Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Ақмылтық 2194 2 пікір 1 Шілде, 2024 сағат 16:06

Бұл – нағыз жауапсыздық емес пе, әкім мырза?

Коллаж суреттері turkystan.kz және primeminister.kz сайттарынан алынды

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВТІҢ назарына!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту жөнінде аса маңызды міндеттерді айқындап берді: «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез-келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек» – деп, отандық БАҚ, олардағы идеологиялық майданның алғы шебінде жүрген журналистер армиясының он мыңдаған сарбазы еліміздің жаңаруы мен жаңғыруы жолында қалай қызмет етуі қажеттігін айқындап берді.

Алайда жергілікті жерлерде бұл жауапты тапсырма, мемлекет мүддесі тұрғысынан аса маңызды міндет өз деңгейінде орындалып жатқан жоқ. Мысалы, облыс екіге бөлініп, 95 жылдық тарихы бар Алматы облысы қайта шаңырақ көтерген соң әкімдік құрылтайшы болып «Алатау арайы» газеті ашылды. Мен осы газеттің Талғар ауданындағы меншікті тілшісімін. Ал асқар Алатауды жағалай орналасқан бұл аудан – халқының саны, экономикалық әлеуеті, туристік тартымдылығы, спорттық кешендердің, демалыс орындарының көптігі тұрғысынан аймақтағы іргелі аумақтың бірі. Қазіргі кезде ауданда 21 ірі және орта, 75 шағын өнеркәсіп кәсіпорындары бар, оларда 8 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар тамақ, құрылыс, металл өнімдері, жұмыс және тоқыма киімдері, пластмасс өнімдер, кітаптар, журналдар шығарады, жалпы өнім көлемі 90 млрд теңгеге жуықтап қалды. Сондай-ақ үлкенді-кішілі 36 туристік нысан бар. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениет, өнер, спортты айтпағанның өзінде ауданның қоғамдық өмірінде түрлі жаңалықтар мен оқиғалар болып жатады. Аудандық, өңірлік, облыстық, республикалық мерзімді басылымдар мен электронды ақпарат құралдарының өкілдері сол оқиғалардан хабар дайындап, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді көтеру арқылы қызметтік міндеттерін атқара отырып, олардың ұнамды шешілуіне, Мемлекет басшысы, Үкімет, облыс әкімі жүктеген міндеттердің уақтылы және нәтижелі атқарылуына өздерінің азаматтық үлестерін қосқысы келеді. Өкінішке қарай, көп жағдайда осы ізгі ниеттің орындалуы өте қиын. Себебі аудан әкімдігіндегі ішкі саясат және әлеуметтік мәселелерге жауапты басшылар мен мамандардың, тіпті басқа да мемлекеттік мекемелер жетекшілерінің БАҚ өкілдері, әсіресе газет тілшілерімен қарым-қатынасы өте төмен. Олар көбінесе журналистер сұраған мәліметтерді айтуға, қойған сұрақтарымызға жауап беруге селқос қарап, журналистермен жүре сөйлеседі. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы жиі ауысады, олар тілшілерге баспасөз баянын дайындап бермек түгіл қашан, қай жерде қандай іс-шара өтетінін де хабарламайды. Жедел сұхбатты былай қойғанда, мемлекеттік мекеме басшыларынан азын-аулақ мәлімет алудың өзі қиын. Ал жеке меншік мекемелер мен кәсіпорын басшылары құқықтық дәрежесін алға тартып, кәсіпорын аумағына кіргізбейді де. Қаласа сізбен сөйлесіп, қаламаса: «Бұл – жекенің иелігіндегі мекеме, біз сұхбат, мәлімет беруге міндетті емеспіз» деп тұрпайы түрде шығарып салады.

Біз, әріптесім – «Огни Алатау» газетінің тілшісі Фатима Ержанова екеуміз бірнеше кәсіпорында осындай жағдайға тап болдық. Кезінде бүкіл Кеңес Одағына аты шыққан, бүгінде жекенің қолындағы «Алматы» асыл тұқымды мал зауыты» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне көктемгі дала жұмыстары жөнінде мақала жазамыз деп үш рет барып, бірде-бір мәлімет ала алмай, ақыр соңында атқарушы директорына еліміздің БАҚ туралы заң тәртібін айтуға тура келді. Бұл ғой – ұнамды репортаж дайындаймыз деп барғандағы ахуал, егер мәселе көтереміз, сын мақала дайындаймыз деп барсақ қандай жағдайға түсер едік?

