Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 2597 17 пікір 7 Тамыз, 2024 сағат 13:07

Қабанбай шоқысы қай Қабанбайдың атымен аталған?

Коллаж: Abai.kz / Википедия

Қытайға қарасты Іле қазақ автономиялы облысындағы, Үйсін тауының Тоғызтарау ауданының жерінде «Қабанбай шоқысы» деп аталатын биік шың бар. Жергілікті халық бүгінге дейін Қаракерей Қабанбай батырдың құрметіне қойылған деп түсінеді. Иә, Қабанбай батыр Орта жүздің Найман елінің Қаракерей руынан. Ол кезінде Қаракерейдің, бүкіл Найманның ұранына айналған адам. Қазақ-жоңғар соғысы кезінде қазақтың қас батыры, қазақ жасақтарының бас қолбасшыларының бірі болған. Қабанбай батыр Абылай ханның ең сенімді серігі саналды. 1758 жылы Абылайдың Үш жүздің үстінде жылқы айдаған сауда керуенін бастап Үрімжіге барғаны туралы тарихи дерек бар.

Мифтік аңыз бен тарихи шындықтың ара жігін ажырататын уақыт келді

Қабанбай шоқысы туралы сөз қозғаудан бұрын, Қабанбай шоқысы тұрған Қытайдың Іле аймағының жер бедеріне, сол кездегі тарихына аз-кем тоқтала кеткенді жөн көрдік. Іле аймағы Шынжаңның батысында, Іле қазақ автономиялы облысының батыс оңтүстігіне орналасқан. Оның оңтүстігі Ақсу аймағының Бай, Онсу (Ұнсу) аудандарымен, шығыс оңтүстігі Байынғолын Моңғол автономиялы облысының Қарашар (Хыжиң) ауданымен, шығыс солтүстігі Тарбағатай аймағының Шиху қаласымен, батысы Қазақстанмен шектесіп жатады. Іле Чиң (Цинь) патшалығы дәуірінде және одан бұрын қазіргі Тарбағатай аймағын, Бұратала моңғол автономиялы облысын және Балқаш көлінің шығыс өңірлерін де қамтитын.

Шекара ұзындығы 432 шақырым, Онда Құлжа, Қорғас, Нылқы, Күнес, Тоғызтарау, Текес, Мұңғұлкүре аудандары, Шапшал сібе автономиялы ауданы, Құлжа қаласы – осы 8 аудан, бір қала сондай-ақ, Шынжаң өндіріс биңтуаны ауыл шаруашылық 4-дивезиясының 21 полгі бар.

Іле – ежелден-ақ Жібек жолының маңызды өткелі. Географиялық орны айырықша маңызды. Қытайдың Хан патшалығы дәуірінен бергі жазба шежірілерде ол жөнінде айқын жазбалар сақталған. «Іле» деген атау Іле өзенінің атымен аталғаны белгілі. Қытайдың тарихи жазба деректерде Іле өзенінің көптеген дыбыстық аудармалары бар, мысалы қытайлар Іле өзенін Дидихы, Илихы, Исыхы, Иличан деп әртүрлі атаған.

Тиян-шань тау сілемдері ішіндегі Борохоро тауы Іленің оңтүстігі мен солтүстігінің шекарасына айналған. Жарыспалы тау сілемдерінің арасында үлкенді-кішілі жазықтар мен аңғарлар бар. Іле өзені аңғары – Іледегі недәуір ырысты өңір, ол Тиянь-шаньның батысында, шығыстан оңтүстікке қарай созылып жатады. Оны үш жағынан таулар қоршаған, бұл таулардың ішінде Борохоро тауынан басқа Көшкін, Үйсін, Нарат сияқты тау сілемдері бар. Мұндағы Үйсін тауы ежелден әйгілі. Ол қазақтың негізгі тегінің бірі – Үйсін елінің атымен аталған. Іле өзені аңғары үш бұрыш пішінді болып келеді. Оның шығысы – Текес өзені мен Күнес өзенінің тоғысқан тұсы, батысы Қытай мен Қазақстан шекарасына қарай көсіліп жатады. Жер бедері шығыстан батысқа қарай ылдилау келеді. Оңтүстік жағалауы – тұнбалық жазық. Сондағы Мұңғұлкүре – Текес ойпатының шығысы тарғалаңдау, батысы кең – сына формалы. Бұл да – тұнбалық жазық.

Іледе өзен-дариялар өте көп, су байлығы мол. Іле өзені – Іле аймағы, тіпті Іле қазақ автономиялы облысы бойынша ең үлкен өзен. Оның ағар алабы 8 аудан, бір қаланы қамтиды.

Іленің тарихы ұзақ, бұл өлкеде жыл санауымыздан бұрын және кейін Сақтар, Иұздер, Үйсіндер, Ғұндар көшпенді мал шаруашылығымен шұғылданған. Одан кейін аталған халықтардың ұрпағы түріктер орда тігіп, ту көтерген. Бұдан соң Жұржандар, Түркештер, Шығылдар іркес-тіркес бұл өңірге үстемдік жүргізген. Қарахан, Шағатай, Моғолстан мемлекеттерінің заманында Іле өңірінің сәулет-құрылыс өнері дамыды. XVI ғасырда Моғолстан мемлекеті ыдыраған соң Ілеге моңғолдар қоныстанған. Бұрынды-соңды болып қазақ, манзу, ұйғыр, қытай, моңғол, сібе, дағұр, дүңген қатарлы он неше ұлт көшіп келіп қоныс тепкен. Қазір Іледегі ұлттардың құрамы артып 41-ге жеткен.

Қазақ Іледе қоныстанған ежелгі халықтардың бірі. Негізінен ерте замандағы Сақтар, Үйсіндер, Қаңлылар, Аландар немесе Алшын қатарлы ру-тайпалардың бұрынды-соңды бірігуінен құралған. Осыдан бастап, қазақ деген ұлт болып қалыптасқан.

