Бейсенбі, 21 Қараша 2024
Саңлақ 2940 8 пікір 31 Шілде, 2024 сағат 14:24

Жеңімпаздың көз жасы. Сметовке қаһарман атағы берілуі керек!

Сурет: Сали Сабыров / olympic.kz және turkystan.kz

немесе балуан Елдос Сметовтке қаһарман атағы не үшін берілуі керек?

27 шілде 2024 жыл.

Бұл күн – бүкіл Қазақ елі үшін ақ түйенің қарны жарылған күні; Бұл күн – бүкіл Қазақ елі ақсарбас айтып, бір-бірінен сүйінші сұрайтын күні; Бұл күні – бүкіл төрткүл әлем тақымын қысып, көз тігіп отырған Париж төрінде Қазақтың көк туы желбіреп, әнұраны шырқалды; Бұл күні – Елдос Сметов дзюдо күресінен қазақ елінің тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Қазақ баласы осы спорт түрінен тарихта алғаш рет алтыннан алқа тақты.

Бұл алтынды қазақ жұртшылығы 44 жыл күткен еді. Ол – садағаң кетейін Елдосқа бұйырыпты.

Елдос нағыз ер екен. 60 келі салмақта белдескен қазақ спортшысы ақтық сында кілем қожайыны француздың үміті Лука Мхеидзені ойынды тамашалауға келген Франция президенті мен өз көрермендерінің көз алдында жерге алып ұрып, жеңісті жұлып әкетті. Сөйтіп, ол бір-ақ сәтте Париж олимпиадасының қаһарманына айналды. Әрине, бұл бүкіл Қазақ елі үшін үлкен абырой, зор мақтаныш.

Бірақ, драма мұнымен де аяқталмағанын көз көрді. Кілем үстінде төреші жеңісті өзінің пайдасына шығарғанда да, марапаттау рәсімі кезінде мойнына алтын медаль таққанда да сыр бермеген Сметов көк туымыз биікте желбіреп, әнұранымыз шырқала бастағанда кенет... босаңсып қоя берген. Еріні дірілдеп, өзі қосылып айтып тұрған әнұранын да аяғына жеткізе алмады. Ағыл-тегіл жылады. Теледидарға телміріп тілеулес болып отырған жанкүйерлердің бәрі оны көрді, жүрегімен сезінді. Біздің де көңіліміз толқыды. Көзімізге жас үйірілді.

Оған ешкім басу айтқан жоқ. Басу айтатын жеке бапкері Ғалымжан Жылкелдиев те жанында болмады. Басқа-басқа Елдостың бұлай ағыл-тегіл көз жасына ерік беруінің себебін біз жақсы түсінеміз.

Елдос – осыған дейін екі Олимпиадаға қатысып, жүлде олжалаған тұңғыш дзюдошымыз. 2016 жылы Риодада өткен Ойындарда ақтық белдесуге дейін қарсыластарының түгін қалдырмай тізе бүктірген жерлесіміз, тек финалда ресейлік балуан Беслан Мудралиевтен айласын асыра алмай күміс жүлде олжаласа, 2020 жылғы Токио татамиінде алтын аламын деп барып, қола медалды қанағат тұтып қайтқан еді. Жартылай финалда Жапонияның даңқты балуаны Наохиса Такатоға жолыққан. Ал, Такато оған дейін әр деңгейдегі жарыстарда Елдостың жолына бес рет тосқауыл қойған мықты. Амал қанша, ол өз еліндегі айтулы додада да біздің балуанның алдын орап кетті. Бір-бірін жетік білетін екі мықты он минут бойы кілем үстінде «жан алысып, жан берісті». Ақыр соңында тәжірбиелі Такато қазақ баласының осал жерін бірінші болып тапты. Содан кейін Елдос үшін бір сәт әлем бар мәнінен айырылып, ештеңенің қызығы қалмағандай күй кешкен. Алайда, көп кешікпей артында өзіне үмітпен қарап отырған қалың қазақ тұрғанын сезінді. Сезінгені сол еді, есін жиып алды. «Қолда тұрған қоладан айырылуға болмайды!» деген ішкі бір дауыс. Сөйтіп, қола үшін болған айқаста белгиялық Тсакедеаға қарсы атой салып, оған еш мүмкіндік қалдырмаған.

