Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 4252 11 пікір 5 Наурыз, 2024 сағат 13:25

Алаш қазақ мемлекетін қалай құрды?

Сурет ашық дереккөздерден алынды

Алаш бүкілресейлік құрылтайсыз қазақ мемлекетін қалай құрды?

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң бұрынғы отаршыл империяның тағдырын Бүкілресейлік құрылтай жиналысы шешеді деген зор үміт болды. 1917 жылғы қазақ облыстық сиездері мен Бірінші жалпықазақ құрылтайы бірауыздан алда шақырылуға тиіс Бүкілресейлік құрылтайдан Ресейді федеративтік демократиялық республика деп жариялауды және қазақтың ұлттық мемлекетін құруға деген өшпес құқын мойындауды талап етті. Бірақ сол жылдың қазан (қараша) айында бәлшебектердің қылмыстық жолмен Ресей билігін басып алуы салдарынан «Алаш» партиясы жетекшілері Құрылтайдың шақырылуын тоспай-ақ ұлттық мемлекеттің шаңырағын қайта тікті.

Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» зиялыларының үлкен тобы Ақпан төңке­рі­сін Бірінші дүниежүзі соғысының Минскі ірге­сіндегі тылында қарсы алды. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Нәзір Төреқұлұлы, т.б. қол қойып, Минскіден Дала мен Түркістан өлкелерінде тұратын 25 алаш азаматына 16 наурыз күні жолдаған жеделхатта былай делінді:

«Русиядағы барша халыққа ағайындық, теңдік, бостандық күні туды. Жаңа құ­рыл­ған хүкімет дүкенін сүйеу үшін қазаққа ұйымдасу керек... Ушредительное собрание сайлауына қазақ болып қамдану керек. Жарамды, жақсы адамдарын ауызға ала беру керек. Енді араздық, өштік, дау, жанжал, талас, партиялық сиыспауларды тастау керек. Көксерлік жұмыстарың – бірлік, әділдік болсын! Жер мәселесін де қозғап, тезірек қолға ала беріңдер. Біз қалайтын патшалық түрі – демократишеская республика, яғни мал өсіріп, егін салып, жерге ие боларлық түрі. Құдайдан басқа ешкімнен қорықпаңдар!»

Бүкілресейлік құрылтай сайлауына дайындық маңызды екі себеппен 9 айға созылды. Оның бірі – Ресейдің жаңа Уақытша үкіметіне саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық сынды аса күрделі де өзекті мәселелерді қарама-қарсы шешуге тура келді. Оған халықтың жаппай сауат­сыз­дығы (¾), сайлауға қажетті құқық­тық және техникалық құрал-жабдық пен тиісілі мекемелердің жоқтығы, биліктің тұрақ­сыз­дығы, одан да зоры – 4 жылға созыл­ған дүниежүзілік соғыс және тағысын тағы себептер тежеу болды.

Екінші себеп. Уақытша үкімет ең үздік және мейлінше жетілген сайлау заңын (ережесін) жасауға тырысты. 25 наурызда Құрылтай депутаттарын сайлау ережесін жасайтын Ерекше мәжіліс жасақтау туралы шешім қабылданды. Ерекше мәжіліс 1917 жылдың 25 мамырында жұмысқа кірісті. Оның құрамында 82 мүшесі болды. Мәжіліс мүшелерінің қатарына қазақтан 2 кәсіби заңгер шақырылды. Олар – Жа­һанша Досмұхамедұлы мен Уәлитхан Танашұлы еді. Болашақ Алаш Орда үкі­ме­тінің комиссары Жаһанша 1910 жылы Мәскеу университетінің заң факультетін, Алаш Орданың тағы бір мүшесі Уәлитхан – Қазан университетінің заң факультетін 1912 жылы тәмамдаған еді.

Құрылтай депутатын сайлау заңының жобасын жасау 1917 жылдың тамызында аяқталды. Нәти­же­сін­де, әлемдегі ең үздік сайлау заңы дүниеге келді. Жалпыға ортақ, баршаның құқы тең, құпия түрде тікелей дауыс беретін сайлау болды.

Қабылданған сайлау ережесі Батыс Еуропа мен АҚШ-тың сайлау заңнама­ла­ры­ның дамуынан айтарлықтай озық болып шықты. Атап айтқанда, Ресей тарихында әйел баласы мен әскери қызмет­кер­лер тұңғыш рет сайлау құқына ие болды, 20-ға толған азаматтарға сайлау құқы берілді (Англия, Италия, АҚШ, Франсияда 21-ге толғандар, Бельгия, Германия, Голландия, Испанияда – 25-ке толғандар).

