Ортақ тойымызға тартуым
«Іңгалаған» даусы естілгеніне 15 жыл болған «Abai.kz» порталымен «дипломатиялық қарым-қатынас» орнатқаныма ширек ғасырдың ширегіндей уақыт өтті-ау деймін.
Жә, ол «мәселені» жайына қалдыра тұрайын да, порталды құттықтаушыларының бірі болып, тойға мына тартуымды жолдайын деп «қаулы қабылдадым»:
БАСЫҢДЫ ҚАСЫМА!
Ой, «сүмдық-ай», Ғаббас та
Келеді екен Елуге!
Мұндай «уыз қыз жасқа»
Болмайды сені телуге!
Бос «бақырғыш» Қобыланды,
«Байшұбарлы» Алпамыс:
«Келдім, - десе, - Елуге»,
Бола ма соған сенуге?!.
Сен Елуге келсең, келе бер,
Дегенменен, түбінде
Жет Жамбылдың жасына, -
Осы түссін басыңа!
Ал енді сол 100-ге дейін
Басыңды сен қасыма!
«Бастығың» – ОСПАНХАН (ӘУБӘКІРОВ).
1985. Көкек. Тоғызы.
***
Е-е-е... Осеке. Алла саған 54 жыл ғана ғұмыр берді-ау...
Басекем менің, Осекем,
1 жылым өтті өзіңсіз,
Астарлы жұмсақ сөзіңсіз,
Ажарлы әсем күлкіңсіз,
Тағдыр деген осы екен.
Бұйрығыңды ұмытпақ тұрғай:
Қасымақ тұрғай басымды,
Тарамай да шашымды,
Жүйкем біраз жасыды.
Сен – Сатираның сардары,
Мен – бір сарбазы.
Көңілімдесің, көз алдымдасың.
Айтып берер хикаятым көп,
Өзіңді де, күлкіңді сағынып,
Бір күні іздеп барғасын.
Бағыныштың – Ғаббасың.
04.09.1987.
***
Қосымша: Қайран Осекеміз күлкі үйіріп ортамызда жүрсе, алдымыздағы мамыр айының 4-күні жасының 90-ға толуымен баршамыз қуана-қуана құттықтар едік...
Ғаббас Қабышұлы
Abai.kz