Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Алашорда 3229 3 пікір 18 Шілде, 2024 сағат 15:22

Алаш сарбазы Дамолла Битілеуов туралы не білеміз?

Коллаж: Abai.kz

Былтырғы, яғни 2023 жылғы 17 маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда, Президент Қ.Тоқаев, Жүсіпбек Аймауытовтың бұрын белгісіз болып келген жаңа шығармасының табылғанын мәлімдегені естеріңізде болар. Артынша Мемлекеттік кеңесші Е.Карин әлеуметтік желіде осы жаңалыққа кеңірек тоқталып, өлеңнің аты «Тез өлмен» екенін және  өлеңнің ғалымдардың қолына қалай түскені жайлы тарқата жазған болатын. Бұл күні аталмыш туынды еліміздің үш институтының ғалымдарынан құрылған жұмыс тобының лингвистикалық талдауынан өтіп, Президент архивіне өткізілгені белгілі.

Е.Қариннің айтуынша, өлең Қарағанды ОГПУ-ының іс қағаздарының арасынан шыққан.  Қарағанды облыстық ОГПУ басқармасына қарасты арнайы бөлімінің басшысы Л.В. Кручинин тергеу хаттамасында бұл өлеңді алашордашыл азамат, Карлагта қамауда отырған Дамолла Битілеуовті тергеген кезінде анықтағанын жазған. Тергеу барысында Дамолла Битілеуов Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов және басқа да алашордашылармен қарым-қатынасы жайында айта келе, Уайда Байбековпен екеуі Жүсіпбек Аймауытовтың өлеңі жайында әңгімелескенін, және У.Байбеков бұл өлеңді Дамолланың айтуымен қағазға түсіргенін айтқан.

Мәліметте көрсетілгендей, Дамолла Битілеуов бұл өлеңді Карлагта отырған сотталушылар арасында насихаттап жүрген. 1933 жылдың 14 маусымында, өлең мәтінін хаттамаға тіркеу үшін тергеуші Н.Кадаленкоға берген.

Қош делік, Алаш ардақтыларының өмірін, еңбегін зерттеп-зерделеу жұмыстары бұл күнде көп-көрнеу нәтиже беріп қалды. Десек те, осы қуғын сүргін құрбандары жайлы зерттеу жұмыстарында, тек Алаш көшбасшылары секілді ірі тұлғалар ғана емес, сол зұлматтан зардап шеккен бар отандасымыз шет қалмау керек. Өйткені, қуғын көрген әр адамның артында оның ұрпақтарының тағдыры, туып-өскен ауылының тарихы, жинала келе барша халықтың сол заманғы кескін-келбеті мен тартқан тауқыметі тұр. Бұл орайда қазір мемлекетімізде жұмыс істеп жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның, Президент архивы жанынан материалдарды талдау және зерттеу үшін арнайы құрылған Орталықтың жұмысының маңызы зор. Аталмыш Орталық саяси қуғын-сүргін туралы құжаттарды құпиясыздандыру, цифрлы форматқа көшіру, электронды қор қалыптастыру жұмыстарын аяқтаса, бұл салада үлкен ілгерілеу болар еді.

Осындай деректері толық ашылмаған Алашорда өкілдерінің бірі, есімі тарихшыларға белгілі болғанымен, қалың оқырманға былтырғы жаңалықтан  ғана жарқ еткен, Жүсіпбек Аймауытовтың соңғы өлеңін түрмедегі тағдырластарына насихаттап жүрген, ақыры сол өлеңнің бүгінгі күнге жетуіне сеп болған - Дамолла Битілеуов. 18 жасында Алашорда әскері қатарына кіріп, «Алаш» ісі бойынша сотталған он төрттің бірі, Алаш сарбазының өмірі жайлы мәліметті оқырманмен бөліссек, ол былайша өрбиді:

Дамолла Битлеуов 1900 жылы Торғай облысы, Ақтөбе уезі, Әлімбет болысының 4-ші ауылында, Сынтас елді мекенінде туған. Бұл мекен бүгінде Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Хазретовка ауылы деп аталады. Ауылдың Хазретовка аталу себебі де Дамолланың атасынан қалған атау. Атасы Атолла Бәсібекұлы жас кезінде бірнеше жыл Меккеде оқып, Хәзірет лауазымын алған адам. Ауылына оралған соң,  19- ғасырдың басында Қия өзенінің бойында өз қаржысына алғаш медресе соққан адам. Бұл медресе қазақ даласында соғылған алғашқы медреселердің бірі. Бұл жерден батыс өңірінің көптеген дін өкілдері білім алып, сан имам, мақсұм, ишан, хазрет лауазымдарын алып шыққан. Әрбір жылдары, бұл медреседе Атолла хәзіреттен бөлек Құдайберген хәзірет, Төлеген хәзірет, Ғұбайдолла хәзірет, Қибаш хәзірет,  Құлмамбет хәзірет, Қази хәзіреттер қызмет еткен. Осы медресенің маңындағы қорымда Атолла , Ғұбайдолла, Құлмамбет хәзіреттер жерленген.

