Сенбі, 23 Қараша 2024
Ашаршылық 1862 3 пікір 30 Мамыр, 2024 сағат 22:24

Қасіретті жылдар қайта оралмасын!

Көрнекілік сурет: Abai.kz / Ақорда

31 мамыр «Жалпыұлттық келісім және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні»

Нәубет! Бір ғана сөз. Айту былай тұрсын, кездейсоқта ести қалсақ денеміз дір ете қалады. Өйтпегенде ше? Қазақтың сайын даласына төтеннен келген бұл алапат дауылдың қарқыны күшті, ауқымы кең еді.

Шіліңгір шілденің аласұра соққан құйынындай текті даланың арқа сүйер азаматтарын, ұлт жанашырларын үйіріп әкетті. Талай ошақтың отын өшірді. Қаншама ананы - жесір, қаншама баланы - жетім қалдырды. «Үлкен террордың» басталуы 1937 жылдың 5 тамызы деп есептеледі.

Бұл Сталиннің «антисоветтік элементтерді» құрту туралы бұйрыққа қол қойған күні. Осыған орай, политбюроның арнайы шешімімен әр республика бойынша репрессиялануға тиісті адам басына  «квота» белгіленді. Жергілікті партия органдары мен НКВД басқармалары бұл шешімді өте бір өлермендікпен, жанталаса орындап жатты. Тіпті, көпшілік аймақтардан Сталин мен халық комиссары Ежовтың атына «өлім лимитін» өсіріп беру туралы өтініш-хаттар үздіксіз ағылды. Көзсіз конвейер дүрілдеп жұмыс істеп кетті. Ешқандай сотсыз, тергеу-тексеріссіз кез-келген жанды ату жазасына кесіп немесе абақтыға жаба салатын болды.

1937-1938 жылдарда террор жаппай сипат алды. Бұл жылдарда «Алаш» партиясының көрнекті қайраткерлері мен мүшелері Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамбетұлы, А.Байтұрсынұлы т.б. жазаға ұшырады. Оларды «халық жаулары» деп жариялады. Жаңа қазақ әдебиетінің негізін салушылар С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Жұмабаев, М.Дулатов жазаға ұшырап, ату жазасына кесілді. Көрнекті тілші, ғалым, профессор Құдайберген Жұбанов, Санжар Асфендияров, ғылым академиясының басшысы М.Төлепов және басқалары жазалау шараларының құрбаны болды. Қазақтан шыққан тұңғыш елші, тер төге еңбек етіп, аянбай күресе білген Нәзір Төреқұлов та солардың арасында кете барды.

Бүкіл КСРО көлемінде барлық ұлттардың зиялы атаулысы, ғалымдары мен ағартушылары, батырлары мен қолбасшылары, дәулеттілері мен білімділері, діндарлары мен ақындары айдалды, атылды. Тіпті, тұтас ұлттар атамекенінен жер аударылып, намыстары тапталды емес пе? Осының барлығын атышулы «58 статьямен» жүзеге асырып отырды. Атақты «58 статья» РСФСР бойынша 1927 жылы маусымда заңға кірген де, соның негізінде миллиондаған кінәсіз адамдардың тағдырын тәлкек етіп, өмірін үзген.

Қазақстан жерінде жазықсыз жазаға ұшырағандарға арналған лагерьлер пайда болды. Олар: Карлаг (Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг, Балхашлаг, Жезқазғанлаг, ЧСИР (отанға опасыздық жасағандар отбасыларының мүшелеріне арналған лагерь). Кейіннен ол «АЛЖИР» (халық жаулары әйелдерінң Ақмола лагері) болды. «АЛЖИР-де» репрессия құрбандарының әйелдері, аналары, қыздары азап шекті. Осы лагерьде мемлекет және қоғам қайраткері  Нәзір Төреқұловтың әйелі Нина Төреқұлова өзінің 8 жыл азапты өмірін өткізген.

1988 жыл – қуғын-сүргін құрбандарын еске алудың айтулы жылы. Дәл осы жыл – шындық үшін күрескен, ұлт тағдырының жанашыры болып, қазақ санасын оқу-білімге бұрған бірқатар боздақтың қазаққа қайта оралған кезі. Сондықтан да ол атаулы жыл тарих сахнасында мәңгі қалады. Ұлттық рухымызды асқақтатқан азаматтарымыз қайта оралғанымен, олар сол кезде әлі терең зерттеліп, зерделенген жоқ еді. Біздің тарихымыздың шындығы егемендігімізді алып, елдіктің көк туы желбірегенде барып шынайы бетпердесін түрді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жыл – «Жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», 31 мамыр – «Саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні» болып жарияланды.

Қорыта келе, биыл 1937-1938 жылдары қазақ тарихында орын алған жаппай репрессияның басталғанына 87 жыл. Алашорда үкіметінің құрылғанына 107 жыл толып отыр.

«Елім, халқым!» деп жанын пида еткен ұлыларымызды ұлықтауда қаламыздағы Нәзір Төреқұлов музейінде жыл сайын дәстүрлі іс-шаралар өткізіліп отырылады. Түркістан қаласының әкімшілігі мен музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Н.Төреқұлов атындағы музейде 31 мамыр «Жалпыұлттық келісім және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» өткізіледі.

Айжан Жайынбаева

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443