Көрұғлы – тұтас түркінің бел баласы
Жуырда Түркияның Болу қаласында «Көрұғлы» дастанын әспеттеген халықаралық фестиваль өтті. Оған бүкіл түркітектес елдердің өкілдері қатысты. Осы орайда белгілі журналист, зерттеуші Ахмет Аляздың тұтас түркіге ортақ «Көрұғлы» тарихи кейіпкері туралы зерттеуін жариялағанды жөн көрдік.
Фольклорда көп кездесетін мотивтердің бірі таңғажайып жағдайда дүниеге келген кейіпкерге есім беру. Алайда кейіпкерге ат қою жеке мотив ретінде фольклортануда арнайы зерттелмей келеді.
Оның себебі, біздіңше, болашақ батырдың ғажайып жағдайда өмірге келуіне байланысты болса керек. Зерттеушілердің көпшілігі кейіпкердің қандай есімге ие болғанын ғана айтып, сонаң соң оның қандай жағдайда дүниеге келгеніне тоқталады. Әрине, қаһарманның ғажайып тууы мен ерекше есімге ие болуы – бір-бірімен тығыз байланысты мотивтер. Батырдың дүниеге келуінің өзі әдеттегіден өзгеше болуы оның айрықша адам болатынын көрсетеді, ендеше, оған бөлекше есім берілуге тиіс. Міне, халықтың түсінігі осы. Ал фольклорда бұл түсінік фольклор эпикасына сәйкес баяндалады. Мұндай жағдай, яки қаһарманның ерекше тууы мен соған сәйкес атқа ие болуы фольклордың барлық эпикалық түрлерінде кездеседі.
Жуырда Түркияның Болу қаласында «Көрұғлы» дастанын әспеттеген халықаралық фестиваль өтті. Оған бүкіл түркітектес елдердің өкілдері қатысты. Осы орайда белгілі журналист, зерттеуші Ахмет Аляздың тұтас түркіге ортақ «Көрұғлы» тарихи кейіпкері туралы зерттеуін жариялағанды жөн көрдік.
Фольклорда көп кездесетін мотивтердің бірі таңғажайып жағдайда дүниеге келген кейіпкерге есім беру. Алайда кейіпкерге ат қою жеке мотив ретінде фольклортануда арнайы зерттелмей келеді.
Оның себебі, біздіңше, болашақ батырдың ғажайып жағдайда өмірге келуіне байланысты болса керек. Зерттеушілердің көпшілігі кейіпкердің қандай есімге ие болғанын ғана айтып, сонаң соң оның қандай жағдайда дүниеге келгеніне тоқталады. Әрине, қаһарманның ғажайып тууы мен ерекше есімге ие болуы – бір-бірімен тығыз байланысты мотивтер. Батырдың дүниеге келуінің өзі әдеттегіден өзгеше болуы оның айрықша адам болатынын көрсетеді, ендеше, оған бөлекше есім берілуге тиіс. Міне, халықтың түсінігі осы. Ал фольклорда бұл түсінік фольклор эпикасына сәйкес баяндалады. Мұндай жағдай, яки қаһарманның ерекше тууы мен соған сәйкес атқа ие болуы фольклордың барлық эпикалық түрлерінде кездеседі.
Белгілі фольклортанушы Шәкір Ыбыраев: «Қаһарманға ат қою ежелгі салт бойынша үлкен оқиғамен байланысты. Көне эпостарда кейіпкер өсе келе алғашқы ерлік жасағаннан кейін ғана оған рудың ақсақалдары ат қойған. Бұл салт «Қорқыт ата кітабында» да толық сақталған (Мәселен, майданда бұқамен жекпе-жекке шығып, оны жеңгені үшін жас батырды Бұқаш хан деп атайды). Қазақ жырларында батырдың желеп-жебеушілері жиналған топқа ақ сақалды шал бейнесінде келіп, ат қою сақталған. Алайда бұл оқиға болашақ батырдың алғашқы ерлігімен байланысты емес, оның дүниеге келген нәресте шағында-ақ ат қойылады», – деп жазған.
