Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4353 0 пікір 10 Қаңтар, 2014 сағат 08:45

Берік Жүсіпов. Тұрмағамбет тәлімі

• СӨЗТАНЫМ

 

1-сурет: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы.

2-сурет: Арал ауданына жасалған экспедиция (1987).

3-сурет: Тұрмағамбет пен Жамбыл.

4-сурет: Шайырдың ғылыми жинағының мұқабасы.

• СӨЗТАНЫМ

 

1-сурет: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы.

2-сурет: Арал ауданына жасалған экспедиция (1987).

3-сурет: Тұрмағамбет пен Жамбыл.

4-сурет: Шайырдың ғылыми жинағының мұқабасы.

Ұсынылған суреттер Берік Жүсіповтің жеке мұрағатынан алынды.

Тұрмағамбет – түпсіз мұхит сияқты терең адам, бағына қарай қолжазбасы толық сақталған шайыр. Есесіне, тағдыры аянышты. Сол кісінің соңында қалған 6 дәптерін қадимнен қазіргі кириллицаға аударып, ғылыми басылымын жасауға жарты жыл уақытым жұмсалып еді. Алтыншы дәптерінен өзі жазған, ел арасынан жинаған 3117-дей мақал, мәтел, нақыл сөздері табылды. Бір ескеретіні: ішінде халық мұрасы аралас келіп отырады екен. Соны айырып, бағасын беріп, бәсін салмақтайды дегендердің дені бүгінде күнкөрістің қамымен кетті. Өкінішті! Бір ерекшелегі, ол – бағзыдан келе жатқан сөз маржандарын интерпритациялап, толықтырып, өзіндік өрнегін қоса отырып өңін айналдырып, заманына, қоғамдастарының қабылдауына қарай қайта қалыптап отырған. Және бүгінгі Біз бенен Сіздер үшін «анайы» деп қабылданып, құлаққа түрпідей тиетін сөздер ол кісі үшін кәдуілгі машық ретінде қабылданғанын байқау қиын емес. Жалғыз Тұрмағамбет емес, келер күндердің барысында ала қоржында жатқан талай дүниемен бөлісеріміз хақ. Тұрекеңнен бастаған екенбіз, ендеше сүлейдің сөз мәйегіне мән беріңкірейік. Жаңа басталған Жылқы жылында шайырдың Ат деген сөзбен байланысты ой-орамдарын ғана іріктеп ұсынып отырмын. Сонымен, қазақтың жанына баланған Ат деген сөздің қазығын айналып жүріп Тұрекем не дейді екен...

Берік Жүсіпов, фольклортанушы

1. Елің жаман болса – бір жақсыны сағала,
Атың жаман болса – ақ текенің мүйізімен тағала.

2. Атпен ойнағанша атаңның басымен ойна...

3. Бай Атқа мінсе: Құтты болсын! – дейді,
Жарлы Атқа мінсе: – Қайдан алдың? – дейді.

4. Арғымақ Атты байтал бастамайды,
Аруақты шайтан бастамайды.

5. Ас қадірін ашыққан біледі,
Ат қадірін асыққан біледі.

6. Аттан байтал озады, әулиеден шайтан озады.

7. Аяғыңды көтерсе – Ат,
Тамағыңнан өтсе – ас.

8. Ат баққан аш болады,
Аттанған күні тоқ болады.

9. Ат мінерде керек,
Көт қыларда керек.

10. Атты арбада көр,
Жігітті Ордада көр.

11. Атың жаман болса – арманың кетер,
Досың жаман болса – дәрманың кетер...

12. Айт – Аттынікі, той – тондынікі.

13. Асың барда ер таны беріп жүріп,
Атың барда жер таны желіп жүріп.

14. Ақырлас Аттың мінезі жұғады.

15. Ат – өледі, құс – қашады.

16. Артқы айылым берік болса, Атым тулап не етерсің?

17. Тай – Атқа жеткізеді, Ат – мұратқа жеткізеді.

18. Атсыздың атасының құны кетеді...

19. Ат қартайса ұрыншақ болады,
Ер қартайса жаңылшақ болады.

20. Ас қадірін білмесең ашаршылық берсін сазаңды,
Ат қадірін білмесең жаяушылық берсін жазаңды.

21. Арғымақ Ат жабы болмайды,
Жалы кетіп арыса да.
Жақсы адам жаман болмайды,
Жасы жетіп қарыса да...

22. Ат пен есек ақырлас болса, зеңі жұғады.

23. Ақылды Атын мақтайды,
Ақымақ қатынын мақтайды.

24. Атыңды тың сақтама,
Тамырыңды тың сақта.

25. Қатын алма – қайын ал,
Жақсы көрер тамырдың Атын алма, тайын ал!

26. Атыңнан айрылсаң да, ер-тоқымыңнан айрылма.

27. Ақылсыз жігіт – ауыздықсыз Ат.

28. Ат басы мен Ер басы қайда қалмайды?

29. Аталастың Аты озғанша,
Ауылдастың тайы озсын!

30. Аттың жаманы – тайымен ойнайды,
Әйелдің жаманы – байымен ойнайды.

30. Ат ақымағы – жорға, адам ақымағы – молда.

31. Ат жақсысы боз болады,
Адам жақсысы таз болады.

32. Арық Атқа қамшы үйір,
Жыртық үйге тамшы үйір.

33. Ат жүйрігі айырыды,
Тіл жүйрігі қайырады.

34. Андызды жерде Ат өлмейді,
Үйірлі жерде ер өлмейді.

35. Ат қызығы – арығанша.

36. Аз ғана жылқылы айғырын жайлайды,
Аздан көбейген тентек шоқпарын сайлайды.

37. Төсектен шошыған ер оңбайды,
Көнектен шошыған бие оңбайды...

38. Есек мінген Ат сұрамайды,
Балық жеген ет сұрамайды.

39.Қ атынның молдасы құрысын,
Байталдың жорғасы құрысын...

40. Қу қанжыға жүйріктен,
Белі жуан берік артық...

41. Жорға мінген жолдасынан айрылады,
Көп жасаған құрдасынан айрылады.
 
42. Жұрттың жақсысы кетіп, жаманы қалды,
Жылқының жүйрігі кетіп, шабаны қалды...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572