Кейінірек, яғни 20 ғасырдың басында, Столыпин реформасымен Украина, Ресей жерлерінен ауып келген шаруалар, қазықтарын Хазірет ауылынан төменірек Сымтас өзенінің бойына қақса керек. Уақыт өте осы Сымтас мекені ауыл орталығына айналып, Хазретовка аталып кеткен. Өкінішке орай, бұл медресе де совет заманы зұлматынан аман қалмаған. Колхоздастыру кезінде, тастан салынған мешіттің қабырғасы бұзылып жаңа заманның нысандарын салуға пайдаланған. Десе де медресенің тастан салынған бір қабырғасы әлі күнге дейін құламай сақталып қалған.

Атолла хәзірет медресесінің қабырғасы. Сурет жергілікті тарих пәнінің мұғәлімі Г.Қ.Мұздақованың жеке қорынан алынды

Атолла хазіреттің Битілеу деген баласынан Зейнолла, Қазтай, Дамолла деген үш ұл туған. Зейнолла мен Қазтай да өз заманының сауатты адамдары болды. Сол өңірде мемлекеттік қызметтерде істеді. Ал, Дамолла ауылдағы ескі медреседе оқып сауат ашқан. 1915 жылы ауылға қазақтың ақыны, ағартушы-ұстаз Кенжеғали Абдуллин келіп жаңа мектеп ашақанда, сол мектепке ауысып білім алады. Осы кісінің ықпалымен А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың еңбектерін, Орынбордан шығатын «Қазақ» гәзетін оқып, ұлтшылдыққа бет бұрады. 1918 жылдың күзінде 18 жасар Дамолла, Ақтөбеден ауылға әскер жинауға келген Алашорда өкілдерінің үгітімен әскер қатарына алынады. Әскер сапында жүріп, бұрын сырттай ғана танитын М.Дулатов, М.Есполов, Ғ.Бірімжанов т.б. алаш зиялыларымен танысады. 1920 жылы Алашорда үкіметі Кеңес үкіметімен келісімге келгеннен кейін, Тәшкент қаласына барады. Осы жерде «Ақ жол» газетінде істеп жүрген М.Дулатовтың көмегімен Қазақ институтының құрамындағы опытно-показательный школаға мұғәлім болып орналасады. М.Дулатовтың қасында жүріп, Тәшкентке шоғырланған Алаш зиялылары Х.Досмұхамбетов, Ж.Досмұхамбетов, М.Есполов, Ғ.Бірмжанов, А.Юсупов, К.Жаленов, Х.Болғанбаев, Д.Әділевпен танысып, астыртын жұмыстарға араласады.

1922 жылы Бұхара Халық республикасы үкіметінің төрағасы   Ф.Хожаев пен Түркістан АССРі Халық Коммисарлары Кеңесінің төрағасы Т.Рысқұловтың қолдауымен Орта Азиядан аса қажетті мамандықтар бойынша шетелге білім алуға студенттер жіберу туралы шешім қабылданып,  тізім жасалып дайындық жұмыстары жүргізіледі. Ақыры 1922 жылдың 10 қарашасында Түркістан мен Бұхарадан аттанған 70-ке тарта студенттің қатарында бес қазақ баласы Дамолла Битілеуов, Ғазымбек Бірімжанов, Әбдірахман Мұңайтпасұлы, Темірбек Қазыбекұлы, Сабыр Танашұлы Берлинге оқуға аттанады. Оқуға кеткен қазақ студеттері жайлы «Ақ жол» газетінің бір санында Ғазымбек Бірімжанов пен Темірбек Қазыбекұлының Берлиндегі ауылшаруашылық академиясына оқуға түскенін, қалған үш студенттің Растенбург қаласында тері өңдеу мамандығы бойынша іс-тәжірибеден өтіп жатқандығын жазады.

Өз заманының озық ойлы жастары Германияда жағдайлары өте нашар болсада, Алаш идеясынан қол үзбеді. Оқи жүре сол кезде шетелде иммиграцияда жүрген Мұстафа Шоқай, башқұрт ұлтазаттық қозғалысының көсемі Зәки Уәлиди Тоған сынды қайраткерлермен араласады. «Түркістан Ұлттық Бірлігі» ұйымының белді мүшелері болды. Осы ұйымның Берлинде өткен конгресіне қатысып, Ғазымбек Бірімжанов пен Дамолла Битілеуов орыс коммунистерінің саясатын айыптаған үндеу шығарған.

Түркиялық саясаткер, жазушы Ахат Әндижанның баспадан 2007 жылы шыққан «Шетелдегі Түркістандық күрес» аттты кітабында, Алманиядағы студенттердің сол уақыттарда түскен суреті басылған.

Алмания университеттерінде білім алып жатқан Түркістандық (Орталық азия) студенттер. 18 ақпан 1923 жыл

(Алдыңғы қатарда отырғандар (оңнан): Әбілуақап Оқтай, Саттар Жаппарұлы.

