Президент пен перзент
1-сурет: Президенттің Қостанай облысына сапары кезінде балалар үйіндегі бүлдіршіндермен кездескен сәті, 2007 жыл
2-сурет: «Жасыл ел» еңбек жасағының «Құрметті командирі» - ҚР Президенті Н.Назарбаев «Жасыл ел» еңбек жасағы жастарының ортасында. Президенттің cол жағында: «Жасыл ел» отрядының жетекшісі - Мұхтар Манкеев.
3-сурет: «Astana Innovations» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Мұхтар Манкеев
Даналығымен ел басқарған, даралығымен қол бастаған, аузының дуалылығымен сөз саптаған кісіні көрген халқымыз қасиет қонған адамға балап, айрықша қадірлейтіні бар.
Бабалардан жалғасқан бағзы дәстүрдің ерекшелігі сонда – ұлағатты тұлғаның өмірін ұл-қызына өнеге етуге де ерекше мән берген. Атағы атырапқа жайылған азамат аулына ат шалдырғанда қадамын енді басқан бүлдіршіннің тұсауын кестіріп, қолға су құюға жараған баласына батасын бергізіп, тайға тақым басқан ұланына ақыл-кеңесін тыңдатып қалуға тырысқан. Тәрбиеге терең мән беретін ұлтымыздың күні бүгінге дейін ұмытылмайтын осы таным-түсінігінің түп-төркіні ұрпағының әлгіндей жұрт сыйлайтын ел ағасына еліктеп, жолын қуып, орнын басуға жараса деген ізгі ниетімен ұштасып жатыр. Қазақ тарихындағы талай-талай тұлғалардың танылуын халық қасиет қонған кісілердің атын қоюмен, батасын алуымен, тұсауын кесуімен, аузына түкіруімен байланыстыратынын қалай жоққа шығарамыз?!
1-сурет: Президенттің Қостанай облысына сапары кезінде балалар үйіндегі бүлдіршіндермен кездескен сәті, 2007 жыл
2-сурет: «Жасыл ел» еңбек жасағының «Құрметті командирі» - ҚР Президенті Н.Назарбаев «Жасыл ел» еңбек жасағы жастарының ортасында. Президенттің cол жағында: «Жасыл ел» отрядының жетекшісі - Мұхтар Манкеев.
3-сурет: «Astana Innovations» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Мұхтар Манкеев
Даналығымен ел басқарған, даралығымен қол бастаған, аузының дуалылығымен сөз саптаған кісіні көрген халқымыз қасиет қонған адамға балап, айрықша қадірлейтіні бар.
Бабалардан жалғасқан бағзы дәстүрдің ерекшелігі сонда – ұлағатты тұлғаның өмірін ұл-қызына өнеге етуге де ерекше мән берген. Атағы атырапқа жайылған азамат аулына ат шалдырғанда қадамын енді басқан бүлдіршіннің тұсауын кестіріп, қолға су құюға жараған баласына батасын бергізіп, тайға тақым басқан ұланына ақыл-кеңесін тыңдатып қалуға тырысқан. Тәрбиеге терең мән беретін ұлтымыздың күні бүгінге дейін ұмытылмайтын осы таным-түсінігінің түп-төркіні ұрпағының әлгіндей жұрт сыйлайтын ел ағасына еліктеп, жолын қуып, орнын басуға жараса деген ізгі ниетімен ұштасып жатыр. Қазақ тарихындағы талай-талай тұлғалардың танылуын халық қасиет қонған кісілердің атын қоюмен, батасын алуымен, тұсауын кесуімен, аузына түкіруімен байланыстыратынын қалай жоққа шығарамыз?!
