Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 7655 0 пікір 22 Қаңтар, 2014 сағат 06:40

Жаңабек Жақсығалиев. Тектілік феномені (жалғасы)

«Жігіттің жақсысы – нағашыдан...».

Алып – анадан туады.

Халық даналығы

«Жігіттің жақсысы – нағашыдан...».

Алып – анадан туады.

Халық даналығы

Қай заманда да, қай қоғамда да ұлыдан ұрпақ, тектіден тұяқ қалудың оңайлықпен бола салмайтынын соңғы зерттеулер дәлелдеуде. Олай дейтініміз әлемде текті асылдандыру тәжірибелері әлі толастаған жоқ, ізденістер жалғасуда. Бұл ретте, өткен ғасырда Сингапур «кереметінің сәулетшісі» Ли Куан Ю елдегі әр сала бойынша ең дарынды деген жоғарғы сыныптың ұл-қыздарын лагерлерге жинап, басты мақсат – жас зияткерлердің болашақта жұп құрауына «жол ашып», кейін екі таланттан өретін дарынды ұрпақ арқылы ұлт генофондын күшейтпек болып, халықаралық қауымдастықтың тарапынан қарсылыққа кез болғанын еске түсіргеніміз жөн. Халқының 80 пайызға жуығы жедел қытайланған елдегі жағдай кейін «Сингапур феномені» деген атауға ие болып, аталған жоба орта жолға жетпей қаңтарылған еді. Осы орайда, еліміздегі Назарбаев Университетінде тәлім алып жатқан, «сүт бетіндегі қаймақ» саналатын өрімдей ұл-қыздарымыздың келешегі кемел деп білемін. Мерзімдік баспасөздегі мәліметтерге жүгінсек, американдық генетик ғалым Роберт Грекхемнің жетекшілігімен жүргізілген тәжірибе назар аударарлық. Оның зертханасына жиналған донорлардың дені дүние жүзіне әйгілі «Нобелъ» сыйлығының иегерлері болған. Ғалым жүргізген эксперимент бойынша жер бетіндегі ең кемеңгер деген ұлы адамдардың шәуетімен данышпан ұрпақ сүйгісі келетін әйелдер ұрықтандырылған екен. Тәжірибе он тоғыз жыл бойы жүргізіліп, осы уақыт аралығында дүниеге келген 200 нәрестенің ешқайсысының бойынан өсе келе ешқандай данышпандықтың белгісі байқалмаған. Өкініштісі, бірнеше жылға созылған жұмыс еш нәтижесін бермей, ғалымдардың үміті үзілген. Сөйтіп, данышпандықтың құпиясы ашылмай қалған.

Данышпандық тектіліктің толық мәнін аша ала ма? Қайсыбір ғалымдардың пікірі бойынша данышпандық тұқым қуаламайды, ол бар болғаны сананың ауытқуы, яғни шизофрения дегенге саяды. Біздіңше, бұл жерде мәселенің екінші жағына  назар аударылмаған сияқты. Жасалған тәжірибеден суррогат құрсақта өсетін ұрпақтың мықты болуы тек еркектің асылына байланысты емес екені анықталып, бұдан алтын құрсақ келінді қазақтың босқа іздемегендігі айқындала түседі. Медицина бойынша нәрестеге 23 хромосоманы әкесі, 23 хромосоманы шешесі береді. Сол себептен де әрбір адамның бойында өзімен бірге атасының да, анасының да ерекшеліктері, қаны болады. Демек, әке-шешенің екеуінің де үлесі бар. Қазіргі генетик ғалымдар қол жеткізе алмай жатқан нәтижеге өзгеден бұрын жетіп, сыры жұмбақ жаратылыс құпиясын ашу – халқымыздың ғасырларға созылған селекциялық ізденісінің жемісі.

