Сейсенбі, 3 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 4223 0 пікір 13 Қаңтар, 2014 сағат 10:36

КҮНДЕЛІК БЕТТЕРІНЕН

(«Қазақ әдебиеті» – 1981-1991)

(«Қазақ әдебиеті» – 1981-1991)

Іздеген дүниеңді, адамыңды интернеттен тауып алатын заманның журналистеріміз. Ал осының бірі де жоқ уақытта газет жұмысы қалай жүрді, ахуалы қандай болғанын білмек болып, көнекөздерімізді іздеген едік. Өмірінің он бір жылына «Қазақ әдебиетін» серік еткен жазушы Дидахмет Әшімханға жолыққанымызда, өзі қызмет еткен жылдары жүргізген күнделігі бар екенін айтқан. Сексен жылдықтың қарсаңында «өткен күннің бір белгісіндей» болған күнделік беттерін газетімізге басуға арнайы өтініш жасаған едік.

15 апрель, 1981 жыл.
Қазақстан жазушыларының сегізінші съезі ашылды. Ашқан – Ғабит Мүсірепов. Қонаев, Шестаков, Камалиденов, Аухадиев, Имашев қатысып отырды. Есепті баяндаманы Жазушылар одағының бірінші секретары Жұбан Молдағалиев жасады.
Жазушылар съезіне бұл менің тұңғыш қатыс­уым. Сондықтан да іштегі бір мақтаныш сезіммен сөйлегендердің әр сөзіне, отырғандардың әр қимылына жіті қараумен болдым. Сексенге тақап қалса да Ғабеңнің сөзі де, өзі де әлі тың екен. Тек жиналысты басқарып отырып, президиумға адам сайламас бұрын есепті баяндамаға Жұбанды шақыруы жұртты ду күлдірді. Бір қатар артта отырған Қонаевтың өзі де күліп жіберді.
Қонаев өзін тым қарапайым ұстап отырды. Үстінде – қаракөк костюм, көк галстук. Сөйле­ген­дерге құлақ тіге отырып, жанындағы Шес­та­ков­пен де еркін әңгіме құрды.
Қалтай Мұхамеджановтың баяндамасы өте әсерлі шықты. Сөзі тым өткір, әрі юморлы екен. Бір жазушыға мінездеме бергенде «қара судан қаймақ алып, піскен жұмыртқадан балапан суыратын адам» дегенде, жұрт көздерінен жас ақ­қанша күлді. С. Досанов пен С. Ғаббасовты қатты сынады. Әділ сынады. Съезге Мархабат Байғұтов келіпті. Біраз әңгімелестік. Үзілісте Құрман­ғазы­мен сөйлестім. «Қызғыш құс» кітабындағы «Жал­ғыз салт атты» повесі жөнінде пікірімді айттым. Ұна­­мағанын астарлап, ептеп жеткіздім. Ол өз «пер­зентін» аздап қорғағысы келді. Бірақ мені түсінген болар. Сөзіне қарағанда қатты еңбек­те­нетін көрінеді. 30 баспа табақтық кітап аударып жатқан көрінеді. «Уақытымның бәрін сол жеп жатыр» дейді. Тек соңғы уақытта ғана 1200 са­ға­ты осы кітапқа кетіпті. Бұл – тозақтық азап қой.

