Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2048 2 пікір 8 Сәуір, 2024 сағат 15:06

Феррариін сатқан монах

Сурет: elenatuleiko.com

Өмір жолыңдағы барлық тосқауылды
тек өзің ғана қойып, өзің ғана алып тастай аласың.
Үнді халқының нақыл сөзі

Канадалық жазушы Робин Шарманың «Монах, который продал свой Феррари» атты психологиялық еңбегін кездейсоқ оқып қалдым. Миллиондаған адамның өмірін өзгертуге себепкер болған аталмыш еңбекті батыстың ресми тұлғалары, жұлдыздары, психологтары өте жоғары бағалаған көрінеді. Сөйтіп бұл еңбек бүкіл дүниежүзіне танымал болады.

Шығарманың қысқаша мазмұны: батыстың шіріген бай, табысты адвокаты Джулиан оқыс науқастан кейін өзінің өмірге келудегі басты мақсатын (предназначение) тапқысы келеді. Ақыры танымал, миллионер адвокат батыс пен шығыстың дана адамдарының тәжірибесіне жүгіну үшін ілім-білім іздеп, бүкіл жер шарын аралайды. Үш жыл бойы өзін-өзі тану жолына түсіп, талмай ізденіп, ақыл мен жан-тәнін емдеп, ақыры сопылық жолға түседі.

Р.Шарманың бұл еңбегі адамдардың өмірін өзгертуге, армандарының орындалуына көп көмегі тиген еңбек көрінеді. Мүмкін бұл аударма сіздің де өміріңізді аздап болса да өзгертіп жатса, нұр үстіне нұр! Сізге сәттілік тілеймін, достым!

Аударма авторынан

Ол кенет сот залының еденіне гүрс етіп құлады. Ол осы елдегі ең танымал, өте ықпалды адвокаттың бірі болатын. Үстіндегі үш мың доллар тұратын итальяндық костюмге нығыздалған ауыр дене оның соттағы тамаша жеңістерінің көрінісі іспетті. Мына көрініске мен де сенер-сенбесімді білмей, сілейіп қаттым да қалдым. Жаңа ғана зардап шегушінің рөлінде тұрған атақты Джулиан енді қауқарсыз жас бала секілді жатыр. Қатты соққыдан маңдайы жараланыпты, дір-дір етеді. Әрі қарай түсірілім алаңындағыдай баяу көріністер өтіп жатты. Оның көмекші қызы "Джулиан мырза қысылып қалды!" деп, көпе-көрнеу жұртқа белгілі көріністі жариялай айғай салды. Төрдегі сот төрешісі де телефонмен жалма-жан біреуге хабарласып жатты. Сасқалақтаған мен де іштей "Өле көрме, достым", "Мұндай өлім саған лайық емес" деп, сілейіп жатқан денеге жетіп бардым да, қолдан дем алдырып, білгенімді жасап жатырмын...

Джулиянды білетініме он жеті жылға жуықтапты. Мен оны заң факультетінде оқып жүрген кезімнен білетінмін. Ол кезде Джулиян сұлу, көрнекті әрі білімді адвокат еді. Алғаш қоластына машықтанушы болып келгенім де есімде. Кірген бетте ат шаптырым сән-салтанаты жарасқан қымбат кабинетіндегі емен столдың үстіндегі У. Черчиллдің "Өз сана-сезіміңізді өзгерте отырып, сіз өз әлеміңізді жасайсыз" деген сөзіне көзім түскен болатын. Бұл жазу маған Джулиянға арнап айтылғандай көрінетін. Үлкен әкесі ықпалды сенатор болса, өз әкесі федеральды соттың төрешісі болды. Атақты отбасынан шыққан ол өз өмірін өзі таңдаған еді. Атышулы сот істерінде мықты адвокат болған соң, қалталы байлар тек оны таңдайтын. Біздің кеңседе оның байлығы, қымбат мейрамханаларда сұлу бикештермен қыдыратыны жайлы ақпарат жырдай төгілетін. Көп машықкерлердің ішінен мені көмекші етіп қалап, жұмысқа алуына кейде таң қалатын ем. Кейіннен мені өзімен серіктес болып қалуға шақырды. Мен қуанбасам, ренжімедім. Ол еңбекқорлығының арқасында талай белесті бағындыра білді. Кейбір адамдар өмір бойы армандайтын жетістікке тез әрі оңай қол жеткізді. Ол нағыз жұлдызға айналды.

Атақты адамдар тұратын аудандағы кең сарайдай үйінен бөлек, жеке ұшағы, тропикалық аралдағы резиденциясы және оның ең басты мақтанышы зәулім үйінің алдындағы тұрақта тұратын, көздің жауын алатын әдемі, жылтыраған қып-қызыл "Феррари" көлігі еді. Бірақ мені таң қалдыратын бір жайт, осынша байлығы бола тұра Джулиан өзін-өзі көрге тығып жатқан жандай көрінетін. Не бары елу үш жастағы Джулиан маған сексендегі шалдай көрінетін. Жүзіндегі қатпар-қатпар әжім оның жұмысының ауырлығын көрсеткендей. Ұйқысыз түндерде жұмыс жасайтын ол екі сағат ұйқыны қанағат етіп жүре беретін. Түннің бір мезгіліндегі қымбат мейрамханадағы майлы ауқат, семіз куба темекісі мен ішкен ішімдіктен семірген дене өте ебедейсіз, көрер көзге қораш көрінетін. Жүзінен күлкі ізі кеткелі қашан? Үнемі өзінің шаршғанын, ауратынын айта беретін. Әбден күш-жігері сарқылып, материалдық жағынан бай бола тұра, рухани аш өмір оны көрге әкетіп бара жатқан тәрізді. Қысқасы, жанып тұрған жұлдыз Джулиан, ақырындап көз алдымда сөніп барады.

Заңның күшімен әлемді өзгертемін деген, сот ісінде "Ғасыр адамы" атанған Джулиан ауыр науқастан кейін өз қызметін тоқтатып, бір-ақ күнде сүйікті адвокаттық қызметінен қош айтысты. Бұл қызметтестері үшін күтпеген жаңалық еді. Мен үшін тіптен ауыр болды. Оған қанша қоңырау шалсам да, ол ешбіріне жауап бермеді.

