Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 2861 0 пікір 18 Шілде, 2024 сағат 15:14

«Шипагерлік баянның» терминологиядағы маңызы

Коллаж: Abai.kz

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты кітабы алғаш Шынжаңда шыққанда қуанбаған қазақ баласы аз болды. Бәрі бұл мұраны қазақ медицинасына қосылған үлкен үлес ретінде қабылдады.

ШҰАР төрағасының бірінші орынбасары Жәнәбіл Сымағұлұлы бастаған Іле қазақ автономиялы облысының әкімі Асхат Керімбайұлы қостаған біраз шенділер мен ғалымдардың арнау сөзімен басылып шыққан бұл қалың кітапты алғаш көргенде бәріміз де сенер-сенбесімізді білмей аңтарылып қалғанымыз рас. Өтейбойдақтанушы, математик, ақын, марқұм Шаяхмет Қалиұлының сөзімен айтар болсақ, «Сонау 1994 жылы ҚХР аспанын қақ айырған ақпа жұлдыздай, дүбірлі жұртты дүр сілкіндіріп, елеусіз де, ескерусіз жүрген көшпенді халық – қазақ ұлтынан ғажайып мұра, теңдесіз байлық, жойқын шығарма «Шипагерлік баян» жарқ ете түсті. Жалыны да орасан зор болды. Кітап баспадан шығар-шықпай жатып, күллі қазақ баласы жапатармағай жата-жастана оқи бастаған» болатын.  Бұл кітап туралы Шынжаңдағы қазақ ғалымдары зерттеу еңбектерін жазып баспасөзде арт-артынан жариялап жатты. Олардың арасында ғалым Сұлтан Жанболатұлы, тарихшы Жақып Мырзақанұлы, әдебиеттанушы ғалым Әуелқан Қалиұлы, аудармашы, тілші ғалым Кәкеш Қайыржанұлы да бар еді.  Қазірге дейін Қытайда «Шипагерлік баян» кітабы туралы қалам тартпағандар кем де кем. Алтай қаласы мен Құлжа қаласында «Шипагерлік баянды» зерттеу орталықтары ашылып, осы негізде қазақ медицинасын дамытуға күш салып келеді.

1996 жылы Алматыда «Жалын баспасының» директоры, жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің қолдауымен Қытайтанушы ғалым, ақын Д.Мәсімханұлы мен ақын К.Елемесұлының төтетешеден кирилицаға аударылуымен бұл еңбек жарық көрді. Біздегі біраз көзғарақты ғалымдар мен әуесқой зерттеушілер бұл кітап туралы мақалаларын жазған болды. Ал кейбір бірер-сарандаған жазушылар «бұл қолдан жасалған жалған кітап» деп аттандап, «Шипагерлік баянды» қаралап мақала жазып жатты. Оған бола бұл кітап елге керексіз болмай қалған жоқ. Өз қажетіне қарай зерттеліп, зерделеніп қазақ медицинасының игілігіне айналып келеді.

Бүгін сіздекрдің назарларыңызға Шынжаңдағы  тілгер,  терминолог, ардагер тілмаш,  лексикограф Кәкеш Қайыржанұлының «Шипагерлік баянның» терминологиямыздағы маңызы» атты шағын мақаласын ұсынуды жөн көрдік.