Қысқасы, келін таңдаудағы қазақтың қырағылығына таңданбасқа болмайды. Дәстүрлі қазақ қоғамында әрбір ата-ана өз ұлының болашақ қалыңдығын ертерек ойластырып, өзінің теңін іздеген. Келешек құдасын орынды, құрметті жерден, аталы, іргелі ауылдан қараған. Құдандалық дәстүр қазақ қоғамының отбасылық-тәрбиелік салтының тиянақты жүйесі болды. Кезінде қазақ еріккеннен құда түспеген. Тіпті балалар дүниеге келмей жатып-ақ атастыру рәсімі болатын. Тектілік феноменін терең түсіну үшін құдалық институтының әлеуметтік мәніне зор көңіл бөлу керек. Қазақ қалыңдық таңдағанда бойжеткеннің ажары мен шырайына қарап шешім қабылдамаған, ұрпақ жалғастырушы әйелдің көргенді, өнегелі, биязы, тәрбиелі болуын қалаған.

Тарихи айғақ-деректерге ден қойғанда, тегі асылдың тұқымына таласатын жағдайлардың болғаны байқалады. Бұдан, дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан қалың мал институтының сыры ашыла түседі. Ғаламтордағы уикипедия ашық энциклопедиясының мәліметінде: «Бұған кеңес үкіметі кезінде «қызды малға сату» деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы «қалың мал мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты. Әрине «қалың мал» құдалардың дәулетіне байланысты болған. Бұл істі әркім өз шама шарқына қарай белгілеген. Бұрынғы заманда «қалың мал» байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін көріністің айғағы болғаны шындық. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының «қалың малы» бес жүз жылқы болған. Үш жүз жылқы қара малы, жүз жылқы үйге кіргізер, жүз жылқы той малына кетіпті (М.Ж.Көпеев)» (kk.wikipedia.org/wiki/Қалың_Мал) делінген. ХҮІІ ғасырдағы деректерге қарағанда, қалыңдықтың той үстінде басына киетін алтындап, қымбат тастармен әшекейлеп жасаған сәукелесінің өзі бір үйір жылқымен бағаланса, қалың малының мөлшері 5 жылқыдан 1000 жылқыға дейін жеткен. Қисапсыз қараны беріп алған келіннің  бабы да келісті болары сөзсіз. Өйткені қай кезде де қандай күштінің шашылып жатқан артық малы жоқ. «Судың да сұрауы бар» немесе «тең-теңімен, тезек қабымен» деген ұстанымға баса мән берген халқымыз «бай мен бай құда болса, арасында жорға жүрер, кедей мен кедей құда болса, арасында дорба жүрер, бай мен кедей құда болса, әупірімдеп зорға жүрер» деген сөзді жайдан-жай айта салмаған. Нарықтық экономикалық қатынасар берік орныққан қазіргі қоғамда қалың мал институтының мәнін теріс түсіндіру артық және өркениетті дәстүрді, ұлттық мүддені асығыс, ұшқалақ пікірге жеңдіруге болмас. Егер жігіт текті тұқымның тұяғы болып, оның болашақ жары да аталы жерден болса, онда мұны «інжуге орнатылған лағыл» деп бағамдаған. Ал, ат байлайтын жері көңілдегідей болмаса, келіннің құрсағында өсетін ұрпақты «құмға сіңген су», «сорға сепкен дән» деп түсіну тек қазаққа ғана тән түсінік. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі «көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «қатын алма қайын ал», «алып анадан туады», «нағашысы жаманның жиені оңбас», «анасын көріп, қызын ал», «анасын сүйгеннің баласын сүй», «шешеге қарап қыз өсер», «ана көрген тон пішер», т.б. деп келетін тұрақты тіркестерде терең мағына жатыр.

 

Фольклорлық-этнографиялық деректер не дейді?

– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде: «Үйленетін болсаңдар, қыздың тектілігіне, байлығына, сұлулығына, діндарлығына қараңдар» деген. Қазақ әйелдері туралы сөз болғанда, ең алдымен лиро-эпостық жырлардағы аруларымыз ойға оралады. Құртқа мен Жібек, Айман мен Шолпан, Ақжүніс пен Назым, Баршын мен Баян образдары – қазақ әйеліне тән ақыл-парасат пен көргенділіктің, сұлулық пен нәзіктіктің, тапқырлық пен айлакерліктің, адалдық пен тұрақтылықтың символы. Қазақ аруларының галереясы мұнымен шектелмейді. Сақ көсемдері Тұмар мен Зарина ханшалар, Домалақ ана, Айша-бибі, Әбілқайырдың бара бәйбішесі Бопай ханша мен Кенесарының қарындасы Бопай ханша, Нұралы ханның қызы Тойғара сұлу, Кенесарының бәйбішесі Күнімжан ханым, Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжан, Шоқанның әжесі Айғаным, Арынғазы ханның жары Жақсы ханым, т.б. жалғаса береді. Зерттеуші Р.Әлмұханова былай дейді: «Ел қорғайтын үлкен мақсаттың адамы қатардағы жай қызды алмайды, оған о баста текті қыз бұйырылған. Шындығында, фолъклорлық шығармаларда бас кейіпкерлердің жары не ханның қызы, не байдың қызы болуы ойландыруы керек. Таптық сананың өзіндік ықпалы болғанымен, мұндай сарынның сақталуы текті жерден қыз алуды білдіреді. Жырлардағы: «Қаныкейдей көріктіні, Тінікейдей тектіні ал» деген фолъклорлық қаңқаның тым терең тарих қойнауынан тамыр тартатыны осылайша белгілі болады» (Әлмұханова Р. «Алпамыс батыр» жырындағы тектілік мәселесі //Ана тілі.2010,21-тамыз). Осы ретте, режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» филъміндегі бас кейіпкер Сартай батырдың адал жары, еліне тұтқа болған асыл азамат Рақымжан байдың көрікті әрі ақылды қызы Зере аталған мәселеге жаңаша көзқарас қалыптастыруда сәтті сомдалған бейне. Сүйінбай Аронұлының «Алшын ата баласы, Сұлтансиық, Бақсиық. Хан қызы екен анасы» деп келетін жыр жолдары да осы ойды тиянақтай түседі.

Фолъклорлық-этнографиялық деректерге жүгінсек, қазақ жырауларының ел билеушілеріне артатын басты кінәсі – ханның қарадан әйел алуы. Хан мен қараның қаны араласпай, бірінен-бірін алшақ ұстайтын ескі дәстүрлерді бұзғысы келмеген олар, мұндай жөнсіз істің салдары елді болашақта тұйыққа апарып тіреуі мүмкін екенін қатерде ұстаған. Мұны дәлелдейтін мысалдар жеткілікті.

- Ай, хан, мен айтпасам білмейсің...

Қатын алдың қарадан,

Айырылдың хандық жорадан,

Ел ұстайтын ұл таппас,

Айрылар ата мұрадан!

Мұны неге білмейсің?!

(Асанқайғы).

Елден елді аралап,

Тектіден текті саралап,

Беглердің қызын айттырсам,

Нұсқасын байқап шамалап.

Сынға толса сияғы,

Әлбеті шамның шырағы,

Мұхиттан сүзіп шығарған

Қымбатты гауһар бағасы.

Жүз нарға кілем жаптырып,

Қазақтан сәнін арттырып,

Ұзатып алсам сәнменен

Көңілімді хош таптырып.

Бала берсе тезінен,

Пірлердің бітсе демінен,

Шілтеннің тиіп шылауы

Артылып туса өзімнен!

(Ақтамберді).

Жал, құйрығы қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз!

Қалың малы арзан деп,

Жаман қатын алмаңыз!

Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға мінер ат тумас.

Жаман қатын алсаңыз,

Топқа кірер ұл тумас...немесе

Ай, Абылай, Абылай,

Қатын алма қарадан,

Қара тумас сарадан.