Міне, бұл үш жыл бұрын болған оқиға еді. Ұзынқұлақтан естуімше, Джулиан Үндістанға сапар шегіп кеткен көрінеді. Өзінің зәулім сарайын, ұшағын, резиденциясын, тіпті сүйікті "Феррари" көлігін де сатыпты. Құдайдың ісіне кім қарсы тұрған. Джулианды психологиялық, рухани, физикалық үнді ілімін ұстанып кетеді деп кім ойлапты?-деп ойладым да қойдым.

Үш жылда менің де қызметім өсіп, атақты адвокатқа айналған едім. Бірақ оңаша қалған сәттерде Джулианды жиі есіме алатынмын.

Бір күні менің есігім қағылды. Көмекші қыз маған бір адамның келіп тұрғанын айтты. Жұмыс аяғында келген адамды аса ұнатпай, уақытымның жоқтығын айта бастап едім, көмекшім: -Келген адам сізді дәл қазір көрмесе, кетпейтінін айтты,- дегенде:-Жақсы, кірсін,-дедім.

Мүмкін мен үшін пайдалы кездесу шығар деп ойладым. Есік баяу ашылып, табалдырықтан отыздар шамасындағы жас жігіт күлімдеп кіріп келе жатты.

Жас жігіт үнсіз жымиып қарап тұр. Мылқау үнсіздікті жігіттің: -Келген адамды осылай қарсы алады екенсің ғой, Джон? Істе қалай жеңудің қыр-сырын үйреткен кісіні де осылай қарсы аласың ба? Барлық құпиямды саған босқа үйреткен болдым ғой,- деп, ыржия күлді. Денемді жеңіл діріл шарпып өтті. Қас қағымда сәтте жаныма жақын дауысты жазбай таныдым. Кеудемнен жүрегім ытқып кете жаздаған байғұс басым: - Джулиан, бұл сен бе? Мүмкін емес. Расымен, Джулианбысың? Жауап орнына жас жігіт қарқылдап кеп күлді. Иә, қарсы алдымда тұрған жас жігіт расымен де Джулиан еді.

– Япырай, неше жыл бұрын кездейсоқ, із-түссіз жоғалып кеткен жігіттің адам сенгісіз өзгеріп кеткені қалай? Кезіндегі мына қан-сөлсіз тұнжыраған жүз, күрк-күрк жөтел, сөнген жанардың ізі де жоқ. Керісінше, алдымда еңгезердей сап-сау, жүзінен нұры тамған, сылқылдаған жас жігіт тұрды. Көзіне қарап өмірге құштар жанның көзқарасын таныдым. Өсіп, өзгерген, көңілді жанды көрдім. Кезінде шөгіп, жасына жетпей қартайған, науқас адамның өрімдей жап-жас жігітке айналғанына қарап: "Жаңадан шыққан дәрінің нәтижесі-ау! Мәңгі жап-жас болып көрінудің көзін тапқан екен ғой" деп ойладым.

Джулиан әңгімесін бастады. Айтуынша, дәрігерлер оған мансап пен өмірдің біреуін ғана таңдауға кеңес берген екен. Сөйтіп бүкіл дүние-мүлкін тәрк етіп, көне дәстүрге, мәдениет пен аңызға толы Үндістан еліне сапар шегеді. Сол елде бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Сонда Батыстық жиhангерді бір нәрсе таң қалдырыпты. Қайда барса да, қонақжай, жылы жүзді адамдарды кездестіріп, ойға қалады, жүрегі жылылыққа ериді. Өзін тірі адам ретінде сезінеді. Таңсық, қонақжай елде күндері сырғып өте береді. Саяхаттап жүріп ол жүз жылдан артық өмір сүруші, сонша жаста бола тұра өмірлік күш-қуаттары бойында жап-жас қалыпта қалып қалған үндінің тақуа адамдары жайлы көп естиді. Айтуларынша, кәрілікті йогамен жеңген, сана-сезімдерін дер кезінде бақылай білетін, рухани саналары жоғары деңгейде екен. Оның бар аңсары адам табиғатын өзгертетін осы құпия білімді өз өмірімде қолдансам, сол адамдармен кездессем деген үмітке ауысты. Бұл кезде ол Кашмирде тұрып жатады. Сонда жүріп бір ғибадатхананың шырақшысымен танысады.

– Мен де бұл жолға сен секілді кезеңнен өтіп келгем,- деді қария. -Есіңде болсын, біздің өмірімізде болған әрбір оқиғада терең астар бар. Өміріміздегі өткен сәтсіздіктер – бізге баға жетпес тәжірибе, үлкен сабақ. Кім сол сабақты жақсы меңгерсе, сыйсыз қалмайды. Өткенге еш өкінбе! Өткенің – ұлы ұстазың.

Шырақшының мына сөзінен кейін "Мүмкін менің іздеп келген рухани ұстазым осы адам шығар" деген ой келді.

– Маған көмектесіңізші. Мен қазір өлім мен өмір арасында тұрмын. Мен толыққанды өмір мен сол өмірдің рухани мәнін терең түсінгім келеді,-дедім. Шырақшы:-Сендей жанға көмектесу мен үшін үлкен мәртебе. Бірақ бір кеңесіме құлақ саласың ба? -Әрине! -Тыңда, мен осы ғибадатханаға алғаш келгенде анау Гималай тауының басында тіршілік ететін құпия дана адамдардың қауымы бар деп естіген едім. Мына дамыған өмірден тысқары, жүз жастан асқан олар – көне дәуірдегі ата-баба дәстүрін ұстанатын жандар. Олардың мүмкіндіктері шексіз. Тіпті болашақты болжап, жер шарының басқа бөлігінде не болатынын алдын ала біліп отыратын көрінеді.Естуімше, адамды анадан алғаш туғандай етіп өзгертіп қана қоймай, оның тәні мен жанын, жүрек көзін ашатын қасиетке ие екен. Олар біздің әрбіріміздің ішімізде бұғып жатқан рух, сана-сезімімізді оятып, босататын ерекше тәсілге ие. Джулиан жалма-жан: - Маған керегі сол ғой. Достым, қайда ол құпия тақуа жандар, айтшы! -Өкінішке орай мұны саған мен де, басқа біреу де айта алмайды. Себебі, Гималай тауының жүрегінде мекендейтін оларды тапқан жан жоқ. Тауға альпинизммен шұғылданатын адамның өзінің жетуі нейғабыл.