Екінші қатар (солдан): Хайрұннисса Мұсабай, Тахир Шәкір, Ғазымбек Бірімжанов, Сайт Әли Қожа, Әбдал Әбдісайт, Мәриям Сұлтанова, Ахметжан Ибрахим.

Үшіші қатарда түрегеліп тұрғандар (солдан) Сұлтан Мадқұл, Сабыр Түркістанлы, Әбділуақап Мұради, Дамолла Битілеуов, Ахмет Найым Өктем, Темірбек Қазыбекұлы, Салиқ Мұхамбет, Әбдірахман Мұңайтпасов.

Сурет «Ziyouz uz» өзбек әдебиеті порталынан алынды)

1924 жылы Дамолла Битілеуов елге қайтып оралады. Германиядан кетерінде Зәки Уәлиди Дамолладан М.Дулатовқа арналған хат алмасудың құпия шифрларын беріп жібереді.  Сол келгеннен Қызылорда қаласына тұрақтап әртүрлі қызметтерде жұмыс істейді.

«Алашорда» үкіметінің қайраткерлерін тұтқындау 1928 жылдың 17 желтоқсанында аяғында Дінмұхамед Әділевті тұнқындаудан басталса, Дамолла Битілеуов те ағашқылардың бірі болып тұтқындалғанға ұқсайды. Өйткені алғашқы жауап хаттамасы 1929 жылдың 3 қаңтарында тіркеліпті. Жазушы-ғалым Т.Жұртбайдың «Алаш қозғалысы» материалдар жинағында көрсетілген хаттамаларды саралап қарасаңыз Д.Битілеуовтың тергеу кезінде көп сөзбұйдаға салмағанын аңғарасыз. Алаш әскері қатарында болғанында, М.Дулатовтың ықпалымен астыртын жұмыстарға тартылғанын да, шетелде білім алып жүріп имиграциядағы кісілермен кездескенінде ашық мойындаған.

Бір жылдан аса жүргізілген тергеу нәтижесі бойынша, 1930 жылдың 12 наурызында, Москвадағы ОГПУ-дың Шығыс бөлімі айыптау қорытындысын шығарды. Ол айыптауда;

- К этой же группе «Алаш-Ордынцев» необходимо отнести Битлеуова, который в 24 году, возвращаясь с учения из Германии, привез с собой Валидовский шифр, который был им передан Дулатову Мир-Якубу.

14. Битлеуов Дамулла. 28 лет, казах, беспартийный, служащий.

ОБВИНЯЕТСЯ в том,

1) ЧТО БУДУЧИ НА УЧЕБЕ ЗАГРАНИЦЕЙ ИМЕЛ СВЯЗИ С КРУГАМИ БЕЛОЙ ВОСТОЧНОЙ ЭМИГРАЦИИ, - в лице ВАЛИДОВА, от

которого привез руководителям контрреволюционной организации ДУЛАТОВУ и БАЙТУРСУНОВУ шифрованное письмо и шифр.

Обвиняемый БИТЛЕУОВ по этому поводу показал: «...В этот раз ВАЛИДОВ дал мне передачи ДУЛАТОВУ свою фотографическую карточку, заснятую при переходе им границы и вместе с этой карточкой шифрованную записку для передачи ДУЛАТОВУ. Все это было передано по принадлежности лично

ДУЛАТОВУ, - деп көрсетілген.

СССР Халық комиссарлары Советінің жанындағы ОГПУ-дың коллегиясының 1930 жылғы 4 апрельдегі қаулысы бойынша Битілеуов Дамолла:

– РСФСР қылмысты iстер кодексiнiң 58 статьясының 4, 11, тармағына сәйкес жазаның ең ауыр түрiне кесiлiп, ол жаза 10 жыл концентрациялық лагерьде өтеу туралы үкiммен алмастырылды.

«Алаш ісі» бойынша сотты болған 14 кісінің ішінен Ж.Аймауытов, Д.Әділев, А.Юсуповқа 1930 жылы 21 сәуірде Мәскеу түрмесінде ату жазасы орындалса, қалған 10 кісі 5 жылдан 10 жылға дейін жаза арқалап, Беломор-Балтық каналына, Архангельскіге, батыс Сібірге жер аударылып, еңбекпен түзеу лагерінде жазасын өтегендері белгілі. Тек Дамолла Битілеуовтың ғана сот үкімінен кейінгі тағдыры белгісіз. Жоғарыда айтылғандай, егер 1933 жылы 14 маусымда Карлаг лагерінде Д.Битілеуов тергеуге тартылып хаттама толтырылған болса, онда басқалар сияқты жер аударылмаған сияқты. Оны анықтау енді уақыттың еншісінде. Бір анығы Алаш сарбазы сол кеткеннен еліне қайтып оралмаған.

Нұржан Ынтықбаев,

Астана қаласы, 2024 жыл

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1990