Ежелгі өмір сүрген қазақ тайпалары тарихи құнға ие көптеген ескерткіштер мен мәдениеттің белгілерін қалдырған. Мысалы, жер-жерге кең тараған, саны өте көп Үйсін обалары; ертедегі көшпенді халықтардың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін мол мазмұнды, алуан түрлі жартас суреттер мен таңбалар; ертедегі көшпенді ұлттардың тас ойма өнерін бейнелейтін сахара тас мүсіндері (балбал тастар), Нылқы ауданындағы осыдан 2 мың 500 жылдың алдындағы Нұрасай мыс кенінің ежелгі жұрты; Қорғас ауданындағы мың жылдан астам  тарихқа ие Алмалы қаласы; Шағатай ұлысының соңғы ханы – Тұғылық Темір ханның мазары; Қытай мемлекетінің қорғауындағы мәдени мұра орындарының бірі –  Қорғас ауданындағы Чиң дәуіріндегі «Іле қатарлы жерлерді жаппай меңгеретін генерал» (Іле генерал мекемесі деп те аталады) деген сардар сарайы; Чиң дәуірінде салынған ежелгі Күре қаласы, Күре қоңыраулы ғимараты; Чиң патшалығы Жоңғар бүлігін тыныштандырудағы маңызды соғыс – «Кеден тау соғысында» еңбек көрсеткендердің ескерткішінен жазып алынған естелік, Мұңғұлкүредегі тибет дәстүріндегі бұдда діні бұдханасы; Шапшал ауданындағы Жиңюаншы бұдханасы бар. Айтпақшы, мұндағы қазақтар ат қойып, айдар тағып атап келе жатқан  Тоғызтараудағы Қабанбай шоқысы мен Шапшалдағы Әулие шоқысы бар.

1225 жылы Шыңғыс хан екінші ұлы Шағатайға Іле аңғары қатарлы жерлерді еншіге берген. XVII ғасырдың басында Моңғолдың жоңғар тайпалары Іле өзенін өзек ете отырып жерлікті билік құрған. Чиң патшалығының Чиянлұң жылдары Чиң үкіметі ұзақ уақыт бүлік тудырып келген Жоңғар хандығын жойып, 1762 жылы  Іле қатарлы жерлерге басқарушы генерал тағайындаған. Іле бүкіл Шынжаңның саяси, әскери орталығына айналды.

Іленің Күре қаласында (Хүйюанчың деп атайды, қазіргі Қорғас ауданы өңіріне) Іле генерал мекемесін құрып, сол арқылы Тияньшаньның оңтүстігі мен солтүстігіне әскери әкімшілік жүйе арқылы өзінің үстемдігін жүргізді. Іле генерал мекемесі – сол кезде Шынжаңның ең жоғарғы әкімшілік басқару органынына айналады. «Іле генерал мекемесі Үрімжі дутұңын (губернаторын), ұйғыр аймақтарындағы ақылшы әмбілердің, Іле ақылшы әмбісін, Тарбағатай ақылшы әмбісін, әрбір орындағы шекара қорғаныс әскерлері, ауыспалы қорғаныс гарнизондарындағы манжур, сібе, солан (дағұр) шақар және ойрат әскерлерін, сондай-ақ жасыл жалаулы гарнизондардағы әскери істерді басқарумен бірге, сыртқы бұратанналарға қатысты істерді басқарады» [Нәбижан Мұқаметханұлы. Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы. 129-бет. ҚАЗақпарат баспасы. Алматы. 2000 ж.].

Осы арада біраз шегініс жасап, Чиң патышалығы мен Жоңғар хандығын қалай жойғаны туралы бірлі-жарымды мәлімет айта кетелік.

Чиң патшалығы – қытайдың шығыс солтүстігінде өмір сүрген Шүршүт (Манзу – Манжур ұлты) ақсүйектері 1644 жылы құрған феодалдық патшалық. Ол содан 1911 жылдың соңына дейін бүкіл Қытайға билік жүргізген империялық ел.

1945 жылы қазан айында Халдан Серен ауырып өліп, оның екінші ұлы Суан Даржы Намзал Чиң патшалығының қолдауымен хандық орынға мұрагер болады, алайда ол әлжуаздық жасағандықтан Лама Даржа таққа шықты, ол да жоңғар ақсүйектерінің қарсылығына ұшырайды. Хұйты тайпасының басшысы Әмірсана мен Батұр Хұнтайжының бесінші ұрпағы Дауаш бірлескен одақ құрып, бір мың 500 әскеге басшылық етіп, Тарбағатайдан Ілеге кіріп, 1752 жылы қараша айында Лама Даржаны өлтіріп, Дауаш таққа шықты. Ол тағы да  Әмірсанамен соғысып, Әмірсана жеңілгеннен кейін Хұйты тайпасын бастап Чиң патшалығына түзе бүкті, сонымен бірге Чиң үкіметінің ақыл-кеңес беруімен, Ілені қайта қолға кетіруге тырысты [Жияң Чұңлұң құрастырған. Іле тарихынан қысқаша оқулық. 48-бет. Шынжаң халық баспасы. 1999 ж. Үрімжі].

1755 жылы ақпан айында Чиң патшалығының жоңғарларға екі бағытпен аттандырған 200 мың қолы Баккөл және Улиастайдан Жоңғар ойпатына қарай аттанып, сәуір айында Бұраталада тоғысады. Онан соң олар екі бағыттағы әскерлерді біріктіріп, Дауаш тұрған Ілеге қарай аттанады. Маусым айында Дауашты Іленің Мұңғұлкүре деген жерінде тірідей қолға түсіріп, Жоңғар хандығын біржолата жояды [Нәбижан Мұқаметханұлы. Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы. 48-бет. ҚАЗақпарат баспасы. Алматы. 2000 ж.].

Чиянлұң патша Ілегі жұңғардың тірі қалған тұрғындарын «күшті шоғырландырмай бөліп басқару» бағытын қолданып, төрт тәйжінің басқаруына бөліп беріп, оларды өзі тікелей басқарып отырады. Осы кезде Әмірсана Чиң патшалығығы арқылы өзінің хан боламын деген мақсатының іске аспай қалғанын бір-ақ біледі. Осы сәтте Әмірсананың ниеті бұзылып, әсілінде Чин патшалығының күшінен пайдаланып өзінің ойраттың бас ханы етіп тануды, сондай-ақ қазақтарға әмірші болуды талап еткен болатын. Бірақ ол Чиң патшалығына қарсы шығуға жасырын түрде әркет жасап, әскери күш топтай бастайды.

