Жексенбі, 10 Қараша 2024
Билік 2643 0 пікір 10 Мамыр, 2024 сағат 23:10

Президент Әкімшілігінің Басшысы: «Қасым-Жомарт Кемелұлы – нағыз тіл жанашыры»

ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебаев Jibek Joly телеарнасына сұхбат берді. Сұхбат барысында ол ел өңірлеріндегі су тасқынынан кейін тұрғындарға жан-жақты көмек, табиғи апаттарға тосқауыл қою, шетелден қайтарылған активтер, мемлекеттік тілдің дамуы, кадр мәселесіне қатысты қойылған сұрақтарға пікір білдірді. Соның ішінде Дәдебаев мырза мемлекеттік тіл мәселесіне де жеке тоқталған. Біз аталған сұхбаттан һәм ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысының мемлекеттік тіл туралы әңгімесінен Abai.kz оқырмандары талқысы үшін үзінді бергенді жөн санадық...

« Айбек Арқабайұлы, ендігі сұрақ — ол тіл мәселесі. Елімізде тілге қатысты қандай да бір түйіні тарқамаған мәселе бар ма?», - деп сұрайды тілші.

Оған Айбек Дәдебаев мырза:

— Мемлекеттік тілге қатысты Президентіміздің ұстанымы белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы — нағыз тіл жанашыры. Сондықтан Президентіміздің саясаты — мемлекеттік тілдің дамуына нақты іспен қолдау көрсету және бұл салада қандай да бір спекуляция мен арандатуға жол бермеу.

Қадыр ақын айтпақшы, біз өз тілімізді құрметтеуге міндеттіміз, ал өзге тілдің бәрін білуге ұмтылуымыз керек. Қазақтың қазақша ғана сөйлемей, орысша, ағылшынша, қажет болса, басқа тілдерді жетік меңгеруі — біздің ұлтымыздың артықшылығы. Әл-Фараби бабамыз 70 тіл білген деседі, соның арқасында ол телегей теңіз білім жинады, әлемнің «екінші ұстазы» атанды.

Бұған қоса, біздің елімізде ешкімді сөйлейтін тіліне байланысты кемсітуге, қудалауға немесе қандай да бір қысым жасауға жол берілмейді. Бұл — мемлекетіміздің негізгі заңы — Ата заңда жазылған норма. Біз дамыған ел боламыз десек, бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция нормаларын қатаң сақтауымыз керек.

Жауапты органдардың зерттеулеріне сәйкес, қазір елдегі мемлекеттік тілді меңгерген азаматтар саны 81 пайыздан асқан. Қанша тіл білсең, сонша әлемге есік ашылады дейді. Президент жастардың да бірнеше тілде сөйлейтінін айтып, оларға сенім артып отыр. Демек, бұл өз тіліңді құрметтеп, өзге тілдің бәрін біл деген ұстаным. Бірақ, тағы қайталайын, бізде орысша, ағылшынша немесе өзге тілдерді үйренгендер, ол тілдерді қолданатындар үшін қуанбасақ, қарсы емеспіз.

Өздеріңіз білесіздер, елімізде көптеген этнос өкілдері тұрады. Бұған себепкер болған тарихи оқиғаларды жақсы білесіздер. Қазір тіл мәселесін күрделендіріп, тіпті саяси ойынға айналдырғысы келетіндер де бар. Мәселен, елімізде тілге қатысты жұртты даурықтырып, ұлт болашағына қауіп төндіретін мәселе тудырып жүргендерді байқаймыз. Бұл — ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсер ететін жайт. Қай тұрғыдан қарасақ та, тілдік мәселе нәзік, аса жауапкершілікпен келуді талап етеді.

Біздің еліміз көптілді мемлекетке жатады. Яғни, бұл жерде қазақ, орыс тілінің қатар қолданылуында ешбір қателік жоқ. Жалпы, біздің елде мемлекеттік тілге, оның қолдану аясының кеңеюіне айрықша мән беріледі. Бірақ, бұл — еліміз бүгінгі таңда жүргізіп отырған аса астары терең саясат. Нақты формуласы — көптілді қоғам, жалғыз мемлекеттік тілі бар ел! Яғни, оның маңызды компоненті — тілдік төзімділік, жаңаша айтсақ, тілдік толеранттық. «Жылы-жылы сөйлесең…» деген халық нақылы қашанда жадымызда болғаны жөн. Елдің баянды болашағы деген қастерлі істе қандай мәселе болсын сабырмен, ақылға салып шешетін біздің елдің азаматтары үшін бұл қолдан келетін шаруа. Біздің алдыңғы буынның да өсиет еткені осы.

Біле білсек, тілдік төзімділік — қала берді мемлекеттік, яғни елдік қауіпсіздігіміздің кепілі. Даурықпа айқай, дәл қазір не қылса да бола салсын деген талап мүлдем бұрыс нәтиже әкелуі мүмкін!

Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі түбінде ұлтаралық тілге айналады, оның күні тіпті де алыс емес. Қазірдің өзінде ана тілімізде еркін сөйлейтіндер қатары көбейіп келеді. Жақында ғана Ассамблея сессиясында тек ана тілімізде сөйлеп қана қоймай, оны насихаттап, таратуда нәтижелі еңбек етіп жүрген бірқатар өзге ұлт өкілдері атап өтілді. Біз тілімізді үйренуге ұмытылған әрбір азаматты бауырымызға тартсақ, қалғандарға сол сабақ, олардың ынта-жігерін арттыра түсеміз. Олар мемлекет тілінде сөйлеудің әлеуметтік лифт, жеке мүмкіндіктер екеніне көз жеткізеді. Тіл саясатының баянды болуына сол игі. Біз мемлекеттік тіл қолданыс аясының одан ары кеңейе беруін қамтамасыз етеміз.

Өзіңіз де білесіз, қазақша еркін, жатық сөйлейтін өзге этнос өкілдері көп. Елге танымал шығармашылық өкілдері, депутаттар, журналистер — Максим Рожин, Наталья Дементьева, Анна Данченко, Геннадий Шиповских сияқты қазақ тілінің насихатын арттырып, дамуына үлес қосып жүрген азаматтар баршылық. Осындай беделді азаматтар бірнеше тіл білсең кем болмайсың дегеннің дәлелі.

Біздің қоғам «Заң мен тәртіпке» бағынуы тиіс. Конституция, заңдармен бекітілген талаптар мүлтіксіз орындалуы қажет. Осы ретте мемлекеттік органдар, халыққа қызмет көрсету орталықтары, басқа да мекемелер болсын азаматтар өтініш жасаған тілде сапалы қызмет етуі керек.

Қоғамда тілге қатысты арандатулар болған жағдайда, еліміздің әр азаматына ескертіп айтатын жәйт — ол арандатуға қосылмаңыздар. Бірнеше тілді меңгеру керек, қазақ халқы әрдайым сауатты болсын деген ұстанымдамыз әрі тілді саяси сұраққа айналдыруға қарсы екенімізді ашып айтамын.

Өйткені, тіл тақырыбы — көптеген мемлекеттер арасында, қазіргідей аумалы-төкпелі заманда қақтығыстарға себеп болып отырған басты факторлардың бірі. Сондықтан, бейбіт болашақ үшін ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне нақты көз жеткізбей тұрып, түрлі арандатуға қосылмауды сұраймыз. Мұндай арандатушылар заң бойынша жауап беретін болады.

Сұхбаттың толық нұсқасын Қазақпарат сайтынан оқи аласыздар...

Ескерту: Сурет Ақорда сайтынан алынды!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1167
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2761
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2801