Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 4976 3 пікір 2 Мамыр, 2024 сағат 15:07

Құснихат: Тұрсынбек Қияшұлының хаткерлік өнері

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

Көркем жазу (каллиграфия) арабшадан шыққан. «Хусни» сөзі «әдемі, көркем» дегенді, «хат» сөзі – «жазу» дегенді білдіреді. Шығыста қашанда сөз өнерімен бірге жазу өнеріне де үлкен мән берілетін. Әдемі сөйлеу қалай жоғары бағаланса, әдемі жазу да солай жоғары бағаланған. ​​

Араб жазуы V ғасырда пайда болып, шыққан жері Ефрат өзенінің бойындағы Куфи қаласының атымен аталған. VII ғасырда куфидің көркем түрлері «әшекейлі куфи», «гүлденген куфи» деген нұсқалары жарыққа шықты. X ғасырда араб жазуының дөңгеленген форламаларға құрылған жаңа нұсқалары пайда болды.  XI-ХIII ғасырда «тоуги» мен «рика» жазуын жасап шығарған. Сөйтіп араб көркем жазуының классикалық алты үлгісі қалыптасты. Бұл жазулар «алтылық»-«ситте» деген ортақ атпен аталды. Бұлардың ішінде ең бірінші пайда болғаны «сүліс» жазуы. Қалғандары соның негізінде дамып шықты.

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

XIV ғасырда Иранда араб жазуының парсылық нұсқасы (тоуғи мен риканың негізінде) «талиқ» жазуы пайда болды. Бұл хат түрімен көбіне кітаби ақындардың шығармалары, ғылыми еңбектер жазылатындықтан оны «наме» (кітаби деген сөз) деп те атаған. Кейін талиқ, насталиқ жазуларының тез жазылатын нұсқасы «шикесте» пайда болды. XIV-XVIII ғасырларда араб жазуын дамытуға түркі халықтары өзінің мол үлесін қосты. Тиын ақшаларға қолданылатын «ижазет» «гырма», «туграни» қатарлы көркем жазу түрлері де шыққан.Түркістанда пайда болған көркем жазу үлгісі «сиягет» деп аталған.

Әр жазу үлгілерінің өзіндік қолдану аясы болды. «Куфимен»  құлпытас, металл ақша, мемлекеттік мөрлердегі жазулар, шығармалардың тақырып-тақырыпшалары жазылды. «Насх» жазуымен діни әдебиеттер көшірілді,  ал «тауки» және «рика» сияқты курсивтік жазулармен мемлекеттік мекемелердің іс қағаздары, сот шешімдері, «Талиқ», «насталиқ» жазумен әдеби шығармалар көркемделді (1-сурет). Ал көлеміне қарай үлкен жазулар – «жали», ұсақ жазулар – «хафи», өте кішкентай жазулар – «губар» деп аталған.

Құснихат өнерінің пайда болуы араб жазуының көркемдік, сұлулық және өрнектік сипатында тікелей қатысты. Оны осы жазу түріне ғана тән ерекшелік деуге болады. Себебі, Еуропа алфавиттерінің әріптері көлемі жағынан біркелкі болып, бір жол бойына жазылса, араб әліпбиінің әріптері көлемі жағынан әртүрлі, олардың ені, ұзындығы әрқилы болып келетіндіктен жолдың астына да, үстіне де, бойында да жазыла береді. Әріптердің суреті сөздің басында, аяғында, ортасында келуіне байланыстыда өзгеріп отырады. Яғни, араб жазулардың әсемдігі әліпби түрінде аса көрінбейді, тек жазғанда ғана ашыла түседі. Әріптердің бұл өрнектілік сипаты жазуды мың құбылтып, көркемдеп жазуға мүмкіндік береді.

