Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Париж-2024: 1461 0 пікір 5 Тамыз, 2024 сағат 14:56

Париж-2024: Рекордтар мен үміттер

Сурет: Владислав Семенов

Олимпиаданың соңғы аптасы басталды. Бұл спорт додасындағы Қазақстан олимпияшылары көрсетіп жатқан нәтиже әйтеуір сәл де болсын көңіл көншітерліктей. Әрине, үш жыл бұрынғы Токиодағы 83-орынмен салыстырғанда ғана. Әзірге жалпыкомандалық есепте 29-орында келеміз.

Нариман Құрбанов спорттық гимнастикадан күміс жүлдеге ие болды. Бұл – қазақ атлетінің спорттың осы түріндегі тұңғыш медалі! Нариман тек ирландиялық Рис Макклеганға ғана есе жіберді. Үшінші орында – Стивен Недорозик (АҚШ).

Ерлер боксындағы ақырғы үмітіміз – 80 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген Нұрбек Оралбай доминикандық қарсыласы Кристиан Хавьер Пиналесті жеңіп, финалға шықты. Шешуші бәсекедегі оның қарсыласы – украин боксшысы Олександр Хижняк.

Қыздар боксында Назым Қызайбай (50 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) қарсыластарының бәрінен басым түсіп келеді. Ширек финалда ол колумбиялық боксшы Ингрит Валенсияны айқын басымдықпен жеңді. Назымның жартылай финалдағы қарсыласы – қытай қызы, 2023 жылы әлем чемпионы атанған У Ю.

Жеңіл атлетикада 3 000 метрге кедергілермен жүгіруден Нора Джеруто 5-орын алып, финалға шықты. Финалдық жарыс ертең түнде, яғни 6 тамыздан 7-сіне қараған түні сағат 00.10-да басталады. Кениядан келіп, Қазақстан азаматтығын алған тағы бір желаяқ Дейзи Жепкемей небәрі 10-орын алып, финалға шыға алмады. Дегенмен ол әлі 10 000 метр қашықтыққа жүгіру жарысына қатысады.

Сенбі-жексенбіде Олимпиадада бұдан өзге де талай жаңалық болды.

1) Қазіргі теннис спортының жарық жұлдызы, осы күнге дейін алмаған жүлдесі жоқ 37 жастағы аты аңызға айналған серб Новак Джокович тұңғыш рет Олимпиада чемпионы атанды. Ол өте тартысты өткен финалда теннистің жаңа да жас сайыпқыраны – испандық Карлос Алькарастан екі сетте басым түсті (7:6, 7:6). Сөйтіп, Новак өзінің бала күнгі арманына қол жеткізді.

2) Бокстан қыздар арасындағы 66 келі салмақ дәрежесіндегі ширекфиналдық жекпе-жек күллі әлемнің назарын аударды. Басты себеп – жұртшылық трансгендер деп есептеген, алайда кейін интерсекс (бойында ерлерге тән гормоны көп әйел) екені мәлім болған алжирлік спортшы Иман Хелиф төңірегінде туындаған дау. Жарты әлемді шулатқан жанжал Иман Хелифтің жүйкесіне аса қатты әсер етпесе керек, ол венгриялық боксшы Анна Лука Хамориді жеңіп, жартылай финалға шықты. Ендігі қарсыласы – тай қызы Джандж Суваннапхенг (жекпе-жек 6 тамызда өтеді).

3) Жүзу спортындағы ең әйгілі әйел спортшының бірі – америкалық Кэти Ледеки 9-шы рет Олимпиада чемпионы атанды. 800 метр қашықтыққа жүзу сайысында үздік шыққан ол өз отандасы Дженни Томпсонның (8 рет олимпиялық чемпион болған) рекордын жаңартты. Осы жеңісінің алдында ғана Кэти тағы бір сайыста – 1 500 метрге жүзіп жарысудан да алтын алған болатын. Сөйтіп, К.Ледеки өз қоржынындағы олимпиялық медаль саны (14) жөнінен әйелдер арасында үшінші орынға шықты, ал тек алтынды есептесек (9) орыс гимнасты Лариса Латынинамен теңесті. Әйелдер арасында жалпы медаль саны бойынша алда тек Латынина (9+5+4=18) мен норвег шаңғышысы Марит Бьорген (8+4+3=15) ғана тұр.

4) Спорттық гимнастика жұлдызы Симона Байлз (АҚШ) кеше өзінің осы Париж Ойындарындағы үшінші алтын медалін алды. Бұл – оның жалпы Олимпиада тарихындағы жетінші алтыны. Симона мұнымен де шектелетін түрі жоқ, алда бөрене үстіндегі жаттығулар мен еркін жаттығулар сайысы күтіп тұр. Егер Симона Байлз бұл екеуінде де жеңіске жетсе, Латынина мен Ледекиді биыл-ақ қуып жетуі мүмкін.

5) Дзюдодан Франция құрамасы командалық жарыста осы спорт түрін ойлап тапқан Жапонияның спортшыларын жеңіп, алтыннан алқа тақты. 26 шілде күні осы спорт мерекесінің ашылу салтанатында Олимпиада алауын жаққан Тедди Ринер Париж татамилеріндегі екінші алтын медалін иеленді. Жалпы алғанда Ринер – бес дүркін Олимпиада чемпионы!

6) Дүние жүзіндегі ең жылдам әйел – Жульен Альфред болып шықты. 100 метрді 10.72 секундта желдей есіп өткен желааяқ – Оңтүстік Американың теріскей тұсындағы Кариб теңізінде орналасқан оймақтай ғана Сент-Люсия атты арал-мемлекеттің өкілі. Жульеннің жеңісі – небәрі 180 мың ғана халқы бар осы елдің тұңғыш олимпиялық медалі!

7) Француз жүзгіші Леон Маршан 200 метрге жүзіп жарысудан алтын медаль алды. Бұл – жүзу спортының жаңа жұлдызы атанған талантты атлеттің Париж Олимпиадасындағы төртінші алтыны! Бұған дейін бір Олимпиадада төрт рет алтыннан алқа таққан бір-ақ спортшы бар еді, ол – даңқты америкалық жүзгіш Майкл Фелпс (2008). Леон Маршан өзінің осы спорт түрінің нағыз майталманы екенін дәлелдеді: брасс, баттерфляй әдістерімен жүзуде де, 400 метрге, 200 метрге комплекс түрінде жүзуден де ол алдына қара салған жоқ. Париж тұрғындары өз отандастарысының табысын тойлап жатыр.

8) Париждегі футбол турнирі де өз мәресіне жақындап келеді. Бүгін жартылай финал кезеңі өтеді – Марокко мен Испания (Астана уақытымен 21.00-де), Франция мен Египет (00.00) кездеседі.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053