Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 9401 0 пікір 5 Қаңтар, 2014 сағат 22:46

Жәнібек Қожық. Сүгір жырауға жасалған қиянат

«Ауылға Сүгір келді» деп басталатын толғау термені естімеген қазақ аз болар. Алқалы жиын-тойларда  осы терме орындалған сәтте тыңдарман қауымның арқасы қозып, орнынан тұрып кете жаздайды.

Ендеше, осы толғаудың авторы Сүгір Бегендікұлының өмірін біреу білсе, біреу білмейді. Сондықтан  Сүгірдің өмірбаянына қысқаша тоқталып өткен артық болмас.

        Сүгір Бегендікұлы 1894 жылы Маңғыстауда дүниеге келген.  Әкесі Бегендік екі рет қажыға барған  діндар кісі болған. Ол алғаш рет  16 жасында  топқа түсіп  елге танылған. Сүгір жырау  Абылдың,  Ақтанның,  Нұрым мен Қашағанның, Әбубәкір мен Сәттіғұлдың және тағы да басқа ақын-жыраулардың шығармаларын бүгінгі күнге дейін жеткізген жыршы. Ол  «Ноғайлық жырлар», «Қарасай -Қази», «Орақ-Мамай», «Мұңлық-Зарлық» т.б дастан жырларды сан түрлі мақам-саздарға салып құбылтып айтқан жырау. Сүгірдің «Хорезм елімен қоштасуы», «Мұштарих», «Өмір сазы» т.б. дастан-жырлары елге тегіс тараған. Сүгір Бегендікұлы Хорезм елінен 1968 жылы Маңғыстауға көшіп келіп, 1974 жылы сексен жасында туған топырағында көз жұмады. («Маңғыстау энциклоппедиясы». Алматы 2008 жыл).

«Ауылға Сүгір келді» деп басталатын толғау термені естімеген қазақ аз болар. Алқалы жиын-тойларда  осы терме орындалған сәтте тыңдарман қауымның арқасы қозып, орнынан тұрып кете жаздайды.

Ендеше, осы толғаудың авторы Сүгір Бегендікұлының өмірін біреу білсе, біреу білмейді. Сондықтан  Сүгірдің өмірбаянына қысқаша тоқталып өткен артық болмас.

        Сүгір Бегендікұлы 1894 жылы Маңғыстауда дүниеге келген.  Әкесі Бегендік екі рет қажыға барған  діндар кісі болған. Ол алғаш рет  16 жасында  топқа түсіп  елге танылған. Сүгір жырау  Абылдың,  Ақтанның,  Нұрым мен Қашағанның, Әбубәкір мен Сәттіғұлдың және тағы да басқа ақын-жыраулардың шығармаларын бүгінгі күнге дейін жеткізген жыршы. Ол  «Ноғайлық жырлар», «Қарасай -Қази», «Орақ-Мамай», «Мұңлық-Зарлық» т.б дастан жырларды сан түрлі мақам-саздарға салып құбылтып айтқан жырау. Сүгірдің «Хорезм елімен қоштасуы», «Мұштарих», «Өмір сазы» т.б. дастан-жырлары елге тегіс тараған. Сүгір Бегендікұлы Хорезм елінен 1968 жылы Маңғыстауға көшіп келіп, 1974 жылы сексен жасында туған топырағында көз жұмады. («Маңғыстау энциклоппедиясы». Алматы 2008 жыл).

        Сүгір Бегендікұлының өмір жолы оңай болған жоқ. Жастық шағы «сталиндік  зобалаңға» тап болып, туған жері -  қасиетті Маңғыстаудан еріксіз кетуге мәжбүр болды. Бірақ, жат елде жүрсе де қазақтың өнерін көкке көтерді. Ол  тек қазақтарды ғана емес, өзі арасында жүрген түрікмен, өзбек, қарақалпақ халықтарын тегіс мойындатқан өнерпаз. Сүгір жырының құдіреті, сөзінде ғана емес, орындау шеберлігінде, әуеннің сан құбылған ырғағымен құлаққа жағымды иірімдерін, жүрекке жеткізе білуінде жатыр. Сондықтан да болар, оның жыры қазақ шекарасынан асып, әлемді шарлап кетті. Бұған дәлел 2001 жылы әлем өнерпаздары бас қосқан АҚШ-тағы байқауда Қыдырәлі Болманов бауырымыз Сүгірдің термесін орындап бас бәйгіні жеңіп алса, «Kesh yoy» тобы Түркияда өткен халықаралық фестивальда бас жүлдеге ие болды. Бұл – қазақ музыкасының құдіреті, Сүгір атаның қасиеттінің белгісі екені сөзсіз. Артында осындай өшпес мұра қалдырған Сүгір атаға бүгінгі ұрпақ қанша құрмет көрсетсе де артық болмас еді.  

