Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 5101 0 пікір 24 Желтоқсан, 2013 сағат 03:51

Оралманофобия (жалғасы)

Ащы да болса айтуға тура келетін шындықтың бірі – қоғамымызда оралмандарға қатысты жекелеген теріс пікірлердің болуы. Басқасы басқа, кейбір қазақтардың өзінің шетелдік қандастарына «оралман» деп, мұрын шүйіріп, кейбіреулері күндеп, «Оралмандар жеңілдік алатындай Қазақстанға қандай еңбек сіңіріп еді?» - деп алакөзбен қарайтыны қынжылтады. Тіпті, «Оралмандар - қиын кезеңде елді тастап қашқандар» деп кінәлайтын «біздің» қазақтар баршылық. Қарапайым халық не айтса да, өзара күңкілдеумен шектелетіні белгілі. Қараша халық айтар да қояр десек, ресми адамдарға қатысты олай дей алмаймыз. 2011 жылғы 6 қыркүйекте Алматыдағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында «Этникалық көші-қон: құрылтай шешімдері және жаңа заң» атты дөңгелек үстел өтіп, оған  шетелдегі қазақтардың бірлі-жарым өкілі, көші-қон комитеті, сыртқы және ішкі істер,  білім министрліктерінен қызметкерлер, қазақ көшіне алаңдап, алыстағы ағайынның атажұртқа оралуына атсалысып жүрген азаматтар қатысқан. Осы жиынды жүргізген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев арыз-шағымы бар оралмандарға қырын қарап, жекіп сөйлеп, тіптен дүйім жұрттың алдында қандастарымызға: «Оралмандарды ұрғаным бар. Сыйласып жүрміз бе, сыйласып, адам сияқты жүріңдер.

Ащы да болса айтуға тура келетін шындықтың бірі – қоғамымызда оралмандарға қатысты жекелеген теріс пікірлердің болуы. Басқасы басқа, кейбір қазақтардың өзінің шетелдік қандастарына «оралман» деп, мұрын шүйіріп, кейбіреулері күндеп, «Оралмандар жеңілдік алатындай Қазақстанға қандай еңбек сіңіріп еді?» - деп алакөзбен қарайтыны қынжылтады. Тіпті, «Оралмандар - қиын кезеңде елді тастап қашқандар» деп кінәлайтын «біздің» қазақтар баршылық. Қарапайым халық не айтса да, өзара күңкілдеумен шектелетіні белгілі. Қараша халық айтар да қояр десек, ресми адамдарға қатысты олай дей алмаймыз. 2011 жылғы 6 қыркүйекте Алматыдағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында «Этникалық көші-қон: құрылтай шешімдері және жаңа заң» атты дөңгелек үстел өтіп, оған  шетелдегі қазақтардың бірлі-жарым өкілі, көші-қон комитеті, сыртқы және ішкі істер,  білім министрліктерінен қызметкерлер, қазақ көшіне алаңдап, алыстағы ағайынның атажұртқа оралуына атсалысып жүрген азаматтар қатысқан. Осы жиынды жүргізген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев арыз-шағымы бар оралмандарға қырын қарап, жекіп сөйлеп, тіптен дүйім жұрттың алдында қандастарымызға: «Оралмандарды ұрғаным бар. Сыйласып жүрміз бе, сыйласып, адам сияқты жүріңдер. Жөні жоқ есіріп, құтырмаңдар!» деп кіжінгенін БАҚ өкілдері бүкіл елге таратып жіберді. «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» деген дардай аты бар ұйымда оралмандар осындай теперіш көрсе, өзгесін айтпай-ақ қойсақ та болар...

