Ұлы Абайдың жаңаша жинағы қалың жұртқа жол тартты!
Сүйінші, халайық! Абай атамыздың екітомдық толық жинағы жарық көрді. Семей шаһарындағы «Жәрдем» баспасынан. Бұл жинақ бұрын-соңғы жинақтардан өзгерек. Оны жаңа үлгіде дайындаған – кәсіби абайтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Асан Омаров.
– Асан аға, туған жерге қош келдіңіз! Бірден-ақ іске көшейік, тәуелсіздік кезінде жарық көрген Абай жинақтары бұрынғы совет дәуіріндегі жинақтар көшірмесі. Өзгерістер «косметикалық» қана. Сіз өзіңіз дайындаған екітомдықты «жаңа үлгідегі жинақ» деп қадап айтыпсыз. Оның жаңалықтары жайлы баяндап берсеңіз.
– Заман да, қоғам да төңкеріліп түсті, Абай жинағы ғана бәз-баяғы қалпында. Мұны қалыпты жағдай деуге ауыз бармайды. Сондықтан кеңестік дәуірдің мұздай сірескен тар шаблонын бұзып-жарып, қайткен күнде жинақты осы заманға сай шығаруды қаладым. Мына екі томдық сол мақсатымның орындалуы – абайтануға қосқан өзіндік үлесім. Оны ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арнап, 2019 жылы даярлаған едім. Бес жыл сырғып өте шықты, зейнеткермін, қолым қысқа, демеушім жоқ дегендей, жаңа жинақ үстел тартпасында жатып қалды. Сәті түсіп, оның жарық көруіне қаржылай көмек көрсеткен қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов мырзаға алғысым шексіз. Сондай-ақ, әкімнің ішкі саясат бойынша орынбасары Нұржан Есенжолов ініме бек разымын. Ол жинақты жетер жеріне жеткізді. Мейірімді Алла тағала абайшыл азаматтарға мықты денсаулық, бақыт, іс- әрекетіне береке, сәттілік нәсіп етсін!
– Бәрекелді, сонымен, қос томдықтың қалың жұртшылықты елең еткізер жаңалықтары қайсы, Асан аға?
– Бірінші томға Абайдың төл өлеңдері, екінші томға қара сөздер, аудармалар, поэмалар енді. Бірінші томның басты үш ерекшелігі: ақынның өлеңдері алғаш рет хронологиялық түрде жүйеленді, жаңа өлеңдері қосылды (төл өлеңдерінің саны 195-ке жетті) және әр туындының шығу тарихынан бөлек, мазмұнына тиянақты түсінік берілді. Ал, екінші томның басты жаңалығы неде десеңіз, қара сөздер алғаш рет негізгі нұсқадағы (Мүрсейіт көшірмелеріндегі) реттік санымен берілді. Мәселен, бұрын «38-ші қара сөз» делініп келген ең көлемді еңбекке «Тасдиқ» деген төл атауы қайтарылды. Алғаш рет әрбір қара сөзге түсінік берілді.
– Абай мұрасын тереңдеп зерттеуге кешегі кеңестік қызыл идеология тосқауыл қойды, кемшін, олқылар соның кесапаты. Бұл әмбеге аян. Жаңарған жинақта олқының орнын қайтіп толтырдыңыз? Әрбіріне тоқталып өтсеңіз...
– Жақсы, Талшын шырағым. Жинақтың бірінші томында алғаш рет Абайдың ақындық эволюциясы жеті сатылы деп дәйектелді. Сәйкесінше барша Абай өлеңдері жеті кезеңге жіктелді. Осынау тың методологиялық тәсіл – «жазылған жылы белгісіз» және «адасып» жүрген өлеңдерді өз орнына қоюға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, «Түсініктер» бөлімі толықтай жаңарды. Қайталап айтайын, алғаш рет әрбір өлең мазмұнына түсінік берілді (бұрынғы жинақтар тек өлеңнің шығу тарихымен шектелетін).