28 октябрь, 1981 жыл.
Екі-үш күннен бері К. Паустовскийдің «Золотая роза» повесін оқып жатырмын. Расымды айтсам, осыны бұрын неғып оқымағаныма өкіне­мін. Қандай үлкен жүрекпен, сезіммен, біліммен жазылған дүние бұл! Повесть болғанда өзінде не фабула, не сюжет жоқ, әншейін автордың твор­честволық еңбек, творчество адамдары жөнінде толғаныстары ғана. Бірақ кәдімгі көркем шығар­малардан артық болмаса бір де кемдігі жоқ. Ме­німше, қолына қалам ұстаған әр адам бұны оқып шығуы керек. Бір қызығы, жазушының көп ойлары менің пікірлеріммен үндес, ұқсас келеді екен. Екіншіден, өз бойымдағы кейбір ерек­шелік­терді де алғаш рет осы повесті оқығанда сезіндім. Творчество адамына, оның ішінде талантты жазу­шыға тән қасиеттер менің де бойымда бар екен. Бүгінге дейін өз басым көркем прозаның қарапа­йымдылығын, әуезділігін, ырғақтылығын жоғары бағалаушы едім. Байқасам, шын талант­тардың көбі осы қағиданы ұстанған екен. Демек, менде талант болуы әбден мүмкін. Және қандай шығар­ма жазбас бұрын өзім сол шығарманың та­биға­ты­на сай көңіл-күй іздейтінмін. Оны тап­қан, дұ­ры­сында сондай күйге түскен кезімде әлгі шы­ғарманың ырғағы да табыла кететін. Бұл жазушы үшін ең керекті қасиет сияқты. Менде қина­лып жазу бар. Осы қиналып жазудың өзі талғам­паз­дықтан туса керек. Ал талғам бар жерде та­­лант­ты шығарманың тууы заңды. Тез жазам деп мақтанатындардың шығармасының шыңға шығып кеткенін әлі көргем жоқ. Ондай шығарма­ны тез жазсам, мен де жазатын секілдімін. Сөз жоқ, жазамын да. Мәселен, бір жақсы көретін ағам бірде: «Бір күнде отыз бет аудардым» деп келгені бар. Әрине, мен оның аудармасын оқығам жоқ, бірақ керемет болмасын сеземін. Өйткені, оның бұрынғы дүниесінен тәуір ештеңе оқи алмадым. Мүмкін бұл ағам ол шығармаларын да өстіп тез жазған шығар.
Француз әдебиетінде ең қиналып жазған­дар­дың бірі Гюстав Флобер, орыстан Лев Толстой. Бірақ екеуі де ұлы жазушылар. Оларды ұлылық биігіне көтерген де сол қиналып жазғандығында болар. Демек, қиналудан қашудың керегі аз сияқты. Мен үш күннен бері үш-ақ бет аударма жа­сап, қазір ғана біттім. Не ол көркем шығарма емес, не ол менің атымнан шығар дүние емес. Әншейін М. Зверевтің аңшылық жайындағы мақаласы. Бірақ мен оны: «Бұл мақала ғой. Маған не абырой, не пайда бар?» деп, сүйкете салуға дәтім жетпей-ақ қойды. Неге екенін білмеймін, өзімдікі болсын, басқанікі болсын, бір сөйлем жазсам да әрлеп жазғым келеді де тұрады.
Жексенбі күні (25 октябрь) күні бойы отырып, меди­цина ғылымының докторы Естөре Оразақов­тың мақаласын қайта жазып шықтым. Кеше өзі оқып алып: «Жазғанымды тым шұнтитып жіберіп­сің» деп ренжиді. Япырау, сол оның «жазғаны ма» еді, менікі емес пе. Оныкі тек фамилиясы емес пе. Ал бүгін мақаласын екінші рет оқып болып, кетерде пайдаланған үш кітабымды сұрағанда, мен бермедім. Ол: «Бала, өзің бір сараң екенсің» деп шығып жүре берді. Мақаласын жазып бергенде, алған рахметім осы.
Жаңа Шерхан телевизордан сөйледі. «Қазақ әдебиеті» жөнінде айта келіп, биыл шыққан материалдардың ішінен екі-ақ мақаланы атап өтті. Ол менің «Парақорларым» мен «Жалғыз бала» очеркім. Ар-ұятпен, үлкен қиналыспен жаз­ған материалдарымның бұл да болса жемісі.