«Шипагерлік баянның» қазіргі қазақ тілінің терминологиясынан алатын орны

Тарихтың араға сан ылқым салған алыс кезеңдері өз қойынауларына халықымыздың не бір асылын жасырып келіпті. Баға жетпес сол асылдардың бір кесек жарқшағы болып, « Шипагерлік баян» да қолымызға әйтеуір тиді-ау! Бірақ, амал не, қанша дабыра көтерсек те құны кеміп, азып, аласарып жетті. Яғни оның қолымызға тигені – жұлыны жұлынған жұқанасы ғана. Иә, алтыншы мәрте көшірілу барсында өлең-бәйттерді ықшамдағанын көшіруші мойындаған жерде онан бұрынғы көшірушілер тағы несіне қиянат жасады деген сұраудың көңілді күпті етуі заңды. Оның үстіне алғы буындарымыз ұрпақ ұғымы үшін «ескі сөз бізбен кетсін» дей отырып, оған талай өзгерістер енгізіпті. Бұл аз болғандай соңғы көшірме өртеліпті, дені жойылып кетіпті. Демек, нағыз асыл – ескінің көзі, көмбенің өзі қолымызға қаз-қалпында жетіп отырған жоқ. Бұл шынында өкінерлік жәйт.

Құнтсыз жұрттың мұндай қормалын қандай құнды болса да қазіргі текстология қайта тірілтуге амалсыз. Арғы ата-бабаларымыз «байтал түгіл бас қайғы болған» тар жол, тайғақ кешулі кер заманда ұрпақты сақтауды ғана мақсат етіп, даласы үшін бір кез өркениет ортасын – тас қорған қаласын тастап, тау сағалап кеткенге ұқсайды. Мұны деп оларды шажылы ете алмасақ та, ата-баба қолтаңбасының қадіріне жетпеген, оның бір парағының болсын көзін сақтай алмаған соңғылықтарға қара өкпеміздің қазандай болатын да жөні бар. Дей тұрғанымен, асылдың аты асыл ғой! Алдағы жерде мұның ұлт байлығымыздың салалы қорына келіп қосылған қомақты қазына екенін әркім әр тұрғыдан сипаттай жатар.

Менің әуелгі айтарым, «Шипагерлік байанның» тұрғысы бертінгі біз көріп жүрген адамдардың тұрғысынан сұңғат, тіліндегі көне түркілік дәстүр мен сөздерінің заманалық көрінстері орта ғасырлық сипаттарға көбелеп келіп тұр. Айталық, ауғаз (ауыр), уазғар (уазыр), қазғақ (қазақ), заңғарақ (шаңырақ), зағыпыран (запыран), уғарлы (улы) деген сөздер, құлғақ (құлақ), оғұл (ұл), оғұлан (ұлан) т.б. көне түркілік атауларға жатады.

«Шипагерлык баянда» тілге алынған «асмар», «дестір», «сайғақ» деген сөздердің XV ғасырдың аяқ, XVI ғасырдың бас шенінде жасаған Шәлкиз жыраудың жырларындағы «етектеп жиған көп халқың сұлтан ием кімге асмар етерсің», «қара сия, ақ қағаз дестірге өнер төктірдің», «саздауға біткен қара ағаш, кімдерге сайғақ болмаған» деген жолдарда бір мағынада ұсталуы жайдан жәй емес. Доспанбет жыраудың (1490-1523 жылдары) «жарықшылар жоқ па екен, жарма білте саларға» деген жыр жолдарындағы «жарықшы» (жара емгері) мен «Шипагерлік баянның», «жарғышы» арасында да табиғи үндестік жатыр. Кітап ішіндегі «анда», «түзем», «күрен» тағы басқа атауларда бізге қазір бейтанстау болғанымен, қазақ даласындағы орта ғасырлық уақиғалар сюжетіне құрылған тарихи романдарда кең қолданыс тауып отыр. Мұнан тыс, «ашжаз», «құйыл-тогыл», «алым-салым», «сар-сар», «том-том», «ебіл-себіл», «албыр-салбыр», «бұлдыр-бұлдыр», «бұрш-бұрш» деген зат есімдер де көне түркінің сөз жасаудағы қосарлану тәсілін елестетеді. бұл фактілер «Шипагерлік баянның» арғы заман дүниесі екенін қапысыз айғақтайды.

