Сенбі, 23 Қараша 2024
Бетбұрыс 1410 7 пікір 16 Наурыз, 2024 сағат 18:36

Ұлттық мәдениет пен дәстүрді паш ету күні

Коллаж: Abai.kz

Биылғы жылдан бастап,  қазақ елі өзінің төл мейрамы – Ұлыстың ұлы күнін жаңа мазмұнда атап өте бастауды қолға алды. Осыған орай мемлекетте «Наурызнама» атты жаңа бағдарлама қабылданып, енді Наурыз мерекесі белгілі бір құндылықтар жүйесі қалыбына келтірілді:

Алғашқы күн, яғни, 14‑наурыз, әрине, Көрісу күні болып аталды. Бұл дәстүр кең далада қыс қырауында оқшауланып жатқан елдің бас көтеріп, алыс‑жақын ағайын туыстың амандығын білуге, қаһарлы қыста айлар бойы көрісе алмай қалған жұртпен қауышуға, төс қағыстырып сағынышы мен ыстық ықыласын шашуға арналған игілікті амал болып табылады.

Келесі күн – 15‑наурыз ұлттық дәстүрдің логикалық жалғасы. Сондықтан ол күн «Қайырымдылық күні» деп белгіленді. Солай болуы өмір шындығынан туындайды: амандықпен көріскен жұрт бір‑бірімен қал сұрасып қана қоймай, бір‑біріне өзара көмек қолын созады ‑ «жыртығын жамап, жарығын бітеп, жоғын түгендейді». Бұл да елдіктің үлкен бір нышаны, асыл құндылық.

Үшінші күн – 16‑наурыз – «аман‑есен көріскен жұрттың хал‑ахуалын сұрасып, тұрмыстық және басқа мәселесін қайырымдылықпен шешіп, ел шаттанғаннан соң, бәрі жиылып, алқа‑қотан отырып тізгінді Өнерге ұстатады. Қыс бойы тар үйде дауыстары «тұншығып» қалған Домбыраға, қыл Қобызға, бұлбұл көмейлі Әншілерге, таңды‑таңға ұратын Жыршыларға, бұлшық еттері ойнаған Балуандарға және неше түрлі өнерді игерген өнерлі қауымға Наурыз қақпасы айқара ашылады...

Бүгін, міне, 16‑наурық күні келіп жетті. «Наурызнама» бағдарламасы бойынша бұл күн «Мәдениет және Ұлттық салт‑дәстүр күні» деп аталады. Наурыздың бұл күні Қазақ Елінде «Наурыздың мәдениет қақпасы» ашылды деп санай отырып, біз ұлттық өнеріміздің майталмандары шеберлер пен ұсталарды, мәдениет пен дәстүрімізді, ғылымыды, даналығымызды, әдебиетімізді, кино мен театрымызды, спортты... жалпы айтқанда – халқымыздың бар руханиятын паш ететін «қақпаны» айқара ашамыз!

Сондықтан, бүгін біз шағын сұхбатқа Қазақстан этножизайнерлер Одағының төрағасы, «Республикалық «Дарын» силығының иегері, Қазақстанның мәдениет саласының үздігі Салтанат Әминқызы Жапарованы шақырдық:

– Салтанат Әмінқызы, алдымен өзіңіз басқарып отырған ұжымның алдағы міндеттері туралы айтып қысқаша айтып өтсеңіз.

– Біздің Қазақстан Этнодизайнерлер одағы өткен жылы құрылып, содан бері үлкен қолдау көрсетіп келе жатқан Мәдениет министрлігімен, Білім беру Басқармаларымен және әкімшіліктермен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Қазірге дейін біз Қазақстандағы 175 шеберлердің басын біріктіріп, осы Одақ аясында жұмыстарды үйлестіріп отырмыз. Жалпы, қолөнер Ұлттық құндылық ретінде мемлекетке әруақытта керек. Ол туралы жақында Мәжіліс депутаты, өзі де өнер иесі Гүлдара Нұрымова апайымыз былай деді: Қазіргі жағдайда қолөнер кәсіпкерлікті қолдау тұрғысынан да, мәдени мұраны сақтау тұрғысынан да маңызды құбылыс болып табылады. Қолөнер шеберлігін ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру маңызды. Сондықтан мемлекет оған жан жақты көпек көрсете отырып, өз қамқорлығына алуы керек. Атап айтқанда, қолөнершілердің ұлттық тізімін қалыптастыру, өзін өзі реттейтін ұйым құру, қолөнер саласындағы заңнаманы жетілдіру, басым туристік аймақтарда қолөнершілер орталықтарын ашу,  қолөнер өнімдерінің стандартын әзірлеу, қолөнершілерге арналған маркетплейсті дамыту міндеттері алда тұр.

– Қазақтың қол өнерінің тарихы ұзақ. Осы туралы өнер майталмандары не айтады?

– Кезінде өнер қайраткерлерінің ойын жалғастыра келе мен былай дер едім: Өнер әрқашанда өркендеп, өрістеп отыруы тиіс. Мәдениет төмен жерде өнер туындысын мүлгіген, қозғалыссыз, жансыз дүние деп қабылданады. Ал шын мәнінде, өнер бұл өзгеше ғылым, бұл тарих, мәдениет ошағы, үлкен рухани әлем. Сондықтан, мысалы, бүгінде экспонаттарды халыққа түсінікті етіп жеткізу үшін өнер керек. Оның әртүрлі формасын табу үшін де өнер керек.

– Ұлттық өнер туралы не айтасыз?

– Біздің алдағы міндеттерімі мынау:  Ұлттық мәдениетті дамыту, Қазақтың ұлттық қол өнерін дәріптеу, Қол өнері шеберлеріне қолдау көрсету: қолөнер туындыларын сату, Жастарды өнерге баулу, Ұлттық салт‑дәстүрлерді жаңғырту, Қазақ этнодизайн өнері мен мәдениетін шет елдік қонақтарға таныстыру, Қол өнерден шеберлік‑кластарын өткізу. Осы бағытта ертеңнен бастап Алматы қаласында Алматы қаласы Әкімшілігімен бірлесе отырып, Этнодизайнерлер одағы көрші Қырғыз елінен бір топ шеберді, еліміздің әр түкпірінен шеберлерді шақырып, алғаш рет Қолөнер Жәрменкесін өткізейін деп жатырмыз. Ол жерде ұлттық өнердің басқа түрлері көрсетіледі. Ұлттық киімдер үлгісі көрсетіледі.

– Одан қандай нәтиже күтуге болады?

– Күтілетін нәтиже: .Ата‑бабамыздан мыңдаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан қол өнерін қайта жаңғырту және оны ұрпақтар сабақтасытғымен жалғастыру. Іс‑шара барысы толық видеоға түсіріліп, одан бейнесабақ үлгілері, ұлттық мәдениетпен таныстыру бейнекөрінісі жасалады. Ол ақпараттық құралдар арқылы әлеуметтік желілерде, баспасөзде, телевидениелерде кеңінен таратылады. Бейнекөрінстер шет тілдеріне аударылып, халықаралық желілерде, ютуб каналдарында беріледі.

Сұқбатты жүргізген Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5386