Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2731 0 пікір 12 Сәуір, 2024 сағат 14:03

Қалта телефоны һәм желінің құдіреті

Сурет: islam.kz

Осыдан бірнеше жыл бұрынғы үлкен кісілер жиналған дастарқан басында болған әңгіме есімнен кетпейді. Қазір кез келген адамның қолынан қалтателефоны түспейтін болды ғой, өзім де тастамаймын. Қайта оралып келмейтін қас-қағым сәттің қолымдағы құралда сақталып қалуын қалаймын, дереу суретке түсіріп алғым келеді. Әрине, дастарқан басында телефоннан көз алмай отырғанды немесе сәт сайын қолға алып шошаңдатып суретке, видеоға түсіре жөнелгенді жаратпаймын.

...Қаладағы көп мейрамхананың бірінде емес, бұл күнде немерелерінің ортасында отырған анасын ардақтаған ұлы ағайын-туысын жинап, өз шаңырағының берекелі дастарқан басына жинапты. Тұрмыс тауқыметін тартудай тартқан, жап-жас кезінде жұбайынан айырылып шиеттей үш ұлымен жесір қалғаны аздай, бір ұлы жасөспірім шағынд өз туысының баласының қолынан опат болып, бір ұлы әскерде жүргенде қайтыс болған сол апаны қолында қалған жалғыз ұлы айтқанын екі етпей мәпелейді екен.  Апа ағайын-туғанның, абысын-ажынның арасында өте сыйлы жан екен. Қайтып тұрмыс құрмай, жалғыз ұлын оқытып, ешкімнен кем қылмай өсіріп, бүгінде немерлерінің қуанышына кенеліп отырған кісінің мейірімді жүзін, сол бір бақытты сәтін суретке түсіріп алғым келіп қалтателефонымды сөмкемнен шығардым. Кең жайылған дастарқан, үлкен үстелдің басына жиналған сол шаңырақтың ет-жақын туыстары, әңгімеден әңгіме шығып емен-жарқын отырмыз. Суретке, видеоға түсіріп жатқан жалғыз мен емес. Бір кезде дастарқан басындағы бір апа «осы телефон дегеннің кесірінен қолымда тұратын келінімді жек көріп кеткендеймін» дегені. Құлаққа біртүрлі естілгені соншалық, бәріміз әлгі апаға қараппыз. Қаншама кісінің назары бірден өзіне ауғанына қысылып қалған апа іркілген жоқ, сөзін жалғап әкетті:

– Келінім жаман емес, құдайға шүкір, өзіме де, балама да қарап отыр, немерелерім де баршылық, тәубе, тәубе! Айтпағым – басқа. Келінім жас, осы заманның баласы. Алдыңғы келіндерімнің бәрі – үлкен, еншісін алып бөлек кеткен. Мына балам қара шаңыраққа ие болып қалды, шаруаға да епті, қалашыл да емес. Құда-құдағиларыммен шәй десіп көрмегем. Шыны керек, кейде құдағиыммен сырласып отырып шай ішкім келеді, бір уақ әңгімелескім келеді. Сіздерді білмеймін, өзім құдағиларымды қатты жақын тартам. Қолдағы келіннің шешесі  – құдағиыммен де күнара болмаса да, қал сұрасып, сөйлесіп тұрамыз.  Күнде бір қылық шығарып өсіп келе жатқан немерелерім оларға бөтен емес – жиен, қошақандарымның тәтті қылығына мәз болам, шығармайтыны жоқ қой. Бірде құдағиыммен сөйлесіп отырып сөзден-сөз туып немерелерімнің қылығын айта бастадым. Өзім мәз болған оқиғама қуанып күле қоймады. Қызының айтып бергенін білдім. Мән бермедім. Аңдап көрсем, менің шаңырағыма кім келді, кім қойды, дастарқан басында не айтылды – құдағиым бәрінен  хабардар, арасында тіпті тап сол жолы қасымызда тұрғандай: «Олай емес, былай болыпты ғой», – дейтінді шығарды. Қолынан телефоны түспейтін келінімнен күнде болмаса да күнара отбасымыздың әңгімесін сұрау дағдысына айналған. Келін де соны әдет қылған екен. Құдағимен құдағи болып шер тарқатып әңгімелесіп сырласайын десем, бәрін біліп отыр. Сөйлейін десем, сөз де қалмайды екен, тіпті.  Шынымды айтсам, осы телефоны түскірді де, келінді де жек көріп кеткендей болам кейде. Не ол, отыңның басында болып жатқан қызық-қуанышыңның түгін де қалдырмай суретке, видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеу деген!? Құпия қалмады ғой. Сол кімге керек?

Апа өте салмақты сөйлеп, ортаға сұраулы ойын осылай «тастай» салды...

Тағы бір құрбымның әңгімесі ойыма оралды.