Ол өзінің бұл әрекетін  Чиң патшалығына «Бұл менің қазақтардан сақтану үшін жасап жатқан шараларым» деп түсіндіреді. Бірақ қазақтардың оларға шабуыл жасау ниетінің жоқ екендігін білетін Чиң патшалығы ордасы оның бұл сөзіне сенбейді. Сонымен 1755 жылы маусым айында Чиң патшалығы өздері қазақтармен тікелей байланыс жасау үшін, Абылай ханға ресіми елші жібереді. Сондай-ақ ол делегациясына: «Сендер қазақ шекарасына барғанда бұлап-талап бүлік тудыруларыңа болмайды. Бірақ өздеріңе сақ болуларың керек. Ол жақтың әскерлері сендерге шабуыл жасаған жағдайда да, сендер оларға жөн айтып кері қайтарыңдар. Егер олар сөзге көнбесе, онда оларды тұтқындап жойсаңдар болады» деген принцип белгілеген. Іс жүзінде қазақтарға барған Шүн Дына бастаған Чиң патшалығының елшілері жол үстінде ешқандай қарсылық шабуылға тап болмайды. Сондай-ақ олар аман-есен Абылай ханның қабылдауында болып қайтады [Нәбижан Мұқаметханұлы. Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы. 49-бет. Қазақпарат баспасы. Алматы. 2000 ж.].

Бұдан Абылай ханның Чиң патшалығының жіберген елшісін жылы қабылдап, олардың қазақтарға деген ішкі пиғылын байқағаннан кейін  Әмірсанадан гөрі, Чиң патшалығымен байланыс жасаудың қазақтарға тиімді екеніне көзін жеткізгендігін байқау қиын емес. Сонымен Абылай хан өзінің Бөлебай бастаған елшілерін Чиң патшалығының елшілерімен бірге барып, олардың жағдайын барлап, байқап қайтуға жібереді. Міне, бұл қазақтар мен Чин патшалығының арасында тікелей барыс-келістің сәтті басталғанын білдіреді. Абылайдың Чиң үкіметімен қарым-қатнас орната бастауынан қауіптенген ендігі жерде қазақ арасынан күш жинаудан күдер үзген Әмірсана 1755 жылы қыста Бұратала өңіріне келіп, Іле өңіріндегі өзін қолдаушыларымен бірігеді.

1755 жылы тамыз айында Әмірсана Чыңдыға барып патшамен кездесетін жолында қашып, Ілеге қайтып келіп, Банди, Орұңан бастаған Ілені басқаратын Чиң әскерінің 500 адамын қырып тастайды. Осыдан бастап Тиянь-шаньның оңтүстігі мен солтүстігінде соғыс өрті әр жерден көтеріліп, қалқа моңғолдарына дейін шарпиды. 1756 жылы ақпан айында Чиң әскері екінші рет Ілеге жорық жасап, бөгеттерді бұзып отырып ішкерілеп кіреді. Әмірсана өз күшінің әлсіздігін байқап, әскерін шеп жайғызу амалын тағы да қолданып, Чиң әскерін тежеп, қазақ жері арқылы патшалық Ресейге қашып кетеді. 1757 жылы қыркүйекте Әмірсана шешек ауруынан өледі. Әмірсананың жат елде өлуі Жоңғар хандығының да үзілді-кесілді ыдырауын алып келді [Жияң Чұңлұң құрастырған. Іле тарихынан қысқаша оқулық. 48-49-бет. Шынжаң халық баспасы. 1999 ж. Үрімжі.].

1756 жылы шілде айында, Чиң патшалығы қазақ ханы Абылайға жазған қатында: «Қазақтардың өз шекараларын сақтауларын, шекарадан асып барып шабуыл жасауға болмайтындығын» ескертеді. 1757 жылы тамыз айында, Чиң патшалығы ордасы өзінің алдыңғы шептегі генералдарына: «...Қазақтарға күш көрсетудің қажеті жоқ. Олар сауда жасауды айтатын болса, оларға әсери штабымызда саудагерлер жоқ, ол үшін сауда жасайтын орын белгілеп, уақытқа келісіп, саудагерлерді сонда әкеліп сауда жасайық, – деп айтыңдар. Егер Абылай ойраттар жеріне еніп келіп мал бағуды талап ететін болса, онда оған олардың шекарадан асып келулеріне болмайды деңдер» деген нұсқау берген. Чиң патшалығы өздерінің жер туралы ұсынған бұл принципін Абылай ханға сан мәрте қайталап айтқаны мәлім. Бірақ Абылайқан оған келіспеді. Өйткені, Абылай хан кезінде жоңғарлар басып алған, одан Чиң патшалығының қармағына өткен Тиянь-шань тауының батыс солтүстігіндегі Іле, Тарбағатай және Алтай қазақтың атамекені, ол жерлерге қазақтар қайта оралуы керек деген танымда болады [Нәбижан Мұқаметханұлы. Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы. 63-бет. Қазақпарат баспасы. Алматы. 2000 ж.].

Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін Іле қатарлы жерлерде көптеген мал жайылымдары қаңғырап бос қалады. Чиң үкіметі қазақтардың ол жерлерге кіріп мал бағуына жол береді. Осы кезде қазақтар Чиң үкіметімен саяси, экономикалық қатнастарын күн санап қоюлата түскен, сондықтан қазақ малшылары шығысқа қарай қоныс аудара бастаған.

1766 жылы мамырда Чиң үкіметі Іле генералы Миң Рұйге мынадай бұйрық береді: Іле қатарлы жерлерде ұлан-байтақ жер бар, адамсаны неғұрлым молайса соншалық жақсы болады, қазақтардың көшпенді мал бағатын жері жетіспесе, немесе талан-таражыдан қорқатын болса, олардың көшіп келіп мал бағуына жол беру керек. Отбасылар көбейгеннен кейін оларды бөліп орналастыру керек. Екінші жылы Чиң үкіметі Абылай ханға қазақ малшыларының Іле қатарлы жерлерде көшпелі мал бағуына болатындығын ұқтырады. 1767 жылы Абылай ханға қарасты 300 ден астам қазақ малшылдары. Тарбағатай аймағына көшіп келеді. 1770 жылдан бастап Жеменей, Қобықсары өңіріне көптеген қазақ рулары көшіп келіп мал бақты. 1814 жылы Тарбағатайдың Барлық тауында мал баққан Ұлы жүздің бір бөлім рулары Іле аймағына көшіп келеді [Жияң Чұңлұң құрастырған. Іле тарихынан қысқаша оқулық. 52-бет. Шынжаң халық баспасы. 1999 ж. Үрімжі.].

