Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 1911 1 пікір 9 Шілде, 2024 сағат 13:35

Қытайдың ерте заман ақыны: Жыр ұстазы – Ду Фу

Сурет: Википедиядан алынды

Ду Фу 杜甫 (712-770 ж.) – Таң дәуіріндегі қытай ақыны. Ол шенеунік отбасынан шыққан Ду Шеньянь ақынның немересі.

Тұңғыш өлеңін 7 жасында шығарған. Ду Фу жас кезінде Қытайды көп аралап, қытай халқының өмірімен жете таныс болған. «Арулар туралы жыр», «Бозбала жайында» атты еңбектерінде ақын сарайды төңіректеп жүретін дүниеқоңыз шенеуніктерді ажуалайды. Ду Фудың «Астанадан Фынсяньға аттанарда, жүрегімді не көрнеді» поэмасы (755 ж.) адамдар теңдігін аңсаған арманға толы.

Ду Фу – пейзаждық лириканың майталман шебері, адамдар арасыдағы жарасымдылықтың, табиғаттың асқан жыршысы («Көктемгі су», «Таң сәріде оянам» т.б.).

Ду Фу шығыс поэзиясының дамуына үлкен әсер етті. Қытайда Ду Фуды «жыр ұстазы» деп атайды. Ел кезіп, көп қаңғырған Ду Фу жоқшылықтан өледі.

Ай толғанда

Күміс табақ ай кезеді, жалғызсырап аспанда,
Үйдің ішін қарсы алдынан, жайнатып нұр шашқанда.
Ай нұрында өзен беті,  ақ жал толқын ойнаған,
Су сағыммен үй есігі, ұқсар діріл  басқанға.
Өркеш-өркеш бұйра жалды, сұлу сағым аумайды,
Көз алдыңа көлбіретіп, күміс кілем асқанға.

Айдың нұры аймалайды, шашылып жер-жаһанға,
Нұрға бөгіп мүлгиді орман, жым-жырт қана жапанда.
Қарағайлы қапталдағы, алыстағы ауылым,
Еске түсіп сағындырды-ау, енді тыныш жатам ба?
Әттең бір күн айлы кеште, жұпар даршын астында,
Бас қосылып туыстармен, ауыл дәмін татам ба?!

《月圆》

孤月当楼满,
寒江动夜扉。
委波金不定,
照席绮逾依。

未缺空山静,
高悬列宿稀。
故园松桂发,
万里共清辉。

Суреттегі бүркіт

Аппақ торғын үстінде, аяз-боран ақырып,
Шаулы қыран тіленіп, ұшпақ шабыт шақырып.
Қыран жанар шолады, қылт еткенді жібермей,
Түспекші әккі түлкіге, болат тұяқ батырып.

Томағасы алынып, қыран көзін ашқанда,
Қағар еді-ау қанатын, самғап шырқау аспанда.
Шығар ем мен шерімнен, суреттегі сол қыран,
Панидегі топасқа, түсіп қанын шашқанда!

画鹰

素练风霜起,
苍鹰画作殊。
㧐身思狡兔,
侧目似愁胡.

绦镟光堪擿,
轩楹势可呼。
何当击凡鸟,
毛血洒平芜。

Көктемде Ли Байды сағынғанда

Теңдесі жоқ деуге Ли Бай толымды,
Тілге жеңіл, жырлары ойға қонымды.

Шалқар шабыт, ұшқыр қиял иесі,
Дара туған дана жырдың киесі.

Жырында бар батыр Иұйшин айбары,
Баужаудың бар жомарттығы жайдары.

Мен қыдырып Уихы өзені жағасын,
Араласам көктемде орман арасын.

Сен Жияңсудың шығысында аспанға,
Көз аласың сағыныш бұлт басқанда.

Әттең қашан екі ақын табысып,
Жыр оқырмыз шалқып бокал қағысып.