Қатын алсаң қарадан,

Алды кетпес баладан,

Арты кетпес жаладан

(Бұқар жырау).

Атайы жұртқа қол артып,

Асылдан ару таңдап алмаған.

Атасы мұның малды деп,

Қызының беті қанды деп,

Қарадан сұлу таңдаған.

Күндердің күні болғанда,

Олардан асыл болмаған (Байтоқ жырау).(Ай, заман-ай, заман-ай... (Бес ғасыр жырлайды). 2 томдық (Құрастырушы М.Мағауин, М.Байділдаев). – Алматы, 1991. – Т. 1.44,91,24,63-64,90, 100-б.,Тәжімұратов М. Шәңгерей. А., 1998.83-б.).

Хан тұқымын қастерлегенде, қазақ жырауларының ойынша, ел бірлігін сақтар, халқына қалтқысыз қызмет етер ел ұстарлары тек солардан шығады. Сондықтан олар тұқымы жағынан да таза болуға тиіс. Болашақта ел билейтін текті тұқым жойылса, оның соңы – жатжұрттың жетегінде кетіп, илеуіне көнумен аяқталады. Билеушісі тексіз елде бірлікте, берекетте жоқ әрі оның келешегі күмәнді. Ал асыл текті ақсүйек әулеттің «тексізденуі» - қарамен ілік-шатыстыққа байланысты. Елдің іштен іруі тексіз жандардың ел билігін қолына ұстауы деп түсінеді халық. Ата-бабасынан асылдық үзілмеген текті тұқым ел басқарғанда ғана қараша халықтың түтіні түзу болмақ. Осындайда ел аузындағы бір аңыз еске түседі: «Баяғыда бір кедейдің қызы ақсүйек әулетке тұрмысқа шығыпты. Өзінің тегін жасырған қыз кедейшілікте өскенімен ешқандай сыр бермеген екен. Күндестері қанша аңдыса да қылығынан қателік кетпепті. Сөйтсе бір күні әлгі келіншек аспазшы әйелге «бақайшақты тастама, бас бармақтай майы бар» деп қалыпты. Осы сөзінен барып жұрт оның кедей әулеттен шыққанын біліп қалыпты» дейді. Әйтпесе байдың қызы бақайшақ түгілі, жіліктің де ішкі майына үңіле қоймас. Аңыздың астары қандай сәтте де қанмен берілетін асыл қасиет пен ол өскен әлеуметтік орта, әу-бастан текті жаралған жанды ұсақ-түйек, майда-шүйдеге мойын бұрғызбай асқақ та абыройлы һәм ірі істерге бастайтынын айшықтайды.

 

«Күң өз қожайынын туады, бұл қияметтің белгісі»

Қазақстанның Ресей империясына еріксіз қарауына байланысты шаруашылық қатынастардың өзгеруі қазақтар арасында ірі саудалық және өсімқорлық істермен айналысқан бірсыпыра бай-феодалдардың пайда болуына әкелді. Сөйтіп, қарастырылып отырған кезеңде «бай» деген ұғымның сипаты өзгере бастады. ХІХ ғасырдың І жартысындағы қазақтардың әлеуметтік қатынастарын жан-жақты саралаған талантты тарихшы Е.Бекмаханов қазақ қоғамында жеті атасынан бақ-дәулет үзілмеген текті шонжарлардың рөлі, кейін қоң жинаған байлардан жоғары тұрғанын «Қалыңдықтың әкесі бай болса да, тексіздің қызын алма» деген мақалмен дәйектесе (Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. – Алматы, «Санат», 1994.108-б.), бодау заманда бұрынғы беделінен айрыла бастаған қазақ байының болмысын Хакім Абай: «Жасаулы деп, малды деп байдан алма, Кедей қызы арзан деп құмарланба. Ары бар, ақылы бар, ұяты бар // Ата-ананың қызынан ғапыл қалма» деген жолдармен тиянақтайды. Демек, байдың да байы бар, барлық мәселе сонда.