Біз Чиң патшалығы мен жоңғарлар арасындағы соғысты және Чиң патшалығы мен Абылай ханның байланысы, қарым-қатнасы туралы неге айтып отырмыз, себебі 1755 жылы Чиң әскері Жоңғар хандығын біржолата жойғаннан кейін, қазақ әскерлері Чиң патшалығына қарасты Іле өңіріне оның алдын да, одан кейін де барып соғыс жүргізбегенін анықтап, нақтылай түсу болатын. Қазақтың ақын, жазушыларының пантазиясымен Қабанбай батырдың Іле өңіріне барып жұңғарлармен, және қырғыздың Атеке Жырық батырымен соғысқан ерлігі көркем образ арқылы, мифтік кейіпкерге айналып кеткенін жоққа шығара амаймыз. Әдебиетке қалай жазса да жарасады. Бірақ тарих шындық оған келіспейді...

Қабанбай шоқысы қайсы Қабанбайдың атымен аталған?

Ендігі жерде «Қабанбай шоқысы» атанып кеткен, шоқының әсілі қай Қабанбайдың атымен аталғаны туралы ізденіс жасап көрелік.

Жоғарыда айтқанымыздай, Қытайға қарасты Іле қазақ автономиялы облысындағы, Үйсін тауының Тоғызтарау ауданының жерінде «Қабанбай шоқысы» деп аталатын биік шың бар. Жергілікті халық бүгінге дейін Қаракерей Қабанбай батырдың құрметіне қойылған деп түсінеді. Иә, Қабанбай батыр Орта жүздің Найман елінің Қаракерей руынан. Ол кезінде Қаракерейдің, бүкіл Найманның ұранына айналған адам. Қазақ-жоңғар соғысы кезінде қазақтың қас батыры, қазақ жасақтарының бас қолбасшыларының бірі болған. Қабанбай батыр Абылай ханның ең сенімді серігі саналды. 1758 жылы Абылайдың Үш жүздің үстінде жылқы айдаған сауда керуенін бастап Үрімжіге барғаны туралы тарихи дерек бар.

Қазақтардың Чиң хандығымен сауда қарым-қатнасы Чиянлұңның 1758 жылы басталған. Тұңғыш жәрменке Үрімжіде өткізілген «Жоңғарларды тыныштандыру жобасы» және «Чиң патшалығы жоғары билеушілері жөніндегі деректерде» де былай жазылады. «Нұусанның айтуынша қазақтың Қабанбайы Боқша ханның ұлына 300-ден аса жылқы беріп Үрімжіге саудаға жіберген». Бұл қазақтар мен Чиң патшасының үкімет жақ сауда қарым-қатнасының басталуы болғанымен халықтың сауда-сатығы ертеден-ақ бар еді. Чиң мәнсаптылары осы жолғы саудасын сәтті жасап қажетті жылқыларын көбейтіп алды...[Cубихай. Ередегі қазақтардың сауда-айырбасы. Алматы ақшамы газеті. Ә.Әшімұлы аудармасы. 3 шілде, 1995 ж.].

Қабанбай батыр Ту көтеріп, ел қорғаған халықтың батыры. Ол орталық, оңтүстік және шығыс-солтүстік өңірлерді қалмақтардан тазартуда еселі еңбек сіңірген тарихи тұлға. Қабанбай батыр 1692 жылы өмірге келіп, 1769-1770 жылдар аралығында қайтыс болған.

Жетісу мен Қазақстанның оңтүстік өңірлерде болған түрлі тарихи оқиғалардың ауызша, бізге аңыз болып жеткен кейбір тұстарында шатасулар болғаны жасырын емес. Ондағы адам атымен қойылған жер-су, елді-мекен аттары біздің дәуірімізге келгенде жансақтықтар туындатып, аттас адамдардың ішіндегі ықпалдысының атымен қойылған деген қате пікірлер қалыптасты. Соның бірі – Қабанбайдың атымен аталатын Іленің Тоғызтарауындағы «Қабанбай шоқысы».

Бұл шоқының Қабанбай батырмен қандай қатысы бар? – деген сұраққа келсек. Қазақта Қаракерей Қабанбай, Албан Айт Қабанбай, Арғын Қабанбай, Қызай Қабанбай қатарлы аттас танымал адамдар өмір сүрген. Ал осы аттас Қабанбайлар қалдырған іздерді анықтау үшін бізге аңыздан гөрі ақиқат маңызды. Іледегі «Қабанбай шоқысы» Айт Қалыбек батырдың шөбересі Қабанбай Садыұлының атымен қойылған. Ол өмірінің соңына дейін Шапшал мен Тоғызтару өңірін мекендеген. Садыұлы Қабанбай мөлшермен 1770-1850 жылдары аралығында жасаған. Сүйегі Ілеге жерленген. Ол 1830 жылдары Чиң патшалығынан Үйсін тауын бойлай Іленің Тоғызтарау, Шапшал өңірінен жайылымдық жер алып, біраз ауылды сонда көшірген. Шоқан Уәлиханов бір дерегінде: Албандар қыста Үйгентастан Құлжаға дейін мал жаяды. Мал жайғаны үшін (Іле өңіріне) Қытайларға жылына 60 ат төлейді деп көрсетеді.

Айт Қабанбай Іле өңіріндегі қазақтарға болыс болған. Өмірінің соңына дейін Іленің Тоғызтарау, Текес, Шапшал өңірінде тұрған, Тоғызтараудағы қазіргі «Қабанбай шоқысы» деп аталатын жерде жайлауы болған. Қыста Үйсінтаудан Текеске мал асырып қыстатқан. Үйсін таудың бөктерінде өмірден өткен. 1862 жылы Іледегі Чиң патшалығының билігін мойындап, қол қойған адамдардың тізімдігінде ақалақшы Қабанбайдыңұлы деп аты аталады. Ол деректе былай делінген: 1862 жылы Айт, Бозым, Алжан, Сегізсары рулары атынан Саурық Түменбайұлы (Түменбай 1760-1845 ж.ж. өмір сүрген. Ш.Уәлихановтың деректерінде Албанның 24 биінің бірі екені айтылады) бастап 12 адам қол қойып, бармағын басады. Араларында 5 ақалақшы (болыс) бар. Олардың хатталған аты төмендегідей: Назардыңұлы Қожақ (Қожеке) ақалақшы, ақалақшы Қабанбайдыңұлы, Жәнібектіңұлы Жанат, ақалақшы Түстікбайдыңұлы және Сымайыл ақалақшы [Іле тарихы материалдары. 32-сан. 141-бет. 2014 жылы, тамыз. Құлжа.].