Париж татамиінде де кіл мықтылардың ішінен суырылып шығу оңайға соққан жоқ. Топтағы дзюдошылардың барлығы да дүниежүзілік рейтингтегі көрсеткіші бойынша Елдостан анағұрлым жоғары болды. Бірақ, балуанымыз ешкімнен сескенген жоқ. Еске сала кетсек, бірінші белдесуде рейтинг бойынша 21-ші орында тұрған белгиялық Т.Цякодаені шаң қаптырса, 1/8 финалда украйналық Д.Холматовтан (№11) айласын асырды. Ал, ширек финалда Токио олимпиадасының күміс жүлдегері тайпей өкілі Я. Вайдан (рейтингте №1 тұр) басым түсті. Жартылай финалда 2023 әлем чемпионы, испан дзюдошысы  Ф. Гарригосты (№5) қапы қалдырып, мансабында екінші рет Олимпиада финалына шықты. Финалда әлемдік рейтингте 3-ші орында тұрған франциялық Л. Мхеидзені қалай ұтқанын жоғарыда сөз еттік.

Жасыратыны жоқ, Қазақстан халқы Сметовтен тек жеңіс күтті. Намысқой балуан халыққа берген уәдесінде тұрды. Өзіне ешкімді шақ келтірген жоқ, азулы фовариттердің бәрін жолынан ығыстырды. Сөйтіп, нағыз чемпионға тән мінез көрсетті.

Бұл – қуаныштың көз жасы, бұл – бақыттың көз жасы.

Бұл – қазақ ұзақ күткен жарқын Жеңістің көз жасы.

Бұл – ұйқысыз күндер мен түндердің көз жасы.

Бұл – төккен тер мен өтелген еңбектің көз жасы.

Отыз екі жасар спортшының жиырма жылдық спорттың мансабының үшінші Олимпиадасында алтынға қол жеткізді! Тарихи оқиға!

Бұл – қазақтың қаһарман баласының көз жасы!

Бұл алтынның Қазақ елі үшін, қазақ спорты үшін қаншалықты маңызды екенін Елдос жақсы түсінді. Соған лайық өнер көрсетті. Олимпиада жүлдесіне бұған дейін Асхат Житкеев (Бейжің – 2012, күміс) және Оттанцэцэг Голбадрах (Рио – 2016, қола) олжа салса, Сметовтің өзі де Рио мен Токио ойындарында үздік үштіктен көрінген спортшы. Сондықтан ағыл-тегіл жылаған Елдостың көз жасының ар жағында қазақ баласының «Аллаға мың шүкір, дзюдо күресінен тұңғыш Олимпиада чемпионы атадым!» деген орындалған ізгі арманның көз жасын да көруге болады...

Өткен Токио Олимпінде спортшыларымыз 8 қоланы қанағат тұтып, елге оралғанда «бұл қалай болды?» деп нәтижеге көңіліміз толмай, қомсынып қалғанымыз есімізде. Ал, одан кейін ше – Бейжіңде өткен Қысқы ойындадарда сол қоланың өзіне зар болып, жүніміздің жығылып қалғанын ұмыту мүмкін бе? Бейжіңде қазақ әнұраны шырқалмақ тұрмақ, көк байрақты көрудің өзі бір мұң болды емес пе.

Сол себептен де биылғы Париж олипиадасына үлкен күдікпен қарағанымызды несіне жасырамыз?

Міне, Елдос Сметовтың алғашқы жарқын жеңісі «бұл қалай болар екен?» деп теледидарға телміріп, үміт күтіп отырған біздерге зор сенім берді. Жігерімізге жігер қосты, рухымызды көтерді. Олипиадашыларымызға деген күдік пен күмәнімізді сейілтті. Елдостың осы ізгі ісін уақытында жасалған ерлік ретінде бағаласа болар еді.

Спорт – тек өнеге мектебі емес, атақ, даңқ та емес, спорт – сонымен бірге ерлік мектебі.

Ерлік тек майдан даласында ғана жасалмайды, саясат майданының да меншігі емес. Ерлік – спорт алаңында да жасалуы мүмкін. Біле-білсеңіз үнсіз жасалатын ерліктер де бар.