Оған қоса Құрылтай сайлауының ере­жесі дүние-мүлкінің бар-жоқтығына, са­уат­тылығына, дініне, ұлтына және жар­тылай көшпелі халге жеткен қазақ халқы үшін маңызды мәселе – көшпелі не оты­рық­шы тұрмысына деген шектеу жойылды. Сайлау еркін, әділ және баламалы болып бекітілді.

Міне, осы заңмен Құрылтай сайлауы алғашқыда қыркүйек айына белгіленді. Алайда кезекті үшінші үкімет дағдарысы салдарынан Уақытша үкімет сайлауды 12 (25) қарашада өткізу, ал Құрылтайды 28 қара­шаға (11 желтоқсанға) шақыру туралы қаулы қабылдады.

Құрылтай сайлауы науқаны кезінде сайлау заңын 1917 жылдың 25 қазанында (7 қараша) қарулы бүлікпен Уақытша үкіметті құлатып, Петроградтағы орталық билікті басып алған кеңес өкіметінің атасы, Халық комиссарлар кеңесінің төра­ғасы В.И.Лениннің өзі өркескел бұзды. Ол өзін Құрылтай депутаттығына бәл­шебектік РСДЖП партиясынан ұсы­нылған үміткерлердің Петроград, Петроград гү­бер­несі, Уфа, Балтық теңіз флоты және Сол­түстік майданның және Мәскеудің сайлау аймақтары, яғни 6 сайлау аймағы тізі­міне қосты. Осылайша, «дүние жүзі жұмысшыларының көсемі» В.И.Ленин 5 сайлау аймағынан дауысқа түсу қарастырылған сайлау заңын аяққа таптады.

Оған қоса бәлшебектер өкіметі азаматтардың құқын заң жүзінде шектеу (баспасөз туралы декрет, яғни цензура), мерзімді басылымдарды жаппай жабу, газет таратушыларды тұтқындау, оппо­­зи­циялық баспаханаларды жою арқылы сайлаушыларға қысым көрсетумен болды. Қарулы әскерді жұмсап, сайлаушыларды бәл­шебек партиясының тізімдеріне дауыс­қа беруге күштеген жайттар да кең қол­данды.

Осы сияқты келеңсіз жайттармен қа­тар жергілікті сайлау комиссияларына қағаз, қаламсап, кілегей және т.б. қажетті қара­пайым құралдардың жетіспеуі де де­путаттар тізімін жасауға айтарлықтай тежеу болды. Соның салдарынан бірқатар сай­лау аймағында, оның ішінде Ақмола мен Семей облыстарын біріктірген Дала аймағындағы сайлау өтпей қалды немесе 12-14 қарашадан желтоқсанның 26-30-ына ысырылды.

Осылайша, әлемдегі ең үздік саналған Ресейдің сайлау заңы сайлау үрдісін шие­леністіріп, сайлау­шы­лардың тым селқос дауыс беруіне зор ықпал етті.

Жалпы алғанда Құрылтай сайлауы 3 айға дейін созылды. Бірқатар сайлау айма­ғында, мысалы Дала аймағында (Ақмола және Семей облыстары) сайлау 1917 жыл­дың 26-30 желтоқсаннан (1918 жыл­дың 11-13 қаң­тары) тағы да 1918 жыл­дың ақпан айына ысырылды. Ал Құ­рылтай жи­налысы 1918 жылдың 5 қаң­тарынан 6 қаң­тарға қараған түні кеңес өкіметі күштеп таратып үл­герген еді.

