Шөгіп кеткен қос кеме
2012 жылдың сәуірінде іссапармен Үрімжіде болдым. Мұхит түбіне шөккен кеме «Титаник» жайында түсірілген киноны қайталап қойып жатыр екен. Бұл фильмді 1997 жылы алғаш рет көргендердің жүзінен жас моншағы домалап түскені әлі есімде. Ол кезде махаббат жайында хабарсыз мен жөнінен алғанда мұның неге бұлай болғанын қайдан білейін.
Содан бері мұндай классикалық көркем фильмдерді әлде неше рет көрдім. Әуелі, бас кейіпкерлердің ет жүректі езілтер диалогтарын жатқа айтып та бере аламын. Сөйтсе де, «Титаникты» тағы да көргім келіп, «тағы келдім, тағы да» деп жеттім.
Мектепте және университеттегі ғашықтар жұп-жұптарымен киноханаға ағылып барады. Олардың дені 1997 жылы тұңғыш қойылғандағы салтанатты жағдайды көрмегендер. Мынадай қайталап қою оларға сенбідегі бекершілікті бекерден шекерге айналдырғанмен бірдей еді. Маған да солай.
Кинохананың билет кассасына кірдім. Ұзақтан-ұзаққа созылған кезектің соңында ойға батып тұрмын. Не ойлағанымды да білмеймін, тек біреу иығымнан қағып қалғанда ғана селт етіп ес жидым.
– Ассалаумағалайкум! – бұрын мүлде көрмеген бір сірінке қаражігіт сәлем беріп тұр. Біздің қазақ танымаса да сәлем бере береді емеспе. Мен де сәлемге сәлем қайырған болдым. Ақ жарқын жігіт амандасуын амандасса да сәл тартыныңқырап қалды білем. Қасындағы қыздосы өзіне тарта түсіп, екеуі де қатар күлімсірей қарап тұр.
– Сен айтшы, – деді сәлден соң қыз қысыла күліп. Жігіт басын шайқап сәл тұрды да, одан соң маған қазақшалап:
– Менің ханзушам жақсы емес, кешіріңіз! Біз киноға тұңғыш рет бірге келіп тұр едік, өзіңізбен бірге бізге екі билет алып берсеңіз болар ма екен?
Жігіт қиыла өтініп осыны айтты да қалтасынан майда ақшаларын алып шығып маған ұсынды. Өзі қарапайым, күлкісі ақ жарқын мынау сірінке қаражігіт маған теріс көрінбеді. Қасындағы қызы да ару мүсін әдемі, әдемі болғанда қор қызындай ғажап сұлу әрі өткір қыз көрінеді. Сахаралықтар жанары жануарлардікі секілді тұнық әрі бүкпесіз келеді. Ханзу мәдениетінде, ханзулар тартыншақ, ғұндар өткір келеді делінеді. Егер сіз нақ сахарадағы қазақпен аралассаңыз, оларда да сондай бір табиғи салқындық барлығын, мұндай салқындықтың өзі сондай сұлулық бағыштап, әдептілік айқындап тұратындығын байқайсыз.
Олар жан-жағына тартына қарайды, қызбала әлсін-әлі жеңіл күрсініп қояды, олар бұл киноны көруге расында ынтызар көрінеді. Маған қарап тұрған оларға бірдеңе демесем келіспейтіндей тұрады. Сонымен олармен қазақшалап сөйлесіп кеттім. Олар екеуі де 1991 жылы туылған, меннен екі жас кіші, екеуі де тауда тұрады екен. Бұл олардың қалаға тұңғыш келуі. Екеуі де малшы баласы. Жігіт маған өздерін малшының баласымыз дегенді мақтанышпен лепіре айтты.
Көзімді ашқаннан бері қазақтан жырақ үлкен қалада өскендігімнен бе екен, қарапайым да такаппар мынау таулық бауырластарымды көріп көп көрім қуанып қалғандаймын. Аздан кейін танысып, шүйіркелесіп кеттік. Жігіттің әңгімесі басталғанда, кімнің баласы екендігін, руының «найман» екендігін, қалындығының руы «керей» екендігін айтып үлгірді. Қазақтар осылай. «Адам баласы сөйлескенше, жылқы баласы кісінескенше» дейді. Бейтаныс болса да көне досындай құшақ жая қарсы алады. Оның өзімен ғана емес, ағайын-дос, жақын-жамағаттарымен де танысып үлгіресің.