Менің ендігі айтарым, «Шипагерлік баянның» қазіргі қазақ тілінің терминологиясынан алатын орны. Мұның өзі көпсітіп айтсақ көп сөз. шағын мақаланың шанағына жарай бұл арада неғұрлым түйіндеп бірер мысалмен ғана ықшам баяндаймыз.

Біріншісі, «Шипагерлік баян» әсіліндегі мағынасы ұмыт болған бірқыдыру сөздеріміздің бейнесін қалпына келтірді. Айталық, «Шипагерлік баянда»: «жорғасын тайпалтып, жарын жайқалтып» деген толық қанды тіркес бар. Мұндағы «жар» деген сөздің түйе мағынасында келіп тұрғаны ап-анық. Демек, жайшылықта көп айтылатын «жардай семіз» деген сөзімізде атамыз қазақ жар-қабақты емес, екі өркеші баладай қара жердің қайығын айтыпты ғой. «Жайбарақат» деген сөз де «жәй-барахат» (тынш) деген екі сөзден біріккен сөз екен. Кітаптағы «ағынды су өлмейді, аспандағы ду өлмейді» деген мақалдағы «ду» (бұлт) сөзінің де қазіргі тіліміздегі «ду көтерілу», «ду қою» (байға кедей ду қойды» –  Жамбыл) деген сөздермен ара қатысы бар сияқтанады. Біз қазір түп төркініне жете бермейтін, тек ауыспалы мағынасын малданып жүрген сөздер мұнан басқада толып жатыр. Мысалы, ержетіп келе жатқан балаң жігітті қошаметтеп «зіңгіттей жігіт болыпты» деп қай-қайсымыз да айтамыз. Бірақ сол «зіңгітіміз» не? Оны біле бермейміз. «Зіңгіт» ағаштың діңі екенін «Шипагерлік байанынан» білдік. Онда «қарағай зіңгіті» деген сөз кезігеді. Ал «бақырауық», «шарқайа» мағынасында ұстанып жүрген «байа» – «Шипагерлік баянда» «байадай бақыру» деген тіркес түрінде жұмсалған. Байа – нардың інгені екен, тағысын тағылар. «Шипәгерлік баяннан» біз ежелгі қазақта кей атаулардың алдына «а» әріпін қосып атау дағдысы болғанын аңғардық. Мысалы, ақыт (құт), алағыл (лағыл). Тарихи атауларды анықтауда, сөздің нағыз түбірін табуда бұл деректің де белгілі мәні бар.

Тағы бір ескерерлік жәйт, біз талай сөзіміздің қатысты сыңарларын ұмытып бара жатыр екенбіз. Қазір көбіміз «қабақты» білсек «забақты», «көбені» білсек «өбені», «ажымды» білсек «кәжімді», «бедеуді» білсек «күдеуді», «қарағайды» білсек «жарағайды», «өкшені» білсек «нөкше» мен «екшені» біле бермейміз.

«Шипагерлік баян» міне осыны есімізге салды. Тіпті «өлім бардамының малын шашады, зардамының артын ашады» дегендей өзгеше мәнермен елестетті. Кітаптағы «ағайын тату болса алмауыт көп, абысын тату болса салмауыт көп» деген мақалды да қазіргі адамдар тым жатырқай қоймайды. Парсылардың «шаһнамасын» қазақ тілінде жырлаған ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтың сөз қорынан да «алмауыт» атауы кезігеді. Оған арғымақ иәки сайгүлік деп түсінік жасалған.