1917 жылғы 16 наурызда Минскіден жол­даған жеделхатта айтылғандай, Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» зиялылары мен қазақ халқы Бүкілресейлік құрылтай сайлауына тиянақты дайындалды. Сәуір айынан 1918 жылдың қаңтар айына дейін дерлік жалғасқан қазақ облыстық және 1917 жылдың 21-26 шілдесінде өткен Бірінші Жалпыұлттық құрылтай бірауыздан алда шақырылатын Бүкілресейлік құрылтайға Ресейді демократиялық федеративтік рес­публика деп жарияласын деген жолдау қа­был­да­ды. Кешегі Ресей империясының отары болған бүкіл басқа халықпен қатар қазақ халқы мен ұлт көсемдері де Бүкіл­ре­сей құрылтайы қазақтың өзін-өзі билеуге деген өшпес құқын мойындап, ұлттық мемлекеттігінің туын қайта көтеруіне ақ бата­сын береді деген зор үміт артты. «Алаш» пар­тия­сынан Құрылтайға сайлан­ған біздерге, – деп мәлімдеді аталған пар­тия­ның атасы әрі саяси жетекшісі Әлихан Бөкейхан, – Қазақ аутономиясын жариялауға қол жеткізу міндеті жүктелді. Аутономия үшін күрес басқа ұлттық облыстарда да басталды. Біздің «Алаш» партиямыз өзге ұлттық партиялармен (Татарстан, Башқұрстан және т.б.) одақтасты. Ол одақтың бас мақсаты: Ресейдің […] партияларымен уағдаласу жолымен Құрылтай жиналысынан Ресей […] мемлекеті құрамындағы ұлттық облыс­тарға аутономия беруді бірлесіп талап ету болды. «Алаш» ұлттық пар­тия­сының және өзге ұлттық партия­лардың өкілі ретінде (28 п.) менің өзім осы мәселелер бо­йынша Керенский үкіметінің мүшелерімен тіке­лей келіссөз жүргіздім».

Сайлау ережесіне сәйкес, Құрылтайға 200 мың халықтан бір депутат сайланатын. «Алаш» көсемі Әлихан Бөкейханның есебі бойынша, 9 облыс пен 1 гүбернеде, оның ішінде Жетісу мен Сырдария облыс­­тарында, сондай-ақ Түркістан өлкесіне қара­ған Самарқанд, Ферғана және Кас­пий жағалауы облыстарының қазақ ояздарындағы қазақтың саны мынадай: «Депутат саны адам санына байлаулы. Екі жүз мыңнан бір депутат сайланбақ. 1897-ші жылғы есепте қазақ тілін ана тілім деген адам 4 миллион 84 мың еді. Бір жылдағы адам баласының таза өсімі екі жүзге 3 адам болады. Осы есепке салса, біздің 9 облыс, бір гүбернедегі қазақ биыл 5 миллион 400 мың болса керек. Бұлай болса, қазақ депутаты 27 болмақ. Бұларға 13-14 кандидат сай­ланбақ. Сонда біздің бар депутатымыз 40-41 бол­мақ».

Әлихан «Қазақ депутаттары» атты осы мақала­сы­н­да 1917 жылдың 21-16 шіл­десінде Орын­борда өткен Бірін­ші Ұлттық құрылтай­дың тал­қы­сына Бү­кіл­ресейлік құрылтай депутаттығына лайық деп санаған 43 үміткердің тізімін ұсынды. Қыр баласы – ел ағасы Әлихан бұл мақаласын: «Қара жарыста озғанды жұрт қалап бәйгеге қосар. Біздің ізде­ге­німіз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз – үлкен той. Алаштың бала­сы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар. Бұл болып тұрған заман – Алаштың аза­матына зор жүк. Бізді бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүре­тін алдымызда зор шарттар бар. Осыны аңғар, жұртым қазақ!» деп қорытты.

Қазақтың Бірінші Ұлттық құрылтайы ұлт көсемі ұсынған тізімді тұтас мақұлдап, «Қазақ» газетінде жарияланды.

Бірқатар аймақта сайлаудың аяқтал­мауына қара­мас­тан, Бүкілресейлік құрылтай жасақталды деп шешілді. Бір мәлімет бо­йынша оған 347 орыс эсері («Партия Социалист-Революционер» сөзінің бас әріптерінен эС-еР деп құрастырылған қысқаша атауы), 180 бәлшебек, 81 украин эсері, 16 меншебек, 15 кадет, 11 украин әлеуметшіл-демократы (социал-демократ), 62 мұсылман депутаты өткен. Оның ішінде эсер депутаттарының саны 450-ге жақын. Бастапқыда жоспарланған 808 депутаттан сайланғаны 703-тен 766-ға дейін көрінеді.

Ресей Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жанын­да­ғы Ресейдің сайлау технологияларына оқыту орталығының (РСТОО – Российский центр обучения избирательным технологиям – РЦИОТ) сарап­тамасы дұрыс саналады. Оның есебіне сәйкес, 766 депутат сайланған, оның 374-і эсер партиясынан, 180-і бәлшебек, 24-і кадет, 22-сі меншебек, 81-і украин эсері, 10-ы мусават, 25-і – федералистер мен ауто­но­мистер, 12-сі ғана «Алаш» пар­тия­сынан сай­ланыпты.