Жігіттің әкесі биылдан бастап азын-аулақ саудаға араласа бастаған, жігіт әкесіне қолғанат болып қалаға зат әкелген. Осы жолы әкесіне қалындығын Үрімжіге апарып қыдыртып келейік деген ойын айтқанда Әкесі: – Сөйте ғой, қарағым, қалаға апарып армансыз сейілдет, ел көріп, жер көріңдер, – деп зор қуаныш, ыстық ықылас білдірген. Бұл қыз да болашақ атасының ықыласын естігенде қатты қуанды білем, өйткені, жігіт осыларды айтқанда қыздың беті қызарып, бал-бұл жанып құлпырып сұлуланып кетті.
Бұл сұлұлық жан жүректен туындаған разы-қоштықтан менмұндалаған сүйініш сұлулығы еді. Сол сұлулық маған мынау Үрімжі таңсық емес, мені Үрімжіге әкелгенің, «мен» деген көңілің ыстық, осы көңіліңді бақыт сезінемін деп сөйлеп тұрғандай. Иә, адамға ең керегі байлық пен мәртебе емес, адал көңіл ғой. Біз керемет кешулер керуенімен емес, адал адамдармен бірге жасаудан ғана бақыт табамыз. Амал нешік, мұны екінің бірі, егіздің сыңары біле бермейді.
Жігіт меннен қайдан келгенімді сұрады. Бейжіңнен келгенімді айтқанымда екеуі де қуанып кетті білем, қыздың көздері тіптен жайнап кетті.
– Охо, Бейжің де, Бейжің біздің астанамыз, сол Бейжің бе? – деп сұрады қыз.
– Иә, тек бір ғана Бейжің бар ғой, – дедім мен.
Жігіт маған шын көңілмен ақтарылып кетті:
– Недеген тамаша десеңші, мінеки, бейжіңдік ағамен танысып қалғанымды қара!
Екеуі менімен танысқандарына ересен қуанғанын жәмпілдей айтып жатыр. Бейжіңде туып-өскен маған шалғай шегарадағыларға Бейжіңнің не керегі бары түсініксіз. Ханзушадан мүлде хабарсыз болған үстіне, қазірге дейін көрген ханзулары да санамалы болған мыналардың астана Бейжіңге ынтықтығынан жүректерінде отан орны бөлек екендігін сезіліп тұр. Бірақ, мұндай ынтықтың қайнары қайда екендігі маған мәлімсіз-ді.
Қыз екі көзін жүгері жармасына тесіле қадап тұр екен, менің байқағанымды сезді де, ұялып көзін тайдырып әкетті. Жігіті де байқады білем, қалындығынан жегің келе ме деп сұрады.
– Ананың не екенін білмей тұрғаным, – деді қыз.
– Ол жүгері жармасы, – дедім мен.
– Жүгері жармасы деген не? Енді жігіт таң тамаша болды. Бұған не десем болар, қабағымды түйіп аз-кем ойландым да:
– Жүгері жармасы деген жүгері жармасы да баяғы, – деп жауап қайырдым, үшеуіміз де күліп алдық.
Әңгімеміз жарасып келеді, кезек те бізге таяп қалды. Билет сатушы қандай орын алғымыз келетіндігін сұрады, мен жігіттен нешінші қатарға отырғылары келетіндігін сұрадым.
– Бәрі де бола береді.
– Бәрі де бола беретін іс жоқ, талдауың керек.
Жігіт сасыңқырап қалды, бұл оған ауыр міндеттей сезілсе керек.
– Ағай, өзің талдай салшы, бізге бәрі ұқсас. Аға, қайда отырсаңыз, біз де сонда отырайық.
Жігіттің қалындығы қарадан қарадай абдыраған халіне қарап сықылықтайды, қандай орынның оған керегі не, әуелі, киномен де қақысы жоқтай сезіледі. Оған керегі тек мына жігіт қой.
Билет алдық, мен дәретханаға кіргім келді де оларға алдымен кіре беруді айттым. Ал, олар «сіз бастап кіріңіз» деп тұрып алды. Олар маған бейне бала бақшадағы сабилердей, әрі қуанып, әрі жасқанып тұрған сабилердей көрініп кетті.
Қайтып келгенде қолыма үш құмыра газдалған су алып алдым. Абажадай үлкен қағаз дорбамен жүгері жармасын да алып алғанмын. Екеуі қолымдағыларды көріп сасқалақтап қалды:
– Аға, несіне әуре болдыңыз, – деді қыз ыңғайсызданып: – Мен бағана не нәрсе екен деп қана сұраған едім, – деді ол.
– Сендер қалаға бүгін ғана келіп отырсыңдар, ендеше, менің қонағымсыңдар. Ет асып мол дастархан жая алмасам да, бір дорба жүгері мен бірер құмыра газы бар сусындыққа шамам келеді, – дедім мен.