Әлбетте, хаткерлік өнердің араб жазуы негізінде үлкен ғылыми деңгейге көтерілгенін жоққа шығармаймыз. Бірақ хаткерлік өнер тек арабтарға ғана тән деген ұғымға келіспеймін. Себебі, әлемнің әр тұсындағы халықтар өз дәуірінде ұлтының, мемлекетінің іргесін бекіту үшін сан түрлі жазу үлгісін ойлап тапты және оны көркемдеп жазудың шеберлігін қалыптастырды.  Шығыс халықтарында, Кіші Азияның тұрғылықты елдерінің тұрғындары арасында кең қолданылғанын білеміз. Түркі мәдениетінің түп қазығы саналатын қазақ даласы да бейнелі жазудың белгілі мекені саналады. Сондықтан әлемдік хаткерлік өнеріне қазақ ұлтын құраған найман, қаңлы, қоңырат, тағы да басқа тайпалардан шыққан тұлғалар көп үлес қосты.

Әлбетте, өз тарихымызды тасқа қашап жазған ұлттың өкіліміз. Өкінішке қарай, діндер қақтығысы сансыз мұрамызды тас-талқан етсе, отаршылдық қамыты жазу түгілі, қара басымыздың амандығын қорғап қалуға мәжбүр қылды.  Бұл жазба тарихи ақтаңдақтардың себебі мен салдарын анақтауға емес, көркем жазу мәдениетіне бағытталғандықтан соған қарай ауысайын.

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

Жоғарыдағы ескерткіштегі жазулар табылған аймағына қарай  «Орхон жазуы» деген анықтама берілген. Негізінен түркі немесе түркілер жазуы деп атаған орынды болар еді. Себебі, Орхан өзенінің бойы наймандардың ежелгі атақонысы. Күлтегін құлпытасы табылған орыннан 20 шақырым жерде Найман хандығының астанасы болған Қарақорым қаласының көне жұрты жатыр.  Бұлар тек аман-есен сақталып, бүгінге жеткен ескерткіштер ғана. Мұнанда асқақ, мұнанда шебер ойылған қаншама мұарамыз тас-талқан болғанын айтып бере алмаймын. Десе де, бұл қазақ тегін құраған тайпалардың жазу мәдениетіне қаншалықты мән бергенін білдіреді. Кейін келе бабаларымыз соғды жазу үлгісімен де талай тарих жасады. Төмендегі суретке назар аударсаңыз. Қағазға емес, қаратастың бетіне өте бір шеберлікпен жазылған қуснтхатты көре аласыз.

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

Арыдан таратсақ, VIII, ІХ ғасырдан  ХІV, ХV ғасырларға дейін түркі тілдес халықтар соғды жазумен қыруар тарихи ескерткіштер жазып қалдырды. Олардың ішінде Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі» және «Оғызнама», «Тоқтамыс жарлықтары», «Темір-Құтлық жарлықтар», «Аспанға ұшу естеліктері», «Бақыт күй» дастаны, «Шуанзаңның өмір баяны», «Алтын Ярук» және қоңырат тайпасынан шыққан Мұхаммед Зорезми жазған «Махаббатнама»  сиқты керемет еңбектер бүгінге жетті.  Х ғасырдың екінші жартысынан бері Орта Азияға ислам дінінің таралуына байланысты. Бұл ескерткіштердің кейбіреуі араб жазуымен қайта көшірілді. Айталық «Құтты біліктің» Вена қаласында сақталған нұсқасы соғды жазуымен жазылған алғашқы нұсқасы болса, енді бірі Стамбұлда сақталған арабша жазылған нұсқасы. Мұнан басқа, «Кодекс – Кұманикустың» («Қыпшақ тілі сөздігі») бізге соғды жазуымен жазылған нұсқасы емес, латын жазуымен жазылған нұсқасы жетіп отыр. Осылардың ішіндегі ең көрнектісі Оғыз батыр жайлы жазылған «Оғызнама» жыры.

