Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
Құйылсын көшің 2087 6 пікір 11 Сәуір, 2024 сағат 19:17

Бюрократиялық капитализм және Көш

Сурет: dalanews.kz

Тәуелсіздік алдық. Нарыққа өттік. Жабық қоғамнан ашық қоғамға біржолата аттаған тәуелсіз елдің ендігі болашағы нұрлы болады. Өйткені, халық толықтай сауатты, білім алу, денсаулық сақтау жүйесі негізінен қалыптасқан, өндіріс ошақтары істеп тұр.

Оның үстіне Батыстың құндылықтарын қабылдап, әлемге қарата есігімізді айқара аштық. Ұлан-байтақ жеріміздің асты-үсті толған байлық енді жаңа технологияларға сүйеніп соны игеру бүгіннің парызы, келешектің талабы. Осындай романтикаға толы көңіл-күймен жаңа ғасырдың есігін ашып та үлгірдік. Бірақ, жоспарлы экономикаға құрылған завод-фабрикалар банкрот болды. Кеңшар, ұжымшар тарап талан-таражға түсті. Санадан ұмыт болған барымта-сарымташылар бас көтеріп рэкэт болып көше торуылдаса, партия, комсомол, құқық қорғау қызметкерлері қылмыс әлемімен бір нүктеден табылды. Құмархана, жезөкшелік, наркотик сынды либералды қоғамның дерт-дербезі есіктен кіріп төрімізге шықты. Супер держава тұрғынынан қатардағы үшінші дүние елдері деңгейіне құлдилаған еліміз бірінші, екінші әлемдік соғыстан кейін тәуелсіздік алған Азия, Африка, Латын Американдық елдер бастан кешірген үдерісті немесе бюрократиялық капитализмді өзбасымызға  орнатып алғанымызды білмей де қалдық.

Бюрократиялық капитализм - жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныс, дос-жаран, құда-жекжат, туыс-туған мүддесіне құрылған экономикалық модель немесе мемлекеттік билік пен жеке байлық құрылымының қосындысы. Бұл модель  Балтық жағалауындағы үш елді қоспағанда барлық ТМД елдерінде оның ішінде әсіресе, Орта Азиядағы бес елде тереңге тамыр тартып, кеңінен қанат жайды. Бюрократиялық капитализмнің әлемдік қауымдастық жағынан ортақ сипатталған бірнеше ерекшелігін айта кетейік.

Бірінші: Билік пен Бизнес элиталары жемтіктес болып, өзара пайда бөліседі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экс-президент бір топ бизнес өкілдерін қолдарынан жетелеп, билікке алып келді. Олар жекешелендіру үдерісі басталғанда көрпені өздеріне немесе мүдделес фирмаларға қарай көбірек қымтады. Ақпарат алмасуда, заң-закун шығаруда мемлект пен халықтан гөрі өз мүдделірін көбірек көздеді. Қазіргі оппоциянер болып шетелде жүрген М. Аблязов кезінде сауда және индустрия минстрі болып тұрғанда мемлекеттік резервте тұрған заттарды сыбайластары арқылы нарыққа шығарып сатам деп сотты болғаны әлі есімізден көтерілген жоқ.

Екінші: Жемқорлық күшейіп, мемлекет байлығы қолды болады. Оның айқын дәлелі Белгиялықтар қолына өтіп қайтқан Алматы жылу мен Лакшми Митал қанжығасында кетіп әрең қайтарылған Кармет даулары  болып табылады. Оған атышулы Машкевичтің ERG комфаниясы мен кәріс кландарының қолына шоғырланған қазба байлықты қосыңыз.

Үшінші: Билік элитасы қолындағы әкімшілік ресурстарға сүйене отырып өз етжақын туыс-туғанын жарылқайды. «Төртінші қаңтар оқиғасынан» кейін тергеліп, түрмеге түскен, мүлкі тәркіленген екі Қайраттың байлығынан бюрократиялық капитализм дертінің елімізде қаншалық асқынғанын аңғаруға болады.