Мына әңгімеден кейін Джулиан тауға баруға бел шешті. Ертесінде ыстық күнге қарамастан тауға бет алды. Бірінші рет өзінің ақыл-ой таразысын емес, жүрек қалауын тыңдады. Етегін шеңгел жыртса да, шөл мен аштыққа да мойынсұнбай тауға шыға берді. Басында биіктен түйірдей болып көрінген етектегі ауыл да көзден таса болды. Өзінен басқа тірі жан жоқ меңіреу тауға қарай бар ынта-жігерін салып ұмтылды. Таудың ұшар басына жеткенде жан сарайы ашылып қоя берді. Бұрын біліп көрмеген сезім бойын биледі. Ішкі түйсік пен адастырмайтын бағыт оны алға жетеледі. Сіркіреп жауған жаңбыр да оны тоқтата алмады. Тау үстіндегі жеті күнгі жүрісте өткен өмірін есіне алды. Сөйтіп келе жатып қылтың еткен адам сұлбасын көзі шалды. Әдемі қызыл "Феррариін" ойлап келе жатқанда, бұл кім болды екен деп сәл абдырып қалды. Көк күләпаралы ұзын, қызыл кең халатымен біреу көлбеңдеп жоғары өрлеп кете барды. Дереу: -Достым, тоқташы!-деді соңынан айқайлап.

– Маған Сиван елі керек. Жеті күн бойы ас-сусыз қаңғып жүрмін. Адасып кеттім бе, білмеймін? Кенет әлгі адам кілт тоқтады. Джулиан да баяу басып, жанына келді. Күләпара жүзін жапқан бейтаныс адамның бет-жүзі көрінбейді, бірақ қарына іліп алған себетінде бұрын-соңды көрмеген көз жауын аларлық әдемі гүл дестелері толып тұр. Бейтаныс қолындағы себетін Джулиан тартып алатындай, сығымдай ұстап, европалық ұзын бойлы жігітке шөл далада қар көргендей таңырқай қарады. Джулиан өзін таныстырды. Бейтаныс жанның жанары жарқ етіп: -Сені дана адамдарды іздейтіндей күйге жетелеген не?-деді. Джулиан шырақшыдан естігенін айтып, өзінің бүкіл байлық, мансаптан бас тартқанын, дәл қазір тек жанына тыныштық, жүрегіне иман, ішкі жан дүниесінің үйлесімділігіне қол жеткізгісі келетінін айтты. Әлгі адам Джулианның иығына қолын салып: - Өміріңнің шырағын жағуға деген құлшынысыңды байқап тұрмын. Мойындаймын, өз басым осында болғалы Сиванды өз бетімен іздеген адамды бірінші рет көріп тұрмын. Тіпті таудың етегіндегі ауыл да біздің бар-жоғымыздан бейхабар, олар үшін біз бар болғаны аңыз ғанамыз. Сен мені табандылығыңмен тәнті еттің. Жігітім, сен біздің қауымның қонағы бол. Біз осы жерден бірнеше сағаттық жерде тұрамыз. Ондағы бауырластар сені қонақжайлылықпен күтіп алады. Біз саған ата-бабамыздың бірнеше ғасырлық ілім-білімін үйрететін боламыз. Көне білімді үйренген соң, сен бізбен қала алмайсың. Өз әлеміңе қайта оралып, ғасырлар бойғы құпия болған ілім-білімді батыстағы адамдармен бөлісетін боласың. Биік шыңдағы ең мықты қамал бізді сыртқы әлемнен қорғайды. Десек те, біз жерде болып жатқан астаң-кестең сүргін өмір мен дағдарыстың бәрінен хабардармыз. Адамдар өз өмірлерінің бағыт-бағдарын жоғалтып, қайда барарларын білмей адасуда. Сен соларға барып, ғажайып өмірдің барын айтып, олардың жүректеріне үміт отын жағатын бол. Ең бастысы, сен адамдарға алған тәжірибеңді таныстырып, соны өмірмен үйлестіре білуді үйрет! Менің сенен сұрайтыным сол деді. Джулиан басын шұлғи берді.

Бірнеше сағатты артқа тастап, бұлар асқар шыңын қар басқан қарт Гимлайдың қалың қарағайлы орманына кірді. Одан төменге жазық алаңқайға түсті. Джулианды жұмақтың есігіне кіргендей әсер биледі. Сиван деген үйлері райхан гүлдерімен көмкерілген шағын әдемі ауыл болып шықты. Ауылдың ортасында кішігірім ғибадатхана тұр. Міне, осы қарапайым ғана шағын әдемі үйлерде Сиванның дана адамдары тұрады екен. Мынадай көрініске аузы ашылған Джулиан тілін жұтып, таң-тамаша қалды. Тұрғындарын да көрді. Бір ғажабы бәрі Раман (тақуалық қоғамның басшысы, Джулианды ертіп әкелген адам) секілді бір-бірінен аумайды екен. Және бұл жұмақ жердің жандары ерекше жас болып көрінеді. Өздері сондай жеңіл әсем қозғалыста әрі тәккаппар, өздеріне өте сенімді. Джулиан олардың бойынан ұстамды, төзімді, сабырлы қалыппен қатар осы жерде салтанат құраған үнсіз үйлесімділікті бұзбауды қалайтындарын байқады. Әркім өз шаруасымен, қысқа сөз қайырып қана сөйлеседі. Джулиан іштей санап шықты, Сиванда он шақты ғана еркек бар екен. Ал әйелдері өте нәзік, сары түсті сари көйлек киген. Қара, қою толқынды шаштарын аппақ лотос гүлдерімен көмкерген. Джулианды таң-тамаша еткен тағы бір көрініс мұндағы адамдардың жүзінен әжім көре алмады, көздері ұшқын шашып, балғын жүздері періштедей ерекше нұрланып тұрады. Және ақ шашты адам таппай, дал болды. Ал бұған ұсынған астары жаңа піскен балғын жеміс-жидектер болды. Аз уақытқа келсе де, осы жерде жаны жай тауып, осы жұмақтан жан-сарайы ашылып, күш-қуаты молайып, жанына жарық сәуле құйылды. Әсіресе, ол мұнда екі қасиетті таныды: бірі – өз сезімін игеру, екіншісі – өз іс-әректіне жауап бере алу.