李白

白也诗无敌,
飘然思不群。
清新庾开府,
俊逸鲍参军。

渭北春天树,
江东日暮云。
何时一樽酒,
重与细论文。

Есірік еркек

Уанли көпір батысы, бар шөп күрке лашығым,
Елеп ешкім келмейді, жалғызсырап жасыдым.
Алуан гүлдер бар-бар бірақ, айналамда ашылған,
Көңіл толқып көк Лансаң, өзеніндей тасыдым,
Өз жарамды оңаша, өзім ғана қасыдым.
Сұлу бамбұк тұлғасын жібек самал өбеді,
Лала гүлге мамық бұлт, майда жаңбыр төгеді.
Самалменен келеді, сарана шөп иісі,
Әсемдікке әуестік, айтар сөзім көп еді,
Амал нешік қасірет, қабырғамды сөгеді.
Бағзор мансап достарым, қай заман хат үзгелі?
Аш қарын ұл қарайды, мұң мұндалап жүздегі.
Ұлымнан да ұялам, мүсіркеймін мұңайып,
Жаным қурап барады, жапырақтай күздегі.

Көз алдымда көлбеңдеп, есірік кез іздері.
Қу сүйекпін қаусаған, көмер бір күн құтылып,
Мансап байлық бәрі жоқ, бәрін болғам ұтылып.
Өз кезінде елірген, еркек едім есірік,
Әлі сондай есірем, барған сайын құтырып,
Жер астына қай күні кеткенімше жұтылып.

狂夫

万里桥西一草堂,
百花潭水即沧浪。
风含翠篠娟娟净,
雨裛红蕖冉冉香。

厚禄故人书断绝,
恒饥稚子色凄凉。
欲填沟壑唯疏放,
自笑狂夫老更狂。

Жалғыз қаз

Топтан қалған жалғыз қаз, су ішіп, шөп шалмайды,
Серіктерін іздейді, шарлап ұшып шалғайды.
Қайда кеткен қаз керуен, бұлттар жұтып қойған ба?
Шалқар көкте жалғыз қаз, аяушы жоқ зарлайды?

Көкжиекке көз қадар, көрінгендей топ қаздар,
Сұңқылдайды құс кеуде, өртенердей от маздар.
Көгала үйрек көлдегі, қайдан ұқсын қаз мұңын,
Тастап кеткен көп қаздар, құлазиды көк саздар.

孤雁

孤雁不饮啄,
飞鸣声念群。
谁怜一片影,
相失万重云?

望尽似犹见,
哀多如更闻。
野鸦无意绪,
鸣噪自纷纷。

Иүеяң самалдығына шыққанда

Көрсем-ау деп Дұңтиң көлін көптен бері аңсағам,
Бүгін Иүеяң сарайынан көз сап тұрып тамсанам.
Шығысы мен оңтүстігі У елі мен Чу елі,
Өзен жатыр екі айырып қалың қолды самсаған.

Шегара жоқ ай мен күнде, көлде қалқып кезеді,
Жан достардан хат-хабар жоқ, меннен неге безеді?
Жалғыз қайық, жалқы пенде, су бетінде сопидым,
Ауру меңдеп, қайғы қажап, жанымды удай езеді.

Маған мәлім ана таудың ар жағы ғой теріскей,
Жауласқан ел бір бірімен өліспей не беріспей.
Қайықтағы қауқарсыз шал жел ағызған көз жасын,
Не қылармын тәйір-ай, қайғырғанмен тек іштей!

登岳阳楼

昔闻洞庭水
今上岳阳楼。
吴楚东南坼,
乾坤日夜浮。

亲朋无一字,
老病有孤舟。
戎马关山北
凭轩涕泗流。

Чу уәзірі

У Хоу деген қару төре, даңқын дара қалдырған,
Талай боздақ тауап ету үшін іздеп қаңғырған.
Қайда десең тауапхана Жу Гыляңға арналған,
Чыңдудағы аршалы тау арасына салдырған.

Жасыл майса тұрғандайын, жарқыратып жан салып,
Баспалдақтан көктем көркін, көресің сен тамсанып.
Мысық торғай ән салады арасында бұтақтың,
Есіл ердің аруағындай келгеніңді қарсы алып.

