Дүйсенбі, 3 Қараша 2025
Мәдениет – үнсіз майдан: 198 0 пікір 3 Қараша, 2025 сағат 14:20

«Қоғам құрбаны – Войцек»

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Немістің көрнекті драматургы Георг Бюхнер өзінің қысқа ғана ғұмырын поэзия мен драматургияға арнап, адам табиғаты мен жанын зерттеуге бағыттаған күрделі тұлға.

Оның шығармалары терең әлеуметтік, философиялық, һәм психологиялық тақырыпта жазылған. «Войцек» - Бюхнердің соңғы әрі аяқталмай қалған драмасы, бірақ, дәл осы шығарма оның есімін әлем әдебиетінде өшпестей етіп қалдырды. Драма деректі оқиғаға негізделген, яғни XIX ғасырдың басында өмір сүрген - Йохан Кристоф Войцек есімді неміс солдаты өз сүйіктісін қызғаныштан өлтіреді. Бюхнер бұл оқиғаны жай қылмыс деп емес, оның психологиялық ауытқуы және әлеуметтік қысымның кесірінен туындаған әрекет деп жеткізді.

Бүгінде қазақ театрларында аударма пьесаны сахналау қалыпты, тіпті көрермен үшін де үйреншікті үрдіске айналды. Әсіресе, облыстық театрларда шетелдік драматургияны сахнаға шығару  ұжымның кәсіби деңгейін, актерлік шеберлік және режиссерлік ойлаудың ауқымын көрсететін басты өлшем. Осы аталмыш шығарманы Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау  облысының Қазақ музыкалық-драма театры сәтті сахналады. Қойылым режиссері Мейрам Хабибуллин пьесаға жаңа  интерпретациямен келіп,  классикалық мәтінді заманауи көзқараспен тоғыстырғанын  байқатты. Спектакль камералық формада шешілген, өз кезегінде бұл актер мен көрермен арасындағы арақашықтық барынша қысқартады.  Көрермен сахнадағы актердің көзқарасын, тынысын, ішкі толқынысын, әр әрекетін айқын сезеніп қана қоймай, өзін сол оқиғаның мүшесіне айналғандай әсерде болады. Мұнда өтірікке орын жоқ. Сондықтан да камералық спектакльде басты сауал: сендіре ме, жоқ па деген ойдың төңірегінде өріледі.

Войцек ролін актер Нұржан Бейсбеков ойнайды. Өз басым театр әлемін таныған сәттен бері кейіпкермен біте қайнасып тұтасып кеткен актерді сирек көргенмін. Ал, актер Нұржан Бейсбековтің ойын өрнегінде психологиялық арпалыс пен өмір бар. Ол кейіпкерін жай бейнелемейді, сол адамның ішкі арпалысында өмір сүреді. Режиссер М.Хабибуллиннің де ұтымды шешімі сонда, роль бекітер сәтте актерді тани алуы, фактурасы мен тіл тазалығына аса мән беріп, образдың толық ашылуына ықпал жасауы.

Спектакльдің бастапқы сахнасы -  киімдер ілініп тұрған гардероб кеңістігінен басталады. Бұл көрініс бір қарағанда қарапайым болғанымен, оның астарында үлкен мән мен мағына бар. Войцек пен Марияның ішкі психологиясымен мен махаббаттағы күйзелісін киімнің шешіліп, қайта киілу әрекеті арқылы режиссер көркем түрде бейнелеген. Мария ролін актриса Гүлдер Сейткенова ойнайды. Қазіргі жас буын актрисалар арасында героиня, яғни, таланты мен сұлулығы қатар жүретін бейнелер сирек кездеседі. Дегенмен, сахна эстетикасына өзіндік реңк беріп, әйел жанының терең иірімдерін жеткізе алатын муза актрисалар әлі де бар, соның бірі - Гүлдер Сейткенова. Оның Мариясы - қызғаныш сезімін туғызатындай тартымды да сүйкімді, әрі нәзік әйел. Спектакльде үш желі қатар дамиды, біріншісі – махаббат. Мария мен Войцектің арасындағы қиын да күрделі жарақатқа (травмаға) толы сезім.  Режиссер бұл күйді түтінге оранған сахна бейнесі арқылы шешеді: жұптың аяқтары бір сәт түйісіп, қайта ажырауы көріністің  мағынасын аша түсті. Бұл режиссерлік шешім екі мағынада оқылады: бірі – Марияның аяныш сезімінен туған тән жақындығы, екіншісі - әрдайым тербелісте, тұрақсыз күйде қалатын қарым-қатынас. Сүйгені Марияның Тамбурмажормен көңіл жарастырады деп қорқуы, қызғаныш сезімінен өртенуі, соңында өз әйелін өлтіруге итермеледі. Тамбурмажорды ойнаған артист – Ардақ Жарқынбеков. Өзінің  ақсүйектік болмысымен, сахналық фактурасымен, костюмдік ерекшелігімен көзге түсті. Режиссердің шешімі де ерекше: кейіпкерлер өз сахнасының соңында биіктен төменге өзін тастап жібереді. Бұл әрекет символдық тұрғыда - рухани құлдыраудың, өлімнің көрінісі. Әрине, актер үшін мұндай шешім қауіпсіздік тұрғысынан қиын, бірақ дәл осындай физикалық  қозғалыс  режиссердің ізденесінің көрінісі. Сол сәттерді байқасақ Ардақ Жарқынбеков сахнаны ерекше сенімділікпен  шынайы орындаған.