– Айтары жоқ, бірінші томда өзгерістер мол екен. Енді жинақтың екінші томындағы жаңалықтар жайлы хабардар етсеңіз.
– Екінші томға Абайдың қара сөздер мұрасы («Тасдиқ» және «Ғақлия» атты кітаптары), аудармалары, поэмалары, сондай-ақ, тарихи еңбектері енді. Алғаш рет қара сөздер реттілігі Абайдың көзі тірісіндегі қалпына келтірілді. «Түсініктер» бөлімі жаңа форматта жазылды. Әрбір қара сөздің идеялық мән-мағынасы ашықталды. Бұдан бөлек, Абай аудармалары қашан, қандай жағдайда жасалғаны нақтыланды. Мысалы, Крылов мысалдарын 1898 жылы емес, 1894 жылы аударғаны дәлелденіп, жаңсақтық түзетілді. Абай поэмалары жазылу даталары да алғаш рет дәлді анықталды. Сондай-ақ, алғаш рет Абай түзген Орта жүз руларының төр шежіресі жинаққа енді, Абай афоризмдері жаңадан табылған үш нақылмен толықты. Осы айтылғандар екі томдық жаңа үлгідегі жинақ деуіме жеткілікті сияқты.
– Керемет, «алғаш рет» деген тіркесті көп айттыңыз. Негізі, бұлар білдей бір институттың иығына жүк болар ғылыми жұмыстар ғой. Қайтіп жалғыз еңсергенсіз, Асан аға? Әрбір тың жаңалықты айналымға енгізгенде қандай дерек көздерін сүйеніш еттіңіз?
– Бұл енді ұзақ әңгіме. Әуелгі дерек көзі ретінде ақынның төл өлеңдерін мұқият қарастырдым. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сегіз аяқ» сияқты көп өлеңдерінде автобиографиялық деректер менмұндалап тұр. Абай машығы – тақырыптар аспаннан емес, көбіне өзі көрген-білген өмір көріністерін өлең еткен. Келесі сүйенгенім – ақын поэзиясын сол кездің басты оқиғалары (1878 жылғы істі болу, 1884 жылғы Күнту болыс сайланатын сайлау, 1885 жылғы «Базаралы-Тәкежан дауы» және Қарамола сиязы және т.б.) аясында қарастыру тәсілі болды. Осы тәсіл датада кеткен талай жаңсақтықты су бетіне алып шықты. Тамаша дерек көзі – Тұрағұлдың белгілі естелігі болды. Ондағы келтірілген даталар мен 1909 жылғы тұңғыш жинақта Кәкітай қойған даталар сәйкес емес. Жіті тексергенде дәлдісі Тұрағұлдікі екені қапысыз анықталып отырды. Әрине, әрбір өзгерісті енгізгенде көп факторлар (туынды идеясы, ақынға әсер еткен оқиғалар, қолжазбалар, естеліктер, архивтік деректерді сүзгіден өткізу т.б.) ескеріліп отырды. «Абайға абай болу керек!» деп өзіме шарт қойған адаммын.
– Абай даналығы сырт көзге бүркеулі – туындының ішкі сыры мен мәні басты назарда болу керек сияқты. «Білмеген соқыр, қайғысыз отыр, Тамағы тойса жатуға» дейтін Абай Құдай барын білдірмекті, жан мәңгілігін танытпақты мақсат тұтқан данышпан. Бірақ ешбір адам баласы даналық шыңына бір-ақ қарғып шыға алмайды. Абайдың кемелдік жолы қайсы?