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

Шыңғыс хан тұсында найман Тататоңа найман жазуы үлгісі бойынша жаңа бір әліпби құрастырды. Оны жалпылама моңғол жазуы деп атап жүрміз. Осы жазумен Құпия шежіре және Шыңғыс ханның мұрагерлері мен Юуан патшалығының тарихы, патша жарлықтары, ел ішіндегі және шетелдердегі хат-қатынастар жазылды. Патша сарайларының маңдайшалығы мен тарихи кітаптардың мұқабасы көркемделді, белгі тастарға қашалды.

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

Осы тұста жазуды көркемдеп жазу араб, түркіге ғана тән деп қалмаңыз. Бірнеше мыңжылдық жазба тарихы бар қытайлықтардың қуснихат өнеріндегі ерекше жетістіктерді айтпай кетуге болмайды. Яғни, қытай иерегулфі негізіндегі хаткерлік өнерінің басып өткен соқпағы, шұғылалы жетістіктері болған. Бұл ретте оның бәрін зерделеуге тиісті емеспіз. Өйткені, ол үлкен тақырып. Тек Қытай қуснихат өнеріне үлес қосқан қазақ ұлтын құраған қарлық, найман, қаңлы, қоңырат тайпаларынан шыққан оқымыстылар туралы хабардар еткіміз келеді. Сол қатарда қытай хаткерлік өнерінде ерекше аталатын қаңлы Нау Науды мақтанышпен айтуға болады.

Қаңлы Наунау (Зысан деп те аталады) Юуан патшалығы дәуірінде өмір сүрген, патша ордасында лауазымды қызметтер атқарған саяси қайраткер, ақын әрі сазгер Бохумның ұлы. Өз кезінде ордадағы ғұламалардың басшысы болған. Ағасы қаңлы Хуи Хуй да әдебиет пен хаткерлік жақтан үлкен жетістікке жеткен белгілі тұлға еді. Әкесі мен ағасынан тәлім алған Нау Нау жас кезінде патша сарайындағы ханзадалар мектебінде білім алып, қуснихатшы Шүй Хыңнан хаткерлік өнерді меңгереді. Ми Нан Гүңды үлгі етіп, Да Лиңге (қытай хаткерлері) еліктеп көркем жазулар жаза бастайды. Есейе келе Мол білімінің арқасында патша ордасында түрлі лауазымды қызметтер атқарғанымен хаткерлік өнерімен танымал болды және сол арқылы аты тарихқа қалды. Ол негізінен Саушу (Сүйкек жазу) стілін жетік меңгерді. Тіпті сол тұстағы атағы жер жарып тұрған Жыңшу жазуының пірі Уй Юың Шиң, Хың шу жазуының пірі Жұң Тай Фу және Уаң Ю Жин, хаткер Жау Мың Фумен аты қатар аталды. Нау Наудың бүгінге дейін ерекше тілге алынатын жазу стилі Ли Байдың «Ежелгі салт» атты өлеңдерінің көшірмесі.

Зерттеушілер: «Нау Наудың (Зысанның) сүйкекті және сүйкексіз жазуы бейне кең далада жүйіткіп шапқан тұлпар, қалықтап ұшқан қыран, қасқайған заңғар тау, ирелеңдеп аққан асау өзен сияқты» деп сипаттағаны да тегін емес. Өйткені оның бойында кең байтақ даланың рухы тасқындап жатты. Осыған қарап, Юуан патшалығы дәуіріндегі қытай хаткерлік өнерінің өркендеуіне қазақ хаткерлері де мол үлес қосты деуге болады.

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

Жалпы, қаңлы Нау Нау өзінің қуснихат өнеріндегі тәжірибесін жинақтай келе «Көрікті жазудың тоғыз түрлі шартын» жазды. Бұл өзінен кейінгі қуснихатшыларының бұлжымас қағидасына айналды. Өмірден өткеннен кейін де оның хаткерлік өнерін қаңлы Хуй Хуй, Қара, Таштемір, Шиң Туң, қаңлы Бұқа, Тайбұқа сияқты шәкірттері жалғастырды. Бүгінгі таңдағы қытай хаткерлері арасында Нау Наудың сүйкексіз жазу үлігісіне мұрагерлік етушілердің көп екендігіне де сенімдіміз.

