Ауған асқан қазақ, мұхит асқан әуен
Қызылқырғын жылдары қыспақтан қашып, ауа көшіп, шет жайлаған біраз қазақтың қилы тағдырымен ұштасқан шерменде әуені жарты ғасырдан астам уақыт бұрын мұхит асыпты.
Нақтап айтқанда, 1966-1972 жылдары Ауғанстанға бірнеше рет этнографиялық экспедиция жасаған америкалық этнограф М. Слобин мен жапон текті америкалық музыкатанушы, этнограф Х.Л. Саката ондағы жергілікті қазақтар домбырамен орындаған 40-қа жуық ән-күй мен жыр-толғауды үналғыға жазып, сурет пен видеоға түсіріпті. Сол сурет пен видеоларды көріп, сарынын тыңдап отырып, Ауған асқан қазақтың қилы тағдыры мен қасіретін сезгендей болдым. Әсіресе, беташар, жыр-толғау және ортеке ойнатқан күй ерекше. Домбырамен ортеке ойнату бүгін де аз кездесетінін ескерсек, бұл видео сол өнер түрін зерттеушілер үшін таптырмас мұра. Экспедиция авторы сондағы қазақтардан Исмайл Әлиқожа, Монтай Қытай-Қазақ, Мырзашбай қатарлы өнерпаздардың атын атап, арнайы суретке түсіріпті. Аталмыш ән-күй, жыр-толғаулардың Наурызбай, Кеңшілбай, Гүлінай, Тырна, Көроғылы, Қадер, Қынжылды?, т.б. атауларының астарында да біраз сыр жатқандай.
Сонымен қатар экспедиция авторы ондағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен Гераттағы Қыпшақ-қазақ қоғамы туралы да құнды материалдар мен суреттер түсіріпті. Сол мұра қазір АҚШ-та архивте сақтаулы тұр.
Мына суреттегі қарт - Исмайл Әлиқожа. Домбырасын шерте отырып, әлде бір нүктеге қадала қараған ойлы жанарынан, мұңлы ұсқынынан шер көңілдің зары, шерменде сағыныштың табы менмұндалайды.
Өмірбек Қанайдың жазбасы
Abai.kz