Күндер зулап өтіп жатты. Таңмен таласа тұрып, ұстазы Раманмен йога, медитациялар жасайды. Бір айдың ішінде жаны, рухы толысып, салмағы азайып, бетіне қан жүгіріп, денсаулығы жақсара бастағанын сезді. Ол жайлы досы Джонға:-Мына ғалам ғажайыптың қоймасы екен. Күллі ғаламды адам өз жүрегіне сыйдыра алады екен. Сөйтіп жүрек көзіміз ашылғанда мансап, жетістік, байлық, ақша түкке тұрмай қалады екен. Бақыт ақшада емес, бақыт сенің – рухани өсуің. Егер сен өзіңмен өзің жұмыс жасамасаң, ішкі сана-сезіміңді ескі қоқыстан тазартпасаң, ішкі жан-дүниенің тыныштығы, бақыт, байлық сенен айланып қашатын болады. Бізді не өзгертеді? Махаббат. Егер өзіңді сүймесең, басқа елді сен қалай сүймексің, айтшы? Өз жаныңмен жұмыс жасағанда барып, сен мына айналаңдағы әлемді түсініп, бағалай бастайсың. Сондықтан да, достым, кез келген адам осы білімді меңгерсе, өмірі өзгеретіні анық. Құдай адамды сол үшін жаратқан. Әрбір адам өзін-өзі таныса, өзін-өзі тазартса өмір сүрудің әлдеқайда жеңіл екенін ұғар еді. Адамға керек қазына мына біздің жүрегіміздің ішінде бұғып жатыр. Мысалы, менің жүзіме қарашы, кейбіреулер маған пластикалық операция жасатқан деп ойлайды. Пластикалық операция сыртқы келбетімізді өзгерткенімен, ішкі жан дүниені еш өзгерте алмайтыны анық. Сондықтан тән мен жан үйлесім табу керек. Мен сені оқытып жатырмын. Сондықтан сен бұған шынайы көзқараспен қара! Адам толыққанды өзгеруге 1 ай уақыт жетеді, толық бір ай, 672 сағат өзіңмен жұмыс жасап көр! Сол уақыт ішінде сен жасарып, энергияң толысып, әр ісіңнен ләззат алатын боласың. Жаман емес қой, иә?! Түсіндің ғой, ең тиімді инвестиция – ол өзіңді дамытуға күш-жігеріңді салу. Сонда өзіңді өзгерте отырып, өміріңді өзгертесің. Бұл көнеден келе жатқан қағида! Өз жүрегіңді ашып, елге жылылық пен махаббат сыйлайтын болсаң, өзіңе де сол қайтып келеді. Алғыс айта бер, бәріне алғыс айт,- дейтін Сивандық даналардың сөзі!

Бірде кешке маған Раман келді. Міне, үшінші ай оқып жатырсың, мен енді сені өз баламды қалай оқыттым, солай қасиетті құпияларды саған үйрететін болам,-деді. Саған бір тәмсіл айтайын. Адамның басындағы миын, сана-сезімін бақша деп алайық. Кім сол бақты күнделікті мәпелеп, күтім жасар болса, жайқалып, гүлденіп сала береді. Өнімді де көл-көсір береді. Ал бағбаны жалқау бақшаны арам шөп басып, мәдени өсімдіктер өле бастайды. Айтшы, мен гүлденіп тұрған сенің мақтанышың болған кішігірім бағыңа кіріп, әдемі гүлдеріңді умен суғара бастасам, не істер едің? Ашуланасың, солай ғой?

– Әрине, есі дұрыс бағбан өзі өсірген өсімдіктерінің уланып, ауырғанын қаламас. -Бірақ, түгел дерлік адам басындағы бақшасының улануын қауіпті деп есептемейді. Оған қоса, өздері соған улы, қауіпті заттарды апарып төгеді. Ол у – күйзеліс, өткеніне мазасыздану, болашағына алаңдау, қайғы, қорқыныш, уайым, сенімсіздік. Осының бәрі біздің өмірімізді түпсіз терең тұңғиыққа батырып, алдымызды қою тұманға айналдырады. Білесің бе, бізде сивандықтар "уайым" мен "табыт" сөзін бір иероглифпен белгілейді. Мен мұны басында сәйкестік шығар деп ойлаған ем. Жоқ, расында солай екен. Үрей, уайым, мазасыздық оты сенің бойыңдағы рух пен жаныңды, ақылыңды күлге айналдырады. Сондықтан жайқалып, құлпырып өмір сүремін десең, өз миыңның бақшасын ұдайы күзетіп, оған құнарлы заттарды дер кезінде беріп, қоректендіріп отыр. Бастағы миға тек өміріңе қажетті ақпаратты ғана қабылда. Дана адамдардың өлшемшарты – Жаратушы әлемді тану. Олардың ерекшелігі жақсы, кемел ой ойлауында. Олар үрей, қорқыныш, мазасыз, күйгелектікке өмірлерін сарп етіп, шығындамайды. Дана адамдардың айтуынша, адам миына күніне алпыс мың ойды қабылдайды дейді. Сенсеңіз, соның бес пайызы ғана жаңа ой, қалған тоқсан бес пайызы біздің кеше, алдыңғы күнгі, апта, ай, бір жыл бұрынғы ойлар екен. Осы жазып алған қат-қабат ойлар біздің миымыздың энергиясын жейді. Мидағы ескі ойлардың құрсауында, өткен шақпен жүрген адам нағыз бақыттың кілті – өз сана-сезімін басқара білу екенін қайдан түсінсін? Ми сен не айтасың, соны қабылдаушы. Ал басқарушы-сен өзің! Сол себепті жаман, пасық ойдан миды тазалап отыру сенің жұмысың! Ең басты нәрсе: өткен нәрсені ойлаумен өмір сүруді тоқтатып, армандап өмір сүруді баста! Джулианға қарап мен мұның бәрі бос сөз емес екенін сезіндім.