Оларға ақалақшылық мансап Чиң патшалығы жағынан берілген. Қатысқан 5 ақалақшының арасынан Назардыңұлы Қожақ (Қожеке), Жәнібектіңұлы Жанат, Сымайыл қатарлы үш ақалақшы өз аттарынан қол қойған. Ал ақалақшы Қабанбайдыңұлы, ақалақшы Түстікбайдыңұлы қатарлы екі ақалақшы өз аттарынан емес, әкесінің (әкелері Қабанбай, Түстікбай) атынан қол қойған. Айт Қабанбай ақалақшының баласы Бұқа батыр мөлшермен 1795-1868 жылдары өмір сүрген. Бұқа Қабанбайұлы Ілені торғауыт-қалмақтардан тазарту жорықтарында айқасқа шыққан батыр, қолбасшы. Ол торғауыттарды Жұлдызға қарай асыру шайқасында жараланып, Күнестің басындағы Таясуда қайтыс болады. Сүйегін Қытайға қарасты Іленің Шапшал ауданындағы Жиренбұлақ деген жерге әкеліп жерлеген. Бұқа батырдың баласы Жетен де батыр болып, ел аузында «Жетісудың Жетені» атанған. Жетен батыр 1817-1910 жылдары өмір сүрген. Сүйегі Кеген ауданының Жалаулы ауылына жерленген. Жетен 1862-1871 жылдары Саурық, Тазабек батырлармен бірге Ақпатша және Іледегі торғауыт-қалмақтарға қарсы соғыстарда үлкен ерлік көрсеткен. XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақ хандығы мен Чиң патшалығының арасындағы сауда-экономикалық байланыс жақсарды. Қара Төлеш деген кісі бастаған Атбан (Албан), Су Уаң (Суан) атты Ғтық (ру) адамдарының 1762 жылы қыркүйек айының 10-12 күндері Ілеге 1300, Үрімжіге 4200 жылқы әкеліп жасаған саудасы айта қаларлық үлкен сауда болған [Жүнісұлы Жақып. Тарих қойнауынан. Алматы: «Жалын» баспасы. 192-бет. 2004 ж.].

Чиң патшалығы кезінде  қазақтар мен Чиң үкіметі арасында Тарбағатай, Іле және Үрімжі қатарлы үш орында сауда-сатық, мал айырбасы 1760-1762 жылдар аралығында күшті дамығанын мына тарихи деректер ары қарай дәлелдей түседі.

Чиянлұңның 25 жылы (1760 ж.) Чиң үкіметі Іледе тың игеру үшін жылқы мен жұмыс көлігіне мұқтаж болады да Іленің өзі де үкімет басқаруындағы сауда орны етіп белгіленеді. Қазақтардың тұрағы Ілеге жақын сондықтан саудаға өте қолайлы болды. Қазақтар мен Чиң үкіметінің сауда қарым-қатнасы Негізінен Үрімжі, Іле және Тарбағатай осы үш орында жүргізілді. Жүйеден Іле сауда орталығы өтеді. Ұлан-ғайыр қазақ даласының бір бөлігі ғана Іле, Тарбағатаймен шектесіп жататын еді. Қазақтардың тағы бірталайы Тарбағатайдың солтүстігі, сондай-ақ Ертістің және батыс жағын мекендейді... Чиянлұңның 27 жылы (1762 ж.) қыркүйек, желтоқсан айларында тек Үрімжінің өзінде-ақ 4 мың 200 жылқы айырбастайды. Міне бұдан сол тұстағы сауданың қаншалық зор екенін көре аламыз [Cубихай. Ередегі қазақтардың сауда-айырбасы. Алматы ақшамы газеті. Ә.Әшімұлы аудармасы. 3 шілде, 1995 ж.].

Қазақ хандығы мен Чиң патшалғы шекара сызығын анықтаған соң, екі елдің арасында XVIII ғасырдың екінші жартысынан басталған сауда-экономикалық байланыс ұзаққа созылды. XIX ғасырдың екінші жартысында Қарқара жәрмеңкесі ашылып, XX ғасырдың алғашқы ширегіне дейін жанданды. ХIХ ғасырдың басынан бастап Қоқан хандығы қазақ жерінің оңтүстік өңірлерін жаулай бастады. Қызылордадан Алматы іргесіндегі Ұзынағашқа дейін бекінісін салды. Алматыдан шығысқа қарай Қытай шекарасына дейінгі аумақ патшалық Ресейге ең кеш қосылды. Оның басты себебі жер шалғайлығы болса, тағы бір себебі Ресейге қарсы соғыстардың жиі орын алуынан болды. Бұл өңірге Қоқанның да қолы жетпеді. XIX ғасырдың 70-ші жылдарына дейін қазақ халқының арасында патышалық Ресей де, Чиң патшалығына да, Қоқанға да ешбіріне толыққанды бағынбай, бейтарап өмір сүрген осы өңірдің халқы болды. Олар 1850 жылдардан бастап-ақ Жетісуға келген патшалық Ресей әскеріне қарсылық көрсете бастаған еді. 1855 жылдары Алматы іргесінде біраз қақтығыстар орын алған. 1862-1871 жылдары Саурық, Жетен, Тазабек қатарлы батырлар бастаған ұлтазаттық көтеріліс патшалық Ресей билігінің Жетісуда орнауын кешеуілдетті. Бұл көтеріліс Жетісу жерінде патшалық Ресей үстемдігіне қарсы жасалынған алғашқы ұлтазаттық соғыс болды.

Ал, Іле өңіріне қазақтардың тұрақты мекендеген кезі 1858 жылдан кейін болған. Яғни, Жетісуда Саурық, Тазабек, Жетен, Қожеке бастаған батырлар мен билер патшалық Ресейге қарсы ұлтазаттық көтеріліс жасаған тұста халықтың бір бөлегін Ілеге қарай қоныстандырған. Бұл туралы жазбаша деректе: «1865-1866 жылдары, орыс әкімшілігінің 1866 жылғы ресми мәліметіне қарағанда, Алатау округінің 841 түтіні Қытайға өткен. Олардың арасында Албанның Саурық, Малабай, Жетен (500 түтінмен 43 өткен) батырлары, Еспер, Қасаболат, Әліке биі, Суанның Өстемір биі, Тезек төренің бауыры Дүрәлі сұлтан, қырғыздың Бұғы руының Сабатар молдасы болған. Құлжаға қарай өткендердің жалпы саны 5500-дей түтінді, 23340 адамды құраған» [Аристов Н. О Кульдже//Туркестанские ведомости. 208 бет. 15 мая 1871 г.]. Жетен батыр Албанның Айт руынан Қабанбай болыстың немересі.