Төртінші: Қоғамда бай мен кедейдің аражігі ашыла береді. Әлеуметтік әділетсіздік қалыптасып әр салада монополия орнайды. Капитал тоқырап, қоғамның саяси, экономикалық реформалары кері кетеді. Алматы, Астана қалаларында жас сәбилерімен биік қабаттан секіріп кеткен аналар тағдыры осының куәсі.

Бесінші: Демократиялық құндылықтар мен заңның көмескі, бұлдыр тұстары билік, бизнес элитасының өзін-өзі қорғайтын құралына айналып,  қоғамдық қайшылық шиленісе түседі. Самат Сатыбалды мен Қуандық Бишімбаевтың соты осыны дәлелдеп берді.

Қазірге біз таныған бюрократиялық капитализмнің сұрқия сипаты осы. Оның салдарынан қарапайым халықтың еңсесі көтерілмей, есі кетіп тұр. Мал бағатын, өнім өсіретін, өмір сүретін жердің бәрі қалталылар мен пәрмені барлардың жеке меншігіне өтіп кеткен. Қазба байлықтар мен сауда, сервис,  туризм орындары , банк,  салық, кеден жүйесінің басым бөлігі 162 қазақстандықтың қолына шоғырланған. «Төртінші қаңтар оқиғасынан» бұрын осындай болған әлі де солардың уысынан толық шыққан жоқ.

Конституцияда Қазақстанның басты байлығы - АДАМ деп жазылған. Ол - адамның ар-ожданының сақталуы мен жақсы өмір сүруінің кепілі болса керек. Сол үшін тарих қойнауында мың өліп, мың тірілген қазақ есін жия салып әлемнің әр елінде шашырап жүрген қандастарын елге шақыра бастады. Отыз жылдан астам осы бағытта арымай-талмай жұмыс істеді. Нәтижесі де көрінді. Бірақ, бюрократиялық капитализмнің батпағына белден малшынғандықтан зиянында осы жақтан тартып отыр. Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде қару мен идеологияға иек артқан социалистік лагер пайда болды, бұрынғы елемеген елес реалдыққа айналғандықтан, дамыған Европа елдері мен авторитаризмді негізгі шығар жол деп таныған Азия, Африка, Латын Американдық елдерде мемлекеттің заңдары мен құрлымдарына өзгеріс енгізіп әлеуметтік мемлекет құру бағытын ұстанды. Социал-демократтардың халыққа пайдалы ұсыныстарын қабылдай отырып, жүгенсіз кеткен бюрократиялық капитализмнің аранына шектеу қойды. Оның нақты нәтижесі Солтүстік және Батыс Европа елдерінде көрінді. Сингапур, Оңтүстік Корея, Тайуан, Чили де сынақтан өтіп, жүзеге асты. Жетпіс жыл темір қапаста болған біз, Азияның «төрт айдаһары» аталып, тегеурінді билікке басымдық берген елдердің тәжрибесін қабылдап, нәтижесінен үлгі алмастан, АҚШ бастаған Батыс құндылықтарына құлай жығылдық.  Міне соның зардабын тартып келеміз.

Тәуелсіздіктің 31-ші қысында «Төртінші қаңтар оқиғасы» бізге дабыл қақты. Қайда беталғанымызды сездік. «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген. Бағдарымыз түзеліп, желкеніміз тартылды енді мақсатқа жету үшін тер төгіп, аянбай еңбектенуіміз керек-дұр.

