Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 3784 75 пікір 4 Наурыз, 2024 сағат 17:16

Өтірік шежірені қайта көтеру әртіс ағамызға не үшін керек болды?

Жақында Тик-токта назарыма Тұңғышбай Жаманқұловтың 1993 жылы Қазыбекбек Тауасарұлының "Түп-тұқияннан өзіме шейін" деген жалған кітаптың желісімен (300 мың данамен таралған) Абылайды "қарадан шыққан құлдың ұрпағы" деп айтқан сұхбаты ілінді.

Сондағы дәлелі Бұқар жыраудың "Жаныс Қарабайдың қолында Түнде туған ұл едің" деген сөздері. Негізі бұл идея "Қазақ хандығы тарихында қарадан да шыққан хандар да болған" деп, Назарбаевтың билігін негіздеп, оны ХАН етіп жариялау үшін керек болды. Сол өтірік "шежіре" Қазақстанның зиялы ортаның арасына кәдімгідей жік салды. Казақ қоғамындағы "топшылдықтың" жікшілдікке әкелетін теріс әсерін анық көрсетті. "Түп-тұқиянды" жалаулатқан топтың өкілдері кім, сол шежіренің жалған екенін, бүгінгі "Социалистік Қазақстан" газетінің тілімен жазылғанын алғашқы болып әшкерелеген Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов болды. Оның 1993 жылы 5-қарашада Қазақ әдебиеті газетінде шыққан "БIР ШЕЖIРЕНIҢ ҚҰПИЯСЫ. НЕМЕСЕ «АЛДАМШЫ» БИЛЕР, «ҚУЫРШАҚ» ХАНДАР ХАҚЫНДА" деген мақаласы шығып, "бұлары қалай?" деп абдырап қалған халықтың көңілін орнына қойды.

Міне, содан бері де ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Бірақ Абылаймен алысуды қоймаған "антиабылайшылар" тобы халықты шатастыратын, арасына рушылдық пен топшылдықты қоздырғаннан басқа әкелер еш өнегісі жоқ өтірік щежірені неге соншалықты дәріптеуга құмар болды екен. Солардың қатарына Тұңғышбай Жаманқұловта ілініпті. Жалпы алғашқы халық наразылығы мен өтіріктің алдын алған сын мақалалардан кейін өтірік шежіре жасаушылар біразға дейін үнсіздік сақтады. Бірақ араға уақыт салып олардың даусы қайта шыға бастап, өтірік шежіренің екінші айналымы басталды. Солардың "концепциясын" қолдайтын біраз "мақұлбайлар" табылып, оларды сөйлету үшін әр жерде, әсіресе ЖОО-да "ғылыми-практикалық" конференциялар ұйымдастырылды.

Солардың қортындысы ретінде өтірік шежіренің келесі айналымында 2019 жылы "АҢЫЗ АДАМ" журналының № 20-саны (16-31 қазан) толығымен сол шежіреге арналды. Онда бірқатар тарихшылар мен қоғам қайраткерлірінің пікірлері берілді. Сонда, бір байқалаған нәрсе, "антиабылайшылар" тобынан басқа авторлар "Түптұқияннан..." деген өтірік шежіредегі "концепцияға" бас ұрып кетпей, өз пікірлерін "жалпылама ортақ құндылықтар" аясында пікір айтты. Сол санда Талас Омарбековтың да "Мен бұл кітаптан бір ауыз өтірік таба алмадым" деген мақаласы басылған болатын.

2019 жылы қазанда үш адам болып Шымкентке баруға жолымыз түсті. Жолаушылап бара жатқандар Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, т.ғ.д., профессор, әл-Фараби ат. ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Талас Омарбеков және мен сол кафедраның оқытушысы. Мақсатымыз Бәйдібек ауданында Сіргелі Қарабатыр ескерткішінің ашылуына қатысу. Жиын-той аяқталған соң Қ. Жұмаділов пен Т. Омарбеков арасында "Түптұқияннан өзіме шейін" өтірік шежіре жайлы екеу ара ашық әңгіме болды. Сонда жазушының "Әй, Талас, "Аңыз адамдағы" мақаланы өз ниетіңмен жаздың ба әлде біреулер қыстады ма? Бұл кітап толығымен шындық болса, онда басымызға көтеріп отырған үш би бала ұрлаған қарақшы топ, тексізден хан қойып халықты алдаған алаяқ боп шығады емес пе?", деген қисынды сұрақтарына ақыры шынын айтты: "Қабеке, түсініңз, жоғарыдан сұрап қоймаған соң амалсыз жазып едім", - деген болатын. Өтірік айтсам Құдай ұрсын! Келесі жылы күзде мен Ш.Ш. Уәлиханов ат-ғы Тарих және Этнология институтына ауысуға мәжбүр болдым...

Ал, Бұқар жыраудың Абылайдың "қарадан туғаны" турал айтқан-айтпағаны жөнінде ақиқатқа жету қиын емес. Оның бір жолы бар, ол үшін деректің түп нұсқасын алып информатордың аузынан жазылып алынған мәтінде сол сөздер бар ма жоқ па?, - деп қарап салыстырса жеткілікті. Болған жағдайда да оның себебі бар.