Екінші, «Шипагерлік баян» сөздік қорымызды молықтыруға мол мүмкіндік береді, бұған көрсетер дәлеліміз:

«Шипагерлік баянда» атау-терминнің бір тобы дайын тұр. Алайық, «рецепт» деген терминді алсақ, осы қазақшалауға Қазақстанда талай қазақ оқымстысы бас қатырып еді. Біреулер оған «ішіріткіні» баламалады, тағы біреулер «ішірет» дейік деді. Бұған келіспеген тағы бір оқымысты «рецепт» ішуге ғана емес, жағуға, егуге, тамызуға, искеуге және басқа жолдармен емдеуге арналады. Латынша «retseptum» – алу, қабылдау, алып тұру деген ұғымды білдіреді. Сондықтан оны «аласы» дегеніміз оң деген ұсынс көтерді. Әрине, мұның қай-қайсысының да көкейге қонатын ұтырлы атау емес екенін бәріміз де аңғарған жердеміз. Ал «Шипагерлік баянда» сол рецептің дәл өзі – жылы жүзді «шипашақ» деген өз қол тумамыз тұр.

Атына сай «Шипагерлік баян» медициналық атауларды мейлінше көп қамтыған. Баламасы табылмай жүрген медицина саласындағы ғылыми-техникалық термиіндер доза –  меңзе, курс – нәумет, отвар – нілнар (нілсорпа), настойка – қама т.б. болып жылы ұшырайды. Осылардың ішінде «нілнардың» қамтымы өз баламасынан кеңірек. Өйткені қаманы «суынды нілнар» деуге болады екен. Демек, тілімздегі осыншама көп балама атаулар тұрғанда настой, настойкаларға сперт тұрындысы, ефир тұрындысы деп тағы да атау жасаудың қажеты бар деп ешкім айта алмаса керек. Ал ауру-сырқаттардың бір қатарын біз әлі күнге шетелшелеп айтып келеміз не айтуға өте ауыр термин сымақтарды жасаған боламыз. Ал «Шипагерлік баяндағы» тапқырлыққа қарасаңызшы.

Біз рахит немесе сүйек жұмсаруы деп жүрген балаларды мешел етіп тастайтын сырқатты онда «кешек» деген. Бұдан артық не керек! Бақсақ, термин жағында өз тіліміздің бар мүмкіндігін толық аша алмай жүр екенбіз. Шеткек (рожа), қатқауық (іш қату), сатқа (дизентерия), тәнті (трахома), зақпы (ми шайқалу), кекжиме (минингит), ойықалтақ (хорея), сірескі (тетанус), күпсек (іш кебу), бүпсек (асқазан қыжылдау), толымшақ (бітеу жара), серең, жалбырлақ, ақтақ, сасай дегендерді қолдана білсек, халық жылы қабылдайтын тамаша атаулар. Біз «жарым дененің салдануы» деп келістіре алмай жүрген атау «Шипагерлік баянда» «жарынды сал» (гемиплегия), «көлденең сал» (параплегия) делініп ғылыми түрде ажыратылып аталған. Бұларды нағыз терминдік үлгілер десек жарар. мұндағы халық емшілігінің атау-терминдері өз алдына бір төбе, әсепсер, қысқауық, аласталғы, солықтырғы, мезет, мерзет, күсік, сықымақыс, тынқыс т. б. терминдер де қазақы атауларымыздың қорын молықтыра тұседі.

Былайғы жерде «Шипагерлік баяндағы» «төтемелік» деген төл атауымызды иммунитетке баламалауға да болар еді. Талғамдылық таныта білсек, «Шипагерлік баяндағы» адам анатомясына қатысты қақпар, қатпар, қақат, естер, қысқақ, шытына, қатқарлы, көзнек, көзілгі, тандау, қуысқы, толғы, жұмқұр, сырнақы, қанысқы, қырнау, текқыр, буыл, қуыл, жайыр, жабы, түртек, топай, тоқай т. б. атауларды да құлағынан тізіп шетінен кәдеге жаратуға келеді десек асыра айтқан болмаймыз. Кітапта дұрыс баламасын табуымызды тілеп, өсімдік-жануарлар мен минералдардың үлкен тобының атаулары тағы тұр.