Үш патшалық заманында, бас изеген даналар,
Бола білген әке-бала хандар үшін қара нар.
Ең соңғы сол Уи бектігін бағындырар сапарда,
Кім ойлаған деп сұм ажал жол ортада жан алар?

Арманы бар – арқалы ел, торқалы жер діттеген,
Үлесі бар Орта жазық ордасына тіктеген.
Батырым-ай бақыл болғын, ұластырып ұрпақтар,
Ары қарай жалғап жатыр арманыңды бітпеген.

蜀相

何处去寻找武侯诸葛亮的祠堂?
在成都城外那柏树茂密的地方。
碧草照映台阶自当显露春色,
树上的黄鹂隔枝空对婉转鸣唱。

定夺天下先主曾三顾茅庐拜访,
辅佐两朝开国与继业忠诚满腔。
可惜出师伐魏未捷而病亡军中,
常使历代英雄们对此涕泪满裳!

Айлы кеште сағындым бауырларды

Қарауылдың қағылды барабаны,
Көше жаққа енді кім бара алады?
Қаңқылдайды сыңар қаз, тек сол ғана,
Шегараның тып-тыныш бар алабы.

Қырау түсіп аппақ боп айлы кеште,
Айды көрсем туған жер түседі еске.
Бауырларым қайда жүр екен қазір,
Тоз-тоз болып торғайша кетті емес пе?

Хат-хабарын қай заман алмағанға,
Бауырымның бәрі аман қалмаған ба?
Қарғыс атқыр бұл соғыс тоқтар бәлкім,
Бәрімізді тып-типыл жалмағанда!

月夜忆舍弟

戍鼓断人行,
边秋一雁声。
露从今夜白,

月是故乡明。
有弟皆分散,
无家问死生。
寄书长不达,
况乃未休兵。

Күреңкейге күрсіну

Аулада бар  күреңкей гүл өсірген,
мезгілінен кешіктіріп көшірген.
Чоңяң келді, қауашағы әлі көк,
Көз қандырып көре қояр сәні жоқ.

Әлі-ақ күз кеп, суық ызғар шашады,
Дірдектеген мастар көзін ашады.
Не пайдасы сонда қалып сүлдерің,
Ашылғаны там-тұмдаған гүлдерің?

Гүл қашаның сыртында тұр ашылып,
Дала гүлі тау иісі шашылып.
Сол гүлдерді үзіп әкеп шоғымен,
Тамашалар адамдар топ-тобымен.

Ерте ашылған гүлдер ерте саудырар,
Сәнсіздіктен адамдар көз аудырар.
Тек күреңкей қаулап өсіп тұрады.
Аяз аптап, қарлы боран ұрады...

庭前甘菊移时晚,
青蕊重阳不堪摘。
明日萧条醉尽醒,
残花烂熳开何益。

篱边野外多众芳,
采撷细琐升中堂。
念兹空长大枝叶,
结根失所缠风霜。

Туған жерге тек түсімде барамын

Соғыс дабыл үртіс-үртіс қағылып,
Бірде ашылып, бірде жолдар жабылып.
Тау түксиіп, өзен өксіп ағады,
Табиғаттан танылады тағылық.

Мен бір шалмын кезіп жүрген жан сауға,
Жыртық тоным жарамайды қамсауға.
Үш патшаға ұласыпты үш бүлік,
Кәрі жаным туған елді аңсауда.

Тек түсімде туған жерге барамын,
Дауыл соғып, дүлей толқын жарамын.
Үрпек бас тал асау Шияңжияң жағасы,
Көрсетеді қарауытқан баранын.

Туған жерге жетсем-ау деп асығам,
Көрінбейді Хишұй қайда тасыған?
Желдей есіп жеттім міне Чаң-анға,
Көкірек дерт, ішім удай ашыған!

Чу жері екен, білдім Чаң-ан емесін,
Бәрі өкініш, бәрі қиял елесім.
Ояна сап жаздым осы өлеңді,
Туған ел-жер ұмытты екен демесін!