Жаңаөзен оқиғасының қарсаңында жекелеген ресми билік өкілдері де оралмандарға қатысты ойларын жария айта бастады. Тимур Құлыбаев 2011 жылғы 29 қыркүйекте Астанада өкен «Expert» пікірталас клубының отырысында Жаңаөзендегі ереуілшілерді «Түркіменстан, Қарақалпақстаннан тұтас ауыл болып көшіп келіп жатқан оралмандар. Оларда өздерінің Қарақалпақстаннан бірге келген ресми емес жетекшілері бар. Ол жаққа келетін адамдар санын баяғыда-ақ шектеу керек еді» деді. Т.Құлыбаев бұл ереуілге жергілікті қазақтардың еш қатысы жоқ екенін баса айтқан. Сөйтіп, қазақ қоғамында «Оралманофобия» ашық бой көрсете бастады. Сол сияқты, 2012 жылғы 12 қаңтарда Лондондағы Чатэм Хаус атты Корольдік халықаралық қатынастар институтында сөз сөйлеген Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Е. Ертісбаев елдегі саяси-әлеуметтік ахуалға қатысты биліктің ресми ұстанымын жария еткен. BBC-дің орыс қызметінің жазуынша, бұл жолы Чатэм Хаус өз ережелеріне өзгеріс жасап, баяндамашының сөздерін баспасөзде жариялауға рұқсат берген. Азаттық радиосы осы кездесуге қатысқан Лондон университетіне қарасты Шығыстану және африкатану мектебінің доценті Бавна Давемен қысқаша сұхбаттасқан.  Б. Давенің айтуынша, Е.Ертісбаев сараптамасының бірінші сөйлемінде-ақ Жаңаөзендегі мәселелер қате көші-қон процесінің шарықтау шегі екендігін айтқан. «Сосын Е.Ертісбаев Жаңаөзен халқының саны соңғы 15-20 жылда Өзбекстан мен Түркіменстаннан келген мигранттардың себебінен екі есеге жуық өсіп кеткеніне баса назар аударды. Оның «мигранттар» деп оралмандарды меңзеп отырғаны түсінікті» - дейді Б.Даве.

«Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, алпауыт жұмыс берушілер мұнайшы жұмысшылардың табан ақы, маңдай терімен тапқан жалақысын уақытында беріп, қарапайым еңбекшілердің мұң-мұқтажын елеп-ескеріп отырса, кәсіподақ пен мемлекеттік билік тиісті қадағалауын жасаса, Жаңаөзенде қанды қырғын орын алмасы анық еді. Бұған оралмандардың қандай қатысы бар екенін дүйім жұрт сол бойы түсіне алмай қала берді.

Мұнымен қоса, ақпарат құралдарында оралмандар туралы жағымсыз  пікірлер де бой көрсетіп қалады. Реті келіп тұрғасын, Ж. Мәкішевтің «Орыстар оралмандардан неге қорқады?» деген 2011 жылғы 23 желтоқсанда Abai.kz сайтында жарияланған мақаласынан үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік: «...RussiansKz.Info сайты еліміздегі бүйректен сирақ шығаруға құмар Ғаламтор порталдарының бірі екенін бәрі біледі. Жуырда осы сайттың бетінде «Оралмандар «ордасы» Қазақстанның саяси тұрақтылығына қауіп төндіруде» деп аталатын арандатушылық бағыттағы тағы бір мақала жарық көрді. Кейін білсек, бұл мақала «Оралмандар жәй ғана қауіп емес, қауіптің 100 пайыз өзі!» деген атпен www.centrasia.ru сайтында басылған екен. Өкінішке қарай, авторы өзге ұлттың өкілі емес, Сырым Жұмажанов деген қазақ ныспылы біреу болып шықты. Уызына жарымаған бауырларымыздың бірі болар деп пайымдадық. Бірақ, «отқа май құйғанды» қатты жақсы көретін RussiansKz.Info сайты бұл мақаланы көшіріп алып «Оралмандар «ордасы» Қазақстанның саяси тұрақтылығына қауіп төндіруде» деген атпен қайта басқан. Аталған сайт мақаланы: «Оралмандардың сөзіне құлақ аса берсек, оларды басымызға шығарып аламыз» деп түйіндепті. Қазақтың өзі ғана шешуі тиіс мәселеге бәзбіреулердің неге бас ауырта беретіні түсініксіз. Әркім өз орнын білуі керек емес пе? Ал, бұлар тағы да Қазақтың ішкі ісіне жөнсіз араласып отыр. Бұны бізді басынғаны дейміз бе, әлде айтаққа қосылып үргені дейміз бе? Әйтеуір, жоқ жерден жаңалық ашып отырғандары анық. Ас-суымызды ішіп отырып, Қазаққа қарсы қылық көрсететін «орекеңдердің» мұндай тұрпайы тірлігіне ет үйренген. Сөз саптауларына қарағанда, мақала авторлары тарихи отанына қайтып жатқан «оралмандардан» кәдімгідей сескенетін сияқты. Себебі түсінікті. Күн сайын өрісі тарылып бара жатқан «отандастарымыз» Қазақтың өз арасындағы болмашы кикілжіңді ушықтыра түсіп, оралмандар мәселесін өз пайдасына шешпек» (сілтеме: abai.kz/node/11966) - деп мақала авторы өзінің қынжылысын білдірген. Иә, бұл ойландырарлық жәйт. Біз қашанда «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатынын ұмытпайық, жері кең, халқы аз Қазақстан үшін маңызды мәселе - демографиялық ресурс пен адами капиталды күшейту.