Қойылымда тоқтаусыз жалғасқан екінші желі - Войцекке доктор жасайтын эксперименті мен капитанның жасайтын өктемдігі. Доктор бейнесін сомдаған Мәди Сәденов - сахнада өзгеше энергиясы мен харизмасы бар актер. Ол шығармадағы салқын кейіпкерді жаңа қырынан танытып, көрерменнің көзқарасын өзгерте білді. Актердің бас киімі мен көзілдірігі - жай аксессуар емес, кейіпкер мінезін тануға арналған белгі. Бұл детальдар оның бойындағы  салқындықты, адамнан гөрі тәжірибе нысанына қызығушылық танытатын зерттеушісымақтың табиғатын көрсетеді. Және тәжірибені жаны сүйетін сол үшін құрбандарды аямайтынына дәлел ретінде  тағы бір қосалқы кейіпкерді мысал келтіре аламыз ол – Андрес. Бұл рольді сәтті әрі сенімді алып шыққан актер Кенжетай Абильдин. Ол Войцектің қызметтесі, қоғамға көндіккен, көптің біріне айналған шаруаны ойнайды. Автор бұл екі кейіпкерді қарама-қайшылықпен суреттеген. Войцекке қаншалықты тәжірибе жасалып, оны басқаруға талпыныс жасалғанымен, оның болмысы жоғалмады: сезімдері, айналаға махаббаты, ішкі күйі өзгере қоймады. Ал Андрес бейнесі - қоғамның ықпалына мойынсұнып, өзін жоғалтқан адамның көрінісі. Режиссерлік шешімдердің ұтымдылғы сонда, Андрес бейнесі арқылы спектакль адам табиғатының екі шегін - қарсылық пен мойынсұнуды айқын ажыратып көрсетеді.Сондай бір тіршіліктің озбырлығын бейнелеуге тырысқан кейіпкер - капитан. Бейнені сомдаушы - Нұрлыхан Файзиев. Режиссер заман қатқылдығы мен суықтықтығын, қоғамның әділетсіздігін, биліктің өктемдігін осы образ арқылы көресетуге тырысты. Дегенмен, актерлік орындауда кей тұстарда образдың ішкі күйін толық аңғару жетіспей қалды. Себебі Капитанның Войцекке не айтқысы келетіні, ол арқылы қандай нәтижеге жетуді көздейтіні сахнада толық ашылмайды. Кейіпкерлердің барлық дерлік  образдарының мақсаты бар, тек осы бейненің  түпкі ойы айқындалмай қалғанын айта кету керек.

Қойылымның соңғы әрі маңызды желісі - Войцектің ішкі жан дүниесінің психологиялық күйзелісі. Спектакльдің алғашқы сәтінен соңына дейін көрермен басты кейіпкердің ауыр энергиясының иіріміне тартылады. Оның абыржу сәттері, тоқтаусыз мазасыз күйі, жанын жегідей жеген ойлары сахнада анық көрініс табады. Войцектің ішкі күйзелісіне себеп болған – махаббаттағы сатқындық, әлеуметтік қысым және қоғамдық әділетсіздік. Сүйгенінің бай еркектің соңынан еруі, капитанның өктемдігі, темірдей тәртіп пен шектеудің астында өмір сүру мұның бәрі оның жан әлемін тұншықтырып, біртіндеп қараңғылыққа батырады. Режиссер көрерменді Войцекпен бірге осы рухани тозаққа енгізеді: сахнадағы кеңістік, жарықтың өзгерісі, музыкалық бояулар барлығы кейіпкердің ішкі дауысын естіртетін құралға айналған. Біз оның уайымын сырттай бақылаушы емес, онымен бірге күйзеліс толқынында отырған серіктес болдық.

Айта кетсек, бұл спектакль жақында  өткен «Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына» орай ұйымдастырылған Республикалық театр фестивалінде бас жүлдеге ие болды. Театрға сарқылмас шығармашылық шабыт пен табыс тілейміз.

Шеріхан Ұлпан,

театртанушы

Abai.kz

0 пікір