        Бірақ, өкінішке қарай, бұл күндері бәрі керісінше болып бара жатқанға ұқсайды. Бұл термені Сүгір атамызға қимай жүрген жандар да жетерлік екен... Биылғы жылдың басында «Қазақстан» ұлтық арнасындағы «Телқоңыр» бағдарламасында  Сүгір Бегендікұлының «Ауылға да Сүгір келді» деп басталатын термесі талданған болатын. Бұл хабарды «Айқын» газеті 2013 жылғы №15 санында «Сүгірдің термесі емес, Елбайдың жыры...» деген тақырыпта  толық көшіріп басты (3-нші суретке қараңыз). «Телқоңыр» бағдарламасын әнші Ақан Әбдуәлі жүргізіп, хабарға Қоныс Юсупов, Әділбай Жаниязов, Құлымғали Әміров, Айгүл Қосанова, Ғанипа Садықова, Ұлжан Байбосынова, Аманқос Садықов, Мақсат Рахмет қатысып және Амандық Көмековтың жазып алынған сөзін жіберді. Олардың бәрі де қазақтың ән мен жырының «жілігін шағып, майын ішкен», «сен тұр, мен атайын» деген азаматтар екені сөзсіз. Осылайша әнші-жыршылар жиылып алып, Сүгір жөнінде кеңесті. Кеңескенде не десті? Соған тоқталайық.

Бағдарлама жүргізушісі Ақан   Әбдуәлі:

                – «Ауылға да Сүгір келді» деп

                    Ордасын талай сайлаған,

                    Ақ самаурын, сары құман,

                    Кең дастархан жайнаған.                                                                                              

Бұл кімнің термесі және орындаған кім?                                                                           

Қоныс Юсупов:  

– Жыршы Амандық аға Көмеков.

Ақан Әбдуәлі:   

        – Бұны – Маңғыстаудың жүйрігі Амандық Көмекұлы орындап, ел ішінде кең тараған «Сүгірдің термесі» деп айтылып жүр.

Әділбай Жаниязов:

         – Шын мәнінде «Сүгірдікі» деп айтылып жүрген нұсқа дұрыс емес. Дұрыс емес болғанда, ешкімді даттауға да болмайды. Ақтанның «Абыл мен Нұрымнан шекер жеген халқым» деген сөзі бар... Сүгірдің өз сөзін, Омардың мақамын алып, содан халыққа шекер беріп отырған Амандық Көмеков ағамызға мың да бір рахмет айтуымыз керек.

Амандық Көмеков:

         – Сүгір Бегендікұлы қиын-қыстау кезде ата-қонысынан алшақ кетіп, өзі туып өскен Маңғыстауды аңсап, қартайған шағында, яғни жасы 75-ке келгенде елге бет түзейді. Кетерде өзінің жүрген жері Түрікменстанның халқын қия алмайды. Сонда «Мен қазақ түгілі, түрікмен, өзбектермен де дос-жаран болып кетіп едім, бірақ сүйегім ата-жұртым – Маңғыстауға жерленсе деп тілеймін. Барлықтарыңызды қимай бара жатырмын» деген мағынада ұзақ толғайды. Көлемді жыр. Сондықтан Сүгірдің өз әуені мүлде бөлек.

        Алғаш рет 1985-1986 жылдары Шетпеде композитор Марат Ордабаевпен кездестік. Қолында «Yamaha» аспабы бар екен. Сонда «Мына әуенді сүйемелдеп салып көрші» деп, Сүгірдің мақамын өзгертіп, оның туған жиені Омар жыраудың ноғайлық жырларды орындайтын мақам-сазын эстрадаға бейімдеп алғаш айтқан мен едім. Көшке Жеменей Қобылаш деген жырау болды, сол кісі де бірде Қашағанның термесін Омардың мақамымен айтып отыр екен. Көшке Жеменей Омар Сүгірдің апасынан туған жиені.