Заман ауысса да, қазірге дейін түсінігі өзгермеген, құны жойылмаған халықтың осы бір қасиетін Ұлт көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел аралаған сәттерінде жиі байқаймыз. Тілші ретінде сырттай бақылағандықтан жүздесуге келген елдің Елбасыға қарай таласа-тармаса ұмтылып, қолын алуға, бір ауыз тілегін тыңдауға жан-тәнімен ықылас танытқанын көріп, қайран қаласың! Тіптен сол күні таңсәріден оятып, мұнтаздай етіп киіндіріп, жетектеп әкелген немересінің немесе баласының басынан сипату үшін жанын салатындар да жиі ұшырасады. Бәрін де байыз таптырмайтын сол баяғы ниет – жақсыға жанасу, ша¬рапатына бөлену. Егер сәті түсіп сәлемдесе қалса, талай жылғы арманы жүзеге асқандай айрықша қуанышқа бөленіп, көпке дейін соның әсерінен арыла алмайтыны рас. Ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүрімізге сай Елбасы талай-талай бүлдіршіннің тұсауын кесті, батасын берді, бауырына басып, әуелете көтерді. Жақында ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Дәурен Абаевпен әңгіме үстінде қызықты тақырып қозғалды. «Президентпен жүздесіп, тілегін тыңдап, бағыт-бағдар алған көптеген балалардың кейін зор жетістікке жеткенін білеміз. Талабы мен еңбегі замандастарына үлгі болатын осындай азаматтар жайында неге жазбасқа?!» – деген ол бірқатарының бүгінгі табыстары жайында әңгімелеп берді.
Расында да, Елбасымен кездесіп, батасын алған балалар бүгін қайда жүр? Қандай жетістікке жетті, қандай биіктікті бағындырды? Жалпы, олардың өмір жолы қалай өрілді? Сан түрлі сұраққа жауап тапқанша тыншымайтын журналистік кәсібімізге орай елдің ортасынан әлгіндей өрендерді іздеуге көштік. Жан-жаққа сұрау салдық, 10-20 жыл бұрынғы жүздесулер мен жолығулар кезіндегі фотосуреттерге үңілдік, арасынан қазіргі қоғамдағы көзге түсіп жүрген бірқатар замандастарымыздың бейнесін байқадық. Міне, қызық, бір кездегі бір сәттік кездесулер, бірер минуттық тілдесулер кейіпкерлердің тағдырын өздері де күтпеген тосын арналарға бағыттапты! Баяғы балғындар бүгінде еліміздің әр түкпірінде, қоғамның сан саласында қызмет атқарып жатқан белгілі азаматтарға айналған. Бірқатары әлемнің маңдайалды университеттерінде білім алуда.
Сол бір жүздесулерде Елбасының алдында талантымен танылып, разылығына бөленіп, алғысын алып, тілегін тыңдаған қаншама балғынның ішінен өмірде де, өнерде де бағы жанғандары көп. Білім мен тәрбиеге ақыл мен қайратты ұштастырып, белгілі бір биікті бағындырған кешегі балалардың, бүгінгі даралардың жетістігін елге таныту үшін Президенттің Баспасөз қызметі мен «Айқын» газеті Тұңғыш Президент күніне орай «ПРЕЗИДЕНТ ПЕН ПЕРЗЕНТ» атты жаңа жобаны бастап отыр. Айдарымыздың алғашқы кейіпкері – «Astana Innovations» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Мұхтар Манкеев.
«МҰХТАР, НЕҒЫП ТҰРСЫҢ, КИГІЗСЕЙШІ ЕНДІ»
Мұхтардың жадында Президентпен екі кездесудің де әр сәті ұмытылмастай сақталған. Әсіресе, сонау студент кезіндегі алғашқы жүздесудің жөні бөлек.