«Қызының қалай өскенінде шаруасы болмай, қашан көрсең жұмыстан қолы тимейтін. Біресе – бойжетіп қалған қызының сөмкесін ұстап кеткенін, енді бірде – туфлиін киіп кеткенін айтып жүретін. Сол қызы қалай тұрмысқа шықты, үйінен кеткен күннің ертеңінде қалын білгенсіп, не істегенін, не ішіп-не жегенін сұрап бәйек. Күнде хабарласып болмайды. Жаңа жерге, бөтен әулетке барған қызды мазалаудың не керегі бар үйреніп сіңіп кеткенше. «Сөмкемді неге ұстайсың, туфлиімді неге кидің» – деп ұрсатын қызы еді сол, енді келіп қит етсе, кеткен қыздың өміріне мұрнын тығып...».

Әріптесіне кейіп отырған құрбымның реніші орынды. Жаңа отбасының шаңырақ дәстүріне үйренісе алмай жүрген келінге «тамағыңның тұзы басым боп кетіпті» деген сияқты жай айтылған сөздің өзі сол заматта шешесі қалын сұрап хабарласқан бойда шағынып жылауға жетіп жатыр. «Қызым жылап жүр», «келінім сөз тасиды» деген сөздерден құдағилардың дүрдараз болуы шығады, ал бұдан келіп жастардың үлкенді сыйламауы туады. Жасыратын не бар, кейбір отбасының ортасына түсіп, шаңырақтың шайқалуына себеп болып отырған – «алыстан жылдам хабар алғызатын» осы бір кішкентай құрал, ойбуй, телефон емес-ау, соны «біртүрлі» мақсатқа пайдаланатын адам кінәлі. Қит етсе болды, бірімен-бірі ренжісіп жатса, видеоға түсіріп те, айтылған сөзді сол күйі келесі бір адамға жіберіп те үлгеретіндер толып жатыр айналамызда. Ал телефонды адамдар арасына іріткі түсіріп, сөз тасу үшін қолдану – ақымақтың ісі. Сондай-ақ «Тик-ток» желісін пайдаланатын үп-үлкен кісілердің қылығы да, сөзі де өте ерсі. Ондай үлкендерде бір ғана мақсат бардай көрінеді маған – қайтсе де көпке танымал болу. Соның орнына жаңадан көтерілген отаудың іргетасының мықты болып, керегесінің кеңеюін көбірек ойлағанда, соған жұмыс істегенде...

Бүгінде отбасы құндылығы жайлы жиі сөз болып жүр. Тіпті жоғарыдағы мінберде бір отбасындағы келеңсіздік жайлы айтылды. Шаңырақтың иесі – ер-азамат еді қазақта. Бірақ бала-шағасының зәресін алып, үйінің берекесін кетіретін, әйеліне қол жұмсайтын еркектің көбейгені туралы көп естиміз. Қазақ қоғамын тек сондай қатыгез һәм жауыз тиран-отағасы жайлап жатқандай ғып әсірелеп тарататындай сезіледі кейде. Өйткені ақылын айтып, өнегесін көрсетер апа-әжеден бастап, қыз-келіннің көбінің «Тик-токқа» видео түсіруден қолы тимейді. Тамағы уақтылы пісірілмесе, үйі тап-тұйнақтай болып жинаулы тұрмаса және әйел сонысын дұрыс көрсе, күйеуі қол көтермегенде қайтеді? Жоқ, жауыз күйеуді жақтаудан аулақпын. Бірақ... Отбасының берекесін кіргізетін, шаңырағының шайқалмауына барын салатын, үйдің ұйытқысы әйел еді ғой. «Қол сынса – жең ішінде, бас жарылса –  бөрік ішінде» дейтін қазақ едік, өзінің шағын мемлекетіндегі ұсақ-түйектің бәрін төркініне жайып, одан қалды желіге жүктеп, қоймасын қопарып отырған әйел атаулы күйеуін өзінен бездіріп алам, отбасымның ынтымағын ыдыратам деп ойламай ма? Үлкен буын ше? Өртеніп жатқан үйге бір шелек су ала жүгірудің орнына телефонды қолға алып видео түсіре жөнелуге құштарлық қалай пайда болды? Рас, қалтателефонының, интернеттің арқасында оқиға орнынан дер кезінде хабар алып, дер кезінде түйткілді мәселеге шешім қабылдап дегендей, жақсы жағын көріп келеміз. Десе де, өркениет игілігінің қазаққа тек пайдалы жағын, ұрпаққа тек жақсысын көрсететін тұсын насихаттай алсақ қой. Жамандық атаулыдан саналы түрде жиренетін кез келеді, бірақ оған дейін құндылық емес, азғындық алға шығып қазақтың өзіне ғана тән – ұят, ар, иба, адамгершілік, мейірім, жанашырлық секілді асыл қасиеттерін жаһандануға жұтқызып алар ма екенбіз?! Қалай десек те, не нәрсенің де пайдалы-пайдасыз жағының аражігін ажырата алғанымыз абзал...

Айгүл Болатханқызы,

Алматы қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458