道路时通塞,
江山日寂寥。
偷生唯一老,
伐叛已三朝。

雨急青枫暮,
云深黑水遥。
梦归归未得,
不用楚辞招。

Арық ат

Жан серігім жалғыз атым астымда,
Арық атпен аз жолды мен бастым ба?
Ертелі-кеш желге қарсы желемін,
Ұлы қорған сыртын көздеп келемін.

Өзім ауру, қаусаған шал қаңғыбас,
Атым арық, жүрісім бір мандымас.
Амалым не жалғыз атым мінгенім,
Жалғыз атын аямайды кімде кім?

Жануарым жатырқауды білмейді,
Үрку деген кәперіне кірмейді.
Су ішкізіп, мен жемдеймін шөп беріп,
Сен желесің мені ертесі бөктеріп.
Келеміз біз күнді осылай өткеріп.

乘尔亦已久,
天寒关塞深。
尘中老尽力,
岁晚病伤心。

毛骨岂殊众,
驯良犹至今。
物微意不浅,
感动一沉吟。

Қар жауғанда

Қан майданда қар көмді ғазез басты,
Көлдетеді кәрі шал көзден жасты.
Көшіп бұлттар жөңкіліп бей уақытта,
Қар ұйтқытып боз боран кәрін шашты.

Шарап құйған қапағым қайда қалған?
Көп қарадым таппадым айналамнан.
Ошақта от жанады жалаңдаған,
Аумайды бір қып-қызыл айдағардан.

От басында отырмын қайғы қаптай,
Алғы шептен арт жақтан хабар таппай.
Ербеңдеймін ауаға жазу жазып,
Өсиет боп артыма қалар хаттай.

战哭多新鬼,
愁吟独老翁。
乱云低薄暮,
急雪舞回风。
瓢弃尊无绿,
炉存火似红。
数州消息断,
愁坐正书空。

Күн батқанда

Күн еңкейіп терезеге келгенде,
Асып қойған секілденді пердемде.
Ар жағында диқан бұлақ басында,
Ертелі кеш-басады бір ербеңге.

Бұлақ бойы бұлықсыған майсалар,
Алау шаша алуан гүлдер жайқалар.
Біреу отын жарса, біреу ас істеп,
Көл бетінде иесіз қайық шайқалар.

Құстар сайрап, әуен тауып жарасым,
Торғай қуған шыбын-шіркей қарасын.
Қойшы бәрін, құй қойыртпақ шарапты,
Ішейін бір іштегі шер тарасын!

落日

落日在帘钩,
溪边春事幽。
芳菲缘岸圃,
樵爨倚滩舟。

啅雀争枝坠,
飞虫满院游。
浊醪谁造汝,
一酌散千忧。

Көктем тағы келгенде,
Жырақ елден, жерден де;
Ауылды аңсап мұңаям,
Мен сергелдең шерменде.

Тастап Жияңчың қаланы,
Әнге қосып даланы;
солтүстікке тағы да,
Қаздар қайтып барады.

Келер-кетер еркімен,
Қанаты бар серпіген;
Қаз құрлы да бола алмай,
Жыр жазам мұң дертімен.

归雁

东来万里客,
乱定几年归?
肠断江城雁,
高高向北飞。

Серменде серанасы

Мен Лояңнан қай заман кеттім жылап,
Төрт мың ли жер осында жеттім жырақ.
Бейне қаңбақ қаңғырған бейнет айдап,
Хал-жайымды қоймайды ешкім сұрап.

Анлушан мен Шысымиң бүлік салған,
Шындық ащы бұл күнде үміт жалған.
Бүлікшілер жаулаған Орта жазық,
Түршігуге құлағын түріп қалған.

Жер құлазып, ел тозған құты қашып,
Табиғат пен соғыстың жұты бысып.
Көз сатамын Жиангының сырт жағынан,
Атамекен аңсатып жұрты қашық.

Шегараны күздің сұр бұлты басқан,
Өткізбейді әскерлер мылтық асқан.
Өзек жалғап өзеннен өтті күндер,
Түнде ұйқы, күндізі күлкі қашқан.