Сайып келгенде, тектінің қарамен некелесуінен сақтанған қазақ мырзаның күңіне абайсызда аяқ салуынан өсетін ұрпақтың қасиетті болатынына күмәнмен қарап, тұқым тексізденеді деп санаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жебірейілден (ғ.с.) қиямет сағаты жөнінде сұрағанында ол: «Күң өз қожайынын туады, бұл қияметтің белгісі» деген. Бұл хадисті тәпсірлеушілер, «қияметке жақындағанда ертеде күңнен туғандардың ұрпағы ел басқарар патша дәрежесіне дейін көтеріледі, ал аналары сол патшалардың қол астында болады», -дейді. Қазақ эпостарында күңнен туған баланың сұрқия, залым, зұлым болатыны баса көрсетіліп, нәтижесінде тексіз ұрпақтың қоғамға қаншалықты қауіпті екендігі анықтала түседі. Тарихи деректерге иек артсақ, мемлекеттік деңгейдегі дипломатиялық қатынастарда да еуропалық хаттама бойынша мұндай мәселеге аса сақтықпен қараған. Осы орайда, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың қалмақ күңінен туған баласы Шыңғысты Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюевтің заңсыз деп аманатқа алмағандығын еске түсірген жөн.

Қалай болғанда да халқымыз «тегі таза», «жатыны асыл», «тұнығы лайланбаған» қос бұрымды хас сұлуларымызды пәк сақтауды мұрат тұтқан. Қазақта Қызды ауыл – көңілді; Өсектен сау сонау қыз, шайқалмаған сары уыз; Сыпайы қыз сұлу көрінер, Қызға қырық үйден тиым, қырық үйден қарауыл дейтін ұлағатты ұстаным бар. Қыз баланың абыройын теңдесі жоқ бағалы дүниеге балаған қазақ халқы оны көздің қарашығындай қорғаған. Баға жетпес асыл қазынасын сұқ көзден сақтаған. Бұдан ұғатынымыз, таза жатырда ғана таза ұрпақ өсіп жетілетіні ұлтымыздың сүйегіне терең сіңген-ді. Мұны қазақтың қара өлеңіндегі:

Өр қазақтың тұяғы,

Күлдір күлдір күлдір де,

Күлкіні басқа ілдір ме,

Алланың нұрын аңсасаң,

Кірпиязыңды кірлетіп,

Көрпеңе күнә сіңдірме.

Хауа Ананың жалғасы,

Болмысыңнан бүтін ең,

Бес күндікке түтілмен,

Абыройыңды үркітсең,

Шошынбай ма ұрпағың,

Омырауыңның сүтінен, - деген жолдармен негіздеуге болады.

Ғылымда асыл тұқымды қаншық көшедегі бұралқы итпен шағылысып қойса болғаны, ешқашан да текті төбет күшіктей алмайтындығы, сол секілді тексіз құс асыл текті аналық кептерге жақындасып, кейін аналық кептерді хас тектінің өзімен шағылыстырса да, қанаты әлсіз, түсі бөлек әлжуаз балапан басып шығаратыны дәлелденген (Дүйсен Қ. Елін ойлар текті ұл тусын десек...// Дарабоз,2009.№10. 69-71-б.). Демек, бұлақ басынан тұнық ақпаса, одан тазалықты талап етудің қажеті жоқ. Адалдық пен тазалыққа қылау түсірмеген саф алтындай мөлдірліктің астарында тектілік жатыр. Ит тиген арам аста еш қадір болмайтындығын саралаған қазақ халқы «ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген сөзді бекер айтпаған. Мұның бәрі жарық дүниеге жақұт қасиетті жоғалтпаған асылдың сынығындай текті ұрпақ әкелу мақсатымен байланысып жатыр.