Жер бетінде жасалатын ерліктің түрі сан алуан. Соның бірі – Харрисанның ерлігі. Сонда ол қандай ерлік жасады дейсіз ғой? Ол – аузынан от шашып тұрған пулемет амбразурасын жалаңаш кеудесімен жапқан жоқ, ешбір адам өлтіру ойынына қатыспаған. Керісінше, ол 2 миллионнан астам жаңа туған нәрестені құтқаруға қатысқан. Бұл аустриялық қаһарманның аты-жөні Джеймс Хариссон. Ол өз өмірінде 1000-нан аса қан тапсырған, осылай 1000-нан астам ерлік іс жасаған. Оның сирек кездесетін қан тобындағы антиденелер генетикалық ауруы бар  жаңа туған нәрестелердің дерттен айығып, одан әрі өмір сүруіне көмектеседі екен. Дәрігерлердің айтуынша, Харисонның донырлығының арқасында шамамен екі миллионнан астам нәресте аман қалыпты. Мұны ерлік емес деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Керек десеңіз, Харисонның бұл ерлігі жер бетіндегі осы уақытқа дейін істелген ерлік істердің ең ұлысы! Нағыз ерлік!

Елдостың Париж төріндегі ерлігі осыдан несі кем?! Түсінген кісіге, Сметов қазақтың қиюы кеткен намысын құтқарып қалды, ұятын қорғап қалды.

Қазақтың бір намысы болған Шерхан Мұртаза өзінің «Бір кем дүниесінде»: «Намыс адамның жан серігі. Ол көзге көрінбейді. Жеке жүрмейді. Тым болмаса көзге көрінетін көлеңке де сияқты емес. Бірақ, жаныңа серік. Мықты серік. Бұл серігі жоқ адам қасиетсіз, әлсіз» деп бекерге жазды дейсіз бе?!

***

Тағы да қайталаудың реті келіп тұр. Төрткүл әлем көз тіккен аламанда атой салып, жеңіс тұғырынан көріну – әр спортшының арманы. Мұндай додада топ жару кімге де болса үлкен мәртебе. Ал, Елдос тек топ жарып, чемпиондық тұғырдан көрініп қойған жоқ, ол ең алдымен әлемге қазақ спортын мойындатты. Қазақ елінің спорт державасы екенін күллі әлемге паш етті. Ол осы ісімен бүкіл Алаш жұртының абыройын асқақтатты. Нағыз жеңімпазға тән мінез көрсетті. Осы мінезімен қазақ спортына тағы бір серпін берді, миллиондарға өнеге болды. Жігеріне жігер қосты, өзіне деген сенімін ұялатты. Алдағы жеңістерге жол салды. Қысқасы, Елдостың жеңісі дәл уақытында жасалған ерен ерлік болды! Сондықтан, Елдостың Париж төрінде жасаған ерлік ісі лайықты бағалануы тиіс деп есептейміз.

Айтайын дегеніміз, бірінші болып Париж көгінде әнұранымызды қалықтатып, көк туымызды желбіреткені; қазақ спортына серпін беріп, жүрегіне сенім ұялатқаны; сөйтіп қазақ елінің спорт державасы екенін күллі әлемге паш етіп, дәлелдегені үшін Олипиада чемпионы,татами шебері Елдос Сметовке Қазақстанның Халық Қаһарманы атағымен аталып өтуі керек!

Спорт қарсыласқа – ізет, жанкүйерге – құрмет екен. Сметовтың жеңісі бізге осыны дәлелдеді.

Жеңісіміз ұзағынан сүйіндірсін! Елдостың ерлігі басқа спортшыларымызға да жұғысты болсын!

R.S: Еске сала кетейік, 2024 жылғы Олимпиаданың алғашқы күндері Қазақстан құрама командасы Елдос Сметовтың алтынынан басқа тағы екі бірдей жүлдеге қол жеткізді. Құрамында Ислам Сәтбаев пен Александра Ле сынды мергендер бар Қазақстан командасы пневматикалық мылтықпен 10 метрлік қашықтықтан атудан аралас командалық жарыстан финалда Германияны 17: 5 есебімен ойсырата ұтып, қола медаль еншілесе, 66 келіде сынға түскен тағы бір дзюдошымыз Ғұсман Қырғызбаев мергендеріміздің нәтижесін қайталап, үшінші жүлдеге ие болды.

Болат Шарахымбай

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1414
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3188
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5052