– 2005 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 4-курсында оқып жүрдім. Болашақ мамандығым – инженер-мұнайшы, – деп бастады ол әңгімесін. – Президент сол жылдың ақпан айында Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында Үкіметке студенттерді жаз мезгілінде жұмыспен қамтып әрі еңбекке үйрету үшін «Жасыл ел» отрядын құруды тапсырды. Сәуір айында еліміз бойынша алғаш рет біздің облыста еңбек тобы жасақталып, оған басшылық ету маған жүктелді. Жетекшілікті қолға алғанымызға көп уақыт өтпестен, өңірімізге Елбасы сапармен келіп, жаңа нысандармен танысып, «Жасыл ел» еңбек жасағымен кездеседі деген хабар түсті. Өзімізше қызу дайындалып, әртүрлі жайттарды талқылап жатырмыз. Белгіленген күн жақындап қалғанда достарымның тарапынан бір қызық ұсыныс айтылды. Өзара кеңесе келе, идеямызды Президент протоколы қызметіндегі жігіттерге айттық. Аздап ойланған олар бір ғана шартпен келісімін берді. Студенттердің қызықты ұсынысы мынау еді. Еліміздегі алғаш құрылған «Жасыл ел» еңбек жасағының «Құрметті командир» деген жазуы бар арнайы киімін Елбасыға тарту етіп, өзіміз кигізгенді жөн көрдік. Алайда протокол қызметкерлері ұсынысты қолдағанымен, «кигізудің қажеті жоқ, жай ғана қолға берсе жеткілікті», – деп шектеу қойды. Сонымен көптен күткен 2005 жылдың 11 мамырына да жеттік. Мемлекет басшысы мінген ұшақ Орал қаласына қонып, бекітілген кестеге сай нысандарды таныстыру жұмыстары басталады. Бұған дейін аудиториядан шықпаған студенттерге бірлесіп еңбекке араласу таңсық көрінгендіктен жасаққа жазылғандардың қарасы мыңға жақындап, университеттің алдында аса зор қуанышпен күтіп тұр еді.
– Бәріміз «Жасыл ел» жасағының киімімен сап түзедік. Елбасы ортамызға келгенде мен еліміздегі тұңғыш отрядтың тұсаукесер рәсімін бастадым, – дейді осыдан 8 жыл бұрынғы жүздесуді бүге-шігесіне дейін есте сақтаған Мұхтар. – Алайда қобалжығандықтан шығар, кібіртіктеп тоқтай бердім. Сірә, тосырқағанымды байқаса керек, Нұрсұлтан Әбішұлы мені сөзге тартып, өзінің ойларын ортаға салып, тым-тырыс ахуалды лезде өзгертіп жіберді. Содан кейін ғана өзімді еркін сезініп, дайындаған сөзім аяқталған тұста салтанатты дауыспен: «Нұрсұлтан Әбішұлы, мына «Құрметті командир» деген жасақ формасын сізге ұсынамын», – дедім. Елбасы да, жиналған жұртшылық та бір сәт аңтарылып қарап қалды. Сол кезде ол кісі: «Мұхтар, неғып тұрсың, кигізсейші енді», – деп баршамызды ду күлдірді. Негізі, киімді мен жай ғана көрсеткен соң көмекшілердің бірі алып кетуі керек еді. Елбасы оған қарамастан күртеше мен бас киімді киіп алып, студенттерге ақыл-кеңесін айтып, суретке түсіп, елге ерекше көңіл-күй сыйлады. Формамызды жергілікті тігін фабрикасы тігіп еді, абырой болғанда құйып қойғандай тұп-тура екен. Осы жолғы кездесудің әсерінен көпке дейін арыла алмай жүрдім. Себебі Президент бекітілген уақыттан да ұзағырақ аялдап, келешекте қалай әрекет етуіміз керектігі жайында ойымызға келмеген тосын идеялар берді.
«ЖАСЫЛ ЕЛДІҢ» ЖЕТЕКШІСІ
Ол кезде 4-курс студенті Мұхтар мыңға тарта «сарбазын» ертіп, жаз бойы қала тазалығымен, егілген көшеттерді күтіп-баптаумен айналысты. Қара жұмыстан ажырап қалған жастар кетпен мен күрекке қол үйретіп, күзге салым оқу жылы басталарда тәп-тәуір қаражат тапты. Ең қуанышты жайт, Батыс Қазақстандағы «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысының нәтижесі бойынша ел көлемінде үздіктер көшін бастады. Елбасының бағыттауымен әрекет ету, елордадағы республикалық штабпен және өзге де өңірлердегі сту¬денттермен жиі байланысып, тәжірибе алмасу алыс аймақтағы топтың табысты болуына жол ашты.
