Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әріптестің әңгімесі 1321 0 пікір 14 Мамыр, 2024 сағат 14:26

ОА-дағы су тапшылығы: Қырғызстан не дейді?

Коллаж: Abai.kz

БҰҰ мәліметі бойынша, Орталық Азия елдері жыл сайын су тапшылығынан және суды тиімсіз пайдалану әсерінен 2 млрд доллар пайдадан қағылуда, - деп жазады Mezgil.kz ақпараттық порталы

Бұл туралы мәліметті Қырғызстанның Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Иманқұлов «Орталық Азиядағы су тапшылығы: Су тапшылығын аймақтық және халықаралық деңгейде шешу» атты конференция барысында айтты. Конференция Бішкекте өткен болатын.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 2050 жылы аймақтағы халық саны 90-100 млнға жетеді. Қазіргі сәтте аймақта 79 млн халық бар. 2050 жылға қарай су тапшылығы демографияның өсіміне байланысты 25-30%-ға артпақ. Ал кей сарапшылар суды өндіріске қажет ету көрсеткіші 2030 жылға дейін тағы 30%-ға артатынын болжауда.

Су тапшылығы Орталық Азия елдеріндегі басты мәселеге айналуда. Бұл мемлекет аралық саясатқа да әсер етуде. Аймақ мемлекеттері су мәселесін реттеу үшін ортақ комиссия құрған. 2023 жылдың ыстық жазы Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстандағы бірқатар егістік алқаптардың, бау-бақшаның күйіп кетуіне әкелді. Қазақстанның оңтүстік аймағындағы диқандар Қырғызстаннан келетін судың аз мөлшерде берілуіне байланысты зардап шекті. Алайда су Қырғызстанның өзінде де дефициттік күйге түсті.

Қырғызстанның су саласындағы сарапшылары «Орталық Азиядағы су тапшылығы: Су тапшылығын аймақтық және халықаралық деңгейде шешу» атты конференцияда сөз сөйлеп, соңғы 10 жылда мамыр, маусым, шілде, тамыз айларында су тапшылығы 50%-ға артқанын айтты. Сарапшылар бұл құбылысты мұздықтардың жылдам еруімен түсіндіруде.

Сарапшылар Кеңестік жүйенің саясаты қазіргі процесстерге де әсер етіп жатқанын айтуда. Конференцияда сөз алған сарапшылар, Кеңестік жүйе Қырғызстанда мал шаруашылығын дамытуды ойлап, су қоймаларының көлемін соған сәйкестендіріп салғанын айтты. Ал егілген дәнді-дақылдар мал азығы үшін пайдаланылатын. Егістік алқапқа қарағанда мал шаруашылығына бағытталған өлке ретінде Қырғызстанға Орталық Азиядағы өзге елдермен салыстырғанда көлемі екі есе аз су қоймалары тұрғызылды. Көршілес елдермен осы саясатқа байланысты су алу/су беру келісімдері жасалды. Алайда соңғы жылдары Қырғызстан егін салуға да бейімделуде және суды көбірек қолдануда. Бұл келісімдерді қайта қарауға мәжбүр етеді.

Қырғыз сарапшылары су қоймаларының әбден тозып, тозығы жеткенін айтуда. Алайда оларды модернизациялауға ел билігінің қазір мүмкіндігі жоқ. Су арналарын жаңарту және модернизациялау үшін кемі 700 млн доллар қажет.

Сарапшылар Қырғызстандағы су мәселесі Қазақстанға тікелей әсер ететінін айтуда. Қазақстан билігі Қырғызстандағы бірқатар су қоймасының модернизациясына қаржы құюға дайын. Келісім бойынша Бішкек Қазақстанның оңтүстік аймақтарына берілетін суды азайтпауы қажет.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1492
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3261
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5584