Жұма, 22 Қараша 2024
Қарғын су: 1802 6 пікір 8 Сәуір, 2024 сағат 15:30

Ел болып жұмылып, апатты еңсеру біздің қолмыздан келеді

Коллаж суреттері Google іздеу жүйесінен алынды

Еліміздің солтүстік және батыс өңірін қарғын су басып, ұлан-ғайыр сайын дала бір сәтте теңізге айналды. Мұндай апатты қазақ қашанда «Ел басына күн туды» деп атаған.  Көп жұрт азын-аулық тірлігінде «бала-шаға қамы» деп жиған-тергенінен әп-сәтте айырылып, ірілі-ұсақты малы тасқында кетіп, иті суықта қалтырап – бір-ақ күнде тақыр кедей боп шыға келді...

Иә, апат ешкімнен сұрап келмейді. Алайда қазіргі заманғы апаттардың кез келгені адами фактордан туындайтын техногендік апаттар болып отыр. Мәселені төтесінен қойсақ, «бұл адамдардың ниеті бұзылып, садақа бермегеннен Алланың бізге жіберген сынағы» деген сөз де, «әкім-қаралардың алдын ала дайындықсыз болуы» деген сөз де, «жұрт еш алаңсыз отырды» деген сөз де – бүгінгі ел басына күн туған уақытқа анықтама бола алмайды.

Себебі, Орта Азиядағы климат әлемдегі болып жатқан климаттық өзгерістердің, катаклизмдердің, апаттардың жалғасы әрі оның лакмус қағазы болып табылады. Өзгерістің бірі - жер бетіндегі температураның көтерілуі. Ол бүкіл планетадағы климаттың жылдан жылға өзгеруіне әкелуде. Температура біртіндеп жылып барады. Солтүстүк мұзды мұхит пен Антрактидағы қалың мұздақтар еріп, Атлант мұхитын көктей ағып жатқан Гольфстрим ағысы қақ жарылды. Сөйтіп, оның жер климатын реттеуші қуаты кеміді. Нәтижесінде, Орталық Азияда күз бен қыстың басы жаңбырлы болып, тоңсыз жерге метрлеп сіңді. Сосын, іле-шала болған аяздан қақайып қатты. Соңынан үздіксіз жауған қар көктемде бізді осы күйге алып келді - қашқын су жерге сіңе алмай, қашар арна таба алмай,  тұтасымен келіп басты.

Қазақстан жазықты-таулы, таулы-жазықты жерлерде орналасқан алып мемлекет. Әсіресе, қиырын көз жетпейтін ұшан дала көзге қалай әсем көрінсе, қойнауында көрінбейтін қауіп те бүгіліп жатады... Егер даланы біле алмасаң, оның тынысын ұға алмасаң – дала ешкімді аямайды. Бұрындары, елде темір жолдар салынды, автомобиль жолдары салынды. Бірақ, ол кездері теп-тегіс даланың өзіне жолшылар көпір тастап кетіп отырушы еді. Біреулер оны «мал өткел» дейтін. Бірақ, есептеулеріне қарасақ, ол көпірлер осындай қарғын су арналарына қойылған екен.

Ал, қазіргі «жолшылар» тезірек ақшаны игеру үшін ондай зерттеулерді жасамайтын болды. Жүздеген шақырымға жолды бетонмен тұтас құрсап, судың өткел жолдарын тастай ғып бітеп тастады. Ал, оны бақылайтын су реурстары министрлігі әлдеқашан жойылып, бұрынғы гидротехник мамандары тоз-тоз боп кеткелі қашан!...  Көп жерлерде бұрынғы арналар бітеліп, өзен арналары тазаланбай қайраңданып кеткені де осы тасқынға әсерін тигізуде.

Иә, бәрін айт та бірін айт, «болар іс болды, бояуы сіңді»... Енді не істемек керек? Меніңші, осындай апатты кезде Халық бір ортаға жұмылып, біріге әрекет етуі керек. Оның жаппай көрінісі қазір бүкіл Қазақстанды шарпыды: мектептегі оқушыдан бастап, кәрі-құртаңға дейін қолдағы барын «Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек Орталықтарға» апарып өткізуде. Біреуі – киімін, бірі – көрпесі мен ыдыс-аяғын, бірі – азық-түлігін дегендей, бірі – қаржысын дегендей...

Бұл су тасқыны бүкіл қазақстандықтарды бір кісідей біріктірді. Бұрынғы айтылып жүрген «анау – анау, мынау – мынау» деген жәй ғана жел сөз екен. Шынуатында қазақ халқы әлдеқашан ұлт ретінде ұйысып, халық ретінде қалыптасқан екен. Қазіргі апат осыны көрсетті.

Апатты жерге ел президенті де барды. Халықтың жағдайын өз көзімен көріп, халыққа үндеуін де жолдады. Онда «Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет» деп анық айтылды. Одан әрі «Жағдайдың бақылаудан шығып, ауыр зардаптарға әкеп соқтыруына құзырлы органдардың қамсыздығы мен салғырттығы себеп. Алапат тасқынынан қорытынды шығарып, тиісті сабақ алуымыз қажет» деп, осы апаттың болашақта қайталанбауы туралы ойлану керектігін еске салды. Апатты аймақтарда төтенше жағдайда құрылған штабтар өзінің күндіз-түнгі тоқтауыз жұмысына кірісіп кетті...

Осы шарадан Abai.kz республикалық-ақпараттық сайты да тыс қалмайды деп оқырмандарды сендіргіміз келеді.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5300