Зілдей басып қайғы мұң ауырласты,
Атажұртты, сағындым бауырласты.
Қартайғанда қаңғыртса қу басыңды,
Қалай ғана жүрегің ауырмас-ты?

Аспанда айға зәрлі түн телміремін,
Талай-талай езіліп, елжіредім.
Мамық бұлт боп қалқыдым қиял көгін,
Жұлдыздардай таң ата селдіредім.

Сы-ту қолы Хы-яңды алды деген,
Бір хабарға қуанып қалдым ерен.
Иоуяңды алса бел шешпей Лигуаңби ер,
Шүйіншіңді ал, қолымда барды берем!

Сурет: Википедиядан алынды

恨别

洛城一别四千里,
胡骑长驱五六年。
草木变衰行剑外,
兵戈阻绝老江边。

思家步月清宵立,
忆弟看云白日眠。
闻道河阳近乘胜,
司徒急为破幽燕。

Өзен бойындағы самалдықта

Шуақты күн маужырай нұрын шашып,
Самалдықта жатырмын, кеудем ашық.
Мен оқысам «түз жырын» мақамдатып,
Саз қосады сарылдап өзен тасып.

Оңаша бір жатырмын өзім ғана,
Аспандағы ақ бұлтқа көзім сала.
Қалқиды бұлт аспанда секілденіп,
Айта алмаған ойым мен сөзім шала.

Жазға айналып барады көктем аунап,
Жасық көңіл қашамын көптен аулақ.
Күллі ғалам не керек өскен қаулап,
Бәрін уақыт тоздырар өткен заулап!

Шығысында өзеннің қылыш ойнап,
Қырқысқандар қылығын қашан қоймақ?
Астанаға әр жолы қайтқан сайын,
Қамығамын ел қамын мүңмен ойлап.

江亭

坦腹江亭暖,
长吟野望时。
水流心不竞,
云在意俱迟。

寂寂春将晚,
欣欣物自私。
江东犹苦战,
回首一颦眉。

Тоқырау кезінде

Табиғаттың жамалы,
Жиырма төрт амалы,
Әлеміне адамзат,
Әбден ұқсап қалады,
Парқы бар тек шамалы.

Келген кезде тоқырау,
Мұзда болар бопырау.
Көктем келер кешікпей,
Кең далаға осынау.

Жай жатады кеште тым,
Қыздар тігіп кестесін.
Торғын киіп қалайша,
Мақта күрдек шешпесін.

Ығы-жығы қоржадан,
Қатар-қатар моржадан.
Бұрқырайды ақ шуда,
Ақ тілектей жолдаған.

Қаңтар қыстан жеріген,
Өзенде мұз еріген;
Жағасында тал-терек,
Майысады ебіден.

Таудың ортан белінен,
Қайсарлыққа теліген;
Көз тартады шытыр гүл,
Бықпай ызғар желінен.

Көз айым боп қалайын,
Туған жерге балайын.
Толтыр қане бокалды,
Бір-ақ қағып салайын.

小至

天时人事日相催,
冬至阳生春又来。
刺绣五纹添弱线,
吹葭六琯动浮灰。
岸容待腊将舒柳,
山意冲寒欲放梅。
云物不殊乡国异,
教儿且覆掌中杯。

Нәзік құрақ

Көргін құрақ қамысты,
Желге қалай қарысты,
Жұлқыласа жұлынбай,
Жерге қалай жабысты.

Нәзік құрақ найқалып,
Өскен кезде жайқалып.
Шық төгіліп тұрады,
Ай нұрында шайқалып.

Күлтеленіп шашағы,
Аз уақыт гүл ашады.
Суға түсіп көп өтпей,
Сүлу сәні қашады.

Қайран шақтар құрақтай,
Алмағанға тұрақтай.
Керегі не өкініп,
Жауабы жоқ сұрақтай.

摧折不自守,
秋风吹若何。
暂时花戴雪,
几处叶沉波。
体弱春风早,
丛长夜露多。
江湖后摇落,
亦恐岁蹉跎

Қытай тілінен аударған Қанатбек Жұмабайұлы.

Дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061