Ал ауданда сын мақалаға сұранып тұрған мәселелер жетерлік. Мұндағы жемқорлық, мемлекеттік тәртіптің төмендігі, қазына қаржысын талан-тараж ету, жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін беру, сапасыз құрылыс нысандары, жол құрылысы, ондағы көзбояушылық, мектеп асханасында балалардың астан улануы, жұмыссыздық – тағысын-тағы түйткілдер аз емес. Соңғы 10-15 жылдың көлемінде ауданның бірнеше әкімі мен олардың төрт-бес орынбасары, жер бөлімінің басшылары, ауыл әкімдері жемқорлық, басқа да заңбұзушылықтары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанының өзі неге тұрады? Қазір де түйіні тарқатылмаған түйткіл өте көп.

Мысалы, Бесағаш ауылында жылда бірнеше рет топырақ көшкіні болып тұрады. Оның басты себебі – кезінде тау бөктерлерінде жер телімдері жеке үй салу үшін заңсыз берілген. Облыс әкімі құзырлы ұйымдарға бұл жағдайды тексеруге тапсырма бергенімен, оның қалай жүріп жатқаны белгісіз. Халық осылардың бәрі шешілгенін, айыптылар тиісті жазаға тартылғанын қалайды. Журналистерден осы мәселелер жөнінде жазуды талап етеді. Ұнамды мақала жазамыз деп барғандағы естігеніміз анау, егер бұл тақырыптарды қаузайтын болсақ кім бізге мәлімет беріп, ақиқаттың ашылуына ықпал етеді?

Жарайды, шаруашылық – жеке меншік нысаны делік, бірақ ол мекеме мемлекеттің заңдарына бағынбай ма? Бір қызығы, басшылар да, қосшылар да жоғарыдан депутат, министр, облыс әкімі, блогерлер не тексеру келсе алдарына түсіп, құрдай жорғалайды. Ал идеологиялық жұмыс, газет-журналдарды насихаттау, оларға жазылуды ұйымдастыруға келгенде «ешкімді мәжүрлеп жаздыра алмаймыз» дегенді алға тартып, ортақ іске немқұрайлы қарайды. Сонда сайлау, сенбілік өткізуге, жоғары шен-шекпенділерді күтіп алуға, қажетті-қажетсіз жиналыстарға қатысуға шақыруға болады да, мемлекеттің саясатын, Президенттің пәрмендерін, Үкімет пен облыс әкімдерінің тапсырмалары мен ұлттық бағдарламаларды насихаттайтын, олардың орындалуын қадағалайтын, адамдар рухани азық алатын, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуге қызмет ететін баспасөзге жазылуға шақыруға болмай ма? Мәжбүрлемей-ақ қойсын, бірақ оның ұлтты біріктіретін, экономиканы, мемлекетті нығайтатын қуатты идеологиялық құрал екенін айтып, саналы түрде жазылатындай жұмыс жүргізуге болады ғой!

Өз басым, өткен жылы желтоқсан айының басында Талғар ауданындағы Тереңқара ауылында орналасқан «Сегіз көл» демалыс орталығында ауыл еңбеккерлерінің кәсіби мерекесі – Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнінде облыстың аграрлық саладағы еңбек маусымы қорытындыланып, үздіктер марапатталған жиында бүкіл облыс басшылығы алдында ауыл, аудан басшыларынан жаңадан ашылған газетке жазылуда қолдау көрсетулерін өтіндім. Одан бөлек, аудан әкімінің идеологиялық жұмыстарға жауапты орынбасары Айбек Бидаевтың қабылдауында, ол өткізген аудандағы барлық мектептер мен колледждердің, балабақшалардың директорлары қатысқан үлкен жиында да осы мәселені көтеріп, ықпал етулерін сұрадым. Соған қарамастан ширек миллионнан астам халқы бар бүкіл Талғар ауданы бойынша республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Алатау арайы», «Огни Алатау» газеттеріне жазылған оқырмандардың саны халқы одан екі-үш есе аз Кеген, Нарынқол, Панфилов аудандарынан 10-15 есе кем, бар-жоғы 70-80 данадан аспайды. Сонда отандық мерзімді басылымдар үгіт-насихат және ұйымдастыру құралы ретіндегі өз қызметі мен Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді қалай атқарады? Бұл – аудан басшылары, ішкі саясат, әлеуметтік мәселелер, бұқаралық іс-шаралар жөніндегі жауапты қызметкерлер Қазақстан Президенті жүргізіп жатқан реформаларға, соның ішінде идеологиялық дербестік мәселелеріне селқос қарап отырған нағыз жауапсыздық, тіпті астыртын қарсылық емес пе?