Мейлі түрік, қазақ, араб, қытай хаткерлері әлемнің әр тұсында өмір сүргенімен, бірі-бірін мүлде танымасада көркем жазу өнеріндегі әдіс-тәсілдерінде ортақтық пен сабақтастық сақталды. Ең алдымен хаткерлер жазу жазатын қаламсапқа ерекше мән берді. Оны ағаштан немесе  қамыстан жасап, жазудың түріне қарай әртүрлі әдіспен ұштады. Сондай-ақ, жазуға арналған қаламсапты арнайы орында сақтап, жанынан тастамай алып жүрді. Тіпті, көркем жазуға арналған қағаздарды өздері жасап, оларды түрлі-түске боятын бояқтарды да қолдан жасады. Патша сарайларында арнайы хаткерлік ұжым жұмыс істеді. Шәкірттер оқытатын мектептер ашылып, мемлекет қазынасынан қаржыландырылды.  Олардың өнімі ұлттың байлығы ретінде бағаланды.

Осындай қолдау болған соң қуснихатшылардың шығармашылық шеберлігі мен ойлау жүйесі де тереңдей түсті. Олардың арасында белгілі бәсекелестік те, тіпті пендешілдік те болды. Нәтижесінде көркем жазу өнеріне арналған, осы салада танымал болған шеберлер қаламынан туған көптеген ортағасырлық қолжазба-трактаттар жазылды. Құснихат өнері алғашында кітап безендіру саласына арналып, ақындардың, тарихшылардың, ғалымдардың қолжазба кітаптары безендірілсе,  кейін келе  жануарлардың, аңдардың, адамдардың, құстың, ғимараттардың бейнесін әдіптеу, кәдесыйларға да осы өнерді қолданып, оның көз тартатын көркемдігі мен өтімділігін арттыруға әсер етті. Бұл хаткерлерден ерекше көркем қабілетті, шығармашылықты, біліктілікті талап етсе, мұндай туындыны тамашалау көрерменнен зерделілікті, биік эстетиқалық талғамды, білімділікті қажет етті. Қазір бұл міндетті тек компютер атқаратындықтан адамдардың көркем жазуға деген қызығушылығы бәсеңдеп қалды. Тіпті, қолжазбадан да алыстап бара жатқанымыз жасырын емес.

Тарихты парақтап көрсек, ерте орта ғасыр немесе бу машинасы ойлап табылғанға дейінгі дәуірдегі адамдардың эстетикалық әуестігі көркем жазумен тікелей байланысты өркендеді. Шығыстың ұлы ғұламалары, ақындары, философтары қуснихаттың қыры мен сырын терең меңгерген. Оны Әбу Нәсір Әл-Фарабидің трактарттарынан да байқауға болады. Өкінішке қарай, ұлы ғұламаның қолтаңбасы бізге толық жеткен жоқ. Алайда, Ахмет Байтұрсынұлының араб харпі негізіндегі төте жазуы қолданысқа енгізуі қазақ хаткерлігіне бетбұрыс әкелді. Нәтижесінде төте жазу үлгісіндегі өрнекті де бейнелі көркем шығармалар жазыла бастады. Ахмет Байтұрсынұлы жасаған төтеше  (төте жазу) жобасы тек қазақ халқының ағартуы мен мәдениетінде емес, түркі текті xалықтардың біразының өркениетіне өлшеусіз ықпал етті. Әсіресе, Байтұрсынов әліпбиінің бауырлас қырғыз, ұйғыр ағайындардың (арғы-бергі беттегілері де бар) ағартушылық тарихы мен арғы беттегі (Қытайдағы) қазақтардың мәдениеті мен өркениетін өрлеткені анық. Оны осы жерден оқи аласыз.

