Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 2320 30 пікір 22 Мамыр, 2024 сағат 12:24

«Жошы хан» тарихи романы: Тәуелсіздіктің жемісі...

Коллаж суреттері: Abai.kz, qalamger.kz және baq.kz сайттарынан алынды.

Жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдары исі қазақ үшін үзілген үміт жалғанып, жоғалған рух пен сана қайта жаңғырып, ұлттың ертеңіне деген сенім пайда бола бастады.

М. Әуезов бастап берген тарихи романдар керуені революция, аштық, репрессия, соғыс есеңгіреткен халқымыздың жадын тірілтті. Қырық жылға таяу қазақтардың басым бөлігі өмір сүрген Кеңес Одағы, Қытай, Моңғолия сияқты елдерде салыстырмалы түрде тыныштық орнады да, қазақтардың өсімі басталды. Тыныштықта, молшылықта туылған ұрпақ дүниеге келді. Олар ес біліп, етек жия бастағанда, алып империяның тамырын шайқалтқан әйгілі «Желтоқсан оқиғасы» екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан әлемдік тәртіптің өзгеруіне ықпал етті. Сол дүмпүдің аяғы Кеңес Одағын ыдыратып тынды.

Қайта құру заманында мектеп табалдырығын аттаған, ой-санасы тәуелсіздік тұсында қалыптасқан сол азат ұрпақтың алды үкімет, қосшылары министрліктер мен ұлттық корпорациялардың тізгінін ұстап отыр. Бизнес пен жаңа технологиялардың қыр-сырын меңгеріп, отызында орда бұзып, қырығында қырдан асқан қаншама бағыландарымыз қазақ елінің мәртебесін әлемдік масштабта көтеріп жатыр. «Орнында бар оңалар» деген осы. Ғасырлар қойнауында мың өліп, мың тірілген қазақтың қазіргі жағдайына қарап, Аллаға мың мәрте шүкіршілік айтамыз.

Маужыраған мамыр айының 15-17-ші күндері Алматы қаласының ҚР ұлттық кітапханасында кітапхана мен «Фолиант» баспасы ұйымдастырған «Qazaq Book Fair» кітап жәрмеңкесі өтті. Осы шара аясында бірнеше кітаптың таныстырылымы болы, автордың қолынан кітап сату алу мүмкіндігі туды.

Сонымен жәрмеңкеде ақын, жазушы бауырым Ұларбек Дәлейұлының қолынан «Жошы хан» романын қолтаңбасымен алдым.

Ұларбек Дәлейұлы 1980 жылы 26-шы қаңтарда ҚХР ШҰАР Іле қазақ автономиялы облысы Алтай аймағында өмір есігін ашып, 1999-2003 жылдары қасиетті Түркістанда Қ.А.Яссауи атындағы халқаралық қазақ-түрік университетін тәмамдаған. Содан бері поэзия мен проза жанрында қатар қалам тербеп келеді.

1978 жылы Қытай Коммунистік партиясының 11-ші сиезінде 3-ші пленумынан кейін қытайдың саяси, қоғамдық өмірінде түбегейлі өзгеріс болды. Сыртқа қарата қақпаны айқара ашып, нарықтық қатынастар орнады. Идеологияға саласында батыс құндылықтары дендеп кірді. Білім, ғылым, мәдениет саласының жетістіктері саяси мақсат үшін емес, адами құндылықтарды дамытуға бағытталып, шығармашылық тұлғаларға салыстырмалы еркіндік тиді.

Сонымен, сексенінші жылдарда туған ұрпақтың ой-өресі, дүниетанымы басқаша болып қалыптасты.  Ұларбек және оның замандастары орта мектепті аяқтайтын жылдарда Қазақстанда «Халықтың көші-қоны туралы» заң дүниеге келіп, әлемнің қырықтан астам елінде жасап жатқан қандастарымыздың ұрпағының атамекендерінде жоғары білім алуы үшін арнаулы квота бөлінді. Қазақ көшінің құрамы жас буынмен толығып, болашақ жас мамандар қосыны қалыптасты. Сол кезеңде қазақтар жасап жатқан өлкелік, облыстық, аймақтық өңірлердегі техникалық колледждерде қазақ студенттер азайып кеткендіктен, олардың орнын Оңтүстік Шыңжаңнан студенттер алып келіп, толтырғанын естіп жаттық.

Қазір еліміз руханиатында бір шоғыр болып тамыр тартып, қанат жайған, белестерге шығып, биіктерді бағындырған Ұларбек Дәлейұлының замандастары мен тетелес інілеріне қарап, дән риза боламыз. Олар: Мұрат Алмасбекұлы, Тоқтарәлі Таңжарықұлы, Ұларбек Нұрғалым, Ырысбек Дәбейұлы, Талапбек Тынысбекұлы, Гүлманат Әуелбекқызы, Жарас Кемелжанұлы, Ербол Алшынбайұлы, Білал Қуанышұлы, Ерболат Әбікенұлы, Алаш Тұрсынәліұлы, Тұрдыбек Құрметқан, Ұшқын Сайдірахманұлы, Қозыбай Құрманұлы, Қуаныш Қаппасұлы және мен ұмыт қалдырған немесе біле бермейтін қаншама жастарымыз жалақысы аз, жарапазаны көп жапалы жұмыстың отымен кіріп, суымен шығып жүр. Олардың қаламынан шыққан «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ» телесериялдары ұлт рухани өміріндегі және теле-өндірісіндегі, айта қалсын жаңалықтардың бірі болды. Енді міне, «Жошы хан» тарихи романы қазақ тілді аудиторияның кеңістігін кеңейтіп, «аламын деп емес, беремін» деп келген қандастардың қатары көп екенін дәлелдеп тұр.

«Төртінші қаңтар оқиғасынан» кейін еліміз мәдениет пен ғылым, білімге айырықша назар аудара бастады. Оған куә маусым сайын, жыл аунамай өтіп жатқан кітап жәрмеңкесі. Ең алғаш «Отандастар қоры» КеАҚ 2022 жылы «Әр қазаққа - бір кітап» акциясын бастап, алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастарға кітап қорын жасақтап берді. 2023 жылы Парламенттің жетпіс пайызын ұстап отырған билеуші партия «Кітап-Аманат» жобасын алып шығып, ел аумағында кең көлемде насихат жұмысын жалғастырып отыр. «Аманаттың» саяси, қаржылық, ұйымдық ресурстары толықтай осы бағытқа жұмылдырылып, әуелі қала, облыс орталықтарында, одан кейін аудан, ауыл орталықтарында жалғасып жатыр.

Бюрократиялық капитализм орнаған заманда білімнің қадірі кетіп, қасиеті қашқан еді. Тамыр-таныстықпен, қылмыспен байыған қалталылар надандығымен, сауатсыздығымен мақтанған заманды да көзіміз көріп, құлағымыз естіді. Оның бәрін өтпелі, өлара заманның еншісіне жібердік. Енді міне, бағдарымызды түзеп, жоғалтқанымызды түгендей бастадық. Әрине, мұның бәрі тәуелсіздік пен тұрақтылықтың арқасы. Осыны әрқаша қаперде ұстайық.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552