Осы ойларымызды айтып, бір топ журналист – «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің меншікті тілшісі Ұлбосын Исабек, «Замандас» өңірлік газетінің бас редакторы Гүлбарам Қуанышәлиева, «Алатау жұлдызы» аудандық газетінің бас редакторы Сәуле Құрмантаева, «Огни Алатау» облыстық газетінің меншікті тілшісі Фатима Ержанова және мен қаңтар айында Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбековтің атына оның орынбасарлары, мемлекеттік мекемелердің басшылары біздің өтініштерімізге жүре қарап, мардымды жауап бермейтін жағдайлар кездесетінін, осыған орай, арнайы қабылдап, айтар ұсыныс-тілектеріміз бен өтініштерімізді тыңдауын өтініп хат та жаздық. Ол Электронды үкіметтің eGov.kz порталында тіркелді деген ресми хабарлама да алдық. Екі айдан соң бір жиында әкіммен кездесіп қалып, бұл жайында ауызша да айттық. Бірақ әлі күнге ешқандай жауап жоқ! Біз 40 жылдық тәжірибесі бар ардагер журналиспіз. Қызметке жаңа кіріскен жас әріптестеріміз қайтпек сонда?!

«Egemen Qazaqstan» газетінде әріптесіміз, белгілі журналист Талғат Батырханның «Нөмірдің нүктесі» айдарымен жарияланған: «Бүгінде беделді мекеме біткеннің бәрінде баспасөз қызметі бар. Бірақ сондағы әріптестеріміз негізгі міндеттерін білмейтін болса керек. Қабылдау бөлмесін алынбас қамалға айналдырған жылмаңдаған көмекші жігіттер мен қылмыңдаған хатшы қыздарға қосылып алып бастықтарын қоғаммен байланыстырмау үшін барын салып бағады. Әсіресе жоғары лауазым иелерімен тікелей тілдесу мүмкін емес. Баспасөз хатшысы бар, басқасы бар, өйтіп-бүйтіп әзірлеген «сырттай» сұхбаттың астына қол қойғаныңды қанағат тұтасың. Журналистерді жолатпаудың астарында қандай сыр жатыр? Әлде әкім-қаралар өздерінің деңгейлерін көрсетіп алудан сескене ме екен?» – деген пікірі Алматы облысындағы идеология саласындағы ахуалды дөп басқандай.

Классик жазушы Ғабит Мүсірепов кезінде: «Қай жерде болсын халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған адам ол азамат емес. Ол – халықтың бірінші жауы» – деген екен.

Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы азаматтардың талап-тілектеріне, өтініштеріне жедел және тиімді жауап беруі тиіс. Жаңа Қазақстан құру үшін әрбір азаматтың пікірін ескеру керек. Тұрғындар тарапынан көтерілген бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайды», – деді. Мемлекет басшысы сондай-ақ бүкіл түркі жұртшылығының рухани астанасы саналатын Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында: «Шын мәнінде озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» – деген міндет қойды.

Осыған орай «Алатау арайы» басылымында «Газет оқу – мәдениеттің төресі» атты мақала жарияланды. Райымбек ауданындағы Текес ауылының тұрғындары Президенттің «Оқитын ұлт» бастамасын тәуелсіз еліміздің білім көкжиегін кеңейтіп, рухани құралдармен мейлінше қамтып, әсіресе, жастар арасында газет-журнал, кітап оқудың құндылығын арттыру деп түсінетіндіктерін айтып, «Алатау арайы», «Огни Алатау» газеттеріне ауыл болып жазылу арқылы «Оқитын отбасы» челленджін бастап, Алматы облысының тұрғындарына қарата Үндеу қабылдады. Сөйтіп, аталған газеттерге ұйымшылдықпен жазылу, сол арқылы газет оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырды. Оны іле-шала Жамбыл ауданындағы Таңбалытас ауылының тұрғындары қолдады. Енді облыстағы ақпарат құралдарының басын біріктіріп отырған «Өлке тынысы» ЖШС-нің жаңа басшылығы мен бас редакторлар басқа ауылдар мен аудандарда да осындай қызықты кездесулер мен пікір алмасулар ұйымдастырып, халықпен тікелей қарым-қатынас орнатып, ұсыныс-тілектерін, толғандыратын мәселелерді тікелей талқылау ұйымдастырмақшы. Тек жоғарыда айтылғандай, әкім-қаралар деңгейлерін, бет-бейнесін көрсетіп алудан сескеніп, қашқалақтамаса болғаны.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл мәселе еліміздің көп өңіріне ортақ екені даусыз. Демек бұған еліміздің жауапты орындары да бейжай қарамағаны жөн. Ал Алматы облысының әкімдігі өзекті мәселені айрықша назарға алады деп үміттенеміз.

Құтмағамбет Қонысбай,

Мәдениет қайраткері

Abai.kz

2 пікір