Қаракерей Қабанбай мен Атеке Жырықтың соғысы Іледе болмаған

Ал Қабанбай мен қырғыздың Атеке Жырық батыры соғысты делінетін Текестегі «Тесіктас», Қабанбай моңғолдарды бірде қырғыздарды тосып жатып, ат шалдырған «Аттыңтауы» деп аталатын жерлер. Бұл жерлер қай Қабанбайдың атымен қойылған? Албан елінің айт руыруның Қалыбегінің Қабанбайы ма, жоқ әлде Қаракерей Қабанбай ма? Бұл туралы ел арасында әртүрлі айтылып, жазылып келді. Ел арасындағы кейбір аңыз-әңгімелер былай дейді: Қаракерей Қабанбай батыр 1756 жылы Нарынқол мен Кегендегі қырғыздарды талқандап, одан ары Ілеге өтіп, қалмақ-қырғыздармен соғысқан. Тоғызтараудағы Қабанбай шоқысына шығып, жан-жағын барлаған. Текестегі Аттыңтауы деген жерде жасауылдарға бір ай ат бақтырып, Тесіктас деген жерде қырғыздың Атеке жырық батырымен айқасқан деген аңыз-әңгімелер көп кезігеді.

Қаракерей Қабанбай батыр мен қырғыздың Атеке батыры соғысқан, ол соғыс 1768-1769 жылдары аралығында болған. Бірақ ақын-жазушылар көркем шығармасында жазып жүргендей бұл соғыс Іледе болмаған. Себебі, 1762 жылы  Чиң патшалығы Ілеге Сүйдін, Күре, Баяндай қатарлы 9 ірі әскери бекінісін салды. Осы мезгілден соң-ақ қазақтарды Ілеге қарай аттап бастырмаған.

1766 жылы жетісулық Татабай бастаған 11 қазақ Чиың патшалығынан Ілеге барып қоныстануды сұраған. Іле генерал мекемесі оларға Ілеге орналасуға жол бермейді. Яғни, бұл қазақтарды Ілеге орналастырсақ, басқа қазақтардың арасынан да Ілеге қарай көшіп келетіндері көбейеді. Жерімізге келген қазақтарға жаза қолданайық десек, олар топтасып келіп бізден кек алады әрі екі ел арасындағы сауда тоқтайды (Чиың патшалығы Гаузұң патша орда естелігі, 759-том). Іле өңіріне қазақтар 1830 жылдары ғана салық төлеп, еркін мал жая бастаған.

Қазақтың қас батыры Қаракерей Қабанбайдың тарихын қайта дұрыс жазуымыз керек. Мифтік аңыз бен көп жері шындыққа жанаса бермейтін шежіремен тарих жазып алысқа бара алмаспыз. Кей тарихшылар XVIII ғасырдың ортасында Жетісу жері Жоңғардан толық азат болмай жатып, Жетісудың шығыс-оңтүстігінде қырғыздар болған дегенді алға тартып, Қаракерей Қабанбай батырдың қырғыздармен болған соғысының орнын ауыстырып жазып келді. Яғни Қабанбай батырдың қырғыздың Атеке батырымен болған соғысының орнын Қытайға қарасты Текестегі Аттыңтауында болды, 1756 жылы Қабанбай батыр Нарынқол мен Кегенді қырғыздардан тазартқан деп есептейді. Шынмәнін де, 1756 жылдары Нарынқол мен Кегенде қырғыздар болды ма? Біз батыр бабамыз Қабанбайдың қырғыздармен болған соғысының орнын айтпастан бұрын, батыр өмірден өткен кезге дейін Жетісудың шығысында кімдердің тұрып жатқанын, қырғыздар қайда мекендегенін анықтап алуды жөн көрдік.

Ол үшін қытай мен орыс архивтеріндегі деректерді көп зерттеп жүрген Камал Әбдірахмановтың «Қаракерей Қабанбай батырдың Ақмоласы» атты көлемді ғылыми зерттеу мақаласындағы мына төмендегі деректері сөзімізді одан әрі қарай дәлелдей түседі: 1772 жылдары қазіргі Алматы күнгей Алатауда (Қырғызстан Ыстықкөл өңірін айтып отыр) 5 мың шаңырақ қалмақ (Цаган, Харачин, Харцин) рулары; Шарында 5 мың шаңырақ; Шелекте 4 мың шаңырақ; Үліңгір көлінде 3 мың шаңырақ; Бош-Шагансуда (Лепсі өзенінен солтүстікке қарай) 3700 шаңырақ; Көксу, Қаратал өзендерінің бойында Сайын Бөлек батыр бастаған 4 мың шаңырақ Хойт; Сарқан мен Ақсу өзендерінің бойында, одан әрі Энгаде бастаған Хойттар – 10 мың шаңырақ; Алакөл, Үржар маңында, одан солтүстікке Еміл өзеніне қарай, Тарбағатай Шәуешекте Габузы Зайсанның 3500 шаңырағы, кумирендер мен дінбасылардың 10600 шаңырақ қалмақтары; сондай-ақ 1500 шаңырақ Шоталақ, Аладой Букунут, Тугут, Орат, Ардацинь, Жахацинь, Боацин тайпалары Бұратала бетте отыр. Демек, басқа өңірді айтпағанда, Жетісуға қазақтар 1770 жылдары толықтай орналаса алмаған. Қырғыздар Талас, Шу өңірінде еді. Жетісулық Ұлы жүз тайпаларының біразы Аякөз өңірінде тұрып жатты.

