Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 1635 5 пікір 30 Мамыр, 2024 сағат 21:42

Абай іліміндегі өмірдің екі түрі

Коллаж: Abai.kz

Бүгінгі күндері адамзат қоғамында рухани құлдыраудың белгісі етек алды. Болмыстың бірлігі бүлініп, мемлекеттердің, ұлттардың, діндердің арасындағы алауыздық ушығып, түрлі бөліктерге бөліне бастады. Тіпті бір халықтың, бір діннің арасында түсінбеушіліктер, алауыздықтар туып отыр.

Өмір майдан алаңына айнала бастаған тәрізді. Биылғы мамыр айындағы интернет жүйесінде кеңінен тараған мешіттегі болған «әмин» деген сөзді айтқаны ұнамағаны үшін болған екі мұсылманның арасындағы төбелес осының бір көрінісі. Алланың үйі болып табылатын қасиетті жерде екі мұсылманның мұндай масқара әрекетін қалай түсінуге болады? Бұл тек қана халықтың рухани деңгейінің қандай төмен құлдырағанын көрсетеді. Мұндай әрекеттер мешіттегі уақыттың маңызын, намазды не үшін оқыйтынын, оның сауабының не екенін білмейтін,  имансыз қылықтың күнәсінен мүлдем хабарсыз екенін білдіреді. Оның түпкі негізі өмірдің мәнін дұрыс түсініп, оны дұрыс қабылдай алмауда жатыр.

Абай ілімі бойынша, сана деңгейіне байланысты өмірдің екі түрі болады. Біріншісі, өмір қызық көру үшін берілген. Мұндай ойдағы адамдар өздерінің нәпсілерін толық қанағаттандыруға ұмтылады. Діннің өзін осы мақсатта пайдаланады. Бұлар имансыз, Абай көрсеткен «жарым адамдар». Екіншісі, өмір рухани дамуға арналған, ал бұл дүние рухани жетілудің құралы. Біріншілері өмірдің екіұдайылық көрінісінде қуаныш пен қайғының құрсауында жанталасып жүрсе, ал екіншілері рухани жолға түсіп, Құдайдың шапағатына бөленіп өмірдің ләззатына шомылып жүргендер. Бұлар иманды адамдар.

Енді Абай тағылымы бойынша осы екі өмірге толығырақ тоқталайық.

Өмір қызық көруге арналған:

Елдің көпшілігі осылай деп ойлайды, және өмірдің, қоршаған табиғаттың берерін толық алуға ұмтылады. Мұндай көзқарас тән құмарын күшейтіп, жан құмарын ұмытуға алып келеді. Адамның ұлғайған эгоистік ниеті құлқын қамын өсіріп, өмірді өзінің пайдасына қолдануға ұмтылады. Қоғамда алауыздықтар туып, қоршаған табиғат бүліне бастайды.

Эгоизмның күш алуының себебін Абайдың «Ақыл мен жан – «мен өзiм», тән – «менiкi», «мен» мен «менiкiнiң» мағынасы екi» деген ғибратты сөзінен табуға болады. Адам өзінің жан екенін ұмытып, тәнмен балай бастағанда эгоистік ниет туады. Рухани болмыс мәңгілікті және, сондықтан, өзінің мәңігілікті жан екенін білетін адам ешкімді алаламай, Болмыстың бірлігіне ұмтылады. Заттық болмыс уақытша және шектеулі болғандықтан, ол Болмыстан бөлініп, тек қана өзінің құмарына ұмтылады. Осылай басқаның ниетінен бөлек эгоистік қасиет пайда болады. Бұл эгоистік қасиет бірлікті бұзып, бөлшектеп, ақыры қанда көрініс болса да орың жрйылып кетуіне алып келеді. Фәни әлем дегініміз осы болып табылады. Адамдар өздерінің құлқын қамынан шыға алмай, Болмыс бірлігін бұзып жекешеленеді. Қоғамның біртұтастығы бүлініп, ақыры жоғалып кетеді. Себебі, біріктіретін рухани күш – махаббат жойылады. Абай «Кейде есер көңіл құрғырың» атты өлеңінде «Махаббатсыз – дүние дос, Хайуанға оны қосыңдар» дейді. Фәни әлемде жан иелері төрт нәрсемен шұғылданады. Олар – тамақ, ұйқы, қорғаныс және жыныс қатынасы. Бұлар хайуанаттар әлеміне де тән. Тән құмары. Осы төртеуімен ғана шұғылданатын адамдардың хайуанаттардан айырмашылығы болмайды. Абай «Хайуанға оны қосыңдар» деп отыр. Оларға дүние қымбат, сондықтан оларға «дүние дос». Жүрек көзі жабық болғандықтан, оларда махаббат жоқ.