Демек, Ахмет Байтұрсынов эмлесіне Шыңжаң қазақтары адалдық танытып, аялап сақтап отыр. Сондықтан да төте жазумен жазылатын қусинат өнерінің мұрагері де солар.  Қарібі араб жазу дегені болмаса, төтеше жазудың  ішкі руxы қазақ руханиятының тұнған үні. Сондықтан ШыңЖаңдағы қазақтар қазақтың бай мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпы, шұрайлы тілін сақтап қалды. Әрине, бұл қазақ халқының тазалығы мен арлылығының көрінісі десек те, оған күш пен жігер берген төте жазудың да құдіреті еді.

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

Ата-бабасының адал қасиетінен келген сол құдіретті өнерді жалғастырып отырған Тұрсынбек Қияшұлы Қызай анасынан мұраға қалған құдіретті өнердің бүгінгі өкілі. Қызай ана – тарихи адам. Өзінің даналығы, іскерлігі, кеңдігі, шеберлігі, парасаттылығымен бір рулы елдің атына айналған санаулы аналадың бірі. Он саусағынан өнер тамған анамыздың қазақтың ұлттық киім үлгісіне қосқан «Қызай қалпақ», «Қызай шылауыш», «Қызай тақия», «Қызай кесте» деген атпен жеткен қолөнер бұйымы қызай ұрпақтарының қолөнердегі жаңалықтарына жебеуші болды. Анасынан қалған асыл қасиетті ұрпақтары әр қырынан жарқырата көрсетіп, ұлт мәдениетіне әр деңгейде үлес қосуда. Ал Тұрсынбек Қияшұлы (суретте) хаткерлік өнері арқылы Қызай анадан қалған сан түрлі өнердің бір қырын тарихқа таңбалап жүр.

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

«Өнердің жолы ауыр» деген нақыл бар. Әрине, оның биігіне шығу үшін төзімділік, табандылық, шеберлік, сезімталдық, біліктілік керек. Осы және де басқа жақсы қасиеттердің де текпен беріліп, тереңге бойлайтынын жасыра алмаймыз. Осы тұрғыдан келгенде Тұрсынбек Қияшұлының бойындағы табандылық қазақтың 100 сарбазын бастап, 1697 жылы орын алған Қызылжар шайқасында жасанып келген жоңғардың тебінін қайтарып, елінің амандығын қорғаған Құдайназар батыр мен қазақтың батыр қызы Гүлайым Құдайназарқызының қаны арқылы берілген. Жаугершілік кезінде Қызай елінің көш тізгінін ұстап, құтты қоныс іздеген Абылайханның ақылшысы, Қаракерей Қабанбай батырдың сенімді серігі Есенгелді би Құдайназарұлының өсиеті мен аманатын арқалағаны деуге болады. Сондықтан өнер жолында қаншама қиын-қыстау жағдай кезіксе де берілмей, хаткерлік өнердің биік шыңына шығуының себебі де осында.

Ендеше, хаткердің өмірі және өнердегі өзгешелігі туралы тоқтала кетейік. Тұрсынбек Қияшұлы 1944 жылы ҚХР Нылқы ауданының Сүпітай деген ауылда дүниеге келген. Әкесі Қияш сол тұстағы аумалы-төкпелі өмірді басынан өткерсе де пендешілдікке бой ұрмаған, болашаққа үмітпен қарайтын, қарпайым да айналасына қадірі мол адам болыпты. Ең бастысы, баласының бетін қақпай, белін бекем буып, аңсаған арманына жету жолындағы ізденісін үнемі үкілеп отырды. Танымал хаткер болуды армандаған бозбала үкілеген үміттің жетегімен Нылқы ауданының бірнеше мектебіне ауысып оқыды. Қай жер де жақсы ұстаз, талантын ашатын тәлімгер болса, сол жерге құмарланды. Оның талабын әкесі де тойтарған жоқ. Есесіне, қолында барын жолына тосып, айтқанын қолдап отырды. Орта мектепті бітірген соң жоғарылап оқуға мүмкіндігі болмады. Өйткені, сол тұста қырдағы қазақ баласы үшін университетте оқу деген танымның да толық қалыптаса қаймаған шағы. Оның үстіне «Халық үшін қызмет ету» деген ұранның бәсі басым еді. Сонымен Тұрсынбек кентте есепші, бөлімше басшысы, партиялық ұйымның ұйымдастырушысы болып кезіккен жұмысты істеп кете берді. Бірақ жанына жақын хаткерлік өнерін тастаған жоқ. Ауылдық өкіметтің түрлі ұрандарын жазып, плакаттарын әрлеп жүрді. Дегенмен, бұл жолға жаңадан қадам басқан соң, оның үстіне тәжірибесінің аздыған байланысты сол өңірдегі хаткерлік шеберлігімен танымал болған Қабікен, Ахмет Кішібайұлы сияқты аға буындардан да үнемі тәлім алып тұрды.

