Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 2559 27 пікір 1 Тамыз, 2024 сағат 15:19

Академияны ағаш атқа мінгізіп отырған кім?

Сурет: Abai.kz / Egemen.kz

немесе «Ұлттық» деген атақтың қадірін кетірмейік!

Сонау 1946 жылы негізі қаланып, аты Қаныш Сәтпаев ұлы тұлғамен, Мұрат Айтхожин, Өмірзақ Сұлтанғазин, Кенжеғали Сағадиев секілді көрнекті ғалым-ұйымдастырушылармен байланыстырылатын Ұлттық ғылым академиясында жік шықты, екі құлағы тік шықты!

Үкімет жағы «академия «нөлденді», оны жаңадан құрып жатырмыз, қатарына әзірше 9 академик конкурс арқылы қабылданды» дейді.

Осы күнге дейін қоғамдық ұйым саналып келген, құрамында 155 академигі, 73 корреспондент-мүшесі бар Ұлттық ғылым академиясы болса, ресми мәлімдеме жасап: «біз әлі бармыз, бола да береміз!», - деп қарсылық танытып жатыр.

Байқап отырсам, көптеген беделді ғалымдар әліптің артын бағып отырған сияқты, дауыстары шықпайды. Олар екі оттың ортасында қалған сияқты: бір жақты қолдап шыға келсе, не арба сынады, өгіз өледі.

Дау күннен күнге ушығып, онсыз да қиын жағдайға душар болған қазақстандық ғылымның абыройын айрандай төгіп, беделін төмендетуде. Бір өкініштісі сол: жұртшылық еліміздің ғылымын ғылыми жаңалықтар, жаңа теориялар не қолданбалы шешімдер емес, тек осындай улы-шулы скандалдар арқылы ғана танитын боп қалды.

Қалыптасқан жағдайдың екі себебі болуы мүмкін.

Не осыдан екі жыл бұрын «ҰҒА-ны реформалау керек» деген президент Тоқаевтың тапсырмасын үкімет жөнді орындай алмай отыр (қазіргі академиктермен тіл табысып, келісіп тон пішіп, тиісті шешімдер қабылдауға болатын еді ғой), не ҰҒА ішінде осы реформаға қарсы, кертартпа, ретроградтық күштер дес бермей келеді. Ескі Қазақстаның символына айналған Нұрсұлтан Назарбаев пен оның туысқандарының әлі де ҰҒА академигі болып отырғаны соның бір көрінісі мес пе?

Шынтуайтына келгенде, екі жақтың да өз шындығы, уәждері мен дәлелдері бар.

Мәселен, президент өз жанынан кез келген құрылым құра алады. Биліктің айтуынша, ол құрылған да.

Ал осы кұнге дейін жаман ба, жақсы ма, өз қызметін атқарып келген «Ұлттық ғылым академиясы» деп аталатын қоғамдық ұйымның да өз құқықтық мүмкіншіліктері бар. Оны да ешкім жоққа шығара алмайды. Мәселен, кез келген қоғамдық ұйымды жабу тек қана соттың құзіретінде, олар президент жарлығымен жабылмайды.

Енді не істеу керек?

Меніңше, осы жерде екі үлкен дүние үшін талас басталды.

Бірі – Ұлттық ғылым академиясына тиесілі меншік. Алматының бір символына айналған «Ғылым ордасы» ғимараты мен басқа да нарықтық бағасы жоғары мүлік не жер телімдерінің өзі не тұрады.

Екінші жайттың жөні мүлдем бөлек. Ресми ақпаратқа сенсек, бір-бірімен таласып жатқан екі құрылымның атауында «ұлттық» дген сөз бар. Қоғамдық ұйым, президенттің шешіміне қарамастан, сол биік, аса үлкен жауапкершілік жүктейтін атақтан айрылғысы келмейтін сияқты.

Меншік, мүлік жағын заң шеше жатар. Ал «Ұлттық» деген сөз ойыншық емес. Ол – барша ұлттың, халықтың, мемлекеттің құзырында, қарауында, қамқорлығында, қорғауында, тұтас ұлттың қолдауында болуға тиіс киелі сөз!

Сол жағын реттеп алсақ, көп нәрсе өзінен өзі шешіліп қалатын сияқты.

Әміржан Қосан

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053