Рухани мешеу адамдардың сипатын беріп, олардың мінездерін Абай көп сынайды. Фәни өмірдің өткінші, алдамшы екенін, оның ықпалынан шығу жолын көрсетіп, данышпан көп айтқан. Бірақ, ойшылдың өзі жазғандай «Ақымақ көп, ақылды аз». Оның берген тағылымын кейбір рухани мешеулер дұрыс қабылдай алмай, теріс түсініп, хакімге қарсы сөздер айтып, тіпті, оның жазған ғибратты сөздерін басқаларға таңып жүргендер бар. Ондай рухани мешеулердің әрбір қоғамда болатынын ескерткендей, хакімнің өзі «Надандықпен кім айтса, Ондай түпсіз сөзге ерме» дейді.

Болмыс көріністерін өздерінің құлқын қамы үшін пайдаланатын мұндай адамдарды Абай мұсылман емес деп бағалайды. Олардың мұсылман емес екенін былай деп түсіндіреді.

Кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес.

Осылай Абай қоғамның рухани азғындау себебін көрсетеді. Болмыстың заттық бөлігіне ғана құныққан адамның толық болуы мүмкін емес. Абай оның құрсауындағыларды жарым адам, ал оларды тәрбиелеп, оқытатындарды жарым молла десе, өздерінің рухани деңгейін жарым мұсылман деп атайды. Жарым мұсылман – өзін мұсылман деп атап, бірақ мұсылмандық қағидаларды орындамайды. Керек болса ол Алла Тағалаға құлшылық жасау емес, керісінше, өзіне керегін сұрап, Оны өзінің қызметшісі қылып алғысы келеді. Олардың ұстаздары да өздеріне сәйкес жарым молла, яғни мұнафиқ (іші кәпір, сырты ғана мұсылман) болып келеді.

Дұрыс білім болмаған соң олар өздерінің ақылын дұрыс пайдалана білмейді. Абай жетінші қара сөзінде «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз» – дейді.

Надандық құрсауынан шыға алмай, ой-өріс тарылып, дұрыс пен бұрысты айыра алмағандарға өмірдің терең сырларын түсіну қиынның қиыны. Олардың білімге құлқы болмағандықтан санасы өспеген, ой-өрістері жас баланың деңгейінде қалған, өмірдің жылтырағына әуес, тез алданып, тез құбылады. Мұндай бейшараны Абай «Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң, кімді көрсем мен сонан, бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан» деп сипаттайды. Жеңіл өмір іздегендіктен олар ұрлық-қарлыққа, мансапқорлыққа, жемқорлыққа жақын болғандықтан, кінәрәтті істерге барып, қоғам заңдылығын оңай бұзады. Бірақ, ол – арсыздық белгісі екенін елемейді.

