Сенбі, 23 Қараша 2024
«Көрісу күні – Амал мерекесі» 2031 0 пікір 14 Наурыз, 2024 сағат 13:45

Наурыз кімнің мейрамы?

Көрнекілік сурет ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен алынды

Наурыз – әлемдегі ең көне мейрамның бірі. Оның пайда болу тарихы біздің дәуірге дейінгі бір мың жылды қамтиды дейді көптеген тарихи деректер. Ол деректер оны қазіргі  Иран территориясында пайда болған зороастризм дінімен байланыстырады. Онда ежелгі ирандықтардың күнге табынғаны, сондықтан оның құрметіне тірішіліктің  оянар кезі – наурыз айында бұл мереке тойланатын болған деседі...

Иә, деректі тарих бізге осылай дейді...

Алайда, тарихқа деген көзқарастар да өзгеріп отыруы заңды. Мысалы, өткен ғасырларда еуропоцентризм ұстанымында «көшпенділер тарихта ешбір із қалдырмаған, ол адамзаттың бекер өткен уақыты» деген ұстаным болды. Ал, қазіргі тарихта ‑ көптеген тарихи оқиғаларды қайта қарау барысында ‑  адамзат тарихына елеулі өзгерістер әкелген «көшпенділер өркениеті» болғаны мойындалды. Оған, ежелгі дәуірдегі сақтардың өнердегі қайталанбас «аң стилі» деп аталған зергерлік өнері, сақ (скифтер) даласынан «Алтын адамдардың» көптеп табылуы, көшпенділердің ең алғаш болып орасан кеңістікті жаулап, ол жерлерде мемлекеттердің пайда болуына түрткі болғаны, олардың жылқыны жэәне өзге үй жануарларын алғаш болып қолға үйреткені, алғашқы металлургияны меңгергені, ержүрек жауынгерлер болғаны, олар өте көне замандарда бір Тәңірге табынып, Күнді «құдай символы» ретінде санағаны әсер етті. Алысқа бармай‑ақ, осы Алматы маңындағы жартастардағы көне петроглифтерді қарасақ, онда «күнбасты адам» бейнесін көреміз. Алматыда өтіп келген «Азия дауысы» атты ән фестивалінің де логотиптік белгісі «Күнбас адам» болғаны белгілі. Сол сияқты, осы жолдардың авторының да арғы атасының аты Күнбас болғанын қоса айтар едім.

Одан әрі, тарихта иран халқының ежелгі діні делінген зороастризмнің пайда болуы мың жылдықпен өлшенеді дейді. Алайда, осы уақытқа дейін әлем ғалымдары бұл діндегі құдай аты «Авеста» сөзінің, пайғамбарының аты «Заратуштра» сөзінің мағыналық төркінін парсы тілінен қаншама іздесе де – одан ешбір ғылыми‑лингвистикалық мән‑мағына таппады. Кейінгі замандарда ортаазиялық, соның ішінде қазақстандық ғалымдар оны көнетүркілік тіл қалыбына салып қайта қарағанда ‑ көп жағдай өз қисынын тапты. Осыған сүйенген қазақстандық тарихшылар Ежелгі сақтар діни наным‑сенімі Күн Құдайы насихаттаушы сақ миссионерінің парсы еліне барып, «О баста Жаратушы тұрады»  деген миссионерлік сөзіне тоқтады.

Иә, әртүрлі тотемді құдай санаған ол заманда көктегі бір Жаратушының бар екенін мойындау, шынында да, прогресті идея еді. Сондықтан миссионердің «О баста» деген түркілік сөз мағынасын түсінбеген халық оны «Авеста» деген құдай атына айналдырып, екінші қатардағы «Жаратушы» сөзін Заратуштраға, яғни, пайғамбардың, яғни, миссионердің өзінің есіміне айналдырған деген пікір пайда болды. Бұл пікір, әрине, таласты пікір. Бірақ, оған бірнеше факторлар басымдық береді:

Біріншіден, Көне түркілер (сақтар) Ежелгі Грек өркениеті заманынан грек мәдениетіне зор ықпалын тигізген. Гректердің «бас құдайының» аты Зевс (Құдайлар патшасы, Бас құдай) көне түркілердің Көк Тәңіріне (Күн) сай келсе, Ежелгі Гректердегі Зевстің жары, тіршілік бастауы Гера – көне сақтарда Ұмай Ана атымен белгілі. Ұмай да Гера сияқты «тіршілік көзінің бастауы, оның қоғаушысы, Жер‑Су иесі ретінде қабылданады. Ал бұл тізбекте сақтардың көне наным‑сенімі тарихи хронолгия бойынша Зороастризмнің пайда болуынан әлдеқайда ерте орын алады.  Және де, ежелгі гректер қабылдаған «құдайлар иерархиясы» түсінігі әуелі шығыс халықтарында пайда болғандығын білдіреді.

Екіншіден, көшпенділерді мойындамайтын  Еуропа ғалымдары «Күнге табынудың шыққан жері Үнді халқында» деп, тарихи шындықты бұрмалаған. Жақсы, «солай болса, солай шығар» деп буддизм тарихына шолу жасайық. Сонда, үнділердің Будданың құдайға айналғанға дейінгі аты Сакья екенін анықтаймыз. Ондағы «Сакья Буддаға айналардан бұрын жиырма жасында білімін толықтыруға Солтүстік Сақ еліне кетті» деген деректің өзі – Азиядағы «Күнге табыну» діни наным‑сенімі біздің арғы бабаларымыз, түп аталарымыз ‑ көшпенді прототүркі, не, протосақ елінде пайда болғанын анық көрсетіп тұр.