Оралмандарға қатысты тағылатын «кінәлардың» бірі – квотаға бөлінген ақшаны алып алған соң, қайтадан шетелге қашып жатыр деген қауесет. Ойлап қарасаң, қисыны жоқ жала. Қазақстанға алғаш келген этникалық қазақ оралман мәртебесін алғанша шетелдік азамат болып табылады. Шетелдің азаматы қазақстандық заңнаманың қалтарысты тұстарын, бөтен елдің заңын бұзу арқылы алаяқтық жасауды қайдан білсін. Бірді-екілі жылпос оралмандар бар да болар, бес саусақ бірдей емес қой. Бірақ, «Бір құмалақ бір қарын майды шірітетіні» сияқты, кейбір оралманның қылмысы үшін бүкіл оралман қауымына күйе жағуға болмас.

Қалай болғанда да, бәленің бәрі өзіміздің еліміздің ішінен шығып жатыр. Яғни, «Күріштің арқасында күрмек су ішетін» жағдай қалыптасып отыр. 2003-2004 жылдары қабылдануға тиіс 15 мың отбасының 13807 ғана оралғандықтан, Үкімет ел-елге бөлген квотаның шектеуін алып тастады. Бюджет қаржысы игерілмей қалатындықтан, квота бойынша баспана берілетін тәртіп те өзгеріп, үй орнына нақты ақша бөліне бастады. Оралман отбасындағы жан басына белгілі бір мөлшерде (1000 АҚШ доллары шамасында) қаражат тағайындалды, бір отбасы адам санына қарай орта есеппен 1 миллион теңгеге жуық  жәрдемақы алатын болды. Бұл  жемқор­лыққа кеңінен жол ашты. Жалған құжат жасап, оралманға бөлінген ақшаны талан-таражға салу белең алды. Мысалы, 2008 жылы баспасөз бетінде Ақмола облысына келген 700 оралман отбасының жәрдемақы алысымен ізім-ғайым жоқ болып кеткені айтылды. Кейінірек, ол облысқа 700 оралман  отбасы­ның өздері емес, жалған құжаттары ғана барғаны белгілі болды. Бұл бір облыста кемінде 700 миллион теңге қолды болды деген сөз. Шетелдегі қазақтарды сыртынан квотаға енгізіп, заңсыз ақша табу әрекеті осы кезеңде көбейді. Ел ішідегі кейбір жемқор қазақ пен шетелдік жылпос қазақ «тандем» құрып, қу құлқынның құлына айналды. Сөйтіп, «Нұрлы көшті» қожыратты, іргелі істі іштен ірітіп, кесірін жалпы қазаққа тигізді.  Осының салдарынан пәтер беруде алданған оралмандар да жетерлік. "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша елге оралып, квотамен Курчатов қаласынан пәтер алуы тиіс 10-нан астам оралман отбасы қағазбастылықтың кесірінен үйсіз-күйсіз арып-ашып, бүгінде Қытайға қайта көшіп кеткенін журналистер қауымы шулап айтты. Өз елі өзегінен тепкендерге оңай тиіп тұрған жоқ. Қазақ еліне «оралман» болып сіңбей, қайтып келгендерді Қытайда «қарабет» деп кемсітетін көрінеді. Оңтүстік Қазақстанда қаншама оралман отбасы жер аламыз деп алаяқтарға жем болды. Одан қалды, қарақалпақ, ұйғыр, дүнген, қытайды  шетелдік этникалық қазақ деп рәсімдеп жіберу фактілері де орын алды. Тіпті, келеңсіздіктің асқынғаны сонша, бұл мәселе туралы Елбасының өзі оқитын республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Оралмандар­ды орналастырудағы оралымсыздықтар» (25.10.2005), «Көші-қон және жаңа заң» (25.05.2010), «Оралман көші: күдік пен үміт», «Адал жолдың азабы» (24.07.2012) сияқты түрлі материалдар жарияланды, телеарналарда небір репортаждар жасалып, Азаттық радиосы оралмандардың алдануы жайлы арнайы зерттеу де жүргізді. Қайсы бірін тізе береміз, «Нұрлы көштің» соңы «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» дейтін жағдайға ұқсап кеткені өкінішті-ақ... Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында жазушы Д.Исабеков сөз алып, Елбасына оралмандарға қатысты орын алып отырған алаяқтық фактілерді жоюды, айыптыларға әділ жаза беруді өтініп сұрады. Д. Исабеков Моңғолиядан келген 800 қазақтың қайтадан Моңғолия азаматтығын сұрауының себебін оралмандардың квотаға алмақшы ақшаларын қазақстандық алаяқ азаматтар иеленіп кетіп, тақырға отырғызуы деп мәлімдеді.