Көрұғлының есіміне қатысты қазақ және түрік нұсқаларын саралай келе айтпағымыз, «көр» сөзі түрік тілінде «зағип», «соқыр» мағынасын берсе, қазақ тілінде түрік тіліндегідей зағип мағынасымен бірге, «мазар» дегенді де береді. Тегінде қазақ нұсқаларында Көрұғлыны мазарда туған тұрпатында қолданады. Яғни түрік тілінде Көрұғлы әкесі «көр» мағынасын берсе, қазақ тілінде Көрұғлы «мазардың баласы» мағынасын береді. Бұл мәселеге Көрұғлының бұл есімді қалай алғандығын талдағанымызда кеңірек тоқталып өтеміз.
Ал, «Көрұғлы» жырында басты кейіпкерге Көрұғлы есімінің берілуі эпизоды түрліше құбылады. Түрік нұсқаларының көпшілігінде билеуішінің Көрұғлының әкесінің көзін ойып алуына байланысты, оның ұлына соқыр, зағиптың баласы, яғни көрдің ұлы деген мағынадағы «Көрұғлы» есімінің қойылғаны айтылады. Қазақ нұсқаларында Көрұғлының шешесінің көрінде дүниеге келгендіктен, оның көрде туылған бала мағынасын беретін «Көрұғлы» есімін алғандығы жырланады. Дегенмен, түрік және қазақ нұсқаларының әрқайсысында кейіпкерге Көрұғлы есімінің берілуінің өзіндік ерекшелігі бар. Сондай-ақ фольклортанушылар кейіпкерге бұл атаудың берілуі хақында әртүрлі қисынды көзқарастар білдірген.
Белгілі ғалым Шәкір Ыбырев «Қорқыт және шаманизм» атты зерттеуінде көр сөзі туралы былай дейді: «Байырғы түріктерде көр (гөр) сөзі кісі есімімен байланысты қолданылғандығы белгілі: Гөрхан, Көртегін, Көроғлы т.б. Бұл сөздің мағынасы: 1. көрі, көру, қарау (осыдан күн көру, қиындық көру т.б.), 2. Мола, адам өлгенде жататын орын. «Көрұғлы» атты түркі халықтарының эпикалық дастандарында бас кейіпкер шешесі өліп көрде туады, ал келесі бір нұсқаларда әкесін патша көр (соқыр) қылып қойғаннан кейін өмірге келген.
Ал Көртегін туралы аңызға жүгінер болсақ, ол былай: «өгей шешесі Көртегінге ғашық болып, бірақ оны дегеніне көндіре алмағандықтан, әкесі Буғра ханға аярлықпен жамандап, екі көзін ойдыртып тастайды...»
«Баласағын шаһарына келіп билік жүргізген бір адамды Гөрхан деп атаған. «Гөрдің» мағынасы қытай тілінде «Ұлы патша» деген сөз», – деп жазады Әбілғазы.
Демек, көр (гөр) сөзі көздің көруімен де, көрмен (моламен) де байланысты, ұлылықты, күштілікті білдіретін мағынасымен де кісі атына тіркеле беретіні анық болды.
Ал фольклортанушы Бақытжан Әзібаева көр сөзі туралы өз тұжырымында мынадай пікір білдіреді: «Баланың көрде тууы» мотиві – кең тараған мотивтердің бірі. Ол көне грек мифологиясынан, парсылардың екі ғашық – Шеризат пен Гүлшат туралы хикаясынан белгілі. Сол хикаяның ізімен жырланған қазақтың «Қарқабат», «Шеризат-Гүлшат» дастандарында да болашақ кейіпкер Шеризат осы іспеттес жағдайда дүниеге келеді. Оның әкесі кенеттен сырқаттанып дүние салады. Ал дұшпандары қайтыс болған патшаның заңды мұрагерін жою үшін екі қабат патшайымның көзін құртуды ұйғарады. Бала өлі анадан туады. Оны арыстан асырайды, сондықтан оның аты – Шеризат (шер \п\- арыстан, жолбарыс). Ол арыстандай батыр болып өседі. Яғни Шеризаттың өлі анадан туылу тарихын баяндайтын әңгімеде ертеректе, ана еркі дәуірінде пайда болған тотемдік культтердің қалдықтары мен одан көп кейін феодолизм заманында қалыптасқан «ерекше жағдайда туу» мотивінің ең қайғылы көрінісі араласып, сабақтасып кеткен.