Құлымғали Әміров:

         – Негізі, бұл жерде Сүгір атамыздан бір мысқал да жоқ қой. Бір-екі сөз ғана бар шығар. Сүгірдікі деп емес, «Амандық ағаның ізімен», болмаса «Елбайдың жыры» деп атағанда әдемі шығатын еді. Сүгір атамыз эстрадасыз да өлмейді. Аты өмірде өшпейтін адам. «Эстрадамен тірілтті» деу қисынсыз.

Аманқос Садықов:  

         – Алғашқы бастаған Қыдырәлі бауырымыз. Бірақ мәтіні Сүгірдікі емес. Маңғыстауда Бәубек Елбай деген керемет айтқыш болған. Ол Амандықтың өз аталары.  Сол кісінің термесімен, Әбекеңнің мақамымен орындайды. «Үлкен сахнаға шығатын кезде рұқсатын алып беріп едім» дегенін Әбекеңнің өз аузынан талай естігенмін.

Әділбай Жаниязов:

         – Қыдырәлі өлең жолдарына Баубек Елбай мен Сүгірдің сөзін біріктірген. Мақамы Көшке-Жеменей Омар жыраудыкі. «Сүгірдің термесі» деп айтылып тұрғанымен, Сүгірдің мақамы емес. Сондай-ақ Сүгірді шығарған эстрада емес, Сүгірдің өлеңін өзінің тұңғыш баласындай қылып мәпелеп, жандандырған Амандық ағамыз. Ал үшеу-төртеу болып, өлең айтуды шығарған Еуропада – «Битлз», бізде «Дос Мұқасан» ансамблі. Сүгірді эстрадаға қосқанда, «Сүгірдің термесі» деп айтпау керек. «Бұл мақамды алып келген Амандық Көмеков, мәтіні Баубек Елбай мен Сүгірдің қоспасы» деп жазып барып шығару керек. Түбін білмейтін халық Сүгірді айтып жатыр деп ойлайды.

Ақан Әбдуәлі:

         – «Бүгін Сүгірдің нақты мақамы қандай екенін білдік. Өлеңі Елбайдікі, эстрадамен орындалып жүрген Омар жыраудың мақамы екенін талқыладық. Оны өңдеп, жетіспеген жерін жеткізіп, толмаған тұсын толтырып, халыққа  жеткізген Амандық Көмеков екеніне көз жеткіздік»...

        Бұл сөздердің бәрі «Айқын» газеті, 2013 жыл, №15 санынан алынды.

        Иә, «Қырымның қырық батыры» дастанынан бастап, Абыл, Ақтан, Нұрым, Қашаған, Әбубәкір, Өскінбай, Сәттіғұл, Түмендердің артында қалған бай мұраларын бүгінгі ұрпаққа сол күйінде бұзбай жеткізген, олардың көпшілігін көзін көрген, Маңғыстау жырауларының ең соңғы тұяқтарының бірі  -  Сүгір Бегендікұлына бүгінгі ұрпағының берген бағасы осы болды...

        Бұл бағдарлама бір жақты, бір мақсатта, біреудің тапсырмасымен дайындалғаны көзге көрініп тұрды. Олай дейтініміз – хабарға қатысқан әншілер бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, бірін-бірі қоштап отыруы, қарсы пікір айтылмауы осыған дәлел. Бәрінің мақсаты: талқыға түскен термені Сүгірден алып, Бәубек Елбайға, Көшке Омарға, Амандық Көмековтің аттарына жаздыру екені белгілі болды. Ал, Амандақ Көмеков ағамыз артынан болса да «Әріптестерім!  менің атақ-даңқым өз басыма жетерлік, орынсыз жерге қыстыра бермеңдер! Ұят болады» деген сөзді айта алмады.

        Бұл «Телқоңыр» бағдарламасы көрермен қауымның көңілін күпті етті. Сондықтанда болар, көптеген азаматтар маған хабарласып бір жақты жүрген хабарға, жан-жақты журналисттік зерттеу жүргізіп, жауап жазуымды сұраған болатын. Журналисттік жұмыс сапарымды Қызылсай ауылында тұратын Сүгірдің немересінің үйіне барып, Сүгір жыраудың кәрі шаңырағын ұстап отырған Жәнібек Өтелгенұлымен бірге Шопан ата қауымындағы Сүгір атаның басына зират етіп, құран оқудан бастадық. Бұдан соң Сүгір жырауды  біледі деген бірнеше азаматтардан сұхбат алған болатынмын, соған тоқталайын.