Сондай-ақ, оралмандар есебінен жеке бастарын байытуға тырысатындар да жетерлік. Бір ғана мысал: Шығыс Қазақстан облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімін басқарған Жанэт Нұрлан деген шенеунік «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша «Шығыс» ауылындағы оралмандарға үй салуға бөлінген 500 млн. теңге қаржыны қалтасына басып, қашқаны белгілі. Тексеру барысында оралмандарға арналған 300-ге тарта жаңа үйдің 170-і жарамсыз екені анықталған. Кейін тергеуде жатқан күдікті ұрлаған қаржының 150 млн. кері қайтарып, «Шығыс» ауылындағы 70-ке жуық үй қайта жөнделген. Алаяқтар құрылыс бағасын арзандату мақсатында үйдің жылу жүйесін тұтынушыға қымбатқа түсетін электр энергиясына қоса салыпты. Қыс бойы азап көрген оралмандар көктемде Өскеменге кіреберіс жолды жауып тастаған соң ғана бұл қылмыстың беті ашылды. Ақырында, аңғал оралман ағайындар электр энергиясына 42 млн. теңге қарыз болып шықты. 

«Іштен шыққан жау жаман» екенін осындайда түсінесің. Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар салаларды жемқорлықтың жаулауы – ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қатер болып табылды. Оралмандардың құқықтарын пайдалана отырып, алдау-арбау арқылы мал табуды үйренген баукеспелердің кесірінен еліміз үшін мәні зор «Нұрлы көшіміз» дағдарып тұр. Ал, оралмандар болса, алданып сергелдеңге түскендері былай тұрсын, «пайда үшін отанын сатқан опасыз» деген қара күйені өздеріне қалай жағып алғандарын білмей абдырап жүр. Қысқасы, оралмандармен жұмыс істейтін өкілетті органдардағы сыбайлас жемқорлықтың салдарынан «Айран ішкен құтылып, қазан жалаған тұтыладының» кері келіп отыр. Оралмандардың «нұрлы көшінің» тізгінін ұстағандар шеттегі қазақтарды елге көшірудің, құжаттандыру мен орналастырудың тиімді жолдарын қарастырмады. Этникалық көші-қонда орын алып отырған кемшіліктер дер кезінде түзелмеді, жемқорлыққа арқау болып отырған алығышарттар мен себептер жойылмады. Сырттан келген қазақтарды ортаға үйлестіру, бейімдеу мен интеллектуалдық потенциалын, білімі мен біліктілік қуатын, өзге де қабілеттерін ашуға жеткілікті назар аударылмады. Атқарушы билігіміз көшіп келген қазақтарды көбіне азаматтық беріп, аймаққа бөліп, тіркеумен ғана шектелді. Ары қарай білгеніңді істе, өз күніңді өзің көр деген салғырттық әлі күнге дейін орын алып отыр. Жеңілдетілген азаматтық алу құқығы болған кездің өзінде оралман ағайындар уақытша құжат ұстап, бір жарым-екі жыл шамасында азаматтық ала алмай жүретін. Енді, бұл аз болғандай, түзде де, үйде де теперіш көруден көз ашпаған оралмандардың жағдайы одан сайын қиындамақшы. Бұған не себеп болып отыр? Енді осы сұраққа долбарлап жауап іздеп көрейік. Әрине, жоғарыда қарастырылған мәселелер оралмандардың имиджін шайқалтып, Елбасы мен ел халқы алдында оралманның жағымсыз образын қалыптастыруға беолгілі бір дәрежеде ықпал еткен де болар. Бірақ мәселе тереңде жатқан сияқты.