Джулиянның әңгімесін тыңдап отырған досы:- Бәрі түсінікті, мысалы, мен сенен үйренген бір оңай әдістен бірден нәтиже шығара аламын ба? - Сонда қандай нәтижеге қол жеткізгің келеді? -Мысалы, екеуміз айтып отырған әңгімеден менің санам бірден өзгеріп кете ала ма? - Көрдің бе, мұндағы кез келген әдіс бірден адамды өзгертіп жібермейді. Ол үшін сен бір ай бойы өзіңмен жұмыс жасау керексің. Өзіндік "Мен" -іңді жоғары көтеру керексің. Мен саған тағы бір тәсіл айтайын. Бір жас жігіт өзіне пір тұтар ұстазды іздеп әлемді шарлайды. Күллі әлемді шарлап, ақыры бір ғұлама ұстазға келеді. Ұстаздың алдына келіп: "Айтыңызшы, сіздей білімім ұшаң теңіз болу үшін маған қанша уақыт керек?" дейді. Ұстаз:"Бес жыл" дейді. Шәкірт: "Ал егер екі есе күш салсам ше?". Ұстазы: "Онда саған он жыл керек болады" дейді. "Неге сонша ұзақ? Егер мен ұйқы, демалыс көрмей, күні-түні оқысам ше?" -"Мұндай жағдайда сен он бес жылда қалаған мақсатыңа жетесің"-дейді ұстаз. -"Өте қызық екен мына айтып тұрғаныңыз" деп, жігіт таң-тамаша болады. "Мен бар күш жігерімді салуға ұмтылсам, ол неге менен алыстайды?" Ұстаз: "Өте қарапайым ғана. Егер сен бір көзіңмен ғана мақсатқа ұмтылсаң, онда сені жолдан адастырмайтын жалғыз-ақ көзің қалады ғой" депті. Сондықтан өзгеремін десең, шынайы төзіммен бар жан-тәніңмен жұмыс жаса! Бәрі ақырындап өз орын-орнына келеді,- деді Джулиан жымиып.

Ой – тірі ағза, тірі энергия. Адамдар соны түсінбейді. Біз қалай ойлаймыз, солай өмір сүреміз. Досының мына сөзіне Джон:-Ойдың тірі болатыны жайлы өмірі естімеппін. -Көне заманда адамдар түрлі тәсілмен ой- саналарын тазартып отырған. Мысалы, үнемі дұғада болған, рухани кітаптар оқыған. Бастағы ой өлкесіне қай-қайдағы алапес, жаман ойлар келе берсе, өздерін жазалап отырған. Гималай тауынан аққан сарқыраманың мұздай суық суының астына тұрып, ауыр, қапас ойдан өздерін босататын болған. Осыған орай, "Көл құпиясы" деген әдіс жайлы айтайын. Раман ұстаз жас кезінде өз тұрғыластарының арасында өзіне сенімсіз, ұяң болатын. Осыдан құтылу үшін ол көлге келеді. Айнадай жалтыраған көл бетіне ұзақ қарап, өзі ұқсағысы келген, армандаған адамын елестетіп отыратын көрінеді. Сонда ол өзін керемет ұлы ұстаз, ғажап қасиет иесі ретінде көреді екен. Сөйтіп, бірнеше айда-ақ, өзі ойлағандай адамға айналады.Сонда ой арқылы өз кейпіңді сомдап, соны шындыққа айналдыруға болады. Қазір көбіне мұны визуалдау деп айтады. - Мен сонда осы жоралғыны жасау үшін көлге баруым керек пе? Көлді қайдан табамын? - Жоқ, бұл жай атау. Бұл практиканы сен қай жерде жасағың келсе, сол жерде орындай аласың. Мысалы, өз үйіңде, жұмыс бөлмеңде де отырып жасай бересің. Бастысы, тыныш жерде, есікті жауып алып, телефоныңды сөндіріп, көзіңді жұмасың. Бірнеше рет терең тыныс алсаң, кешікпей денеңнің босап, жеңілдегенін сезесің. Енді визуалдауға кірісе беруіңе болады. Яғни, өз арманыңдағы кейіпке енесің. Мысалы, балаларың үшін жақсы әке болғың келетін шығар. Қызметте өскің келе ме? Қажетті адамдармен байланыс орнатқың келе ме? Бәрібір. Елестету – сиқырлы күш, не қаласаң да қол жеткізе аласың. Бастысы, осы практикамен күнделікті айналыссаң, әлемнің бар қазынасына қол жеткізе аласың(әрине, шын қаласаң). Сенің ой-санаң магнит тәрізді: не қаласаң, нені ойласаң, соны өзіне тартады. Ең бастысы, тек жағымды дүниелер ғана ойлау керек! Біреуге залал келтіретін ой, айналып иесіне келетінін ұмытпа!

– Бес мың жылдық тарихы бар көне үнділер адамның ойын, ісін өзгертуге, жақсыны бойға сіңіруде жиырма бір күн жететінін айтқан. Осы үш апта бойы қандай әдіспен жұмыс жасасаң, адамның миы соған сене бастайды. Яғни, ми қабылдаса, "Өзгердім" деген сөз. Менің қонақ бөлмемде Джулиан маған "Жарқын өмірдің он түрлі әдісі" жайлы түсіндірді. Бұл құпияға толы машықтардың мен үшін оңай әрі күрделі жақтары да барын байқадым. Бірінші тәжірибе "Оңаша болу әдісі" деп аталды. Бұл деген, күніне өз-өзіңмен аз уақытқа оңаша қалу. Мысалы, күніне 15-20 минут оңаша ғана тыныштықты болу сенің күш-қуатыңды қалпына келтіруге жәрдемдеседі. Мұны табиғат аясында да жасауға болады.

Екінші, "Сау тәннің әдісі". Тәнің сау болса-жаның сау болады,- дейді. Күнделікті дене қимылдары, денені қозғалысқа келтіру-тәнді ғана емес, жанды емдейді. Тыныс алу жаттығулары-түрлі аурулар мен уайымнан арылудың тамаша жолы.