Қазақ қарындасым жүгеріні ептеп шайнап дәмін ала бастады. Дәмді ме екен деген сұрағыма басын изеген оның жүзінде кампит жеген баланың мәз күлкісі үйріле қалды. Қыз сусындықты ішіп көрмеген, жігіті оған байқап ішуді, мұның қандай қиындығы барлығын айтып жатыр. Қыз бір ұрттап алды да, айтқандай-ақ шашалып, жөтеліп алды. Жүзінде жайсыздық ойнап шыға келді. Жігіті екеуіміз қарқылдап күліп алдық. Енді жігіт маған сөйледі:
– Екі айдан соң үйленеміз аға, тойымызға келе аласыз ба?
Екеуіне қарап қалдым. Адам баласында «бал бақыт» деген бір сезім болады ғой, мен дәл қазір дәл сол сезімдемін. Жігіт елдегі бір жердің атын айтып жатыр. Ал, оның қайсы ауданның атын айтқаны да менің құлағыма кірген жоқ. Өйткені ол кезде мен Бейжіңге қайтып кетемін ғой. Тойларына қатынаса алмайтындығыма өкінетіндігімді айтқан болдым. Киноханаға ішіне кіріп келе жатырмыз. Олардың тойына шақыруы есімнен көтерілер емес. Үйде де емес, түзде де емес, ерте де емес, кеш те емес, ойда жоқта мынадай тұтқиыл тойға шақыру өте тамаша, ізгі ниетті сезілді.
Көп рет көргендігімнен болар, «Титаник» атты кино мені тебірендіре алған жоқ, әуелі енді ғана танысқан қазақ ғашықтардай ыстық сезілмейтін секілді. Жігіт жүгері жармасын бірнеше асап жеді де қызға берді. Ал, қыз оны жанындағы маған беріп жатыр:
– Аға, сен де жеп көрші.
Дәл осынау сәт маған кинодан әлде неше есе ыстық сезіліп кетті. Бәлкім, есейгеннен кейін экрандағы өмірдің жалған өмір екендігін әбден білгендігімнен болар. Шынайы өмірде адамға бейне батерияға электр толтырған секілді адамға да ізгі күш керектігі маған мәлім. Кино тек осындай ізгі күш бағыштайтын құрал ғана ғой. Ал, бүгінгі мынадай заманда тебіренудің өзі тегін емес. Ол бейне ретімен жалғасқан баспалдақтардың бірі іспетті ретімен ғана туындайды. Шынтуайтында адамға нақ керегі тұтқиыл туған нағыз сезім.
Кино қойылып жатыр, менің назарым көбінесе мына қазақ ғашықтарда. Олар көздерін бақырайтып экранға тесіліп қалған. Экранда «Титаник» атты кеме көрінгенде қыздың ауызы аңқыйып ашылып, таң-тамаша бола қадалып қалды. Сірә, мынадай үлкен кеме көрмеген болса керек. Ерландия биі биленгенде де осынау бөгде мәдениетке мәз бола қарайды.
Ана жердегі адамдар да біздің қазақтар секілді жиналып би билеп ән айтады екен-ә? – деді қыз маған сыбырлап. Иә, қазіргі қоғамда ауыздан ең түспейтін әдемі сөз-табиғилық, ең алғашқы кіршіксіз момақан табиғилық. Мынау қазақ достарымды осылай айтсам артық етпейтіндей.
Қыздың көңілі баяғыда-ақ босап үлгірген. Тіпті менің ойлағанымнан да әлде қайда бұрын егіліп кеткен. Кино экранның алакөлеңке жарығында оның езіліп, елжіреп көз жасын көлдетіп отырғанын көрып қалдым. Бұл кез «Титаник» атты кеме мұз тауға әлі соғыла қоймаған. Трагедия басталмаған кез болатын. Мен одан неге жыладың деп таңдана сұрағанымда ол маған мынадай жауап берді:
– Ана қыз асылында байдың балаларымен бірге екен, анау кедей бала қызды жақсы көреді, қыз бала да сол кедей баламен бірге болғанда ғана керемет көңілді сезінеді. Амал не, тағдыр оларды қосуға нәсіп етпепті. Әй, егер мен ана қыз болсам, қайғыдан езіліп өлермін-ау.
Қыз ханзушадан мүлде қарабайыр болғанның үстіне, бұл киноны бірінші рет көріп отырса да, уақиға желісін қалайдан-қалай мұншалық айқын түсінгеніне мен қайранмын. Мен одан бәсең дауыспен:
– Киноны ұғып отырсың ба? – деп сұрағанымда ол:
– Неге ұқпайды екенмін, мұндай істер біздің қазақта да баршылық, – деп жауап қайырды.
Кино қойылып жатыр, анда-санда қыздың өзіне ғана естілердей сыбырлап сөйлеп қоямын. Кеме дейсің бе, сәулетті қонағасы залы дейсің бе, осылардың бәрі-бәрі оған ертек секілді, таң-тамаша болып қайран қалып отыр. Ал, оның жалпы түйсігінің дәл ХХ ғасырдың басындағы Еуропа ақ сүйектері мен қазақ даласындағы малшыларға аумай ұқсап кеткендігіне қайран қалдым.
