Жұма, 19 Шілде 2024
46 - сөз 2432 4 пікір 14 Маусым, 2024 сағат 19:57

Рубль, юань һәм теңге. OFAC тангосы қазақ үшін немен аяқталады?

Сурет Қазақ үні сайтынан алынды

Санкция құдайы OFAC мінезін білгендіктен, Ресейдегі биржаларға тықыр таянатыны әу баста белгілі болған еді. Сондықтан Мәскеу биржасы (Мосбиржа, MOEX) мен Ұлттық клирингтік орталыққа салынған санкция аса жаңалық болмады. СПБ деп аталатын Санкт-Петербург биржасы санкцияға ұшырағалы бері, басқалары да дайындалып жүрген болатын.

Сарапшыларға санкциядан кейінгі валюта құнын анықтау мен айырбастау архитектурасы, яғни рубль курсының бағамы биржадан тыс ортада қалай құрылатыны қызық болып отыр. Әрине, мәселеге үстінен қарасақ, қатты өзгерген ештеңе жоқ. Рубль бұған дейін де еркін конверттелмейтін және сыртқы саудада доллар/евро тандемімен байланысын үзген. Бірақ қанша дегенімен Мәскеу биржасында инвесторлар, банктер бар валюталық сауданы қыздырып, доллар-рубль-евро алыс-берісі жүріп, содан рубльдің нарықтық құны анықталып келген еді.

Енді рубль құны екі фактор арқылы белгіленбек.

Фактор 1. Банктердегі, валюта айырбастау бекетінде бекітілген сату мен сатып алу бағасының орташа мәні. Бір сөзбен айтқанда, Сбербанк долларды 100 рубльге сатса, ал ВТБ 95, АТБ 96 рубльге сатса, онда оның орташа деңгейі 97 деп алынатын болады.

Фактор 2. Юань арқылы жасалатын кросс-курс. Кросс-курс дегеніміз тікелей котировкасы жоқ валюта құнын басқа валюта арқылы анықтау. Мосбиржада доллар мен евро енді саудаланбаса да, юань еркін сатылады. Юаньнің Мосбиржадағы рубльге шаққандағы курсын аламыз да, Forex-тегі юань/доллар жұбына көз тігеміз. Сол арқылы рубльдің әділетті құнын есептеп аламыз.

Қазақстанға қатысы бар ма?

Шын айтсақ, бұл құбылыстардың Қазақстанға дәл қазір тікелей әсері шамалы. Тек ертең мультипликативті ұруы мүмкін. Мысалы, болашақта рубль құны нарықтық механизмдерден мүлде тыс қалатын болса, онда біздің Ресеймен саудамызда дисбаланстар пайда болады. Ресей рубль құнын қолдан түсіріп тастаса, біздің тауар өндірушілер қиын жағдайға ұрынбақ. Біз қазір Таяу Шығыс пен Орталық Азияның астық нарығында Ресеймен өте қатты бәсекеге түсіп отырмыз. Ия, айтарлықтай паритет сақталып отыр, бірақ рубль құласа Ресей астығы сыртқы нарықтар үшін әлдеқайда тиімді болып шыға келеді. Дәл осындай жағдай уран және мұнай өнімдеріне де қатысты.

Санкцияға ұшыраған Мосбиржа біздегі Қазақстан қор биржасының (KASE) акционерлерінің бірі. Біз өз биржамызда осы Мосбиржаның технологиялық платформасын қолданамыз. Кезінде сатып алғанбыз. Акционер ретінде Мосбиржаның біздегі үлесі үлкен емес – 13,1%. Сондықтан бізге жанама санкция келмейді. Ол келу үшін Мосбиржа біздің 51 пайыздан кем емес акциямызды ұстап отыруы тиіс еді. Бірақ санкция тізімінде тұрған мекеменің сенде акционер болып отыруы нарыққа жағымды сигнал емесі анық. Сондықтан KASE келіссөздер бастап, Мосбиржаны басқа акционерге алмастырып көретін болады. Тіпті осы үлесті Ұлттық Банк уақытша сатып алуы мүмкін. Басты сұрақ – Қазақстандағы биржаның үлесін Мосбиржа қаншаға сатуға дайын? Бүгін KASE акцияларының котировкасы 88 999 теңге болып тұрғанын ескерсек, олардың қолындағы 140 мың жәй акция 12,45 миллиард теңгеге тең.

Мосбиржаның санкцияға ұшырағанын алға тартып, басқа инвесторлар үшін оның осы үлесіне саудаласып, арзанға сатып алуға мүмкіндік бар.

Теңгеге не болады?

Негізі, рубль енді құлай ма, жата ма, теңгенің онда еш шаруасы жоқ. Қазір ұлттық валютамыз тек қана мұнай бағасы мен сыртқы төлем балансына қарап отыр. Мұнайдың барреліне 80 доллар диапазонынан түспей жүргендігін, және болашақта да түспейтінін ескерсек, бізге бастысы импортты тым көбейтіп алмау керек. Сол кезде теңге де тұрақты болады.

Көзі қарақты оқырманның юань жаққа да назар сала бастағаны дұрыс шығар. Ресей кеше оны өзінің негізгі импорттық валютасы деп жариялады. Осымен доллар мен евро Ресейден ресми кетті деп айтуға болады. Қазір Ресейде бар барлық шетелдік валютаның 54 пайызы юань. Болашақта Қытай Ресей үшін Солтүстік Кореядағыдай әлемдік нарыққа шығар жалғыз есік ретінде орнығуы да ғажап емес.

Сондықтан біздің аймақта юань позициясы күшейе бастайтын болады. Және Қытайдың АҚШ-ты төлей алу паритеті бойынша есептелген экономика рейтингінде басып озғанын ескерсек, әлемде қазір АҚШ емес, Қытай №1 экономика деп саналады. Ал номиналды ішкі жалпы өнім бойынша Қытай 2030 жылдары АҚШ-ты басып озатыны айдан анық.

Бұл ретте, юань дәл қазір 100% резервті валюта. Ал 10-15 жылдан кейін, егер Бейжің бар ынтасымен біріссе, онда әлемдегі басты валютаға айналып, долларды ығыстыратынын жоққа шығаруға болмайды. БРИКС пен ОСЕАН юаньді негізгі валюта деп қабылдаса болғаны.

Крылов мысалындағыдай рубль сорға құлап, батып бара жатыр. Ал теңге жерде жорғалап жүр. Юань болса қанат қағып ұшып барады.

Айбар Олжаевтың жазбасы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Абай мұрасы

Абай іліміндегі өмір мақсаты не?

Досым Омаров 1297
Ой түрткі

Әлмерек абыздың оралуы - Елге діннің оралуы

Бақтыбай Айнабеков 2030
Көршінің көлеңкесі

Ресей тілдік һәм саяси экспансияны қалай жүргізді?

Бейсенғазы Ұлықбек 2076