Бәрімізге белгілі, 2012 жылғы 22 қарашада Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) жасырын дауыс беруі нәтижесінде Астана EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын болып таңдалды.  EXPO -2017 тендерін ұйымдастырушылар бұл көрмені өткізудің жалпы құны кем дегенде 2,3 млрд. доллар, яғни, қабылдаушы тарап осынша қаражат жұмсай алатындай болуы тиіс деген талап қойды. Экономикалық дағдарыс жағдайында қаржылық тәуекелге барудан Канада, АвстралияИспанияФранцияНорвегия, Сербия және т.б. елдер бас тартып, өздерінің көрме өткізуге берген өтініштерін қайтарып алды. Ақырғы дауыс беруге екі қала ғана кандидат ретінде ұсынылды: Астана мен Бельгияның Льеж қаласы. ХКБ-ге мүше 161 елдің өкілдерінің жасырын дауыс беру барысында Астананың өтінімін 103 ел қолдады. ХҚБ талаптарына сай көремені өткізуге белгіленген үш ай ішінде Астана қаласының әлемнің 100 мемлекеті мен халықаралы ұйымдардан кемінде 4 млн адамды қабылдайтындай шамасы болу керек. EXPO-2017 өткізу ТМД аумағында тұңғыш рет Қазақстанға ғана бұйырып отыр. Бұл үлкен абырой әрі жауапкершілігі өте ауыр халықаралық іс-шара. Мемлекеттік бюджетке де айтарлықтай ауыртпалық салары сөзсіз. Осыған байланысты, Қазақстан экономикасы үнемдеу режиміне өтіп жатқан сыңайлы. 2013 жыл зейнеткерлікке шығу жасын көтеру, алым-салық деңгейін арттыру, бұрын болмаған жаңа салық түрлерін ендіру, кейбір өтемақыларды қысқарту, тұтыну тарифтерін өсіру, оралмандарға азаматтық беру мерзімін ұзарту сияқты дау-дамайлы заң жобаларын талқылаумен есте қалды. Зейнеткерлердің ашу-ызасын келтірген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Әбденов отставкаға кетіп тынды. Ал, Экономика министрі Е.Досаев болса, заңнамалық бастамаларының бәрін қабылдата алды: салықтарды көтерді, жаңа салықтарын ендірді, қазақтардың ашуланғанына қарамастан, оралмандарға азаматтық беру мерзімін де төрт жылға дейін создырып бекіткізіп алды. Енді, «Алла тағала қайырын берсін, Қазақ елінің мәртебесі арта берсін!» деп тілеуден басқа, қолдан келер қайран жоқ. Мың өліп, мың тірілген қазақ төрт жылға да шыдар. Бірақ, Атамекенді бағытқа алған шетелдік қазақтардың көші қожырап қалуы әбден мүмкін.

