Жұма, 22 Қараша 2024
Қарғын су: 2020 2 пікір 14 Мамыр, 2024 сағат 14:12

Су тасқыны: Жайық көтеріліп, Атырауға қауіп төнді...

Коллаж суреттері Азаттық және ҚазТАГ сайттарынан алынды.

Атырауда Жайық өзенінің деңгейі көтеріліп, қауіпті шекке жетті. Бұл туралы Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы мәлімдеді.

Атырау облысы ТЖ жедел штабының мәліметінше:

*Атырау (+6 см): Қазір судың деңгейі – 551 см-ге жеткен, ал қауіпті шек – 550 см;

* Индербор кенті (+3 см): Қазір судың деңгейі – 1041 см-ге жеткен, ал қауіпті шек – 845 см;

* Махамбет ауылы (+14 см): Қазір судың деңгейі – 980 см-ге жеткен, ал қауіпті шек – 850 см;

* Жаңаталап ауылы (+7 см): Қазір судың деңгейі – 398 см-ге жеткен, ал қауіпті шек – 500 см;

* Еркіндала ауылы (+5 см): Қазір судың деңгейі – 356 см-ге жеткен, ал қауіпті шек – 450 см.

БАҚ мәлеметтеріне сүйенсек, Жайық өзенінің бойын бойлай орналасқан елдімекендер мен кенттердің маңындағы су басу қаупі төнген жерлерге күзет қойылған. Қарғын сумен күреске Төтенше жағдайлар қызметкерлері, жергілікті тұрғындар мен еңбек ұжымдары жұмылдырылған. Кезекшілікке шыққандар су жарып өткен бөгеттерді дереу бекітіп отырады делінген ақпаратта.

Күні кеше ғана ҚР Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Атыраудағы су тасқынына қарсы құрылыстарды тексеріп қайтқан еді.

«Тексерілген алғашқы нысан – «Соколок» арнасы болды. 32 шақырымға созылған Жайық өзенінің үлкен су ағысын Атырауға қарай бағыттауға арналған. «Соколок» арнасы қаланы айналып өтіп, Жайық пен Каспий теңізін қосады және секундына 100 текше метр су қабылдай алады. Сондай-ақ, вице-премьер ұзындығы 24 шақырым болатын жаңа арнаның жұмысын тексерді», - деп хабарлаған Үкімет баспасөзі.

Осыған дейін, Атырауда су тасқынының шарықтау шегі шамамен 4-5 күннен кейін болады деп болжанған. Кеше Атырауға барған вице-премьер Қанат Бозымбаев жағалаудың су шайып кететін жерлерінде бөгеттерді нығайтуды тапсырған.

Атырау жақтағы жұрт биыл тасқын судың зардабын әбден тартып келеді. Тасқын облыстағы жұртты наурыздан бері әбігерге салуда.

Әуелі Ойыл мен Жем өзендері тасып, өңірдің шығысы мен солтүстік-шығысындағы тұтастай елдімекендер суға кетті.

Онан соң, Қызылқоға мен Жылыой аудандарында Төтенше жағдай жарияланды.

Кейін 65 мыңнан астам халқы бар Құлсапы түгелдей суға кетті.

Осыдан соң, өңірдегі қарғын судың беті қайтқандай, апат артта қалғандай болған. Тіпті, өңірдегі біраз жұрт өз үй-жайларына оралып, мемлекеттен тиісті өтемақысын алуға әрекеттене бастаған. Арада тура бір айға жуық уақыт өткенде, тасқын судың қаупі қайта туды. Бұл жолы қауіп Атырау қаласына төніп тұр.

Еліміздің батысындағы мұнайлы өлке Атырау облысындағы 700 мыңнан көп халықтың тең жартысы (2022 жылғы дерек бойынша 320 мың) Атырау қаласында тұрады.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5257