        Бағдарлама аяқталғаннан кейін алғашқы хабарласқан Ақмұрат Сүйеуов деген ағамыз былай деді: «Менің әкем Сүйеу, Сүгірдің жандай құрдасы әрі аталас тумаласы. Бала кезімнен бастап Сүгір әкемнің жырларын жаттап, әңгімесін естіп өстім. Сүкеңнің жырларын өз аузынан тыңдадым. Телқоңырдағы айтылған пікірлердің бәрі жалған. «Ауылға Сүгір келді» деп басталатын жырдың сөзі де, мақамы да, оны халыққа жеткізген де Сүгір әкеміздің өзі, оған Елбайдың да, туған жиені Омардың да, Амандықтың да қатысы жоқ. Осы жөнінде қарсы пікірімді «Айқын», «Маңғыстау» газеттеріне жазғанмын, бірақ олар мақаламды жариялаған жоқ. Ал, Амандық ініміздің өнеріне таласым жоқ, алайда дүниеден өткеніне 40 жыл болған Сүгірдің жырын өңдеуге, атасы Елбайдың сөзін қосуы,  әншілердің оны Амандықтікі деп айттыруы – өте ұятты жағдай...  Ендігі жерде дүниеден өткен адамдардың артында қалған мұраларына «пысықайлар» ортақтаспайтындай етіп заң шығару керек. Олай болмаса ертең Абайдың өлеңіне үш ауыз сөз қосып, өлең менікі десе, Құрманғазының күйлеріне екі қағыс қосып, эстрадаға өңдеп қос автормын десе қалай болады?..»

        Сүгірдің немересі Жәнібек Өтелгенұлы: «Мен Сүгір атамның кәрі шаңырағын ұстап отырған  немересімін. Өз әкем Өтелген дүниеден өтті. Сүгір атамның әкесі Бегендік екі рет қажыға барған қасиетті кісі болған, кәзір Бекет ата қауымында жатыр. Атамның «Ауылға да Сүгір келді» деп басталатын «Хорезм елімен қоштасуы» жырының кейбір жерін қолдан өзгерткен. Мысалы сол жырда:

                                      – Бәубекте өткен Елбай

                                      Сөзіңнің жоқ кемін-ай,

                                      Таба алмадым, Елеке,

                                      Сөзіңнің сірә кемін-ай.

                                      Сол Елекемнің соңынан

                                      Ескелді Сүгір мен едім...

        Атам Сүгір бұлай деп жырлаған жоқ және Елбайдың соңынан ерген де жоқ. Олай дейтінім: Бәубек Елбай Сүгір атамнан жеті жас кіші. Елбай 1901 жылы туып 1931жылы қайтыс болған. Атам алғаш 16 жасында алқаға түсіп той бастап жүргенде шағында Елбай 9 жастағы ойын баласы болған. Екеуі екі көзқараста болған. Елбай Кеңес өкіметін, күн көсем Ленинді жырға қосса, ал Сүгір атам сол Кеңес өкіметінен, көсемнің кесірінен туған жерінен еріксіз кеткен кісі. Бұл жолдарды да Амандық ағамыз қосуы мүнкін.  Әнші Қыдырәлі Болманов бауырымыз атамның толғауын айту үшін рұқсатты Көмековтен алды дегенге таңқалдым.  Сонда ол кімнің жыры?  Өзгерткен екен біржола «Ауылға Амандық келді» деп өзгертуі керек еді. Сонда ешкімнің дауы болмас еді. Әлгі «Телқоңырға» қатысқан әншілерде тап бұлай қиналмас еді.

        Жақсылық жырау: «Мен Сүгірдің артынан ерген шәкіртімін. Сүкең – қанша жырласа да сарқылмайтын жырдың дариясы еді. Жиналған жұрт жалықпайтын. Жырды құбылтып айтып отыратын. Әрине, ұстазымның шарықтап жүрген жастық шағын көргенім жоқ. Тұла бой тұңғышы Есқуатынан айырылып, қанатынан қайырлып жүрген кезін көрдік. Ал, сен сұрап отырған «Ауылға Сүгір келді» деп басталатын толғау Сүгірдің өзінікі, оған ешкімнің дауы жоқ. Сүкеңнің сөздері салмақты, өнегелі, мағыналы болып келеді. Осы жырды жастардың секеңдеп, бақырып-шақырып, бұзып айтып жүргенін жаратпаймын. Тіпті тыңдауға ұяламын...»