Өзі жас әрі елпек жұмыскерді кім шетке сырсын. Ерінбейтін еңбегі, қолынан келер өнері бар жас көп ұзамай жоғары-төмен басшылықтың да аназарына ілікті. Көп өтпей туған жері Сүпітай ауылының басшысы, кейін Нылқы аудандық орман шаруашылығы мекемесі басшысының орынбасары сияқты лауазымдарға өрледі. Бірақ қайда барса да жанынан қаламсабын тастамай, ақ қағазға көркем жазудың сан түрін жазуды ұмытпады. Төккен тері де текке кеткен жоқ 1964 жылы ҚХР-ның «Облыс дәрежелі Еңбек ері» атағын, 1969 жылы ҚХР мемлекет дәрежелі марапаттың иегері болды.

«Іздеген жетер мұратқа» дегендей, 1976 жылы Тұрсынбектің  өміріне жаңа бетбұрыс әкелетін ерекше жағдай орын алды. Сол жылы ҚХР астанасы Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университетінің шақыртуын тапсырып алып, екі жылдық оқуға аттанады. Қанша дегенмен де сан ғасырлық қытай мәдениетінің өркені болған ірі қала арман қуған жастың қанатын ашып, қадамына серпін берді. Оған дейін де ел арасындағы аңыз-әңгіме, қиса-дастан, өлең-жарларды жинаумен әуестеніп келген оған мәдениет пен ғылымның өркені ұштасқан орта жанына жалын бітірді. Білім шаңырағының қазынаға мол кітапханасы оның серігіне айналды. Сол жерде Қытайдың және шет елдердік қуснихатшыларының өмірі мен еңбегімен танысып, оны зерделеп, рухани азық жинауына мүмкіндік туды. Осы арқылы әуесқой қуснихатшының пайымы өнерді  ғылыми және көркемдік тұрғыда меңгеруге қарай бағыттады. Оның қолынан шыққан көркем жазулар көпшіліктің назарын аударды. Сонымен Іле қазақ автономиялы облысының қуснихатшылар одағының мүшесі атанды.

Оқуын бітіріп, елге оралғаннан кейінде  қарбалас қоғамдық қызмет оның хаткерлікпен белсенді айналысуына мүмкіндік бермеді. Бірақ 1997 жылы зейнетке шыққан соң сап өнерге белсене кірісті. Бәрін қайырып қойып, қолынан қаламын тастамай, алдында жаюлы тұрған ақ параққа асыл арманын өрнектеді. Жасы ұлғайса да, бала жасынан қызққан өнер тыным бермеді. Айналдырған бірнеше жылда 3 мың данадан артық бейнелі, түсті, көркемдігі терең қуснихаттар жазды. Ауыл көлемінде 5 рет қуснихат туындылары бойынша жеке көрмесін ашты. 2015 жылы «Қазақ хаткерлігі және ою-өрнектің ғылыми негіздері» атты әдістемелік кітабын да жазып шықты. Қытайдағы баспасөздер Тұрсынбектің шеберлігін жарыса жазса, газет-журналдарда қуснихаттарын үзбей жарияланып тұрды. Осы тұста «Аққайнар хаткерлігі» атты бір томдық еңбегі де жарық көрді. Туындылары ҚХР Астанасы Бейжің қаласында өткен республикалық көрмеге қатысып, жоғары бағаланды. Нылқы ауданының орталығы нылқы қаласынан қуснихат жазуды үйренушілерге арнап қысқа мерзімді курс ашып, мыңға жуық шәкірт тәрбиеледі.