Қазақ эпосында бұл сияқты сюжеттер жоқтың қасы. Оның есесіне, бізде «Шалхан хан» атты ертегі бар. Бұл ертегіде жалғыз қызын күңнің баласына бергісі келмеген хан көріпкелдің айтқанына нанып, бала дүниеге келмеуі үшін екі қабат әйелді өлтіруге бел буады, бірақ күйеуінен құтыла алмайды. Осы мотивтің байырғы түріктердегі көрінісі туралы Әуелбек Қоңыратбаев: «Сөйтіп, көрден шығу – бүкіл түркі, Алтай тайпаларына тән аңыз, бірақ оны төтелей түсінуге бола бермейтін сияқты», – деп жазады.
Ал кейіпкер есіміне келер болсақ, ол эпостың батыс нұсқаларында әкесінің екі көзі ойылып көрі, яғни соқыр болуына байланысты көрсоқыр баласы, яғни Көрұғлы деп аталғаны айтылады (ол нұсқаларда баланың көрде туылғаны туралы ештеңе айтылмайды). Ал қазақ және басқа да ортаазиялық мәтіндерде кейіпкер есімінің этимологиясы оның көрде туғанымен түсіндіріледі, сонымен қатар бұл нұсқаларда да баланың әкесі көзінен айырылған көрсоқыр жан болады.
Атап айтатын жайт – «көрі» – парсы сөзі. Фольклортануда Әуелбек Қоңыратбаев көр терминіне қатысты мынадай тың пікір айтқан-тын: «Көр» деген сөздің мағынасы мола емес, оғыз-окс, ұғыр, гор, ұғыш, хойхар (ұйғыр) дейтін оғыз тайпаларының этнонимдік атынан шығады. Бүкіл Азия, Кавказға ортақ жырлар сол оғыз заманында туып, түрліше атауда көрінеді. «Көр» – (оғыр) деген сөз болса (Горхан), ұғыл – түрікше батыр деген сөз. Бұл реттен Бозұғлан, Көрұғлы, Алпамыс, Манас, Манаш, Құбаханбай, Құба қыпшақ (Гоби елі), Құбағлан, Қазан, Қосай, Көкше, Қозы, Бәміш, хұнн-хар деген сөздердің түбірі бір. «Окс, оғыз» атаулары сақ-хұн дәуірінен соң туған (б.э.д ІІ, б.э VII ғ) сөз, бүкіл Алтай түріктерінің ортақ аты болған еді. Сондықтан, біз «Көрұғлы» деген сөздің этнонимдік негізі «оғыз батыры», «ұлы батыр» деген мағынаны береді деп ойлаймыз. Мұны жырдағы көшпелі өмір суреті, нанымдар, әсіресе, географиялық атаулар мен ономастика дәлелдейді». Дегенмен, Әуелбек Қоңыратбаевтың бұл пікірі әлі де зерттеуді қажет етеді. Өйткені оғыз тілі мен қыпшақ тілі емес, араб, парсы, қытай, моңғол тілдерінің материалдары мен заңдылықтары негізге алынуы керек.
Рахмет Мәзқожаев нұсқасында көрде туған баланы алақанына салып аялаған шілтендер оның атын Көрұғлы деп қояды. Жалпы, жырда кейіпкердің көрде туылғаны ерекше назарға алынады. Пірлердің Ақанайға берген аянындағы: «Көр ішінде туасың, Ішіңдегі баланы», сондай-ақ, «Саламат көр ішінде туды бала, «Көр ішінде бір арыстан туыпты» деген жыр жолдары баланың көрде туғанын айғақтаса керек-ті. Балаға көрде өмірге келгені үшін Көрұғлы есімінің берілгенін Күләйімнің түсіне шілтендер аян беріп: «Баланың атын біз қойдық, Көрден шыққан Көрұғлы» деген сөздерінен анық көруге болады.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев нұсқасында кейіпкерге Көрұғлы есімін шілтендер бермейді. Шілтендердің кейіпкердің анасы Алтыншашқа көрде жатып бала туасың деп аян бергені де айтылмайды. Бірақ Алтыншаштың хал үстінде жатып, бауыры Бозұғланға «Көргенім өтірік болмаса, Ертеңгі күн өтермін. Хақ бұйрығы осылай» – деп айтқан ақтық сөзінен оған алдын ала тылсым күштің көрде жатып ұл туатынын хабарлағанын аңғарамыз.
Рухани күштердің кейіпкерлерге ат қоюы қазақтың көне эпостарында жиі ұшырайды. Мысалы, «Мұңлық-Зарлық» жырында Шаншар ханның әйелі Қаншайымнан туған ұлға Зарлық, қызға Мұңлық деп ат қояды.