1 январь, 1982 жыл.
Өз ғұмырымда талай есте қаларлық күн өткіз­дім десем, соның бірі бүгін болды. Мен бүгін бас­шы адам қандай болу керектігін де алғаш білген сияқ­тымын. Әңгіме Шерағаң жайында, өзіміздің редактор Шерхан Мұртазаев жайында. Сол кісінің бастауымен бүгін бүкіл коллектив боп, коллектив семьясымен боп, Жаңа жылдың ал­ғаш­қы күнін «Отырар» ресторанында өткіздік.
Шерағаң кеш бойы төрде отырып, отырысты қыздырумен болды. Өзіне көңілді болған аса жара­сады екен. Алыс төрде отырса да кімнің қан­дай күйде отырғанын да нақ сезеді екен. Кейбір қылымсып, бүге түскендерге: «Әй, неге ішпейсің? Тартып таста!» деп күлдіріп те қояды. Бірінші антрактта фоэге шығып, бәріміз ән айт­тық. Мен «Әудемжерге» бастым. Жұрт риза боп қалды... Сосын екінші отырысқа шықпай жатып, залда әй кеп аңыраттақ-ау! Біраздан соң Шерағаң мені жанына шақырып алып: «Ән айт» деді. Сосын екеуіміз «Жеңешені» шырқадық. Енді бір уақытта өзі Қызырғалидың әйелімен қосылып, «Ғалия­бану­ды» шырқады. Қысқасы, сол кеште біз Шерағаңды тек басшы емес, үлкен жүректі адам екенін де таныдық.

