Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 2215 3 пікір 11 Сәуір, 2024 сағат 20:24

Ерлан Төлеутай афоризмдері неге резонансқа ие болды?

Сурет Омар Жәлелұлының жеке парақшасынан алынды

Ерлан Төлеутайдың афоризмдері сұмдық резонансқа ие болып жатыр. Фейсбуктың өзінде 278 адам бөліскен. Неге бұлай болып тұр? Бұл феноменнің сыры неде?

Астарына үңілген ешкім жоқ: тек я бырыңғай мақтау, не қаралау орын алуда. Қалай болғанда да автордың жазбалары халықтың көкейіндегісін дөп басқан сыңайлы. Қалыптасып қалған пікірлерге, қоғамдық нормаларға қарсы шығу оңай емес, оған тек ердің ері, егеудің сынығы ғана шыдайды. Қалай десек те Ерлан Төлеутай бүгінгі күннің жеке батыры болып тұр. Бірақ батырға да жан керек. Батырдың қасынан табылмасақ та, біраз афоризмдеріне пікір білдірсек дейміз.

Мысалы, автор: «Еркіндік - халық әнін шырқаудан, құлдық - молданың уағызына ұйудан басталады» дейді /нөмір 8 афоризм/. Шынында, қазір бізде халық әні көп шырқалмайтын болды. Халық әнін айтатын әншілер сахана төрінен ысырылды. Оның орнын жеңіл, ойнақы, адамды ойландырмайтын әндер басты. Ресми дін өкілдерінің халық әніне шабуылы қашан басталды? Біз оның түбін анық білмейді екенбіз. Білетініміз - Cұлтанмахмұттың қазақ әніне ара түсуі. «Әй, молдалар, қазақтың әніне тиіспеңдер; қазақтың әні өлсе, жаны өледі; әні кетсе, сәні кетеді» деген сыңайда пікір айтады. Ерлан Төлеутай сол Сұлтанмахмұттың молдалардан қорғап отырған қазақ әнінің иесі. Оның еркіндігінің бір ұштығы да осында жатыр ғой деп ойлаймыз.

Ерлан Төлеутайдың тіпті діннен хабары болуының өзі шарт емес: көшелі өнер иесі қазақтың әнін /қазақтың жанын/ еркіндіктің символы ретінде қарастырады. Қазақтың әніне /жанына/ төнген қауіпті жан-тәнімен сезеді. Егер дін қазақтың жанына /еркіндігіне/ ауыз салса, ондай діннің бізге қандай қажеті бар деген жан айқайын естиміз /еститін құлақ болса, әрине/. Ресми дін әманда діни догмалардан құралады.

Ал қазақ әнінде догма жоқ, еркіндік бар. Тіпті Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асық» атты өлеңінде көңілі сүйген жігітке қыздың өзі келіп жабулы есіктің ілгегін ашады. Осыдан кейін молдалар қазақтың әнін қайдан жақсы көрсін. Ресми дін өкілдері Ақанмен де, Біржанмен де, Мәшһүр Жүсіппен де, Абаймен де, Шәкәріммен де алысып өткен. Бұлардың бәрі - еркін ой иелері. Ерлан Төлеутай - осы еркін ой иелерінің заңды жалғасы. Жүгі - ауыр, мұраты - айқын. Сондықтан осындай ауыр жолды еріксіз мойынына алған Ерлан Төлеутайға бір Алла Жар болсын! Ата-бабаларының аруағы қолдап жүрсін!

Омар Жәлелұлының жазбасы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1448
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3208
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5211