Кеңестік-тоталитарлық заманда кез келген тарихи тұлғаны ғылыми айналымға қосу оңай болған жоқ. Әсіресе қоғамда тап күресі мен социалистік реализм ұстанымдары үстемдік құрған қоғамда барлық фактілерді шам алып сүзгіден өткетінін жақсы білеміз. Мысалы, "Ученые и мыслители Средней Азии и Казахстана" деген ортағасырлық ғұламалар туралы жинақты 1960-жж. шығарған кезде әр ғалымға арнап жазылған тараудың кіріспесінде оның атеистік көз-қараста болғаны туралы жазылған. Не үшін? Социалистік реализмнің шарттарына келтіру үшін. Әйтпесе Ислам дінінің ғылымға берген жағымды серпіні туралы айтса бұл жинақ шықпайтыны анық.

Сол сияқты "Хан емессің қасқырсың, Қара албасты басқырсың" деген жыр жолдары XVII ғасырда өмір сүрген Марғасқа жыраудың шығармасында да және "Хан емессің, Қасқырсың, Қас албасты басқырсың" деген ХІХ ғасырдың дауылпаз ақыны Махамбет Өтемісұлының да туындысында бар. Бұдан шығатын қортынды қандай? Біз айтып отырған тоталитарлық заманда ақын-жырауларды тарих оқулығына енгізу оларды үстемтап өкілдеріне қарсы антоганизімін көрсету керек болды. Сол себепті ақын-жыраулардың шығармаларын басып шығару үшін олардың аузына ханды, хандық билікті үстем тап ретінде сынайтын сөз салынуы таң қалатын нәрсе емес. Әрине, осының анығын білетін адамдар бар шығар. Түбі ақиқат ашылмай қоймайды. "Өтіріктің арты бір тұтам". "Бірақ, ақиқат бойжеткен сияқты үнемі кешігіп жүреді" (Қ.Жұмаділов).

Тағы бір ойландыратын нәрсе, Бұқар жырау Абылайдың шығу тегінің "құпиясы" білсе, оны басқа жыраулар неге білмейді. Бұл мәліметті Бұқар жыраудан басқа еш бір жырда, аңызда кездестірмейміз. "Қарадан хан" қылу дегеніңіз жай, қатардағы құбылыс емес қой. Сол кезде нағыз "резонанс", дау тудыратын нәрсе. Ол сөздің басқа еш жерде кездеспейтініне қарағанда сол жөнінде жоғарыда айтылған пайымдауымыз дұрыс сияқты.

Бұл жерде таңданатын нәрсе біреу: "Түп тұқияннан өзіме шейін" деген жалған шежіренің негізінде қайта-қайта өтіріктен өрнек ойу кімге және не үшін керек болды екен? Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бұл идея "Қазақ хандығы тарихында қарадан да хан шыққан" деп, Назарбаевтың билігін негіздеу үшін, оны ХАН етіп жариялау үшін керек болды. Ол заман келмеске кеткен шығар. Ал, олай болса, өтірікті әрі қарай бықсытудың не керегі бар? Қазақтың басын құрай алмай жатқанда арамызға тағы бір іріткі түсіргісі кеп отырған кімдер?! Тиктоктағы Т.Жаманқұловтың айтқан мына сөздеріне қарағанда ол ағамыз да "тарысы піскен үйдің тауығына" айналған сияқты. Соған қарағанда ол кісінің бойында өзі сомдаған хан мен абыз-жыраулардың даналығының, ақыл-парасатының, көрегендігінің жұғымы да жоқ.

Ал, "Тұптұқиянның" қолдаушылары қанша тырысса да Абылай сияқты қазақ халқының маңдайына біткен тағдырлы тұлғаны шайқалта алмайды. "Қарадан шыққан тексізден" тек өз қара басы мен құлқынынан басқаны ойламайтын құл емес, ел қамы үшін жанын беруге дайын, халықы разы болатын мемлекет қайраткерінің шығатынын билер қалай танып білген екен?!

Жаңа заманда тексіздердің билікке келуі әдеттегі іс болса, адамның тегін тектейтін дәстүрлі қоғамда ол мүмкін емес!!! Абылай ханның әкесін, атасын көрген адам жоқ па ол кезде? Түріне бір қарап, «мынауың аталарына мүлде тартпаған» демей ме? Әйтпесе, "Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ" сол заманда "Бұқар жырау айтты, сен Жаныссың! Бізді жарылқа!" деп Жаныстың бір баласы Абылайдың алдында барып айтпай, қазір тексіздер заманында қайдағы біреулердің шыққанын көрмейсіз бе! Бұл біздің қоғамның белшеден өтірікке батып, дүниені қолдан бұзған алаяқтардың заманы орнағанының белгісі емес пе?!

Бүгін Абылай сияқты тұлғалар қайда?! Ол кездің дана-
абыздары қандай еді! Әр ханның жанында бір-бір жырау, әр батырдың жанында бір-бір ақын жүрмейтін бе еді! Бүгін "Қала әкімі ақын-жазушылармен кездесіп, қоғамның алдында кезек күтпес мәселелерді талқылады", деген ақпарат естідіңіздерме?

Қайран заман-ай!

Жүсіп Баласағұнның сондай заманды сипаттайтын мынандай сөзі бар: "Бектері бөтен елде сарай слған халықтың маңдайының соры бес елі!" демекші "Екі сыйыр алып өз күніңді өзің көр!" немесе "бала тапқанда өкіметпен ақылдастың ба?" деп айтқан Елбасының заманы мен айналасы қандай болса, оның ақыл айтар "абыздары" да сондай... Олар да өтіп кеткен ұлыларға топырақ шашқанша ел қамын ойласа керек еді. Бірақ, өкінішке орай, олай болмай тұр.

Қайран заман-ай! Алла қайырын берсін!

Жұмаділ Арман, т.ғ.к.,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ж.ғ.қ., ҚБТУ қауымдастырылған профессоры

Abai.kz

75 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052