Үшінші тәжірибе "Табиғи тағам әдісі" деп аталады. Есіңде болса, адвокат болып жүргенде фри картоп, майлы ет, шұжық тәрізді қоқыс менің ас мәзірімде болды. Қанша қымбат мейрамханада әзірленсе де, олар мені ауруға әкеп соқтырған еді. Дұрыс тамақтанбау – өз өміріңді улау, бойдағы күштен айрылу. Раман ұстаз: "Өзің қалай тамақтансаң, жаның солай қорек алады" дейтін. Көне ойшылдар мәңгі жас, күш-қуаты бойында болу үшін тек "тірі тағамдармен" тамақтанған. Олар дәруменге бай табиғи өнімдер- жеміс-жидектер, дәнді-дақылдармен қоректенеді. Әсіресе олар вегетариан диетасын ұстанған. Ауыр қортылатын еттен гөрі жеңіл қортылатын жеміс-жидектерді тұтынуды жөн көрген.

Төртінші тәжірибе "Білімнің мұхиты әдісі" деп аталады. Білім – шексіз мұхит дейміз. Осы мұхитты біз өмір бойы зерттей жүріп өзімізге де, басқаларға да көмектесеміз. Негізі бар күш білімде емес. Күш – алған біліміңді өз өміріңде қолдана алуыңда. Ол үшін оқитын кітапты дұрыс таңдай білу қажет. Өміріңді жақсартатын, миымыздың ой бақшасына нәр беріп, гүлдендіретін кітаптарды таңдаған абзал. Үндінің дана адамдары құдайдың сөзіндей қасиетті трактаттарды он-он бес рет қайталап оқитын. Себебі, кітаптан бар сұрағыңа жауап аласың. Жарты сағат кітап оқу сенің өміріңді өзгертеді.

– Ал маған қандай кітап оқуға кеңес бересің?

– Б.Франклин, М.Гандиді оқы. Герман Гассе "Сиддхартха" кітабы ұнайды. Таяуда ғана Наполеон Хиллдің "Думай и богатей" кітабын оқыдым.

– Сонда "Білім Мұхиты әдісі" күніне 30 минут кітап оқу болды ғой. -Иә, басын солай бастасаң, әрі қарай өзің білесің ғой,-деп жымиды Джулиан.

– Ал, бесінші әдісің не туралы болмақ?

– Бесінші әдіс- "Өз қабілетіне үңілу". Бұл – ерекше жоралғы. Бізде адамдар көбіне өзінің мүмкіндіктерін бағаламай жатады. Бізде құдай берген ерекше қасиеттер бар, соны басқа түгіл өзіміз танымай жатамыз. Күнделікті іс-әрекетімізге баға бермейміз. Көне үнділер қағазды екіге бөліп бір жағына жасаған істерін, екінші жағына соған баға берген. Сөйтіп өздерінің мықты, әлсіз жағын бағамдап, әрі қарай қарай не істейтіндерін жоспарлаған. Әр күніңе есеп беру – сенің қабілетіңді ашуға мүмкіндік береді. Бұл – өсудің бір жолы!

Енді келесі, алтыншы әдісті айтайын. Ол "Таңсәрі әдісі" деп аталады. Таңмен таласа тұру – бойға күш-қуат құйып, армандарыңның орындалуына көмегі зор. Көп ұйқыны әдетке айналдыру, ауруға әкеп соғады. Ұзақ жасаудың құпиясы – таң сәріден тұру! Таңертең тұрған бетте алғыс айтуды ұмытпа! Күніне алғыстарыңды жазып жүр. Классикалық музыка тыңдап, уақытың болса, таза ауада серуендеп қайт. Міндетті түрде күлімде. Күлкі – жаныңды жадырататын күш. Тіпті көңіл-күйің жоқ болса да, айнаға қарап күл! Уильям Джеймс "Күлкі бақыттан туады, бақыт күлкіден туады" деген. Өмір деген ойын әрі көңілді ойын!-деп бекер айтпаған. Өміріміздің ғажайыпқа толуы тек өзімізге ғана байланысты. Себебі, сенің өміріңді біреу жасап бермейді. Ол сенің ғана өмірің

Жетінші әдіс "Музыка әдісі" деп аталады. Алдыңғы таңсәріден тұрумен бұл әдіс өте байланысты. Ертеден адамдар музыканың құдыретін білген. Күнделікті музыка тыңдауды әдетке айналдырған. Жұмысқа бара жатсаң да, көлікте келе жатсаң да музыка тыңдап үйрен. Әсіресе классикалық музыка шаршағаныңды басып, жан тыныштығын оятады. Енді сегізінші әдіс туралы айтсам, ол "Сөз құдыреті" жайлы болмақ. Күніне дұға қайталау – бойдағы бар қасиетті бір ортаға шоғырландырудың ең тиімді жолы. Сөз құдыретінде шек жоқ. Аузыңдағы сөзің – сенің ойың. Ойың әрдайым іс-әрекетке ауысады. Жақсы сөз-сенің өміріңнің бағдарламасы. Мысалы: Мен бақытсызбын. Менің жолым болмайды,-десең, әрине тура солай болады. Өзіңе деген сенімді оятқың келсе, жақсы сөз айт, жұмысқа бара жатқанда, көлікте келе жатқанда да, қай кезде болсын тамаша сөздерді аямай, айта бер. Егер шаршап келе жатсаң: Менің күш-жігерім мол! Мен – шабыттың көзімін! Мен өте сергек жанмын! Мен мықтымын! -деп айтуға болады. Сондай-ақ, "Мен өте таланттымын! Мен өте парасатты жанмын! Менің денсаулығым тамаша!" деп қайталап айта берсең, денсаулық пен жастықты сақтауға пайдасы өте зор. Өміріңді толық өзгертемін десең, өз образыңды сомда. Нені армандайсың, соны жақсы сөзге айналдырып айта бер. Сөз – тас жарады, тас жармаса да бас жарады. Айтқан сөздің барлығы жүзеге асады, орындалады.