Біз бұл тұжырымымызды анықтай түсу үшін тарихи жазбаша дерекке үңілейік: мұрағат құжаттарында 1785 жылы капитан Андреевтің «Орта жүздің сипаттамасы» атты еңбегінде Ұлы жүздің қоныстанған орнын былай көрсетеді: «Тарбағатай тауынан қытай шекарасына дейінгі аралықта мынандай рулар көшіп-қонып жүрді: 1. Жаңаби бастаған Суандар 3500 түтін. 2. Қоңырбөрік (Албан елінің руы, – Ә.Ә) Далы Дәулет бастаған 400 түтін. 3. Қызылбөрік (Албан елінің руы, – Ә.Ә) Әжібай, Алтай бастаған 300 түтін. 4. Шапырашты Қойсоймас Қараша бастаған 1500 түтін. 5. Атанбай бастаған Қызай 700 түтін. 6. Қарабас бастаған Ақбарақ, Ақболат 600 түтін. 7. Садық бастаған Қаңлы 120 түтін. Аталған қазақтар жер шаруашылығымен айналысып, бидай, арпа және тары егеді.

Биеке би бастаған Сегізсарылар (Албан елінің руы, – Ә.Ә) 600 үтін, Аламан бастаған Алжандар (Албан елінің руы, – Ә.Ә) 450 түтін, Аягөз бен Қарақол өзендерінің аралығында Бердіқожа бастаған Шанышқылылар 300 түтін, Жолдыбай, Шымырбайлар бастаған Жалайырлар 600 түтін, Игілік бастаған Қасқарулар 500 түтін, Сүйіндік бастаған Қырмыштар 100 түтін, Байғабыл Өтеп бастаған Жаныстар 100 түтін» – деп көрсетеді (Аристов А. Усуни и киргизы или каракиргизы. Бишкек, 2001. 419–420 стр.).

1785 жылдары Аякөз өңірін мекендеген Албанның Қызылбөрік, Қоңырбөрік руларының түтін саны 700 екен. Бізше Әжібай қатарлы батырлар көп кешікпей Алматының шығысындағы Есік, Түргенге көшіп келген. Түргенде сол заманнан қалған «Әжібай тоғаны» бар. Далы Дәулет бастаған Албанның 400 шаңырақ Қоңырбөріктері Талдықорған өңіріне ауып келіп, Үйгентас пен Алтынемелдің аралығын мекендеген. XVIII ғасырдың соңына қарай Шапырашты тайпасының 1500 шаңырағы Аякөз өзені алабынан оңтүстікке қарай көшіп, Талдықорған өңірін мекендеген. Одан кейін Алматы іргесіндегі Алатау баурайына қарай қоныс аударған. Атабай бастаған 700 шаңырақ Қызай (Найман) руы шығысқа қарай көшіп, 1790 жылдары Қытайға қарасты Тарбағатай өңірін мекен еткен. Садық бастаған 120 түтін қаңлылар кейін Аякөзден қазіргі Кербұлақ ауданына келіп қоныс тепкен.

Тарихи деректерге жүгінсек, Қабанбай батыр мен қырғыздың Атеке батырының соғысқан уақыты 1769 жылы болған. Ал Абылай хан 1775–1776 жылдары Талас, Чүй, Ыстықкөлдің батысына дейін қырғыздарды шапқан. Қабанбай батыр Сарыарқада туып, Сарыарқада өмірден өткен, сүйегі Ақмола маңына жерленген. Қазақтар мен қырғыздардың арасында болған «Жайыл қырғыны» Нарынқол, Кегенмен қанаттас жатқан Қарақол өңіріндегі Бұғы руымен емес, Қырғызстанның Талас, Чүй облысының аумағын мекендейтін қырғыздың Қытай, Сары, Солты, Күчы, Сарыбағыш руларымен болған. 1766 жылы Абылай хан Қарабалдан деген жерде қырғыздармен соғысқан. Қырғыздардың деректерінде: 1756 жылы Әбілпейіз сұлтан Талас өзені бойында мекендейтін қырғыздың Қытай руының биі Қаработаның ауылына шабуыл жасайды. Сол жылы Абылай хан Қаработамен келіссөз жүргізіп, бір ұлын, тоғыз түтін адамдарын аманатқа алып кетеді. Бірақ келер жылы Қаработаның адамдары қазақтарға шабуыл жасайды, біраз қазақты тұтқынға алады. 1775 жылы Абылай (Солтыны талқандап, Көлден Мұндыз басшысы Тыныбектің 150 түтінін қырған) үш түмен қолмен Меркеден (Қазіргі Жамбыл облысындағы Меркі) өрлеп келе жатқанда, Жайыл батыр (қырғыздың батыры) балалары Үсен, Теке, Итике, інісі Момоконмен соғысқан [Кален Сыдкова. Кыргыз тарихы. 541-бет. Бишкек: «Бийиктик», 2007 ж.].

1775 жылы Абылай 30 мың қолмен Талас, Чүйге (Қырғызстанның қазіргі Шу облысы) басып кіргенде, қырғыздардың Солты, Сарыбағыш, Саяқ, Бұғы, Шоңбағыш, Азық тағы басқа рулары жан аямай өз жерлерін қорғаған. Солты руның Жайыл батырының даңқы шыққан. «Жайыл қырғыны» ел есінде қалды... Бұл жолғы жорықта Абылай Чүй, Кемин, Ыстықкөл, Қошқардан өтіп, Көлге дейін қырғыздарды талқандаған. Бұл соғыста Жайыл батыр, ұлдары Есен, Үсен, Теке қайтыс болды [Кален Сыдкова. Кыргыз тарихы. 546-547-беттер. Бишкек: «Бийиктик», 2007 ж.].

1756 жылы Кеген, Нарынқол, Шонжыда қырғыздар емес, қалмақтар мекендеп отырғанын жоғарыда айттық. Қабанбай батырмен соғысқан қырғыздың Атеке батырының руы – Сарыбағыш болған. Ол кезде Сарыбағыштар Чүй, Талас өңірін мекендегенін тарихи деректерден біле аламыз. Нарынқол, Кегенмен іргелес жатқан Ыстықкөл мен Қарақол өңіріне Бұғы қырғыздары кейін келген. Жоңғар шапқыншылығында Бұғы қырғыздары Әндіжанға ауып кетіп, олардың қонысы Шолпан ата, Қарақол өңірін қалмақтар мекендеген. 1857 жыл Семенов Тянь Шанский Ыстықкөлге барғанда, Бұғы руының манабы Боранбай Бекмұратов: «Біздің Көлге келгенмізге 71 жыл болды» деген екен [Кален Сыдкова. Кыргыз тарихы. 645-бет. Бишкек: «Бийиктик», 2007 ж.].