Осы мәліметтерден байқайтынымыз: сайланған депутаттардың жалпы саны, оның ішінде әсіресе «Алаш» партиясы депутат­тарының саны өте күмәнді көріне­ді. Оның себебі, біріншіден, кешегі империя инфрақұрылымының мешеулігі Ресейдің ОСК-сы мен алыс Азиядағы сайлау аймақтары арасындағы байланысты жақсы қамтамасыз ете алмады. Екін­ші­ден, бәлшебектердің қазан айында билікті басып алуы мен қыс маусымы да сайлауға зор бөгет болды. Мысалға, Ресей ОСК-сы жанындағы РСТОО мәліметінше, «Алаш» партиясынан 12 депутат өткен болса, сайланған депутаттардың leninism.su порталында берілген тізімінде Ферғана облы­сында «Алаш» партиясы атынан депутат болып жалғыз Мұстафа Шоқайдың ғана есімі тұр.

Дегенмен де тағы кемінде 10-12 қазақ депутаты сайлануы керек болған, бірақ сайлау өтпей қалған Сырдария және Кас­пий жағалауы облыстарын және сай­лау кейінге ысырылған Дала аймағын (Ақмола және Семей обл) айтпағанда, қалған 7 облыстан (сайлау аймағынан) 12 емес, кем дегенде 17 депутат сайлануы керек-ті. Бұл жорамал Ресейдің тарихшы ғалымы, профессор Лев Протасовтың «Люди Учредительного собрания: порт­рет в интерьере эпохи» кітабында толық расталады. Л.Г. Протасовтың осы кітабын сілтеп көрсеткен «Хронос. Всемирная история в интернете» порталы Бүкілресейлік құрылтайға сайланған бар­лық де­путат­ты тізіп келтіріп, әліппе тәр­тібі бойынша олар­дың аты-жөнін және қысқаша өмірбаянын береді. «Хронос» порталының Л.Г. Протасов жасаған тізімде қазақтан Құрылтайға сайланған 12 емес, 20 депутаттың аты-жөні жүр. Бірақ ескерте кету керек, бұл портал 20 депутаттың бәрі «Алаш» партиясы тізімімен сайланғанын көрсетпейді. Мысалға Әбдірахманбек Оразайұлы, Серікбай Ақайұлы (1880-1937) және Мұстафа Шоқай Құрылтайға Ферғана облысы (аймағы) мұсылмандарының ортақ №2 тізімі бойынша, Мұхаметжан Тынышбайұлы (1880-1937) Жетісу облыс­тық аймағының әлеуметшілер (социа­лис­тер) блогының № 2 тізімі бойынша, ал Садық Аманжолұлы (1889-1941) мен Ыбырайым Жайнақұлы, Жетісу казагы Степан Шендриков (1885-1936) және Дәуір Саурамбайұлы «Алаш» партиясы блогының ортақ № 3 тізімі бо­йынша сайланыпты.

Бүкілресейлік құрылтай депутат­ты­ғына «Алаш» партиясы тізімімен сайлан­ған­дардың ішінде «Алаш» қозға­лысы мен партиясының жетекшісі Әлихан Бөкей­хан­ның есімі жоқ. «Алаш» көсемі партия тізімі бойынша Торғай облыстық ай­мағы мен Ақмола және Семей облыс­тарын біріктірген Дала аймағынан ұсынылған болатын. Дала аймағындағы сайлау кейінге ысырылғаны айтылды. Ал Торғай сайлау аймағында «Алаш» партиясы 12-14 қараша күндері өткен сайлауда социал-демократ (меншебектер) пен эсер парияларын ойсырата жеңген болатын. Мысалға Торғай оязындағы 68 мың сайлаушының 55 мың 127-сі дауыс берсе, оның 54 мың 976-сы «Алаш» партиясының №1 тізіміне, 110 дауыс эсерлердің №2 тізіміне, 41-ақ дауыс – социал-демократтардың №3 тізіміне берілген; Ырғыз оязындағы 70 мың сайлаушының 55 мың 349 дауыс №1 тізімге («Алаш»), 181 - №2 тізімге (эсерлер), 1516 дауыс – №3 тізімге (с.д. меншебектер) беріліпті.

Дала аймағында сайлау болмаса да, Әлихан Бөкейхан Құрылтай депутаттығына Торғай облы­сы­нан өтсе керек.