Тағы бір қомақты аргумент – қазіргі «түркі тілі» деген тілдік топтың тарихы кемі 12 мың жылға, арысы 25‑45 мың жылға кететіні туралы деректер табылуда. Яғни, қазіргі біздің қолданыстағы көп сөзіміз осыдан соншама мыңдаған жылдар бұрын да қолданысты болған. Оның дерегі Америка құрылығынан табылуда. Ол жақта қоныстанған үндістердің (қателікпен солай аталып кеткен) Америка құрылығына келуі 45 мың жыл бұрын басталып, соңғы қоныстану 12 мың жыл бұрын тоқтаған. Азия‑Америка ажырап, арадағы көш тоқтаған. Бірақ, қазақстандық ғалым Әділ Ахметов үндіс тайпаларында әлі күнге дейін жүзден астам біздің сөздер қаз‑қалпында қолданылатынын ғылыми тұрғыда дәлелдеді.  Бұл біздің тілдік тарихымыздың тереңдігінен хабар беріп тұрған нақты дерек! Оның үстіне, қазіргі молекулалық ДНК зерттеулер америкалық үндістердің Азиядан көшкенін көрсетуде. Бұл  айғақ та біздің позицияны күшейтіп тұр.

Міне, осы тарихи деректерді ескере отырып, «Наурыз мейрамы парсылардан емес, Күнге олардан әлдеқайда көп бұрын Күнге табынған көшпенділер арасында пайда болған мейрам» деген қорытынды шығады. Ал, «мейрам парсыларда пайда болған» деген сөз тарихты бұрмалау. Мысалы, тарихи оқулықтарда тарих атасы Герадоттың «Сақтар (скифтер деңіз) парсы тілінде  сөйлейтін халық» деген сөзі кейіннен көп нәрсені бұрмалауға, тарихи сұрақтардаң шатасуына алып келгені белгілі. Біз ол сөзді Герадоттың өзі айтты ма, әлде, оны кейіннен біреулер Герадоттың «аузына салып» берді ме – оны білмейміз. Бірақ, тарихшылар көп ғасырлар бойы «Сақтар – парсы халқының өкілі» деп, Иран мен Тұран арасындағы ғасырлық соғыстарды түсіндіре алмай жүрді емес пе? Міне, Наурыз мейрамының шығу тегі де дәл осындай келеңсіз жағдайға тап болды ма деп ойлаймын...

Сондықтан, осылай ой қорыта отырып, мен сенімді түрде бүгінгі Ұлыстың Ұлы күні тойы, өтетін айға байланысты Наурыз тойы деп аталатын мейрам осы сайын даланы мекендеген арғы бабалар – прототүркілік көшпенділерден шыққан деп мәлімдей аламын!

Ал, ол көшпенділердің төл мұрагерлері ретінде бүгінгі ортаазиялық түркілік елдерді айтуға болады. Ал, оның қақ төрінде Қазақ халқы тұр. Ендеше, «Наурыз мейрамы – Қазақ халқының ондаған мың жылдардан бері тойлап келе жатқан төл мейрамы» деп нық айтқан дұрыс!

Бұған біреулер «Наурыз деген сөз ше, ол парсы сөзі ғой?» деп қарсы болуы мүмкін. Ол туралы  Абай «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген тарихи мақаласында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың сонау «хибаги», «хүзағи» деп аталған заманға дейін апарып: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың Ұлы күні» дейді екен», - деп жазады. Ақын Наурыз тойын дінге жанастырмай, кектем мерекесі екенін ашық жазады.

Біздің ойымыз да осыған ұқсас. Тек бір мәселені ескеру керек, ол қай уақытта болмасын, көшпенділердің өздері мекендеген алып кеңістікте, ұлан‑ғайыр далада коммуникациясы, өзара байланысы әлсіз болары заңды. Ал, оған керісінше, кез келген мереке‑мейрам отырықшы халықтың ортасында тез тарайды және мейрамның белгілі бір ережелермен канондануы жылдам өтеді. (Мысалы, діннің таралуы да осы заңға бағынады). Сондықтан, біз де Наурыз мейрамына байланысты осы заңдылықты байқаймыз: оны мерекелеуде көшпенділер  ирандықтардан қалып қойды, мейрамды ирандықтар сияқты бұқаралық мерекеге айналдыра алмады.  Сондықтан, бұл мейрам уақыт өте келе бізге қайта оралғанда, санамызда «Иран халқының Наурыз мерекесі» деп қайта жаңғырған сыңайлы. Ендеше, «қайтқан малда береке бар» дейтін қазақ халқы енді оны өзінің төл мерекесі деп тануы керек және ол әділетті. Жоғарыда тарихты қозғағанда ‑ мен осыны айтуға ұмтылдым...

Ал Наурыз атауы ше?

Бұл атау бізге мейраммен бірге қосарланып келуі әбден ықтимал – тіл мен мәдениет үнемі алмасып отыратын құбылыстар!

(Наурыз туралы басқа  мәліметтерді келесі мақалаларда айтатын боламын)

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ БҮГІННЕН БАСТАЛДЫ, МЕЙРАМ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, АҒАЙЫН!

Әбдірашит Бәкірұлы,

философ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5362