2006 жылдың көктемінде Мұхтар бастаған университет белсенділері жазғы науқанға қызу дайындыққа кірісіп, қатарына еңбексүйгіш замандастарын тарту үшін үгіт-насихатты үдеткен еді. Астанадағы «Жасыл ел» республикалық штабынан жұмысқа шақырған жедел ұсыныс түсті. Біздің кейіпкеріміздің 5-курсты тәмамдауына санаулы күндер ғана қалғандықтан ол көп ойланбастан бас-аяғы бір аптада жиналды да, жолға шықты. Тіршілігі қыз-қыз қайнаған елорда Орал емес, мұндағы жұмыс ауқымы да, ұйымдастыру жүйесі де мүлде бөлек. Дегенмен аймақта жинаған тәжірибе мен білім кәдеге жарады. «Жасыл ел» республикалық штабы жетекшісінің орынбасары қызметін екі ай атқарды. Ісіне тындырымды, сөзіне мығым жас жігітке көптің де көңілі толса керек, нағыз науқан – жаз айы келгенде жетекшінің орны¬на тағайындалып, бүкіл елдегі 38 мың сарбазы бар жасақтың «қолбасшысы» болып шыға келді. Болашаққа құлаш ұрған жас жігітті тынымсыз еңбекпен біте қайнасқан қоғамдық-саяси жұмыстар кәдімгідей шыңдады. Арада екі жыл өткен соң сол бір кезеңдерде жұрттың қызығушылығын оятқан салаларда да бақ сынап көру үшін инновациялық ғылыми орта – «Самғау» ұлттық холдингіне ауысты. Алайда инженер-мұнайшы «Самғауда» жасақта жүргендей самғай алған жоқ. Ойлана келе, кәсіби білімі бойынша еңбек жолын жалғастыруды жөн санады.
ИННОВАЦИЯНЫ ИГЕРГЕН ИНЖЕНЕР
– Елбасы да нағыз өндірісте шыңдал¬ған тұлға ғой. Мен де көп ойланып, алдыма нақты мақсат қойдым. Оралға оралып, мұнай кенішінде инженер-мұнайшы ретінде бағымды сынауға бел байладым. Сөйтіп, туған қалама келіп, «Қарашығанақ» мұнай кенішіне инженер болып жұмысқа тұрдым. Нағыз өмірді, қызу өндірісті осында көрдім. Ұлыбританиялық компанияда қызмет еткендіктен жағдайымыз жаман болған жоқ. Шетелдіктермен түсінісу үшін ағылшын тілін үйренуге ден қойдым. Қарбаласы мен жауапкершілігі мол кәсіпорында жүріп, үш жылдың қалай өткенін байқамай да қалдық. Қызметіміз де жоғарылады. Ісімізге көңілі толған ағылшындар сырт елдердегі жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Межелеген мерзім аяқталған соң, өзімді қашанда баурап тұратын Астанаға қайта оралдым, – дейді кейіпкеріміз.
Мұхтар Манкеев 2010 жылы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне департамент директорының орынбасары болып қызметке тұрды. Жалақысы Қарашығанаққа қарағанда екі есе аз, әйтсе де инновациялық жобаларға жаны жақын жігіт қиындықтың барлығын еңсеруге іштей дайындалып тас-түйін келген еді. Оң мен солын ажыратып, өндірісте шыңдалып, өмірлік бағыт-бағдарын нақты белгілеп алған азаматтың ендігі мақсаты айқын-ды. Осы елордада Назгүл екеуі отау құрды. Тойдан соң өзгелер секілді пәтер жалдап, қым-қуыт тіршілікке араласып кетті.
«Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген. Шаңырақ көтерген жігіттің айы оңынан туды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ол индустриалды-инновациялық дамуды жоспарлайтын «AstanaInnovations» компаниясының басқарушы директоры болып тағайындалды. Халықаралық шаралар барысында тың жобаларын таныстырукезінде Елбасымен тағы да жолығудың сәті түсті. Білікті мамандар дайындаған жобаларды қарап шыққан Президент әлі де ширатуды, қоғамға лайықтауды, тиімді тұсын анықтауды шегелеп тапсыратын. Технологиясы жоғары, өркениеті озық елдерден үйрену қажеттігін айтатын. Елбасы Финляндияға сапарынан соң инновациялық үдерістерді жетік меңгерген осы мемлекетті үлгі етті.
ҮЗДІК ЕЛДІҢ ҮЛГІСІ
– Астанаға келу жөніндегі алғашқы шешіміме Елбасымен бірінші кездесуім тікелей әсер етті. Оның нәтижесін көріп отырмын. Осы жолы Фин елі жайында әңгімелегенде тағы да көп ой түйдім, – дейді Мұхтар. – Қарашығанақта жүргенде үйренген ағылшыншамды елордаға келген соң жетілдіре түстім. Президенттің сөзі қамшы болып, іздену нәтижесінде Финляндияның Оулу қаласындағы университеттің гранты жарияланғанын білдім. Сөйтіп, бақ сынауға кірістім. Интернет арқылы құжаттарды жолдап, негізгі сынақтан өту үшін Оулуға бардым. Әлем бойынша 200 үміткер өтініш білдіріпті, ал грант небәрі 4-ақ орынға бөлінген. Сынақтың барлығы ағылшын тілінде жүргізілді. Тынымсыз дайындықтың нә¬тижесі әрі бағымның жанғаны шығар, 4 гранттың бірі маған бұйырды. Қалғанын Жапония, Америка, Германиядан келген үш азамат жеңіп алды. Қуанғанымды көрсеңіз! Оның үстіне бүгінге дейін «Бола¬шақпен» шетелден оқитындардың арасынан ешкім Фин елін таңдамапты. Ал инновациялық технологиялар бойынша Финляндия дүниежүзінде алғашқы орында.
Жұмыстан бір жарым жылдық академиялық демалыс алып, Оулу университетінде «Бизнес әкімшісінің халық¬аралық шебері» мамандығы бойынша оқыдым. Осылайша Елбасымен екінші кездесуім де өміріме күрт өзгеріс әкелген шешім қабылдауыма ықпал етті. Егер ол кісі Финляндияны мысалға келтіріп, бағыттамағанда, бәлкім, бармас та едім. Бір жарым жыл ішінде таным-түсінігім қоғамға, айналама, кәсібіме қатысты не¬бір ойлармен толықты. Енді озық мемлекет¬тен алған білімім мен жинаған тәжірибемді еліміздегі ең маңызды саладағы тың жобаларды іске асыруға арнаймын. Ұлт көшбасшысы жобалағандай, Қазақстан әлі-ақ жаңа ғасырдағы технологияны терең меңгерген, ең мықты мемлекетке айналады. Оның жолында сіз бен біз ешбір аянып қалмаймыз.
...Мұхтардың елге, елордаға оралып, өзінің жұмысына қайта кіріскеніне үш ай болды. Қызметі бұрынғыша, бірақ ой-танымы, бағыт-бағдары мүлде бөлек. Арынды, қуатты, идеяшыл. Президент белгілеген межеге мерзімінде жетуіміз керек деп шиыршық атқан жас жігіт уақытпен санаспай, артылған міндетті абыроймен орындауға құлшынып отыр. Орда бұзар отызына енді толатын азамат Елбасымен екі кездесу де өзін ерекше қанаттандырғанын, соның әсерімен өзі де күтпеген биіктерді бағындырғанын айтады. Үшінші рет жүздесе қалса, тағы да тың идеялар табарына нық сенімді. Сенімің алдамасын, Мұхтар!
Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ
Abai.kz