Әлиханның Бүкілресейлік құрылтай­ға депутат болғанының тағы бір дәлелі: 1918 жылдың қыр­кү­йегінде Уфа қала­сында кеңес өкіметіне қарсы «Уфа директориясы» деген атаумен бүкіл­ре­сейлік заң­ды үкіметті сайлаған Мем­ле­кеттік мәжіліске тек қана Құрылтай депутаттары ғана шақы­рыл­­­­­­­ды. Мәжіліске қатысушылардың тізімінде Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, И.Әлімбекұлы және Б.Жаһандамұлы қазақтың Алаш Орда үкі­ме­­ті­нің өкіл­­дері ретінде жүр. Егер осы 4 «Алаш» қай­рат­ке­рінің қолында Құрылтай депутатының мандаты бол­маса, Мемлекеттік мәжіліске жіберілмес еді.

Алаш Орда үкіметінің мүшесі емес А.Байтұрсынұлы, С.Шендриков, А.Оразайұлы Мәжі­ліске Құрылтай депу­та­ты ретінде қатысса, А.Бірімжан, С.Досжанұлы, Ж.Досмұхамедұлы, У.Танашұлы, М.Тынышбайұлы, М.Шо­қай­лар – Алаш Орда комиссарлары әрі Құрылтай депутаттары ретінде қатысты.

Осылайша, Л. Протасов пен «Хронос» тізіміндегі 20 қазақ депутатына Ә.Бөкейхан мен И.Әлімбекұлы және Б.Жаһандамұлын қосқанда, «Алаш» партиясынан және жалпы қазақ халқынан Бүкілресейлік құрыл­тайға кем дегенде 23 депутат сайлан­ған болып шығады.

Құрылтайға 12-ақ депутат сайлаған күнде де (Ресейдің ОСК-сы жанындағы РСТОО мәліметі) «Алаш» партиясы сайлауға қатысқан бүкілресейлік 13 және 34 ұлттық партияның ішінен 8 орынға табан тірепті. 23-25 депутат сайлаған болса, «Алаш» партиясы Ресейдің 1906-1917 жылдардағы ең ірі әрі ең ықпалды партиясы болған кадеттермен 5-6 орынды бөліскен екен. Ал бас-аяғы 13-14 депутат сайлау жоспарланған Дала (Ақмола, Семей обл), Сырдария және Каспий жағалауы аймақтарында сайлау қайта өткенде, «Алаш» партиясы 374 мандаты бар солшыл эсер, 180 мандаты бар бәлшебек және 81 мандат алған украин эсерлерінен кейін 4-орын алған болар еді.

Алайда бәлшебектердің Ресейдегі орталық билікті басып алуына, әсіресе Құрылтай сайлауында олардың ойсырай жеңілуіне байланысты қазақ халқының ұлттық мемлекетін қайта құруы, яғни аутономиялық дербестік алу-алмауы Құрыл­тайдағы қазақ депутаттарының саны­на емес, керісінше сайлауда жеңілген кеңес өкіметінің көңіл-күйіне байланып қалды.

Ұзақ күттірген Бүкілресейлік құрылтай Таврия сарайында (Петрогорад) 1917 жыл­дың 28 қара­шасында (11 желтоқсан) жиналды. Құрылтайдың бірінші отырысы бәлшебек депутаттарының оған бойкот жариялап келмеуі салдарынан кворум жинай алмай тарқады. Бірінші сессияға түрлі дерек бойынша сайланған 708-ден 808-ге тарта депутаттың 400-ге жетпейтіні қа­тысқан. «Алаш» депутаттарының қатыс­қан-қатыспағаны белгісіз.

Бәлшебектердің Құрылтайға келмеуі «Алаш» партиясының ғана емес, бүкіл Ресей халықтарының соңғы үмітін үзді де, бұрынғы империя халықтарының аутономия жариялау шеруіне кең жол ашты. Қа­зақтың Дала және Түркістан өлкелеріндегі ауто­номиялану үрдісіне дем берген тағы бір жайт болды. Заңды Уақытша үкіметтің құлауының ізінше 26 қазанда Уфа, 28 қазанда Ташкент бәлшебектердің қолына өтті.