Жалпы, түйіндеп айтар болсақ, әлемдегі кез-келген Қазақстан секілді ұлттық унитарлы мемлекет үшін тұтастық пен тәуелсіздікті сақтаудың негізгі шарттарының бірі – азаматтарын біртұтас халық етіп біріктіру. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері атқарылған ауқымды шаралардың бірі – қандас бауырларымыздың тарихи отанына оралуына құқықтық тұрғыдан негіз қалап, сыртқы көші-қон жұмыстарының қолға алынуы. Қазақ елінің болашағы үшін маңызы зор осы үлкен тарихи үрдістің, яғни, Ұлы көштің басталуына қозғау салған Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың игі бастамасы еді. Соның арқасында миллионға тарта қандасымыз елге оралды, бірақ, төрт жарым миллионнан астам қазақ шетелдерде тарыдай шашылып жүр. Жатжұрттық қандастарымыз ХХ ғасырда орын алған кеңестік келеңсіз саясаттың құрбандары екенін ұмытпайық. Олар ұзақ уақыт жырақта жүрсе де, қазақ тілін, ділі мен дінін сақтап келді. Өкінішке орай, өзге елдердегі қазақтарға толыққанды қолдау көрсете алмай келеміз, олар қазақ тілі мен мәдениетін сақтап, одан әрі дамыту жағынан қысымшылықтар көруде, жымысқы ассимиляциялық саясаттың зардабын тартуда. Осылай жалғаса берсе, шет мемлекеттік қазақтардың келер ұрпағы ұлттық гендік қорын жойып алу қаупі бар. Сондықтан, шетелдегі этникалық қазақтарды барынша тез Қазақстанға жинауға күш салып, «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасын қайта жандандыру өткір қажеттілік болып табылады. Яғни, этникалық көші-қонда бұрын орын алған олқылықтардан сабақ ала отырып, мемлекеттік қадағалауды күшейту арқылы ашық әрі мөлдір құқықтық жолмен жалғастыруымыз қажет. Мысалы, Израиль «Алия» деген репатрианттарды еврей жеріне жинау саясатын жүз отыз жылдан астам уақыт тоқтатпай жүргізіп келеді. ХХ ғасырда «Алия Бет», «Қыран қанаты», «Сиқырлы кілем», «Моше», «Соломон» сияқты арнайы операциялар жүргізіп, холокост, түрлі репрессиялар мен геноцидтерден еврейлерді аман алып қалды. Бір ғана «Қыран қанаты» операциясы барысында Израиль 1949-1950 жылдары Иемендегі 50 мың еврейді дамыл таппай, ұшақпен тасып алған. Бір заманда тоз-тоз болып, қайғы-қасірет шеккен еврей халқы қазір Таяу Шығыстағы жұмылған жұдырықтай мықты мемлекет. Әрқашан ұқыптылығымен ерекшеленетін неміс ұлты да репатриация мәселесіне асқан мұқияттылықпен қарап, 1990-2000 жылдар аралығында ғана 2 млн. аса неміс қандастарын ың-шыңсыз көшіріп алды. Жалпы, 1950 жылдардан бастап қазіргі кезге дейінгі статистика бойынша Германияға шет елдерден 4,5 млн. этникалық неміс оралған. Олардан қазақтың несі кем? Қазақстан алға басқан этникалық көші-қонды кері артпай, әлемдік тәжірибедегі осындай озық үлгілерден сабақ алуы қажет. Оралмандарға қатысты қабылданған қатал заң райынан қайтып, қайта қаралатын сәт те туар.

Оралмандардың елге оралуы еліміздің көркеюіне, біртұтас болуына игі ықпал етпек. Олардың интеллектуалдық әлеуеті, біліктілігі, өмірлік тәжірибелері мен іскерлік қасиеттері Қазақстанның нығаюына қызмет жасайтын болады. Бұған қоса, мемлекеттік тілдің нығаюына, титулды қазақ ұлтының күшеюіне де айтарлықтай үлес қосылмақ. Әсіресе, 35 жасқа дейінгі шетелдік жас қазақтарды Қазақстанға тартуға стратегиялық басымдық берілуі қажет, өйткені, жастар жаңа ортаға тез бейімделеді, білім алу, еңбек ету, демографияға үлес қосу әлеуеттері де аса зор. Сәйкесінше, еліміздің дамуына қай жағынан болса да, өздерінің үлестерін қосары даусыз. Сондықтан, 35 жасқа дейінгі оралман қазақтарға ешбір шектеусіз, жеңілдетілген жолмен Қазақстанның азаматтығын алуын ерекше қарастырғанымыз жөн.

Шетелден келген бауырларымызбен бірге жаңа леп,  жаңа рух келгенін көріп те жүрміз. Құдайға тәубә, оралман қазақтардың қатарында қаншама өнер саңлақтары, дарабоз спортшылар, ғалымдар мен шығармашылық қауым өкілдері, білгір мамандар мен кәсіпкерлер тарихи отанына келіп, Қазақстанның атын әлемге шығарып үлгерді. Олардың ғаламдық ақпарат айдынына тікелей шығуымызға, сол арқылы орыс тіліне деген тәуелділіктен арылуға да септігін тигізетініне сеніміміз мол. Кейбір ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлеріміздің жаңғыруына қандастарымыз ықпалын тигізуде. «Бар қазақ – бір қазақ» деген ұстанымды дамытып, күшті ұлт болып ұйыссақ, елдігіміз баянды болмақ.

Сейілбек Мұсатаев, саяси ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану кафедрасының профессоры

Cоңы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1531
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3311
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5980