Тозақ пен жұмақтың кілті ешкімнің қалтасында емес!
Өздерін қатты мұсылман санайтын кейбір қауым "неге мешітпен көп алысып кетті, неге дінмен алысушылар көбейіп кетті?", - деген сарында дінге қатысты келеңсіздіктерді сынағандарды кәпір деп айта алмаса да, өздерін діннің жанашыры ретінде көрсететін болыпты.
Құдды исламның, діннің бейресми адвокаттары секілді. Мақұл, жақсы, солай ақ болсын. Ғылыми жаңалықтарды, жазушының шығармасын, жалпы әдебиетті сынаушылар әлгі авторларды немесе ақынды, иә болмаса ғылымды жек көреді деген мағынаны білдірмейді, керісінше пікір алуандығы арқылы ғылым, өнер, шығарма дамиды. Дамуына қамшы салып отырады сыншылар. Сол сияқты дінді, діни қызметкерлерді сынау исламға жау деген мағынаны білдірмейді.
Әдемі, сәнді мешіт, жалпы құдайдың үйі — жанға дауа, жүрекке тыныштық, санадағы сенімді күшейтеді. Шындығында, біз, мен мешітті, дін исламды, имамдарды қатты жақсы көрдім. Діннің парыздарын жата—жастана оқыдым, құранды бір адамдай ақ қирағатпен де, кітаптағы арапшасын аңыратын тұрып оқуды да үйрендік бір кездері. Ислам таза, ислам ғылым, құдай жалғыз. Шын тілеген тілектің қабыл болатынына бәлен рет көз жеткен. Әр жерде, ауылда, қалада мешіт ашылса міндетті түрде сол жерге барып намаз оқуға, имамдардың уағызын тыңдап қалуға, жұманы қалдырмауға тырыстым, қуандық, қуандым.
Елде қателеспесем үш мыңнан астам мешіт бар, оған баратын жамағат та аз емес, әсіресе жұма күні, жастар көбейді, шын қуандық. Жамағат көбейсе сырттан бір кездері келген түрлі секта, сектанттарға қарсы төтеп береді, білімді, иманды, адал, отаншыл, үлкен-кішіге жанашыр жандар көбейеді деген түсінік болды. Сол сеніммен жүрдік. Сонымен елдегі үш мыңнан астам мешіт пен ондағы имамдар, дін қызметкерлері елімізге қаншалықты иманды, білімді, кішіпейіл, отанға, салт-дәстүрге адал, құдайдың кереметтерін түсінетін, жүзінен нұр шашқан жандарды тәрбиелеп шығарды? Шындығында нашар, олардың жұмысына үш деген баға берер едім. Неге?
Соңғы 10-15 жылда керісінше агрессивті, ұрда—жық, білімге қарсы, ғылымға қызықпайтын, шетінен қызқұмар, тоқалдан тоқал алғыш және талақшыл, әйелдердің етегімен алысудан ары аспаған, ұлттық дәстүрімізге қарсы, мемлекеттің қағидаларын мойындамайтын, ауғандық—араптық оранып—тұмшалануды құптайтын, уағыздары бұт жуудың айналасынан аспаған, жұмақтың кілтін меншіктеп алған, тозақпен қорқытқыш, тарихи тұлғаларымыздан, батырлардан мақұрым, керісінше ертегіге көбірек жақын ортағасырлық арап сахаба—батырлатын пір тұтатын, банк жүйесін харам, сәлем салу секілді көптеген ғүрыптарды харам санайтын кекшіл, дінді ғылыми тұрғыдан емес, тек бұйрық түрінде қабылдайтын жастар да, уағыз айтушылар да көбейді. Араб даласында дін көсемдерінің, олардың айналасындағы оқиғаларды талқылай бастасаң ұнатпайды. Мәселен өз бетімен түйесін бағып, қатын—баласын асырап отырған бір момын бәдеуиндердің отбасын немесе ауылын 40-50 атты шапқылап келіп, еркегін қылышпен шауып өлтіріп, түйесін тырқырата қуып, әйелін қатындыққа, балаларын құлдыққа алған оқиғалар көп болған. Әлгі қылмыстарын діншілдер имансыздарға, кәпірлерге қарсы соғыс ретінде көрсетіп, діннің көлеңкесімен жасырған. Мағынасын толық түсінбесе де араптың сөздерін тықпалайтын, "ассалаумағалейкумді" айтпасаң, қазақша амандасуыңды қабылдамайтын, ақишыл, машаллашыл, иншоллашыл, өңкей "иллашыл" қазақтар қанды ішіп бітті, әлгіндей сыни сұрақ, көзқарастарды талқылауға қарсы, сені бірден дін дұшпаны ретінде көреді.
Олда бер жағы. Тіпте бір кездері еркінсігені сонша, қантөгістің небір түрлерін көрсетті. Боралдайдағы атыс, Батыстағы әскери гарнизонға шабуыл, Тараздағы жарылыс, Қүлекбаев қырғыны сынды елдің әр өңірінде болған көптеген ауыр қылмыстар ел есінде. Қыз біткенді сирияға тартып сорлатқан трагедия да қазақтың жазылмас жан жараларының бірі. Кешегі қаңтар қырғынында да небір сойқанын көрдік, мемлекетті төңкеріп тастай жаздады. Айта берсең ондай қантөгіс пен кемшіліктер шашетектен.
Оған имамдардың қандай кінәсі бар деген сұрақ туады? Дін исламның қоғамдағы қадір-қасиетінің артуына тікелей солар жауапты. Бізде керісінше дінинің айналасында интригалар мен тоқал темалары қызды, сырт көзге мүмин, әрекеттері мұнафих. Қаптан ағымдарға иммунитет төмен болған соң төтеп бере де алмады, керісінше мыжыма уағызбен елдің ығырын шығып жіберді. Мәсхабы, діни көсемі, ұстанымы басқа жамағат қаптады. Мемлекет қатал түрде қайта—қайта араласқан соң беті бері қарағандай болды, әліде дес берейін деп жатқан олар жоқ. Тіптен діндегі ағымдардың тартысы жоғары биліктің арасында да жүрді, оныда ел біледі. Қажылық бизнесі де жеке проблема. Айта берсең елдің дамуына кедергі келтірген деструктивті дін өкілдерінің де зияны шашетектен.
Исламды орамал, сақал, шолақ балақ, дәрет деңгейіне қалдырды.
Сонымен, айтайын дегенім, пайғамбар, сахабалардың жанынан келгендей қолын шошайта сөйлеп, еліретін уағыз айтқыштар мүлдем ұнамайды, оларды тыңдай бергеннен білімің артып, иманың кемелденіп, елің дамып, өрең өрге жүрмейді. Оларды тыңдағаннан, айтқандарына ілескеннен көсегең көгермейді, экономикаң да, рухани болмысың да жақсармайды.
"Имамдармен алысатындарды өлсе, жаназанын шығармау керек" деп жатыр екіленіп. Кім қашан өлетінін тағы сендер білмейсіңдер және қазақи құлхуалланы қайырып қарапайым түрде анау дүниеге аттанған ата-бабамыздан ешкімнің жаны артық емес. Тозақ пен жұмақтың кілтін қалталарыңа салып алсаңдар да, көпірме сөзбен уақыт өткізуші көп қырттың бірісіңдер. Сендерден қарағанда тып—тыныш намазын оқып, жеті шелпегін пісіріп, аруағына құранын бағыштап, сақалын сапситпай ақ жұмысын істеп жүрген қарапайым қазақтарым әлдеқайда артық.
Әмірболат Құсайынұлының жазбасы
Abai.kz