Келесі әдіске дайын бол. Ол "Жағымды қадір-қасиет әдісі" деп аталады. Адамның мінез-құлқы іс-әрекетінен танылады. Көне үнділер "Бақытты өмір деген-мәнді өмір сүру" деп есептейді. Мақсатқа қол жеткізудегі табандылық, тірі жанға деген аяушылық, байсалды-сабырлылық, өзіңді де, өзгені де алдамау – ең бір бізге керек қағида. Егер сенің амал-әрекетің осыған сай болса, жаның мен тәнің үйлесім тауып, рухани өсетін боласың. Бұл қағидамен өмір сүру- Жаратушының заңымен өмір сүру деген сөз. Жаратушының заңымен өмір сүрдің бе сен адамға тиесілі барлық сый мен сыяпатқа ие боларың хақ. Егер Жаратушының заңымен жүрсең, сен өз мінезіңді тәрбиелейсің. Ал оған көнбедің бе, бақыт сенен теріс айналды дей бер.

Сонымен, соңғы әдіс "Қажеттілік әдісі" деп аталады. Бұл әдісті меңгеру үшін сен азға қанағат етуді үйрен. Маған ұстазым Раман: "Түкке тұрмайтын ұсақ-түйекпен айналыспа. Өз мақсатың үшін ең керек нәрсеге ғана ден қой. Сонда барып еркіндік пен бақытқа қол жеткізесің" деген болатын. Бұл сөздің жаны бар екен. Мәнін енді ұқтым. Мен біртіндеп айналымдағы өзіме қажетті, қажетсіз дүниелерді електен өткізе бастадым. Алас-күлес, қарбалас өмірден құйыннан шыққандай өзімді босатып алдым. Өмірім күрт өзгерді. - Сонда қалай? -Қалай түгі де жоқ. Қазір ақпарат өте көп. Мысалы, керексіз киімдер алуды, теледидардан сериалдарды көруді, басылымдағы қаралы ақпарат, саяси ақпаратты оқуды тоқтаттым. Лықиып тоя тамақ ішуді тоқтаттым. Қысқасы, өзіме ең қажетті деген нәрселерді ғана алып, керек емесін санамның бақшасынан лақтырып тастайтын болдым. Азға қанағат мол жақсылыққа жол ашатынын ұқтым.

– Джулиан, маған он түрлі өміріме қажетті тамаша жоралғыны айтып жатырсың. Мына соңғы әдісті күнделікті өмірімде қолдануды үйретші. -Аздан бастасаң, сені алдыңнан үлкен өзгеріс күтеді. Пайдасыз нәрседен бас тартып үйрен. Шамаң жетсе, қолыңдағы телефоннан да бас тартып көр.Түрлі жарнамаларға жалтақтауды қой. Мейрамхананың тамағы, түрлі ойындардан бас тарт. Оның есесіне отбасыңа көңіл бөл. Аптасына бір рет табиғатта болып, одан ләззат алуды үйрен. Екеуміз біраз үнсіз қалдық. Мен өмірді өзгертудің, жарқын өмірдің он түрлі жоралғы, әдісін ойладым. Тыныштықты Джулиан бұзды: - Екеумізге әлі "Білім Мұхиты әдісі" бойынша көп жұмыс жасауға тура келеді. Бір нәрсені біл, ғалам аспандағы жұлдыз, ғаламшар, басқа ғажайыптарды өзіне сыйдырушы. Күллі тіршілікті жаратушы сені де жаратушы. Білесің бе, ғалам бәріміздін ішімізде бұғып жатыр. Өз жаныңмен жұмыс жасап, мінезіңді тәрбиелеп, санаңды тазартып, жүрек көзіңді ашып, жан мен тәннің тепе-теңдігін сақтар болсаң, өміріңнің ғажайыпқа айналары сөзсіз. Сен өзгергенде айналаңдағы жандар да өзгереді. Тәніңді семіртпей, жаныңды семіртер болсаң, саған анау жеті қат көктегі ғалам өзі-ақ бар жағдайыңды жасайды. Бірақ бізде адамдарда қорқыныш басым. "Ойбай, мен байып кетсем, қайтем?" деп қорықсаң, діттеген мақсатыңа ешуақытта жете алмайсың. Бастысы, өміріңді өзгертуге қорықпай шешім қабылдасаң, ғалам саған өзі-ақ көмектеседі.

Таң сібірлеп атып келеді. Бір жарым күн Джулиан Сиванда өткізген күндерінің сабақтарын маған әлі айтып тауыса алар емес. Ол: - Мына өмірге келдің бе, өмірдің шынайы мәнін терең ұғынуда адамның адамға деген махаббаты қажет-ақ. Ертеде көне үнді ойшылы ұйқыға жатуға жиналып жатқан ұлынан: "Бүгін нендей пайдалы іс жасадың?" деп сұрайды екен. Егер баласынан "Ештеңе жасамадым" деген жауап алса, төсектен мәжбүрлеп тұрғызып, пайдалы іс жасап келуге жұмсайды екен.

Адам Жаратушыдан алушы ғана емес, беруші де болу керек. Көне қытайдың мынадай тамаша ғибратты сөз бар. "Раушан гүлін сыйға тартқан қолда оның ғажап иісі қалады" деген. Яғни, сен бір адамға жақсылық жасасаң, ол саған еселеніп қайтады.

– Сонда адам қайырымдылық жасап, садақа беріп тұрғаны жөн ғой, Джулиан.

– Бұл жағдайға қарай қарым-қатынас, Джон. Мысалы, стақан жартылай бос немесе жартылай толып тұр ма? Бұл сауалға оптимист өзінше жауап берсе, пессимист те өзінше жауап беретіні сияқты. Адам дүние есігін ашқанда өмірге жалаңаш келіп, қайтқанда да жалаңаш кетеді. Ештеңені өзімізбен алып кетпейміз. Бірақ біз бір мақсатпен келеміз. Адамның күні адаммен демекші, адамның адамға қызмет етуі – өмір. Қайырымдылық жасау бағамен емес, сенің ниетіңмен өлшенеді. Көне үнді ойшылы ұстазым маған: "Нәресте жарық дүние есігін ашқанда ол жылайды, ал әлем күлімдейтіні секілді, біз жарық дүниемен қоштасқанда күлімсіреп кетіп, әлем жылап қалатындай болып өмір сүруіміз керек" деген болатын. Мына өмірді жақсартуға жасалған кез-келген ұмтылыс, сенің өміріңді де жақсы жаққа қарай өзгертетіні айдай анық.