 

«Мал-бәйбішенікі, бай-тоқалдыкі»

«Қырықта қылыш (тағы бір әйел алу)»

Халық даналығы

Оқырман байқап отырған шығар, мақала ішіндегі бөліктерге берілген атаулар, көнеден қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан даналық сөздер. Мақаланың осы бөлігіне қойылған айдар да құлаққа ерсілеу естілгенімен бұрынғы бабалардан бүгінге жеткен тәмсіл. Демек, бұл жолғы әңгіме ғасырлар бойы тектік қорымыздың кемелденуіне оң ықпал етіп, ұлттық элитаның дәуірлеуіне теңдессіз үлес қосқан һәм өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін өмір сүрген полигамиялық (көпәйелалушылық) неке хақында. Бұл – біздің бабалар жүріп өткен тарихи жол. Тектілік тақырыбы сөз болған жерде мұны айналып өту – мүмкін емес. Бүгінгі заман биігінен көпәйелалушылықты тек ескінің сарқыншағы деп ұғыну сыңаржақ көзқарас болар еді және оны қазіргі таным тұрғысынан зерделеу, көтерілген мәселенің барлық қырын ашуға мүмкіндік бермесі анық.

Ислам үйленетін әйелдер санын төртеумен шектеген және олардың бәріне бірдей адал болу шарты қойылған. Көп әйелге үйлену мәселесін ислам тек орынды себептерге байланысты, белгілі бір жағдайларды түзеу мақсатында ғана жол берген. Ол соғыс кезінде ер адамдар майданда опат болған жағдайда, яғни әйелдердің көбі қамқоршысыз қалғанда, кейде әйелдің денсаулығына байланысты (созылмалы ауру, бедеулік) кедергілерде жеңіл жүріске тосқауыл қою мақсатында ер адамға тоқал алуға рұқсат етіледі, әрі тоқалы бәйбішесімен тең құқылы болып табылады (Махмуд Хамди Зақзұқ. Исламды қаралауға қарсы жауап // Ақиқат, 2005. -№4.-35-36-б., Шоқым Г.Т. Қазақ тіл білімінің гендерлік тұғыры. А., 2007.-62-б.). Десе де, дәстүрлі қазақ қоғамында бәйбішенің өзге әйелдерден шоқтығы биік болғанын атап өткеніміз жөн және шариғат рұқсат еткен полигамиялық некенің белгіленген өзіндік қатаң тәртібі болған. Ешбір себепсіз бірнеше әйел алу қатардағы жай еркектер үшін оңайға тимеген. Бұл туралы Колгейт университетінің профессоры (АҚШ) М.Б.Олкотт қазақтардың көбі жалғыз әйел алды, екі және одан көп әйел алғандар сирек кездеседі, өйткені қазақ дәстүріне сәйкес әр әйелдің өз отауы болуға тиіс, сондықтан көп әйел алу бай адамдардың ғана үлесіне тиді деп жазады (Марта Олкотт. Қазақтар. Стэнфорд, 1987. 3-27б. // Есмағамбетов К. Қазақтар шетел әдебиетінде. – Алматы: Атамұра – Қазақстан, 1994.69-б.). Батыс Сібірге саяхат жасаған неміс саяхатшысы А.Брем мен О.Финиш «Ислам дінін ұстанатын мұсылмандар болғасын, қырғыздардың бірнеше әйел алуларына жол беріледі. Бірақ түріктер мен мормондардың тәжірибесінен көріп жүргеніміздей, тек бай адамдар ғана мұндайға бара алады, себебі қалыңдық үшін берілетін қалың малдың құны өте үлкен. Қырғыздардың (қазақтардың) көпшілігінің бір-бір әйелі бар, ауқаттыларының өздері екі-ақ әйел алғанмен қанағаттанады» деген түсінік береді (Путешествие в Западную Сибирь доктора О. Финиша и Брэма. М., 1882.).

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048