Көрұғлының көрден шығып Құдайға қылған зарында: «Артымда қалып атағым, Дүниені кезіп жұрт алсам, Көрұғлы сұлтан атансам» – деген жыр жолдары кезігеді. Әлбетте, бұл жерде бала өз-өзіне ат қойған деген түсінік шықпайды. Жыршы бұл шумақта кейіпкерге зар айтқызып, Көрұғлының арман-мұратын көрсетіп, әлқиссадан-ақ тыңдаушы жұртқа жырдың контексін ұғындырғысы келген сияқты. Нағашы ағасы Бозұғлан жиенімен табысқаннан соң «Көрде туып, көрде өскен, Сен болмасаң, қарағым, Көрұғлыдай жиенім» – деп атауынан кейіпкердің көрден шыққаннан кейін осы есімді иеленгенін көреміз. Жалпы, М.Ж.Көпеев нұсқасында кейіпкердің Көрұғлы есімін қалай иеленгені нақты айтылмайды. Жырлаушы кейіпкер көрде туғандықтан, оны Көрұғлы атандырғанын ғана аңғарамыз.
Әбділда Жүргенбаев нұсқасы Рахмет Мәзқожаев нұсқасымен желілес. Жүргенбаев Көрұғлының әкесі Раушанбек пен нағашысы Кәждембек зұлымдық көрсетуші Шаадат патшадан қашып, түркімен-текежәуміт еліне кеткеннен соң, Раушанбектің артында жүкті күйінде аңырап қалған жары Ақанай түс көріп, түсінде шілтендер келіп аян береді. Бірақ Жүргенбаев нұсқасында кейіпкердің көр ішіндегі өмірі туралы сюжет жоқтың қасы. Ақанай түсін шешесі Күләйім мен Бабалыға айтқандықтан, кейіпкер көрден шыққаннан кейін оны осы есіммен атай бастағанын байқаймыз. Нағашы әжесі Күләйімнің жиенімен қауышқанда «Мен айналдым форымыңнан, Көрұғлы, Көкесінен аумай қапты мияғы» дейді. Осыдан да аңғаруға болады.
Еркеғали Есенжолов нұсқасындағы кейіпкерге Көрұғлы есімінің берілуі мотиві Көпеевтің нұсқасына ұқсас мазмұнда жырланады. Алтыншаш өлер алдында түс көріп, түсінде қырық шілтендердің аян бергенін, бауыры Бозұғланға айтып, көрде туатын баласын аманаттайды. Көрде туған Көрұғлыны ғаусыл ағзам, қырық шілтен асырап-бағып, ержеткізеді. Бірақ бұл жерде рухани күштердің Көрұғлыға ат бергені туралы ештеңе айтылмайды. Дегенмен, Көрұғлы көрден шығып, Тәңірден тілеу тілегенде: «Аға сұлтан, патша болсам түркіменге, Өзім жиһангез Көрұғлыбек атансам» немесе «Пері нұры аспанменен таласпас, Айтар сөзден Көрұғлыбек адаспас» – дейді. Бір қарағанда Көрұғлы өзіне-өзі ат қойған секілді болып көрінгенмен, негізінен, бұл өлең жолдары жыршының Көрұғлының тілеуін жырға арқау ету арқылы кейіпкерінің бітім-болмысын танытқысы келгені аңғарылады. Есесіне, көрдің аузында жатып алған арыстан бейнесіндегі машайық: «Артыңнан қуған Көрұғлы, Бозұғландай тағаңды» немесе жиеніне қолы жете алмай шаршаған Бозұғлан: «Енді мені жылатпа, Көрде туған Көрұғлы, Айналайын жиенім. Білсең, балам, Көрұғлы, Алыс емес жақының» – деп, Көрұғлыны өзіне шақырып көреді. Бұдан ұғатынымыз: бұл кезде Көрұғлыға есім беріліп қойған. Яғни жыршы кейіпкерін көрде туғызғандықтан, оған ат қою рәсімінің болғанын арнайы суреттемегенмен, оны кезегі келгенде көрде туғандықтан Көрұғлы деп атауды жөн көрген тәрізді.