– Бір көне тәмсіл бар. Ертеде бір қарт жесір әйел болыпты. Жылдар өте қартайып шөге бастаған кемпірді ұлы мен келіні қолына алады. Әлсіз қария қолына қасық ұстай алмай, ас ішкенде көжесін төгіп алып, жеп отырған тамағын төгіп-шашып алатын кездер болады. Ұлы мен келініне қауқарсыз кемпірдің әрекеті еш ұнамайды. Олар кәрі шешейге арнап шағын үстел сатып алады. Қарияның былапыт тамақ ішкенін көргісі келмеген олар оны үйдің бір бұрышына, әлгі үстелге отырғызып жеке ас береді. Кәрі шешей берген нанды көзінің жасымен шылап жеп отыратын еді. Себебі, балалары оны дастарханнан қуғанымен қоймай, адам құрлы көріп сөйлеспейтін. Бірде кешқұрым астың алдында әкесі кішкентай қызын текшелер құратып ойнатып отырады. "Қане, қызым, не құраймыз? Үй ме әлде көлік пе? -деп еркелете сұрайды. Сонда қызы: "Мен анам екеуіңе арнап кішкентай үстел құраймын. Сендер қартайғанда осы үстелде бұрышта отырып, әжем секілді ас ішетін боласыңдар",-дейді. Қыздарының мына сөзі ата-анасының жүрегіне мірдің оғындай қадалады. Аналарын қатты ренжіткенін сол сәтте барып түсінген екеуі жылап жіберіпті. Көздерінің жасын көлдетіп, аналарынан кешірім сұрайды. Сол күннен бастап анасын ортақ дастарханның төріне отырғызып күтетін болыпты. Бұл оқиғада кішкетай қыздың ата-анасында қатыгез әрекеттерінің біреудің жанын қатты жаралайтынын түйсінбегендігі байқалады. Қыздарының сөзінен кейін барып, оларда мейірім, рақым, аяушылық сезімі оянады. Әр күніңде қайырымдылық жасау арқылы сен әлемдегі ең бай болған үстіне ең бай бола бастайсың. Күнде таңертең тұрғанда адамдарға бір ізгі жақсылық жасаймын деп ойша жоспарлап, соны жүзеге асыруға тырыс. Қарсы кездескен адамдарға қарап, жүзіңе күлкі үйір. Жақын таныстарыңның басына қиындық түссе, қамқор болып, бөліс. Туыстарға мереке күндері ғана емес, жай күндері де хабарласып, оларды жақсы көретініңді айт. Достарыңмен жиі араласып тұр. Міне, осының бәрі сенің күнделікті өміріңе әр беретінін есіңнен шығарма, достым! Бұрын шылқыған бай бола тұра, менде дос та болмапты. Бүгін алғаш рет саған ғана жүрегімнің кілтін ашып отырмын. Мен Джулианға көзім бақырайып қарап қалыппын. Бұрын кім көп ақша төлесе, соның құқығын ғана қорғайтын ол қазір өзін өзі жеңе білген рухани бай жан еді.

– Біз үшін шынайы өмір дәл қазіргі сәттеріміз. Өткен өміріміз ағын су секілді ағады да кетеді. Болашағымыз – әлі шықпаған күн. Адам өткен өмірі мен болашақ өміріне билік жүргізе алмаса да, дәл бүгінгі өмірінің қожайыны. Дәл қазіргі сүріп жатқан өміріңді бағалап, терең түсінер болсаң, мәңгілік рақат пен шаттыққа шомылуың өз қолыңда. Бастысы, бүгінгі барыңды бағалай біл. Ең басты бақытың – сенің отбасың! Ал балаларың Жаратушының саған берген ұлы сыйы!

– Қалайша? Мен білгелі сен үйленуден қашатын едің ғой?

– Менің отбасым болды ғой.

– Иә, бірақ ажырасып кеттің ғой. Үнсіз қалған оған қарап, бірнәрсе айтқысы келгенін байқадым.

– Сен бір нәрсені білмейсің, Джон. Менің қызым болған еді. Қызым бейне пәк періште еді. Ол уақытта байлық, мансаптың буына мас болған мен ештеңені көрмей кеттім. Тамсанған жұрт бізге қызыға да, қызғана қарайтын. Бірақ қара бұлт үйірілген күні мен бәрінен айырылдым. Күрең қоңыр күздің бір күні қызым машинаның астына түскенде ол ғана емес, мен қоса өлдім. Мен үшін өмірдің бар мәні қызыммен бірге кетті. Ауыр қайғыны ұмыту үшін жұмыстан бас алмадым. Үйге барсам, қызым есіме түсетін болған соң, жұмыстағы кабинетіме диван қойып алдым. Үйдің бетін көрмедім. Жұмыстан тасым өрге домаласа да, жаным шыңырау құзға құлдырады. Кезіндегі сүйікті жарым бөтен адамға айналды, көп ұзамай ажырастық. Сөйтіп 27 жыл өз-өзімді таба алмай, құрдымға кеттім. Мен қызымның таза, пәк күлкісін есту үшін бәрін беруге дайын едім. Сиванда көп нәрсені үйреніп, басқа адам болып, жаным жай тапса да, қызымның мөлдіреген жанарын күнде бір есіме аламын. Сондықтан мүмкіндігің барда балаларыңа бар жылылық пен махаббаттыңды бер. Барыңды бүгін, дәл қазір қолыңда бар кезде бағала! Аллаға алғыс айт! Әр күніңді соңғы күніңдей бағала. Бүгін туып тұрған мүмкіндікті ешқашан ертеңге қалдырма. Айналаңдағы әлемді емес, ішкі әлеміңді танып біл!

Осы сөздерді айтып бұрынғы миллионер адвокат, қазіргі тақуа жігіт мені туған інісіндей кең құшағына алды да, қоштасып кете барды.

Тағы бір жаздың ыстық таңы атты. Түні бойғы Джулиан екеуміздің сұхбатымыздың белгісі болған үстелдегі бос шыны аяққа жанарым еріксіз түсе берді.

Аударған Назым Ирбаева

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371