Бейсенбі, 21 Тамыз 2025
Аласапыран 113 0 пікір 21 Тамыз, 2025 сағат 14:26

Украинаны қорғаудың төрт нұсқасы

Сурет: zbruc.eu сайтынан алынды.

Шығыста «Күлшелі бала сүймекке жақсы» деген сөз бар. Бүгінде дәл сол «күлшелі баладай» Украинаға қатысты АҚШ пен Еуропа Ресейдің империялық саясатын тежей алатын түрлі қауіпсіздік кепілдіктерін қарастырып отыр. Бұл мәселе бірде – бірлесіп, енді бірде – әр мемлекет жекелей талқылап келеді. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы өзінің сараптамасын ұсынады. 

УКРАИНАНЫ ҚОРҒАУДЫҢ 4 НҰСҚАСЫ

«The Times» басылымының хабарлауынша, қазір АҚШ пен Еуропа Украинаны қорғаудың төрт түрлі нұсқасын әзірлеуде. Британдық газет жазғандай, соңғы он күн ішінде әскери басшылық АҚШ қолдайтын еуропалық жоспарды дайындауға кіріскен.

Бірінші нұсқа – Украина аумағында әскерлерді оқыту. Ұлыбритания мен Франция Львов маңына мыңдаған әскери қызметшісін жіберіп, Украина Қарулы Күштерін даярлауға кірісе алады. Бұл үшін Киевте британдық офицер басқаратын үйлестіру орталығы құрылмақ. Сонымен бірге Еуропа қару-жарақ жеткізуді жалғастырып, елдің әуе кеңістігін «Тайфун» немесе F-35 ұшақтары күзетеді. АҚШ болса әскери әрі барлау саласында қолдау көрсетуге дайын.

Екінші нұсқа – АҚШ-қа шектеулі кепілдіктер беру. Бұл қадам Еуропаны Украинаға әскер енгізу қажеттілігінен құтқаруы мүмкін. «Ниет білдірушілер коалициясы» әуеден патрульдеуді күшейтіп, тіпті ұшуға болмайтын аймақ енгізуді де қарастырады.

Үшінші нұсқа – НАТО Жарғысының 5-бабына ұқсас жүйе. Яғни Украинаға ұжымдық қауіпсіздік беріледі: оған жасалған шабуыл одақтас елдердің бәріне жасалған әрекет ретінде қарастырылады.

Төртінші нұсқа – НАТО-ға мүше емес елдерге берілетін кепілдік моделі. Бұл нұсқа АҚШ-тың Жапония немесе Оңтүстік Кореямен жасасқан әскери одақтарына ұқсас. Мәселен, 1960 жылғы АҚШ–Жапония келісімі Вашингтонды Токионі қорғауға міндеттейді әрі америкалық әскери базалардың орналасуына жол ашады. Мұндай формат Ресейдің «НАТО Украинаның шекарасына жақындамасын» деген талабын да жоққа шығаруы мүмкін.

УКРАИНАҒА АРНАЛҒАН ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛДІКТЕРІ

«Bloomberg» агенттігінің дерегінше, еуропалық көшбасшылар қазір «НАТО-лайт» нұсқасын да талқылауда. Итальяндық жоспар бойынша, Украинаға шабуыл жасалған жағдайда одақтастар 24 сағат ішінде қандай шара қолданатынын шешуге тиіс. Бұл НАТО-ның ұжымдық қорғаныс міндеттемелеріне толық сай келмейді, бірақ келісімге қол қойған елдерді шұғыл әрекет етуге міндеттейді. Оның ішінде әскери көмек, экономикалық қолдау, санкциялар енгізу сынды қадамдар бар.

«The Times» тағы бір мәліметіндеЕуропа Трампты Румынияда америкалық жойғыштарды орналастыруға шақырғанын жазады. НАТО Ресейдің қайта шабуылын болдырмау үшін Еуропада жаңа ірі авиабаза салуды да қарастыруда. Жабық кездесуде бұл мәселені генерал Дэн Кейн басқарған.

Дүйсенбі күні Трамп АҚШ әскерін Украинаға жібермейтінін мәлімдеді. Дегенмен, қауіпсіздік кепілдігі аясында «әуе қолдауын» көрсетуге дайын екенін айтты.

Румыниядағы америкалық жойғыштардан бөлек, еуропалық елдер Украина барлауында америкалық «GPS» пен спутниктерді пайдалану құқығын сақтап қалғысы келеді. Сондай-ақ олар «Patriot» пен «NASAMS» зениттік кешендерін жеткізуді, Қара теңіз үстінде барлау ұшақтарына рұқсат беруді талап етуде. Ұлыбритания ӘӘК соғыстың алғашқы күндерінен бері «Rivet Joint» ұшақтарын қолданып келеді, бірақ олардың ұшуы үшін АҚШ-тың мақұлдауы қажет екені ескерілуде.

«Ниет білдірушілер коалициясы» аясында Ұлыбритания Украинаның батысына «Typhoon» жойғыштарын және 3-5 мың сарбаздан тұратын бригаданы жіберуді ұсынды. Франция, Канада мен Австралия да өз әскерін орналастыруы мүмкін.

Осылайша, сарапшылардың айтуынша, «арбаны сындырмай, өгізді де өлтірмейтін» ең қолайлы жол – төртінші нұсқа болып тұр.

Abai.kz

0 пікір