        Қырлан Өтетілеуов: «Менің кәрі әкем Өтетілеу Сүгірдің аталас ағасы, ағаш ұстасы әрі темірден түйін түйген шебер болған. Сүгірдің 54 жыл ұстаған әйгілі кесік бас домбырасын атам Өтетілеу жасапты. Тағы бір таң қалатын сәйкестік – Сүгір атам Маңғыстаудан көшерде, атам Өтетілеудің үйіне түнеп аттанып, Маңғыстауға көшіп келген күні алғаш біздің үйге түсіпті... Ал, әлгі «Телқоңыр» хабарға келетін болсақ, әншілерге тек менің емес, көрермен қауымның көңілі қалды деп ойлаймын. Сүгір атамыздың 8 түрлі сазы болған, кәзір соның 4-5-еуі ғана айтылып жүр. А.Көмековтың  Омар, Қобылаш деп отырғаны екеуі де Сүгір атамыздың артына ерген шәкіріттері. Жырды да, мақамды да олар ұстазынан үйренген. Омар мен Қобылаштың орындаған мақамы ұстаздары Сүгірдікі. Ал, Сүгір атамыздың магнитафонға жазылған жырлары бар, бірақ оның бәрі жыраудың 70-тен асқан шағында орындағаны.  Жасы ұлғайған кісі, мүмкін, өзіне ыңғайлы сазбен орындаған болар. Соған қарап Сүгір осылай айтты деу қате пікір. Әншілер Сүгірдің жырына таласқанша, ең болмаса, біреуі шығып: «Ау, ағайын келер жылы Сүгір атамыздың туғанына 120 жыл, дүниеден озғанына 40 жыл, «кесік бас» домбырасына да бір ғасыр болыпты, осыны Республика көлемінде атап өтелік» деп бастама көтеріп жатса орынды болар еді».

        Әнші-компазитор Марат Ордабаев:  «Мен Амандық Көмековті бірінші рет 1991 жылы Ақтауға көшіп келгенде ғана көрдім. Ал, Сүгірдің «Ауылға Сүгір келді» деп басталатын толғауын 1988 жылы эстрадаға алғаш түсірген мен болатынмын. Біз бұл термені Шетпеде өзіміз құрған «Адай» тобымен сол жылдары орындап жүрдік. Сүгірдің толғауын тұңғыш рет үлкен сахнаға 1989 жылы алып шыққан шетпелік ініміз Ақылбек Жеменей еді. Ол кезде Ақылбек  бастауыш сыныпта оқитын бала болатын. Алматыда өткен «әнші балапан» байқауында осы термені орындап, бас жүлде алды, ел жұртқа осылай тарады.  Ал, әнші Қыдырәлі Болманов, Ақылбектен кейін орындады. Артында осындай өшпес мұра қалдырған Сүгір жыраудың алдында бәріміз қарыздармыз...»

        Қарсы жақтың пікірі осылай болды. «Айтылмаса сөздің атасы өледі» деген, соңғы кездері өмірден өткен аталардың артында қалған мұрасына таласушылар көбейіп кетті. Мысалы, Ақтан Керейұлының «Қалағандарың сөз болса» атты термесін Төреғали Төрәлі деген ақын екі-үш ауыз сөз қосып, өзін Ақтанмен бірге қос автор атады. Жақында біреулер «Құрманғазының «Адай» күйін Айжан деген қыз шығарыпты, ол біздің апаларымыз екен» деп жазып жүр. Биылғы жазда  нағашы атам Кенже Райдың (1797-1891 жылдары өмір сүрген) моласын Бәли ұрпақтары «тартып алып», «аталарына» ас беріп ат шаптырып той жасады. Осыған орай «Моланы тартып алғаны – қиянат іске барғаны» атты мақала жазған болатынмын.

        Соңғы кездері мұндай жағдайлар жиілеп бара жатқаны жанға батады. Ұлтқа ұйтқы болады деген Ұлттық арна арқылы қазақтың өнерін өрге сүйрер өнерпаздардың өзі осылай десе, өзге жұрттан не күтуге болады?!  «Ет бұзылса, тұз себерсің, тұз бұзылса не себерсің?!» деген, сірә ,осы болар... 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552