Тұрсынбек Қияшұлы хаткерлігінің де өзіндік дара жолы болды. Ол төте жазу арқылы хаткерлік өнеріне түсті бейнелі жазу, егіз өрнекті жазу, құпия қол таңбалы жазу үлгісін енгізді. Сондай-ақ, төте жазуды 150 түрлі құбылтып, 17 түрлі бейнеге икемдеп жазудың алғашқы жолын салды. Сондай-ақ, жануарлар мен құстардың бейнесін төте жазу және оның қосымша элеметтері арқылы көркемдеп көрсетудің шебері атанды. Оны арнайы зерттеп, зерделеу керек. Бұл алдағы күннің еншісінде.

Осы тұста, мына бір жағдайға да назар аудару керек. Жалпы, ҚХР-да миллиярттан астам адам тұрса, соның 1-2 миллион тұрғыны ғана қазақтар. Олар бір ғасырдан астам уақыт Ахмет Байтұрсыновтың жазуын көзінің қарашығындай сақтап, тарихи мұраларын таңбалап келеді. Әрине, бүгінгі жаһандану дәуірінде тілінен де, ділінен де, салт пен дәстүрінен де, жазу үлгісінен де айырылып жатқан ұлттар әлемнің әр түкпірінде жетерлік. Ал Қытайдағы қазақтардың тілі мен ділін сақтауына Қытай елінің көпвекторлы сасяатының тиімділінен шығар, дегенмен, төте жазу негізіндегі қуснихат өнеріне деген қызығушылықтың да ықпалы болды. Өйткені, жазуды өнер ретінде қабылдау ұрпақты үнемі жаңалыққа, жасампаздыққа құлшындырып отырады. Мұндай өнері бар адам құрметтелуге тиіс, мұндай өнері бар ұлт мұрасы ешқашан жойылмайды да.

Түйін: Біз қазір «Балалар кітап оқымайды», «Мемлекеттік тілге деген құрмет аз» деген сылтауды көп айтамыз. Әрине, ол көз алдымызда болып жатқан көріністер. Өкінішке қарай, мемлекеттік тілді жас ұрпақтың санасына сіңірудің ұмтылысы жоқ бізде. «Құснихат» немес «Көркем жазу» деген сөзді теріп, гугулды ақтарсақ, жарық етіп араб немесе төте жазу, болмаса латын харпіндегі көркем жазулар жамырап шыға келеді. Ал біз қолданып жүрген крилшеде тек компютер дайындап берген нұсқаларды ғана таба аламыз. Демек, крилл харпімен жазылатын құсхихаттар жоқтың қасы. Тіпті осы харіп үлгісінде көркемдеп жазуға үйрететін курстарда болмай тұр. Қысқасы, жазу – ең алдымен мәдениеттің жол нұсқаушысы. Ал көркемдеп жазу жас ұрпақты санасын көркемдікке құмарлық арқылы тәрбиелеп, діттеген мақсатқа тезірек жеткізетін әдіс. Сондықтан көркем жазу мәдениетін насихаттау және оны қалыптастыру мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге оң әсер етпесе, кедергісі жоқ дүние. Осы жағын ескерсек деген ниетпен бұл жазбаны дайындадық.

Айту бізден, атқару сізден, ағайын!

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

Қажет Андас,

Өлкетанушы-журналист

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543