Бүгінгі өмірде жарым адам қатарында қарапайым пендені ғана емес, қоғамның жоғары деңгейіндегі лауазымды адамдарды да көріп жүрміз. Осылай жарым адам қатарына ақылы төмен, сезімдерін басқара алмайтындар ғана емес, сонымен бірге, ақылы жоғары, бірақ рухани мешеуліктен ол құралды теріс бағытта пайдаланатындар да жататынын көреміз. Бұлар иманы жоқ, яғни жүректері   нәпсімен былғанғандар. Көкірек көзі жабық болғандықтан, оларда ұят жоқ. Ұят болмағандықтан, оларды нәпсі басқарады. Осылай «жарым адам» сатысы адамдардың мансабы, қоғамдағы алатын орны емес, санасының төмендігімен, адамгершілігінің жоқтығымен байланысты екенін көреміз.

Жүректе қайрат-жігер жоқ, кеудеде сәуле жоқ, көңілі күңгірт, ондай рухани қараңғы адамдарды ойшыл үшінші қара сөзінде былай деп суреттейді:

«Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз, қорқақ мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады». Осылай коррупция, парақорлық, сауыққұмарлық құрсауындағы бүгінгі заманымызды көруге болады. Еліміздің бүгінгі саяси-әлеуметтік жағдайының құлдырауын Абай осылай түсіндіреді.

Ең қауыпты құбылыстық бірі отбасының күйреуі. Бұған атеистік дәуірдің ықпалы үлкен болды. Коммунистік дәуірдің алғашқы жылдары әйел мен еркекті теңеп, олардың арасындағы жыныс қатынасты «Бір стақан су ішумен» теңеп, жауапкершілікті ұмытып, оған толық еркіндік берді. Өмір мұндай құбылыстың өте қауыпты екенін көрсеткеннен кейін, бейберекет жыныс қатынасына тыйым салынды, бірақ «әйел мен еркек тең» деген тұжырым сақталып қалды. Отбасы біртұтас қоғамның бір бөлігі, сондықтан ол да тұтастығын сақтауы керек. Тұтастықты сақтаудың белгілі бір тәртібі болады. Ол тәртіп тіршілік барысында қалыптасқан табиғи міндеттермен шектеледі. Бүгінгі заманда бұл шарт ескерілмей, отбасында келіспеушілік көбейіп, әйел мен еркектің арасында қарсылық туып, отбасының шырқы бұзыла бастады. Ерлі зайыптылар арасындағы бұрынғы сыйластық, қамқорлық енді өзара келіспеушілік пен қайшылықтарға айналды. Нәтижесінде интернет жүйесіндегі ақпаратқа қарағанда Қазақстан бұл салада екінші орынға шыққан екен. Отбасының мұндай күйреуі халықтың өсімін төмендетіп, халықтың мүлдем құрып кету қаупін тудыруы мүмкін ғой.

Шын мәнінде, рухани жетілудің негізгі мақсаты өмір көріністерін дұрыс пайдалану арқылы рухани жетілуге арналған. Мұндай деңгейге жеткен адам ой өрісін толық өзгертеді.

Өмір рухани дамуға арналған:

Мұндай түсініктегі адам қоғамның бірлестігіне ұмтылып, қоршаған ортаны өзін жетілдіру үшін пайдаланады. Өмірді жетілу үшін пайдаланғанда адам уақыттың мәнін жақсы біліп, әрбір сәтін дұрыс пайдалануға ұмтылады.