Жамбыл бабамыз жырлаған нұсқадағы Көрұғлыға ат қою мотиві басқа нұсқаларға мүлде ұқсамайды. Бозайхан өзінің сүйіп алған жары Гүлжазираны әлдебіреулердің өсегіне бола өлімге кескеннен кейін, баласыздық дерті оған қатты уайым шектіреді. Өстіп жүргенде қойшысының тергеуге алынуынан Гүлжазираның көрде бала тапқанын біледі. Рахмет Мәзқожаев (Раушанбек), Мәшһүр Жүсіп Көпеев (Көрұғлы сұлтан өлеңі), Әбілда Жүргенбаев, Еркеғали Есенжолов нұсқаларында кейіпкердің көрде қалай туылғаны, немен қоректенгені, тіпті рухани күштердің тәрбиелеп өсіргені баяндалса, Жамбыл нұсқасында кейіпкердің көрдегі өмірі туралы ештеңе айтылмайды.
Әміреш Жұмағазин нұсқасында кейіпкерге ат қою рәсімі болғанымен, өзге нұсқаларға қарағанда күрделірек жырланады. Бозай батыр үйде жоқта тырыспай ауруынан әкесі, шешесі, баласы, қатыны өліп қалады. Бозай еліне келіп, қайғылы жағдайды көріп, іші удай ашып, жүкті әйелінің көрін ашқанда, төсті еміп жатқан тірі баланы көреді. Әйелінің мұрнына шырпы жағып, үш күн ішінде тірілтіп алып, тірі қалған баласы үшін түркіменді жиып, ұлан-асыр той жасайды. Осы тойда туылу сипатына қарай баласына «Көрұғлы» деп ат береді.
Әміреш Жұмағазин нұсқасында сол шілдехана тойдан кейін Бозай мен әйелі қайтыс болып, елі Бозайдың малын талан-таражға салып, Көрұғлыны жер-ошақтың ішіне тастап кетеді. Осы кезде Байыр елі қоныс іздеп, Бозайдың жұртына көшіп келіп, ханның тезекшісі қазан-ошақтың ішінде жатқан Көрұғлыны тауып алады. Тезекші өтірік толғатып, Көрұғлыны өзінің баласы ретінде дүниеге әкеледі. Байыр елінің ханы тезекшінің баласына «Табылды» деп есім береді. Яғни бұл жерде айтпағымыз, Жұмағазин нұсқасында кейіпкерге ат қою эпизоды екі жерде кездеседі. Бірақ жыршы жырдың басқа жерінде кейіпкерді «Табылды» деп мүлде атамайды. Қайта, кейіпкер өзіне ат ұстап мінбек болғанда үйір ішіндегі тайды оған: «Ей, Көрұғлы» – деп тіл қатқызады. Қалыңдығын іздеп келгенде де Ақмеден: «Апамнан: «Көрұғлы келді», – деп едім, Сүйінші берді, – деп қарады» – деп жігітін азан шақырып қойған атымен атайды.
Жалпы, қазақ нұсқаларындағы кейіпкерге ат қою мотивін талдай келіп түйгеніміз: Көрұғлы есімі оның көрде туылуына байланысты беріледі. Әлбетте, нұсқалардағы кейіпкерге ат қоюда жыршылардың субъективтік көзқарастарының әсері болғаны ақиқат.
Ал «Көрұғлының» Анадолы нұсқаларында балаға ат қою мотивтері қазақ нұсқаларындағыдай кеңінен жырланбайды. Өйткені түрік нұсқаларында Көрұғлы батыр 9 немесе 15 жасар бала деп көрсетіледі және «Көрұғлы» оның нағыз аты емес, лақап аты деп баяндалады. Бехчет Маһир жырлаған «Көрұғлы дастанындағы» «Көрұғлының ортаға шығуы» бөлімінде батыр болашақ тұлпарларды бағып жүргенде кездескен кедергілермен күресін, біртіндеп оларды жеңе бастағаннан кейін оның аты әкесінің соқыр болуына байланысты қойылады. Сонда соқырдың (Көрдің) баласының мәрттігі, халық арасында кеңінен таныла бастағаннан кейін біртіндеп өз атымен емес, лақап атымен, яғни «Көрұғлы» атымен даңқы шыға бастайды. Осылайша, Көрұғлы атын иеленеді. Бұл атты оған шартты түрде жаулары мен өзінің ауылдастары береді.
Ахмет Аляз
"Жас қазақ" газеті