Бұрынғы бір майдан кинолармен салыстырғанда, бүгінгі бір майдан тым тынышсыздық етті. Көрушілер кино желісіне әбден қанық. Бірталай ғашықтар өздерімен-өздері сыбырласып, сырласып балқып отырса, енді бір сыпыралары кино сюжетін сөз етіп жатыр.
Кейбіреулері мынау әйел кейіпкер недеген семіз еді. Жек ана ағаш тақтайды сол семіздігіне бола бермей қойды-ау-а? – десе, енді біреулер бай-манап, сал-серілердің әңгімесіне түсіп кеткен. Олар әйел кейіпкерді әуелі бай-манапқа тиіп, оның ақшасына ие болып, жайы жарасқаннан кейін ғана Жекке барды десуде.
Тағысын тағылар...
Құлаққа түрпідей тиген бұл бағалар мені сан ойдың сарпалдаңына сүйреп барады. Он бес жылдың алдында біз кедей болса да кепілге жарар жандарға жанасуды қолдасақ, он бес жылдан кейін мінеки «аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» дегенге келіп отырмыз.
Қиял шіркінге қиыр жоқ қой. Мен анау 16-17 жастардағы балалардың сөзіне сенгім келер емес. Әне, ана біреуі кеме батып бара жатқанда құлап түскендерді көріп қарқылдай күліп қолын ербеңдетіп айқайлауда:
– Охо, ананы қара, мәсаған, ана біреу анеки оқтай атылып құлап барады, қол-аяғының тырбыңдауына қарап масқараның, нақ қызығы енді болды...
Менің қасымдағы мынау қазақ қыз бір ауыз сөз де ұққан жоқ, білем. Кино басталып көп өтпей-ақ жылауға өтті. Кеме суға батқанда тіпті солқылдап кетті, қасындағы жігітінің беті де тарам-тарам жас, сонда да ғашығын:
– Сүйіктім-ау, мұның бәрі кинодағы нақ болмаған жалған істер, жылап қайтесің? – деп жұбатқан болады.
– Беталды сөйлеме, мұның бәрі рас, – дейді қызы жұлып алғандай ашу аралас. Киноның не екенін қыз білетін болса керек. Оның «рас» деп отырғаны кинодағы уақиғаның өзі емес, одан да арыдағы терең мағананы көрсетсе керек.
Жігіт абдыраңқырап қалды, білем. Жалма-жан:
– Болды, болды, жылай бермеші. Дауысың шығып кетті ғой, елден ұят болады, – деді де, маған ыңғайсызданған халде қарап:
– Ағай, келіншегім таулық болады, көп нәрсе көрмеген, сізден ұят болды ғой, – деп түсіндіріп жатыр. Мен маңайдағылардың бәрінің бейне бір көрмеген аң көргендей-ақ мынау жылауық қарындасқа қарап жатқанын сонда байқадым, олардың бәрі таңғала қарайды. Менің мына жігітке :
– Елде нең бар, не десе со десін, тек емеурініңді ғана білдір. Ал, жарыңа жаныңды қиятын бол! – дегім келіп-ақ кетсе де, дәл мынадай терең сөзді қазақшалап жеткізуге шамам келмеді де, тек күліп қана қойдым.
«Жігіттің келіншегім» деген атауды тұңғыш рет ауызға алып тұрғанын недәуір ден кейін ғана білдім.
Мен алаңдаған ыңғайсыздық ақыры туылды: қасымдағы қыз меннен:
– Кинода адам өліп жатқса мыналар неге күледі? – деп сұрамасы барма.
– Олар кинода не болып жатқанын ұқпайтындар, – тек осылай ғана жауап беруіме тура келген секілді.
Сахарада тұңғыш танысқан осынау сәби мінез сүйкімді қарындасымның көзі бағжиып кетті:
– Ұқпайтын несі тұр, кеме батып барады, адамдар өліп барады, – деді ол ойламаған жерден.
Қалай жауап берерімді білмей дағдарып қалдым.
Дәл осы кезде маған «Титаник» атты кеме біреу емес, екеу болып кеткендей елестеп кетті: біреуі – экранда батып бара жатқан «титаник те, енді біреуі – мынау қап-қараңғы кино залы.
Кинохана баяғыдай дабыр-дұбыр...
Тек кино тілін білмейтін жандар ғана өксіп жылауда.
Авторы Айдос Амантайұлы.
Қытай тілінен аударған Қанатбек Жұмабайұлы.
Дайындаған Әлімжан Әшімұлы.
Abai.kz