Рухани дамуға ұмтылған адам Болмыс бірілігін сақтап, өмірдің әрбір көрінісін дұрыс және толық пайдалануға тырысады. Өмірдің алғашқы бөлігі отбасы болып табылады. Отбасындағы адамдар бірімен бірі табиғи заңдылық бойынша байланып, туыстық қатынаста болғандықтан, олар өмір сабағын ең әуелі отбасынан бастап алады. Бала мен ана табиғи байланып, арасында сүйіспкешілік орнап, махаббат сезімі оянады. Мысалы, сол себептен көп балалы аналар әдетте өте мейірімді, әрі қамқорлы болады. Үлкен отбасында тәрбиеленген балалар да сабырлы, шыдамды, мінезінің тұрақты болуы да осының бір дәлелі болып табылады. Мұндай отбасында әркім өзінің өмірдегі орнын жақсы біліп, бірлік пен үйлесімділікке үйренеді. Отбасы құндылықтары жақсы сақталып, өзара сыйластық орнайды. Адам бұл өмірде шынығып, жетілу үшін тағдыр оған туған-туысқандарды белгілі бір мақсатпен береді. Отбасындағы әрбір адамның өзіндік орны және мақсаты бар. Олардың арасындағы қарым-қатынастар өмірден сабақ алып, адамның белгілі бір қасиетін және мінезін қалыптастыруға арналған. Егер осыны дұрыс түсінетін болсақ, кім болса да, туыстық қатынасты дұрыс пайдаланға ұмтылады. Одан бас тартудың орнына, керісінше, өзіне сабақ алуға ұмтылады. Жетілу жолындағы отбасының үйлесімділігін сақтау адамға берілген алғашқы сынақ тәрізді. Бұл сынақтан дұрыс өтіп, сабақ ала білген адамға қоғам өміріндегі қайшылықтарды жеңе біліп, өзіне ғибрат алу оңай болады. Өмір мектебі отбасынан басталып, қоғамды, ұлтты, дінді, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деңгейне жетіп, арнасын әрі қарай кеңіте береді. Адамның жетілуіне тағдыр, міне, осындай шексіз мүмкіндік берген.

Болмыстың бір бөлігі ретінде әрбір жан өзін танып, тиесілі орнын тапқысы келеді. Мұндай тұжырымды Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар, қалан» деген сөзі де  растайды. Діннің мақсаты да өзін өзі тану арқылы жанға өзінің Болмыстағы алғашқы орнын табуға мүмкіндік беру. Діндердің қайсысы болса да, адамның жүрегін тазарту арқылы Абай көрсеткен өмірдің негізгі мақсаты болып табылатын «Түп Иеге қайтуға» көмектеседі. Өмірдің мақсаты Түп Иеге қайту екенін Абай ғана емес, бұрынғы өткен данышпандар айтып, діндердің қайсысы болса да растайды. Өзінің өмірін жалған дүниеге алданып босқа өткізбеу үшін әрбір адам бұл ақиқатты жақсы біліп, қабылдауы керек.

Жан Тәңірдің бір бөлігі болғандықтан, ол үнемі өзінің алғашқы орнына, Түп Иеге оралуға ұмтылады. Сол үшін дін беріледі. Дін адамға имандық беріп, ғибадат арқылы иманды толықтырады. Толыққан иман өсе келе, Аллаға деген махаббатқа айналады. Осылай Абай көрсеткен «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті»  деңгейге көтерілуге болады. Бұл рухани жетілудің шыңы. Адам өмірінде бұдан жоғары шың жоқ, одан әрі шыбын жан Ғазиз жанмен тоғысып, бірігеді. Бұл деңгей -- толық адам сатысындағы әулие деңгейі. Адамзат үшін бұдан жоғары деңгей болмайды. Бұл жетілу межесі, адам өмірін бағыттайтын шамшырақ, рухани жолдағы маяк. Абайдың «толық адам» идеясы осыны білдіреді. Бірақ бұл жолға түсу үшін өмірді дұрыс пайдалана білу керек. Өмірді дұрыс пайдалану дегеніміз тағдырдың берген бұл құнды силығын дүниенің   қызығы үшін емес, оны рухани жолда жетілу үшін қолануды білдіреді. Ол үшін өмірдің мәні мен мәнісін нақты біліп, оның жетілу жолдағы құрал екенін жақсы түсіну керек.

Сонымен, Абай ілімі бойынша, өмірдің мақсаты – адамның нәпсісін қанағаттандыру емес, оны құрал ретінде пайдаланып, өзін-өзі тану арқылы Түп Иеге қайту екен.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407