«Шипагерлік баянда» жалпы құрлық жер бедері ойпаңдар, дөңестер, шөлдіктер және жайсаңдар деп жіктеледі. Ал оның ішінде ойпаңдар – қойнау, ой, жылға, жыра, сай, өзек, жазықайт; дөңестер – дөң, кейкет, жартас, жартас түбі, қырқа, жалтаң, адыр, быдырмақ, дөңес; шөлдіктер – тастақ, құмды, құмдауыт өңірлер, құм шөл; жайсаңдар – қопа, саз, саздауыт, шалғынды жасаң, сортаңды қақты, шымдауыт, жарлауыт, батпақты, тартпалы құйлар, өзен-көл, су жағалаулары т.б болып бөлінеді. Бұлар қазірде белгілі құны бар жағырапиялық атаулар. Кітапта бір тәуліктің он екі уағы бір-бірден аталады (бұлар ішкерілей зерттелуге тиісті. Өйткені, ғалымдар межесінде бұлар жануарларға қатысты болуы керек-ті).

Төрт маусымының он екі мезгілі – ерімдік, дегімдік, өнімдік – көктем; гүлдемелі, алшындамалы, барыншдамалы – жаз; шалғындамалы, дауылдамалы, қоңырламалы – күз; жасқамалы, қысқамалы, жадырамалы – қыс деп тартымды сипатталады. Мұнан басқада тарих, философия, психология, астрономия, этнография, этика, т.б пәндерге қатысты атау-терміндер де бір талай. Бұған бұл арада егжей-тегжейлі тоқталмаймын.

«Шипагерлік баяндағы» сөз тудырудың ежелгі қазақы үлгісі жаңа атау-терминдерді жасауға игі ықпал көрсетті. Соның ішінде, алдымен, жұрнақтар арқылы атау жасаудың кей үлгілерін атаған жөн. Мысалы, қы, ғы, кі, гі – жұрнақтары арқылы туындаған атаулар «Шипагерлік баянда» баршылық. Алайық, ұмытқы, қышығы, мелшигі, күншырғы, жаншырғы, шыралғы, айырғы, өзгергі, сипалғы, уқалғы, ысқалғы, сыдырғы, жылдыртқы, қапталғы, бапталғы, сақталғы, қақталғы, тиғы, басқы, құстырғы, терлеткі, уыт жойғы, жібіткі, ұйықтатқы, ширатқы, құрт жойғы, құрт айдағы, жадыратқы т.б. сол сияқты «уыл» дейтін құранды жұрнақ арқылы сөз тудырудың сөз таптарының түрліше категорияларын жасайтын шарнауыл, сарлауыл, асқауыл, ортауыл, қамауыл, ысқауыл қозғауыл, шетпеуіл, мұздауыл, шырмауыл, кепкеуіл, тұрлауыл, парлауыл, қырауыл, дымдауыл, қаптауыл т.б. мысалы толып жатыр. Талғам таразысына сала отырып, мұның кейбірін кәдеге жаратудың еш әбестігі жоқ. Қазіргі қазақ тілімізде атау жасаудың  мұндай үлгілері тым сирек қолданылып келеді. Онан қалса, «Шипагерлік баянда» атау–терминнің атаулық қасиеті мен атау мәдениеті қатаң қадағаланған. Берілген түсінік сияқты болып келетін сөйлемшелер түріндегі немесе етістіктің тұйық райы болып жасалатын атау мүлде кезікпейді. Сондай-ақ атау не туралы болса, алайық, атау ауыру-сырқтаудың аты болып келсе, оның сол сипатын атау–терминнің құрамында бейнелеуді міндет етпейді. Қайта оны басы артық баттама санайды. Өзге халықтардың тілдік формасынан ұзап шыға алмай зат түрі бойынша машина болса, атауға «машинаны» баттап, ауру туралы болса, «ауру» деген сөзді терминге қоса қабаттап жүрген біз –  мына соңғылықтар. Атаудың сипатын сөз жүзінде бейнелеуге тура келген жағдайда да «шипәгерлік байан» оның терминдік қасиетін әлсіретпеудің амалын қарастырып отырған. Мысалы, сары ауруды – «сырқат шүкір», қарақат – қызылқат ніл сорпасын «нілсорпақат» деу арқылы яғни сөздің орнын аусытру жолымен оның терминдік сипатын мейлінше күшейткен. «Шипагерлік баян» атау мәдениетіне қазақы тұрғыдан қарап, тазқотырды – шәшжегі деп сыпайылады. Теңге таз деп ағат жасаған атауымызды «ойдым шаш» деп ғылыми дәлдігін асырады. Таз – халық ұғымында қотырдан пайда болатын, қайталай шаш шықпайтын мәңгілік дақ. Ал бір таңда шәш ойдымданып, түсіп, кейін орнына қайта шәш шығар болса, бұл ойдым шәш делінеді. Мұны ханзу ағайындардың «гүйтитоу» (шайтан тақыр) деп атауы тегін емес. Біз әрине дұрысына оралуымыз керек. «Шипагерлік баянда» атаудың ықшам болуына да айрықша маңыз берілген. Мысалы, борпылдақ саңырау құлақ – борпа, оның үстінде «Шипагерлік баян» халықтық санамен санасу жағынан да бізге таптырмас өнеге. Біз созылмалы ауыру деп жүрген атауды «ілгішті (сіңісті) науқас» деп халықтың ауыз екі тіліне бейімдейді. Шұғыл ауру дегенді де «өткінді науқас» деп дәл сипаттайды.