24 февраль, 1982 жыл.
Әлкей Марғұланның үйінде болдым. Тұрған жерлері – Шевченко көшесі мен «8 март» көше­сінің қиылысындағы бір тып-тыныш тұйық тұс екен. Үшінші этажға көтеріліп, есіктің қоңы­рауын бас­тым. Үстіне сұрғылт халат киген, дөңгелек жүзді, 30-35-тер шамасындағы бір әйел адам бөлмеге кіргізді. Әлекеңнің Дәмелі деген қызы осы болар деп шамаладым. Мен онымен телефонмен бірне­ше сөйлескен едім. Сол уақытта оның қазақша да тәп-тәуір сөйлейтінін аңғарып қалғанмын. Киімім­ді коридордың бұрышында тұрған киім ілгішке ілдім де, Дәмелінің нұсқауымен залға кірдім. Осы сәтте есік қоңырауы тағы да шылдыр ете түсті. Сосын іле-шала бөлмеге 45-50-лер ша­ма­сындағы бір татар әйел кірді. Бұл Ғылым академиясында істейтін машинистка әйел болып шықты. Қолында қолжазба салған жуан папка. Дәмелі залдың оң жағындағы, түкпірдегі есікке бас сұқты да: «Папа, саған адамдар келіп тұр» деді. Көп күттірмей-ақ әлгі бөлмеден еңкең­дей басып Әлекеңнің өзі де көрінді. Басында – жасыл мен ақшыл махер жіпті қоса тоқыған, жүні бұрқыраған тоқыма малақай. Қалың линзалы көзілдірігінің екі ұшынан жіп байлап, сол малақ­айын бастыра желкесінен тартып тастапты. Кеудесіне кигені – екі қатарлы қоңыр түйме тақ­қан көнетоз тері желетке, қызыл-жасыл аралас шақпақты шатланка көйлек. Бұтында – екі жағында лямка жапсырған көкшіл трикотаж шалбар. Аяғында – замокты киіз бәтеңке. Машинистка әйел онымен қос қолдап амандасып: «Әлеке, жұмысыңызды бітіріп әкелдім», – деді. «Оның дұрыс болған екен», – деп Әлекең папканы ақ­та­рып көре бастады. Сосын әйелге тағы бір папка қол­жазба беріп тұрып: «Ақшасын қазір аласың ба, әлде бәрін бітірген соң бір-ақ есепте­семіз бе?», – деді. Әйел жымиып: «Бүгінге дейін бас­қанымды қазір алып кетейін, ақша керек болып тұр», – деді. Әлекең: «Қанша?», – деді. Әйел: «52 сом» деп еді, Әлекең кабинетіне кіріп кетті де сұраған ақшасын әкеліп берді. Әйел оны алып шығып кеткеннен кейін, ол маған бұрылып: «Сен қандай жұмыспен келдің?», – деді. Мен оған шаруамды айттым. Осы тұста сәл шегініс жасай кетейін. Бұдан бір ай бұрын жазушы Әнес Сараев бізге «Қобыланды батыр» жыры және тарихи деректер» деген 17 беттік мақала ұсынған. Мен ол мақаланы ұнатып, бірден замредакторымызға (Ә.Жәмішев) бергем. Ол кісі көп шұқшиып оқып, біраз жерін қысқартып, машинкаға қайта бастырған. Рас, сол уақытта мен ол кісіні: «Осы-ақ көлеңкесінен қорқа береді екен» деп жаратпай қалғанмын. Мақала машинкадан шыққан соң, редактор (Ш.Мұртазаев) оқып, тағы да көп күмән келтірді де: «Бұны Әлкей Марғұланға оқытып алу керек» деп маған қайта қайтарып беріп еді. Сол себепті кеше мен Әлекеңнің өзімен телефонмен сөйлесіп, бүгін баруға өтініш жасағанмын. Міне, енді сол жағ­даймен келіп тұрмын.
Әлекең «Қобыланды жыры» және тарихи дерек­терді» қолына алып, сәл қарап отырды да:
– Бұның авторы кім? Жас адам ба? – деді. Мен Әнес Сараев жөнінде қысқаша айтып өттім. Сосын:
– Ақсақал, бұл мақаланы өзім оқып берейін, – дедім, жұмысты жеңілдеткім келіп.
– Оқысаң оқы, – деді Әлекең қарлыққан қартаң дауыспен. Үнінен «Сол не жазды дейсің» деген сыңайды да байқап қалдым.
Бірінші беттің аяғына тақағанда, ол:
– Сонда бұл, Мәлік Ғабдуллиннің айтқанына қарсы ма? – деді қолжазбаға шұқшия түсіп.
– Қарсы. Кейінгі беттерде неге қарсы екенін дәлелдейді де, – деп қойдым мен.
Екінші беттің жартысына жеткенімде:
– Бұл өзі (Әнесті айтып отыр) тарихта екі Қобыланды болғанын біле ме екен? Әншейін бос далбасалауға болмайды ғой. Бірінші Қобыланды ХІІ ғ. өмір сүрген. Қобда бойындағы «Қобыланды бейіті» дейтін бейіт – соның бейіті. Ал жырдағы батыр Қобыланды – Қара Қыпшақ Қобыланды ХV ғ. тіршілік еткен. Ол Әбілхайыр ханның батыры. Мынауың сонда қай Қобыландыны шатастырып отыр? – деп Әлекең бір сәт наразылық білдіре бастады.
Мен мақаланы әрі оқи бердім. Қобыланды жайындағы О.Нұрмағамбетованың пікіріне жеткенімде, Әлекең:
– Оразкүлдің бұл ойы дұрыс, – деп бас шұл­ғыды.
Қысқасы, бұдан кейін ол басқа ғалымдардың ешқайсысының пікірін қолдағысы келмеді.
– Қарағым-ау, мынауың қият пен оғыз қып­шақ­тарды қатар қойғаны несі? Оғыз бен қып­шақтың өзі сол қияттан тараған ғой. Ал қият дегеніміз баяғы гүндер ғой. Ойға келгенді сөйлей беруге бола ма екен?! Тарихқа ондай жорамал жүрмейді. Тарихқа дәлел керек. Дәлелсіз тарих – тарих емес, ол халықты алдау... Жә, ары оқышы, – деді сосын.
Әнестің айтуынша (дәлелдеуінше), қызылбас­тар – парсы емес, оғыздар еді. Оған айтар дәлелі – оғыздардың өңі сары болған, сақалдары қыз­ғылт келген. Сондықтан да қыпшақтар оларды «Қызылбас» деп атаған.
– Оттапты, – деді осы тұста Әлекең күйініп. – Қызылбастардың парсы екендігі баяғыда дәлел­денген.
Әлекең, сондай-ақ, бұл мақаладағы Ақжол (Дайырқожа), Майқы би, Қотан жайындағы пікірлерге де қарсы болды.
– Мына жазып отырған адам Шәкәрімді оқымаған, – деді бір мезет.
– Ол қай Шәкәрім? – дедім мен.
– Құдайбердіұлы, – деді ол маған тік қарап, соны да білмейсің бе дегендей. – «Қазақ хандары­ның тарихы» деген кітабы бар ол кісінің. Кітап­ха­нада ол кітап бар. Соны оқымаған ғой. Оқуы керек еді.
Бір қызығы, Әлекең өзі қарсы болған тұстарды сызып таста деп отырды. Мен қолжазбаны бүл­дір­гім келмей, күмәнді тұстарға сұрақ белгісін қойып, әрі жылжи берсем:
– Әй, мен сызып таста деген жерді неге сызбай отырсың?! Осы мақаланы өзің жазған жоқ­сың ба өзі? Тіпті, қолың бармайды, – дейді ол маған шұқшия қарап.
Қысқасы, екі сағат Әлекеңнің алдында отырып, оның «Шоқан туралы естеліктер» атты өз ма­қаласын алып, үйге қайттым.