– Мақұл, Талшын. Абай – шын хакім, әрине, әлемдік рухани ұстаз, ой алыбы деңгейіне жетуінің саты-сатылары бар. Дәулеттi ортада өмірге келген ол жастық шағында өмірдің барлық қызықтарын қызықтады. Онан соң ғылым-білімге жол тауып, сана төңкерісін кешті. Ұлт тағдырына жан-жүрегі езіліп, араша түсті. Ағартушылық поэзиясы арқылы халқының рухын байытып, сана-сезімін өсіруге жанын сала кірісті. Жүрек көзі ашылған тұстан (90-жылдардың ортасы) Абай терең ойға батып, адам өмірінің түпкі мақсатын ашпақ болды. Кемелдіктің соңғы сатысы – хакім деңгейі. Бұл кезеңгі туындылары аян секілді ғайыптан алынғаны, рухани әлемнен түскені кәміл. Жан мен мен тәннің таласы арқылы хәкім Абай күллі адамзатқа ортақ құдайтану, жантану, кемел адам, үш сүю сияқты өлмес ілімдерді бүтіндеді. Неліктен әлемнің қырықтан астам елдері Абайға бюст, ескерткіштер қойып, есімін көшелеріне берді? Өйткені, ұлағат, өсиеттері мәңгілік, олардың бағасы, құндылығы тек арта түсуде.
– Жаңа үлгідегі Абай жинағы көпшілікке не үшін қажет?
– Аса маңызды сауал. Қазіргі қазақ қоғамын сүреңсіздік жайлап алды. Көшедегі адамдарға қарасаңыз, жүздерінде қуаныш, көздерінде ұшқын жоқ. Неге солай? Себебі, алдасам, арбаласам, тек пайда тапсам деген теріс сана қалыптасты. Адал еңбек алыпсатарлықпен алмасты. Мейірім, махаббат азайып, жеккөрушілік, қатігездік, көрсеқызарлық күш алған құнарлы топырақ бұл. Осы айтылған рухани ахуал қайтсек оңалмақ? Оның бір үлкен амалы – халық пен Абай арасын жақындату деген ойдамын. Кешегі кеңестік дәуірде Абайды насихаттау идеологиялық деңгейге көтерілді. Неге? Себебі, данышпан хәкімнің күллі шығармашылығын адамгершілік тәрбие – шын адам болу идеясы, өз сөзімен айтқанда, «Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» мақсұты көктей өтеді. Рух серпілісі еңбекпен келеді. Ең болмағанда, Абай мұрасы тәрбие тетігіне айналған кешегі тарихи тәжірибені еске алайық. Оны жаңа заманға лайықтап, пәрменді түрде қолдану керек. Міне, жаңа үлгідегі Абай жинағы не үшін қажет? дегенге берер қысқа жауабым осы.
– Келісемін, құптаймын, аға. Әсіресе, дүниеге Абайдың көзімен қарауды үйрену – атын иеленіп отырған біздерге, Абай облысы тұрғындарына парыз болса керек. Жаңа жинақ осыған септесері сөзсіз. Десек те, әрбір жаңаша пайымнан секем алып, ол ол ма, оны Мұхтар Әуезовке қарсы шабуыл деп санайтын адамдар баршылық сияқты.
– Иә, оппоненттерім көп-ақ. Себебін жаңа нәрсеге жол аршып көрсеңіз білетін боласыз. Стереотип, шаблон, консерваторлық көзқарас, әсіресе, ғылымда күшті. Бірақ қарсыластар қарасы көп екен деп, қол қусырып отыра алмадым. Абайтану ілімі ұлы көштің соңына әрең ілесіп, шаң қауып қалғаны жақсы ма, жоқ, әлде авангардтық миссия атқарғаны жақсы ма? Абайдың рухани мұрасы үлкен-кішіні еліктіріп, желіктіріп жатқан заттық құндылықтардың алдын орап отыруы керек еді. Әлі де кеш емес. Абай жинағын соны үлгіде түлету сол үшін керек! Бас абайтанушы Мұхтар Әуезов алғашқы толық жинақты қылышынан қан тамған сталиндік дәуірде даярлады. Ол бойынша Абай жұмбағын ашуға жол жабық. Ең жаманы, абайсүйер қалың оқырманды жоғалтпақпыз. Осы себептен ешкімге өкпе, ренішім жоқ, бірақ Абай жинағы өзгермесін дейтін топқа қарсымын. Олармен күресе бермекпін.