Уақыт ырғағынан жаңылмай, тыныштық төбемізде үйіріліп тұрғанда Қазақ көшінің жаңа көкжиектері ашылады. Мемлекеттің көші-қон туралы бағыты өзгерген жоқ. Әлемдік қауымдастықта болып жатқан өзгерістер мен үдерістерге байланысты саясаттық, техникалық толықтыруларға үрке қарамай, тырнақ астынан кір іздемей сабыр сақтағанымыз жөн. Қазақтың бірегейлену үдерісі өзімізден басқа ешкімге де ұнап жатқан жоқ сондықтан да стратегиялық және тактикалық бағытта жасырын, жымсыма ойындар, жүрістер көбейіп барады. Оны түсінбеген атаққұмар популистер мен пайдакүнем делдалдар көз алдын ойлап, өсек таратып, шу шығаруда. 34 жыл табандылықпен, әдіс-айламен жүргізілген, көптеген мемлекет, қоғам қайраткерінің, ұлт рухани жанашырларының тері сіңіп, көз майы таусылған көші-қон заңы бақсының жыны, баланың ойыны емес. Осы жерде көші-қон делдалдарынан саяси жалдаптарға айналған санаулы алаяқтар атының басын тартып, көші-қонның «көсемі», қандастардың «әкесі» боламын деген арам, арсыз пиғылынан арылғаны, санасын жайлаған «атақ» деген дерттен айыққаны өзіне де, өзгеге де пайдалы болмақ.

Қазақ көші жалғаса береді. Бұл үдеріс әлемдік саясатта өңірлік ықпалға ие мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаттағы теориялық негізі, құқықтық, базалық статусы,  ұзақ мерзімге жоспарланған стратегиясы, әлеуметтік маңызы бар басым бағыттарына айналып үлгірді. Нақтырақ айтсақ Республикамыздың Солтүстік, Шығыс, Батыс өңірлерін қамтыған сегіз облысқа шетелден арнайы көшіп келетін қандастарға арналып квота бөлініп, олардың көшіп келуі,  орналасып, үйлесіп кетуі үшін бюджеттен қаржы қарастырылды. Бес жылға арналған бағдарлама жасалды. Еліміз бойынша жоғары оқу орындарына бөлінген мемлекеттік гранттардың төрт пайызын қандастар игіліктенетін болды. Сонымен бірге жоғары оқу орындарында жеті дайындық факультеттің есігі әрқашан қандастарға ашық. «Ата жолы», «Құтты мекен» сияқты цифрлық дамудың жетістіктерімен дүниеге келген арнаулы бағдармалар бюрократиялық жүйенің кедергісінен қандастарды құтылдыруға арналған. Бұл бағдарламалардың тиімділігі мен қолайлылығын жастар қазір де сезініп, біліп отыр.

Қазақ көшінің ең басты кедергісі, ол - барлық Кеңес шекпенінен шыққан тағдыры бір, танымы айналып келіп бір нүктеден түйісіп жататын барлық ТМД елдері сияқты Коммунистік партияның диктаторлық үстемдігінен құтылса да, бюрократиялық капитализмнің қақпанына кеп түскен трагедиясында жатып. Оның тарихи үрдіске, менталитетке байланысты себептерін жоғарыда атап өттік, салдарын да түсіндіруге тырыстық.

«Көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып ал» демекші, екі супер державаның арасында, ғаламдық геосаясаттың қайнаған ошағында отырған біз үшін осы көршілердің ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан көші-қон саясатына біруақ үңіле кетсек артық болмайды.

Алтын орда ыдырап, Ақ орда өткенге айналып, Қазақ хандығы әлсіреп, бүкіл Түркі жұртынан береке кеткенде,  ғылым мен техникаға басымдық берген Ресей біртіндеп күшейіп, Орта Азия елдерін бағындырды. Отарланған жерге қолданған көші-қон саясаты да өзгеше бояу алды. 1906 жылы 9 қарашада Патша жарлығымен сол кездегі министрлер кабинетінің төрағасы П.А.Столыпин арнаулы қоныс аудару басқармасын құрды. Басқармаға төте бағынатын қор жұмыс істеді. Сонымен 1906-1915 жылдар аралығында орыс, украин шаруаларына 21 миллион десятина жер берілді. 700 мыңнан астам адам көшіп келді. 1897 жылғы санақ бойынша отарланған елдегі Славяндардың үлесі 20% болса, 1917 жылы 1 қаңтарда 42%-ға жеткен. Ол кезде жалпы Ресей империясының жан саны бодан елдерді қосқанда 10 милион шамасында болатын. Міне осындай қысқа мерзімде халықтың 7 пайызға жуығын көшіріп, жерсіндіру үшін үлкен әкімшілік ресурстар мен қуатты пропаганда жұмыс істесе керек. Кеңес заманында тың игеру науқанын желеу етіп жергілікті халықты шұрайлы жерлерінен ығыстырып, Қазақстанды халықтар достығының лабораториясына айналдырды. Әрине, оның бәрі халықтар достығының мәуелі жемісі саналып, үгіт-насихат жеріне жете жүргізілді. Қоршаған орта бүлінді, атадан балаға жалғасып зират ететін қорымдар сүрілді сонда да «бұл қалай болды» деп айтуға рухсат етілмеді. Соған да көндік.