Әлихан Бөкейхан бастаған «Алаш» қайрат­кер­лері Бүкілресейлік құрылтай қашан шақырылады деп болжап тағы әуре болмай, 5-13 (18-26) күндері Орынборда ІІ Жалпыұлттық қазақ-қырғыз құрыл­тайын өткізді. Ұлттық құрылтай кешегі Ұлық Ұлыс пен оның тарихи мұрагері болған Қазақ хандығының жер аумағында Алаш Ұлттық Жерлі Аутономиялық Рес­публикасын құрып, оның жоғарғы мем­лекеттік атқарушы билік тетігі – Алаш Орда Бүкіл Қазақ-Қырғыз (бүгінгі қырғыз халқы) халық Кеңесін (Үкіметін) және 3 балама үміткердің ішінен оның төрағасы етіп Әлихан Бөкейханды сайлады.

Араға 3 жеті салып 1918 жылдың 5 (18) қаң­та­рында Петроградта Бүкілресейлік құрылтай сес­сиясы ашылып, жұмысына кірісті. Бірақ сайлауда ой­сырай жеңілген қылмыскер бәлшебектер мен олардың кеңес өкіметі өз дегеніне жүрмеген Құрылтайды күштеп қуатынын анық сезген «Алаш» депутаттары оған қатыспауды дұрыс санаған сияқты. Олардың күдігі Құрылтай ашылған біріні күні-ақ толық ақталды.

5 (18) қаңтарда Құрылтай, 1917 жылғы бүкіл казақ облыстық және шілде айындағы І Жалпыұлттық құрыл­тайлар бірауыздан үндегендей, Ресейді фе­де­ративтік-демо­кра­тиялық республика деп жария­лады, яғни патшалық биліктен бас тартты. Оған қоса Әлихан Бөкейхан 1906 жылдан бері талап етіп келген және 1917 жылдың жазында кадет партиясы қатарынан шығуына түрткі болған 3 өзекті мәселенің бірі бол­ған жерді жекеменшікке сатуға қарсы қарар қабылдады. Бүкіл ресей халқы, әсі­ресе «Алаш» жетекшілері күткендей, Құрылтай жұмысшылар мен шаруалар депутаттарының кеңесінің мемлекеттік билігін (кеңес өкіметін) заңды ететін «Еңбекшілер мен езілген халықтың құқы Декларациясын» қарау­дан үзілді-кесілді бас тартты.

Міне, осы әрекеті үшін кеңес өкіметі Ресейдегі қалған ең соңғы заңды билік – бүкіл халық сайланған Құрылтайды 5 қаңтардан 6-сына қараған түні күштеп қуып таратып, Уақытша үкіметті қарумен қуып тарат­қан 1917 жылдың 25 қазаннан (7 қарашадан) кейін осымен екінші қылмыстық мемлекеттік төң­ке­ріс жасады. Ресей мемлекеттік биліксіз қалды.

«Ресей биліксіз қалған осы жағдайда ІІ Жалпы­­ұлттық қазақ-қырғыз құрылтайында бола­шақта жариялануға тиіс федеративтік Ресей рес­пуб­ли­ка­сы­ның өзгелермен тең құқылы ауто­но­миясының бірі, яғни субъектісі ретінде жарияланған Алаш өзінен жоғары тұрған федеративтік билік органы жоқ, бүкіл мемлекеттік билік құзыры өз қолына тиген егемен респуб­ликаға айналды».

Бәлшебектер Құрылтайды қуып таратуы­ның салдары – кешегі отаршыл империяның феде­­ра­ция бола алмауына және ыдырауына әкеліп соқты. Ресей федерация бола алмаған соң, Ұлттық Жерлі Аутономия жариялаған Украина, Грузия, Армения, Алаш, Башқұрт және басқа ұлттық және облыстық аутономиялар түгел егемен мемлекетке айналды емес пе? Ал Ақпан төңкерісінен кейін Аутономия жариялаған халықтар дайын Ресей феде­­рациясына кірмей, олар өз ықтиярымен Ресей федерациясын құрастыру керек болған. Міне, соны кеш түсінген Ленин мен Кеңес өкіметі 1918 жылдың 18 (31) қаңтарында Ресейді федерация деп жариялап, егемен ұлттық республикалардың бәріне соғыс интервенциясын бастаған жоқ па? Біз оны кеңестік жалған идеологиямен «азамат соғысы» деп келеміз. Бәлшебектердің ол соғысы азамат соғысы емес, интервенция болатын. Алаш Орда кеңес өкі­метін 1919 жылдың соңына дейін мойындаған жоқ. Оған қосыламыз деп елді шақырмады да.

Сұлтан Хан Аққұлы,

PhD, алаштанушы

Дереккөзі: Егемен Қазақстан

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373