саясаткердің біздің 55 жылдан кейінгі тәуелсіздігімізге тікелей қатысы бар екенін аңғаруға болады.

1936 жылдары Татар автономиясында одақтас республика болу мәселесі бізге қарағанда сылбыр көтерілген. Оның себебі, сол жылдары «Сұлтанғалиевщина» деп аталатын репрессия науқаны қыза бастаған болатын. Татар интеллегенциясы бірінен соң бірі абақтыға тоғытылып жатқандықтан, Мәскеуде татар мүддесін қорғап, оның статусын одақтас республикаға көтеретін күштер табыла қоймады. Территориалды жағынан алғанда Татарстан Ресейдің аумағына дендей еніп тұр деген желеумен, Мәскеу Қазанға одақтас республика статусын бермеді. Осы оқиға 1991-2000 жылдарға дейінгі созылған татар тәуелсіздігі жолындағы мәселені түпкілікті шешті. Ал 2023 жылы Татарстан тәуелсіздік алудың теориялық мүмкіндігінен де айрылып, басшысы президент емес, райыс деп аталып кетті.

Қазан және асқазан. Немесе тәтті Татнефть туралы баллада

Біздің көзімізге көрінбесе де, Қазақстан қазір Ресей аясына кіретін түркі мемлекеттерімен тікелей тиімді экономикалық қарым-қатынас орната бастады. Ол алдағы 30 жылда өз дивидендін беретіні сөзсіз. Солтүстік көршіге ерінбей ұшатын Airbus 330 тек Мәскеу мен Петерборға ғана емес, Қазан, Уфа қалаларына жиі қонып жүр. Өткен аптада Қазан қаласы киберспорт пен физикалық спортты ұштастырған Болашақтың Ойындарын қабылдап, оның ашылу салтанатына Президент Тоқаев барып келді. Салтанатты лентаны кесіп, Владимир Владимирұлымен амандасудан өзге, бұл сапардың басқа экономикалық себебі бар еді. Ол жағын Қасым-Жомарт Кемелұлынан басқа ешкім білмеді.

Қазақ пен татар арасындағы экономикалық байланыс ақырындап дамып келеді. 2022 жылы Қазақстан мен Татарстан арасындағы тауар айналымы 597 миллион доллардан асқан болатын. Менің ойымша, Астана бұл цифрді миллиардқа дейін жеткізуге аса мүдделі. Татардың тәтті күлшесі Камаз бен Татнефть. Камазбен байланыс өте жақсы деп айтуға келеді. Бірақ болашақтың кілті Татнефть.

Біз білмейтін бутадиен

Татнефть 700 миллион доллар инвестициямен және технологиясымен біздегі мұнайдан синтетикалық каучик өндіретін жобаға 2021 жылы кірген болатын. Бутадиен зауытының 75 пайызы солардың қолында, 25 пайызы Самұрық-Қазынада. Шикізатты ТШО беретін болды. 2025 жылы осы зауыт жұмыс істей бастауы тиіс. Бұл жобадан мемлекет жылына 398 миллион доллар тауып отырмақ.

Татарстан экономикасы 43,3 миллиард долларға бағаланады. Бұл Қырғызстанның ішкі өнімінен асып түседі. Татарлармен шекаралас, бізбен арасын Ресейдің Орынбор облысы бөліп тұрған Башқұртстан экономикасы 25 миллиард доллардан асып кетті. Өзбекстан 90 миллиард доллар, біз 230 миллиард доллармыз. 21 ғасырдағы Дешті Қыпшақ альянсының ішкі жалпы өнімі 430 миллиард доллар десе де болады.

Тиммейттер мен дроптар

Компьютерлік ойында (мысалы Дота, КС) бір команда ішіндегі ойыншылар бір-біріне тиммейт болып табылады. Тиммейттер өзара қару-жарақ, аптечкамен бөлісе алады. Ол көмек дроп деп аталады. Қазан қаласы биыл өте ауқымды кибер және физикалық жарыстың синтезі - Болашақтың Ойындарын өткізуде. Ол синтезге фиджитал деген ат берілді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Болашақтың Ойындарын келесі жылы Алматыда өткізуді ұсынды. Ал 2026 жылғы ойындар Уфада өтпек. Осыған қарап, болашақтың ойындары Dota2 картасында емес, Аcтана-Қазан-Уфа үштігі арасында өтіп жатқанын сезуге болады.

Контр страйк біз мектеп бітіріп жатқан 2000 жылдары пайда болғаны есте. 1 курста сенімді серігім AWP снайперлік винтовкасымен талай асуларды алып, аудандық серияларда ТОП-3тен түспедік. Saddam деген никпен ойнаушы едім. Ол да бір дәурен еді.

Қазақ ұлты - дәуреннен дәуренге үзілмей келе жатқан халық. Оның өз арманы бар, мақсаты бар. Өз тиммейттері де, қарсыластары да жетіп артылады. Кім не десе де, бізде бәрі жақсы болуы тиіс. Себебі біз оған лайықпыз.

Айбар Олжаевтың Facebook-тегі парақшасынан алынды

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048