9 февраль, 1983 жыл.
Түстен кейін Шерағаң бәрімізді кабинетіне шақырып алып:
– Кеше біздің Қажыкеңді (Қажығали Мұқа­м­бет­қалиевті) Орталық Комитеттің секретариатында бекітті. Бүгіннен бастап оны газетіміздің заңды түрде жауапты секретары деп біліңдер, – деді әдетінше ернін жымқыра түсіп. Сосын бізге барлай қарай отырып:
– Ал енді жолдастар, Қажыкеңнің бұрынғы орны – проза бөлімі бос тұрғанын білесіңдер. Оған кім лайық? Арамыздан кім сол бөлімнің жұмысын алып жүре алады, – деді.
Мен ол орынға іштей «Сейітқазы (Досымов) баратын шығар», одан басқа кімді қояды деп жүр­генмін. Сондықтан бірден:
– Сейітқазы лайық қой, аға. Очерк бөліміне ол кісінің біраз еңбегі сіңді емес пе, – дедім. Шерағаң:
– Бұған қалай қарайсыңдар? – деп тағы да отырғандарға көз тастады.
– Сейітқазы болсын.
– Сейітқазы лайық ол бөлімге, – деп шуласты бәрі.
– Ал оның орнына кімді ұсынасыңдар? – деді Шерағаң.
– Бергі жағындағы (Сейітқазының) мұртты лайық қой, – дедім мен Мұсаға (Рахманбердиев) қарап.
Бұны да жұрт мақұлдасты. Сөйтіп, проза бөлі­міне Сейітқазы, очерк бөліміне Мұса меңгеру­ші болып тағайындалды.
Әрине, бұларды біз тағайындағанымыз жоқ. Секретариатта да келісілген болуға тиіс. Бірақ біздің риза болғанымыз – Шерағаңның тактикасы еді. «Ана бөлімге анау, мына бөлімге мынау барады» десе де өз правасы өзінде еді ғой. Жаңағы тактикасымен коллективтің атмосферасына да бір көз жүгіртіп өткен сияқты.

11 февраль, 1983 жыл.
Редколлегия мүшелерімен мәжіліс өткізілді. Оған сырттан Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин, Х.Ерға­лиев, С.Мәуленов, Қ.Мұхамеджанов, Д.Исабеков, З.Қабдолов және ЦК-ның бір өкілі қатысты.
Бірінші Қалижан сөйледі. Ұзақ сөйледі. Мәнді ештеме айтқан жоқ. Өзінің дауысы да анық емес екен. Менің жанымдағы Әбділда:
– Мына Қалижанның аузынан шыққан сөздің әрпі төңкеріліп түседі екен, – дейді.
– Алтынның арасынан сөз қалай шықсын, бәрін бітеп тастаған ғой, – дейді Қалтай.
Сырбай Мәуленов өз сөзінде арнау өлең жайын­да айта келіп:
– Мына Қалижанның баяғыда бір өлеңін оқыдым. «Социалистік Еңбек Ері, Ленин орденді аға шопан Пәленбаевқа» дегендей арнауы бар екен. Сонда ойладым, осы керек пе деп. Қалеке, сонда сіз сол шопанның бір қойын жеп кетіп, ақысын өлеңмен қайтарған жоқсыз ба? – дегенде бәріміз ду күлдік.