– Иә, ойын-сауық пен желіктен шаршаған көпшілік Абайын іздей бастайтын кезең де таяу сияқты. Екі томдыққа қайтып оралайық. Кешегі кеңестік кезеңде ақын Абай – қазақ жазба әдебиетін негіздеген классик деп дәріптелді. Енді хакім Абай – күллі адамзатқа ортақ ой алыбы деп дәлелдеуге мұқтажбыз. Жаңа басылымда осы мәселені шеше алдыңыз ба?
– Тағы айтайын, Талшын, қатігез заман кесірінен Абайды әдебиет классигі деуден аса алмадық. Енді кемеңгердің Құдайтану, адамтану, үш сүю ілімдері, толық адам идеалы зерттеліп-зерделеніп, ұлттық тәрбие өзегіне айналса игі. Жинақтың «Түсініктер» бөлімінде осы мақсат көзделді. Абайдың өлеңі, мейлі, қара сөзі болсын, мазмұны, идеясы жағынан түсіндірілмегені жоқ. Алаш арысы Х.Досмұхамедұлы: «Біз мәдениетті жұрт болсақ, Абайдың жүз бет өлеңіне мың бет жору (комментарий) жазылған болар еді» деген екен. Хәл-қадірім жеткенше, осы айтылған жоруды жазып-ақ бақтым. Бір тәуірі, енді датасы белгісіз дейтін өлең қалған жоқ. Жоғарыда айттым, Абай поэзиясын жеті сатылы қылып қарастыру – «жазылған жылы белгісіз» делінетін және «адасып» жүрген өлеңдердің дәлді орнын тауып алып, кетігіне қалауға мүмкіндік берді. Сөйтіп, кезінде Мұхтар Әуезов пен шәкірті Қайым Мұхамедханов «1909 жыл баспасына кірген өлеңдердің жазылған жылдары нақтылы зерттелуі керек» деп ескертіп кеткен олқының орны толды. Текстология мәселесі де әркез назарда ұсталды. Қате басылған, жаңсақ кеткен талай сөздерге ғылыми дәлелді түзетулер жасалды.
– Айтпақшы, соңғы 1995 және 2020 жылғы Толық жинақтарда Абайдың төл өлеңдері мен аудармалары бірге беріліп келеді. Сіз бұл үлгіден бас тартқан екенсіз. Яғни Абай өлеңдері бөлек жарияланған. Неге?
– Мен Мұхтар Омарханұлы Әуезов дәстүріне қайтып оралдым. 1933 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген, Мұхаң басшылық жасаған тұңғыш Толық жинақта төл өлеңдер аудармалардан бөлек басылған-ды. Жалпы бұл әлемдік қағида, автор төл өлеңдерін әркімге еліктеп жазған екен деген жаңсақ пікір тумауы үшін осылай жасалады.
– Абай жинағы жайлы айтқан құнды мағлұматтарыңызға зор алғыс. Алдымыздағы екі томдық авангардтық басылым, бұрын-соңды болмаған үлгілі жинақ екеніне көз жеткіздік, білем. Оны қалың жұртшылық жылы қабылдары, ұлтымыздың санасы серпілуіне өзіндік септігі тиері сөзсіз. Соңғы сұрақ, қос томдықты қайдан алуға болады? Сатылымға түсе ме?
– Сөз басында айттым, кітап иесі – қала әкімшілігі. Жиыны 300 дана жарық көрді. Оның біраз бөлігі Шәкәрім даңғылы бойындағы «Шәкәрім» атты кітап дүкеніне сатылымға қойылуға тиіс. Егер көпшілік тарапынан сұраныс болып жатса, қайталап басып шығаруға тапсырыс беру қиынға соқпас деген ойдамын.
– Сұхбатыңызға көп рахмет. Әр саланың өз жоқтаушысы болады. Сіздің басыңызға есендік-амандық, шығармашылығыңызға алдағы уақытта да табыстар нәсіп етсін!
Сұхбаттасқан Талшын Қалиасқар,
«Ертіс өңірі» газетінің тілшісі.
Семей қаласы
Abai.kz