1949 жылы 100 мыға таяу  Қытай халық азаттық армиясы Шыңжаңға кіргенде бұл өңірде жеңілген үкіметтің отбасы мүшелерімен қосқанда 100 мың шамасында армиясы тұрған. Сонымен Шыңжаңның қазба байлығын игеріп, өндіріс-құрлысын өркендету үшін адам капиталы керек деген науқан басталды. Соғыс туралатқан қытай экономикасы әлі күш алмаған кез. Жергілікті халықтың дінін, дәстүрін, әдет-ғұрпын құрметтеу үшін әскерилердің олармен үйленуіне әскери, әкімшілік тәртіппен тиым салынды. 200 жүз мыңға таяу екі тізесін құщақтаған атбалдай азаматтар шекара күзетіп, тың игеріп жатыр.  Ішкі қытайдан үйленбеген салт қыз-келіншектер өз еріктерімен «көмекке» келді. Одан кейін мал иесі, жер иесі, капиталис, кері төңкерісші, шпион, қылмыскерлердің перзенттері Шыңжаңға көмекке барса таптық құрамы, әке-шеше, туыс-туғанының өткен тарихы құзалмайды, саяси тұрғыдан сенімді адамдар қатарына саналады деген бұйрық шығып, ақпарат құралдарында кеңінен жәрияланды. Ішкі ірі қалаларда ескі Қытайдың көзі деп саналған казино, интимдік қызмет көрсететін орындар жабылып қолға түскен кісілер шекара райондарға жер аударылды. Сол заманда төраға Мау Цзэдун айтты деген «үйленетін қыз бен жігіт Шыңжаңға барып үйленсін», екі қабат ана Шыңжаңға барып босансын қысқасы бәріміз Шыңжаңға барып ғасырлар бойы қорлық көріп, жапа шеккен саны аз туысқан ұлттарға көмектесейік» деген үндеу ел арасына кеңінен тарады.

Державанлармен салыстырғанда біздің көші-қон саясатымыз кеңістікті кеңейту үшін емес, қайта қолда бар мүмкіндікті пайдаланып тозған тіл мен ділді түгендеп, ұлттық бірегейлену үдерірісі есебінен барымызға қанағат қылу болып табылады. Соның өзінде ішкі-сыртқы кедергілерге кеңінен ұшырауда. Қазір заман өзге, заң басқа дейміз. Адами құндылықтарды құрметтеу қастерлі борышымыз бірақ кемшілік пен жамандықты тере бергенше, жақсы жақтарды, жетістіктерді неге насхаттамасқа?!

Адам өмір сүрген жерде әрқашан мәселе туындап отырады. Жер ауысқан кезде жерсінбеу адам емес хайуанда да кездеседі. Сондықтан демократия мен кісілік құқықты сылтау, ұран етіп мемлекеттің стратегиялық маңызға ие саясаттарын бұрмалау, теріс түсіндіру, жоққа шығару жақсылыққа апармасын білетін кезіміз келді. Жекенің, топтың мүддесін мемлекеттің мүддесінен жоғары қоймайық, ағайын! Қазақтың бір ғана отаны бар, Ол - Қазақстан. Оның тірегі тұрақтылық пен тыныштық.  Елу миллиондық межеге жету үшін бізге сабыр мен төзім, еңбек пен ерлік әрі ептілік керек. Арзан айғай мен мезгілсіз жарапазанды ұмытып Республиканың шынайы өсіп-өркендеуі үшін біркісілік үлесінізді қосайық.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

6 пікір