14 февраль, 1983 жыл.
Целиноградтан жолым болмай қайтқан соң командировкамды ақтамақ болып, қалай да бір материал жазуды ұйғарғанмын. Сол ниетпен қаладағы Балалар үйінен бір апта бойы фактілер жинағанмын. Осы фактілер бойынша екі күн үзбей жұмыс істеп, кешегі күні кешке «Көкектің күнәсі» деген социалогиялық очерк жазып бітір­дім. Бүгін машинкаға бастырғанда 13 бет шықты. Бастықтар қалай көрерін кім білсін, өзіме тәуір сияқты. Шерағаның қолына берейін деп едім, ол кісі түске дейін болған жоқ. Тегі ЦК-да жүрсе керек. Соңғы кезде өзі Үлкен үйге көп барып жүр, «СҚ»-ға редактор болып барады деген рас бол­ма­ғай. Біз үшін ол әлі де «Қазақ әдебиетінде» жүре бер­гені жөн болар еді. Болмағанда, пәтер алғанша дегендей. Ол кетсе, орнына қандай адамның келерін кім білсін? Сейдахмет Берді­құл­ов келеді дегендей өсек бар. Маған ол біртүрлі адам сияқты көрінеді де тұрады. Студент кезімде «Ле­нин­шіл жаста» бірер ай істегенімде біраз адамды танып қалғанмын. Соның бірі Сәкең ғой. Бірақ адалын айту керек, маған тиген залалы жоқ оның. «Тасқорым» деген әңгімемді 15 күннің ішін­де шығарып бергенін әлі ұмытқам жоқ. Жалпы, Сәкең менің творчествомды ұнататынын талай байқағам.

18 март, 1984 жыл.
Гогольдің туғанына 175 жыл толуына байланысты газетке бір бет материал дайындадым. Не­гізінен Гоголь туралы замандастарының естеліктері. Аудардым. Осы біреулер аударманы бөрікпен қағып алатындай жеңіл көретіні несі екен. Әрқайсысы 100-150 жолдан тұратын 3 естелікті 3 күн аудардым. Бірақ көңілімнен шық­ты. Маған ең керегі – осы. Өз фамилиям тұрған жер­де қалай халтураға барасың. «Мезгіл өтіп барады, беу, қарағым-ды» (мақала) әлі бітіргем жоқ. Тіпті, қарағым келмейді. Зорланып жазған дүниенің жайы осы ғой. Өзің сүймеген дүниені өстіп амалсыз зорланып жазуға тура келеді. Дегенмен, оны ертең қалай да бітіруім керек.

10 ноябрь (жұма), 1989 жыл.
Бүгін Шерхан ағамыз «Соц. Қазақстанға» редактор болып ауысты. Сөйтіп, 9 жыл 40 күн іс­те­ген «Қазақ әдебиетімен» қош айтысты. Ол кісі бұл газетке 1980 жылдың 1 октябрінде келген еді. Ол уақытта газеттің тиражы – 45 мың болатын. Биыл – 100 мың, келесі жылы – 125 мыңмен шықпақшы. Ол уақытта (1980) «Қазақ әдебиетінің» гонорары – 800 сом еді, қазір – 1600. Бұның бәрінде Шерағаңның табан ақы, маңдай тері, көзінің майы бар. Октавиан Август айтқандай, «Риму нашел глиняным, оставил мраморным» дегені осы шығар. Қазақ тілінің мемлекеттік статус алуына да ол кісінің сіңірген еңбегін айтып жеткізу қиын.
Осы 9 жылда бұрын екінің бірі біле бермейтін, есіл еңбегі ескерілмей жүрген, ғалымдығын ғалымдардың өзі жете бағалай алмаған семейлік ғұлама Қайым Мұқаметқановты халыққа жет­кізген, Манашты (Қозыбаев) Манаш еткен, Құл­мат Өмірәлиев, Мекемтас Мырзахметов сынды азаматтарды нағыз ғалым ретінде танытқан, Орхон-Енисей жазбаларынан бастап араб әрпін оқып, жазуды үйретуге дейін ұзақ із салған «Қазақ әдебиеті» болса, бұл газетті қолынан жетелеп отырған Шерхан ғой.
«Қ.Ә.»-ге енді редактор кім болар екен? Оралхан қазір Шыңғыстайда. Шешесінің қырқын беруге кеткен. Меніңше, Шерағаңның орынын баса алатын, ол салып берген жолды кеңіте бермесе тарылта түспейтін жалғыз журналист Оралхан болуға тиіс. Оның алғырлығына, ұшқырлығына, кез келген автормен тіл табыса білетін саясат­керлігіне редакцияда ғана емес, Жазушылар одағында тең келетін адам жоқ екеніне сенімім зор. Бірақ біздің Одақтың басшыларына жұмыс істей алатын, халықтың қамын ойлайтын адам не керек. Оларға – «Алаштың аты озғанша, ауыл­дас­тың тайы озсын!». Өкінішке қарай, біздегі ұран сондай.