Үшінші, «Шипагерлік баян» атау-термин қолданысындағы қазіргі қапы кетіп қате басқан тұстарымызды да дәп басып көрсетеді. Біз бір кезде бұрынғы аталы атауымыз «дестірден» көз жазып қалып, оның орнына үндесірек келетін араби атау «тәпсірді» малданып жүре беріппіз. «Шипагерлік баянда» дестірге – тәпсір деп түсінік беруіміз соның салдары. «Шипагерлік баянда» дестір – әсілінде кітап ұғымында қолданылған. Мысалы, «дестр туылма» – «тәпсірдің туылуы» емес, кітаптың жазылу барсы болса керек-ті. Белгілі ғалымымыз Нығымет Мыңжани да өзі құрастырған «Қазақ жырауларының жырлары» деген кітабында дестірге – кітап, дәптер деген анықтама жасайды. Дестір мен тәпсір бір ұғымда жұмсалмайды. Тәпсір исламдық ұғымдарға берілетін анықтама, аяттар мен хадистердің түсіндірмесі екендігі кімге де болса мәлім. Былайғы жерде арасы мүлде кереғар бұл екі ұғымды шатыстыра бермегеніміз жөн.

Соңғы айтарым, «Шипагерлік баянның» терминологиямыз саласындағы құны өлшеусіз, солайда, мұндағы атау-терминдерді сыпырмайым емес, міндетті түрде аса талғамдылықпен пайдалануымызға, кейбірін лайықты жаңғыртуымызға тура келеді. Біздің талғамдылықты дәріптеу себебіміз –  автор мен арамызда сан ғасыр жатыр. Тіліміз де дамыды, заманымыз басқа, онан тыс мұнда соңғылықтар жағынан орынсыз тықпаланған, өзгеріске ұшыраған талсогет, помзекгұл, шапталғы деген сияқты «атаулар» да бар көрінеді. Баспаға дайындаушылар жағынан берілген баламалардың да үйлесімсіз иәки ағат тұстары әр жерден көзге ұрып тұр. Соның үшін хадымдықты қазіргі үшін қызмет еттіру, дәнін алып қауызын тастау – «Шипагерлік баян» үшін де маңызды принцип болып саналады.

Кекеш Қайыржанұлы,

тілгер, терминолог, ардагер тілмаш, лексикограф. 

Дайындаған Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052