24 қыркүйек, 1991 жыл.
Түстен кейін редакцияға Нығмет Ғабдуллин келді. Ол кісі бізге «Ғабит аға туралы» деген отыз беттік естелік ұсынған еді. Соның бірінші данасын сұраған едім, бүгін әкеліпті. Көп әңгімелестік. Бәрі де Ғабаң туралы.
– Өте шыдамды адам, – дейді Ныхаң. – Бұл жөнінде 3 әңгіме айтып берейін... 50-жылдардың басында Ғабаң, Тәкең (Тайыр Жароков) және мен үшеуіміз Москваға пойызбен кетіп бара жаттық. Тәкең жолға шығар алдында: «Ғабиттің жанына орналаспа, өте көңілсіз болады» деген соң, мен Тәкеңнің купесінен орын алғам. Кешкілік вагон-ресторанда тамақ ішіп отыр едік, спортивный формамен Ғабаң да келді. «Кофе ішейін деп едім» деп ол қалтасынан 1 сом алып, бөлектеу үстелге барып отырды. Артынша сол үстелге бір мас орыс келіп қисайды да, Ғабаңды әй-шай жоқ боқтай бастады. Ұзақ боқтады. Мен шыдай алмай орнымнан тұра беріп едім, Тәкең отыра тұр дегендей тіземді басып қойды. Ғабаңды әлгі мас орыс әлі боқтап отыр. Ғабаң үнсіз. Орыс боқтай түседі. Ғабаң үндемейді. Ақыры кофесін ішіп болған соң, жұдырығын үшкірейте түйіп алып, әлгі орыстың кеудесінен ірей, алдынан өтіп жүре берді. Бар қарсылық осы болды. Екінші рет бір жиналыс болып жатқанда (ол кезде Ғабаң Жазушылар одағының председателі) Төлеужан Ысмайылов кіріп келіп: «Әй, Ғабит, мен енді 1-2 айдан кейін өлем. Мына қағазыңды өзің ал» деп, пенсия тағайындау жөнінде қол қойып, жазып берген қатынас қағазын Ғабаңның бетіне лақтырып жіберді. Ғабаң үндеген жоқ. Қағазды ақырындап жыртты да, жанындағы урнаға тастай салды. Үшінші оқиға мынау: Ғабаң тағы бірде жиналыс жүргізіп отырғанда, Сафуан есікті ашты да: «Әй, Ғабит, сен қашан шығасың? Мен күтіп қалдым ғой» деді өктем үнмен. Ғабиден, Сәбит, тағы басқа шалдар біртүрлі тіксініп қалды. Ғабит үндеген жоқ. Мен мұндай жүйкесі мықты адамды бұрын-соңды көрмеген шығармын.
Нығмет аға бұдан басқа да біраз жайдың басын қайырды. Өзі көңілді отырды. Өйткені, мен «естелігіне» өте жақсы пікір айтқанмын. Шын­ды­ғында, естелік өте жақсы жазылған, тағылымды, қызықты дүние еді.

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Мың бір мысал

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 603