Бұл арада Көл деп отырғаны Ыстықкөл. Осы дерекке негізделгенде, Бұғы қырғыздары Ыстықкөл жағалауына, Қарақол өңіріне 1786 жылдары келген. Қырғыз деректерінде былай делінген: Абылайдың әскер басшысы Қаманбай (Қабанбай батыр, – Ә.Ә) Қошқарға келді... Артынан Атеке жетіп, Қарағай деген жерде соғысады [Кален Сыдкова. Кыргыз тарихы. 549- бет. Бишкек: «Бийиктик», 2007 ж.].

Осы жолғы соғыстан кейін Қабанбай батырдың қайтыс болғаны туралы жазылыпты. Осы деректерге негізделгенде, Абылай да, Қабанбай да қырғыздармен қазіргі Чүй (Шу), Талас облыстары және онымен шекаралас Қазақстанның Жамбыл облысының батыс-оңтүстік аумақтарында ұрыс жасаған. Алайда Қабанбай батырмен соңғы рет соғысқан қырғыздың Атеке батыры 1788 жылдары тірі екені орыстың архив деректерінде сақталыпты. Патшалық Ресейге Атекенің атынан екі рет хат жазылған. Сібірдегі Омбы бекінісіндегі орыс генералы Н.Г.Огариовдон Атеке батырға 1788 жылы 15 маусымда қос тілде (татар, орыс) жазған хатының түпнұсқасы сақталған. Алайда бұл құжат Атекеге жеткен емес. Ол үшін архивте (ф. оф. 1. д. 25. л. 35. 38) сақталып қалған.

1787 жылы қазан айында Атеке батырға патшалық Ресейдің елшісі Муслюм Агаферов келгенде, оны салтанатпен қарсы алған. 1788 жылы 2 тамызда Атеке батыр екінші рет Ресейге елші жіберген [Кален Сыдкова. Кыргыз тарихы. 549-550-беттер. Бишкек: «Бийиктик», 2007 ж.].

1762 жылы Чиң патшалығы Іле өңірінде Іле генерал мекемесін құрып, әскери штабын Қорғасқа тіктеді. Қалың әскерін қаруландырып, Ілені қорғауға орналастырды. Іленің XVIII ғасырдың екінші жартысындағы саяси жағдайы былай еді. Қытай тарихшысы Уын Уынудың айтуынша, Іледегі Чиың патшалығының әскер саны 20-30 мың адам болған екен [Уың Уыну. Қытайдың батыс өңірді басқару тарихы. 265-бет. Тайуан. 1937 ж.].

Бұл әскерлер негізінен сегіз жалаулы әскерлер және жасыл жалаулы әскерлер болып екі топқа жіктелді. Бұдан басқа қорғаныс әскерлері және ауыспалы қорғаныс әскерлері деген армиясы болды. Сегіз жалаулы әскерлер негізінен манжұрлардан, қалмақтардан, сібелерден (шибе, шибо), солаңдардан (дағұр) құралған қосын еді. Жасыл жалаулы әскерлері негізінен қытайлардан құралған. Ауыспалы шекара қорғаныс әскерлері үш жылда немесе бес жылда ауыстырылды. Чиың патшалығы бұрынғы жоңғарлардың өріс өңірлерінің барлығы өзіме тәуелді болады, бірақ қазақтар сұғынып кірмейді деуге болмайды деген оймен, Тянь-шаньның солтүстік аяғынан оңтүстігіне қарай көлбеген тау сілеміндегі қатынас жолдарына, тау асуларына қарауыл орнатып, белгі қойып, сол жерлерде қазақтардан сақтанатын әрі сыртқы жауды барлайтын ереже орнатқан [Нәбижан Мұқаметханұлы. Чиың патшалығы кезіндегі қазақ халқы. 51-53-беттер. Үрімжі: Шынжаң халық баспасы, 1997 ж.].

Қытай деректеріне қарағанда, Чиянлұңның 25 жылы (1760 жыл) ақылшы Әнби Агуй Іленің іс басқару басшылығына тағайындалады. Іле тұтас Шынжаның орталығы болып, әскери мекеме құрылды. Сүйдін, Күре, Баяндай қатарлы 9 ірі әскери бекініс салынып, әкімшілік құрылым қалыптасады. Іле Шынжаңдағы әскер саны ең көп орын болды. 1764 жылы Хилұңжияң мен Лияуниңнен 4 мың Сібені (манжу-тұңғұс тілдес ұлт) Ілеге көшіріп әкеліп, шекара күзетуге қойды. Осы мезгілдерде Ішкі Моңғол мен Чиңхайдан (Тибет) бірнеше мың Чахар қалмақтарын да Іле мен Бұраталаға көшіріп, шекара қарауылдығына қойды. 1771-1775 жылдары Еділ бойынан 15 мың түтін торғауыт қалмақтары Шынжаңға көшіп келеді. Іледегі сегіз жалаулы әскерлер мен жасыл жалаулы әскерлердің жалпы саны 14 мың адам болды. Осыншама көп адамның тамақ мәселесін шешу үшін Чиянлұңның 33 жылы (1768 жыл) Оңтүстік Шынжаңнан егін егетін 6 мың 383 түтін ұйғырды Ілеге алып келіп, егін ектіреді. Іледегі жерлік қалмақтар оларды тараншы (егінші) деп атайды.

Демек, 1780 жылдары Іледе әскер саны 14 мың, ойрат, торғауыт, шорас, чахар қатарлы қалмақ тайпаларының жалпы саны 60-70 мың адам, сібе, солаң, манжұр, қытайлар 5-6 мың, тараншылар (ұйғырлар) 20 мың, жалпы 100 мыңнан астам халық тұрып жатты.

Қаракерей Қабанбай батырдың Қытайдың Іле өңіріне барып соғысқаны туралы нақтылы тарихи деректі кездестіре алмадық. Батыр Қабанбай туралы жазбаша және аңыз деректерден сырт батырлық дастандар бар. Кейінгі жылдары жазылған өлең, поэмалар және бірлі-екілі роман бар.

Қаракерей Қабанбай батырдың Тоғызтарау ауданының Көлденең жайлауына тұрғызылған ескеркіші.

Сөздің қысқасы, Іленің Тоғызтарауындағы Қабанбай шоқысының кімнің атында аталуы мен қырғыздың Атеке батырымен қазақтың батыры Қабанбайдың қалай соғысқанын да болып тұрған жоқ. Әңгіме осы тарихи шындықтың, оқиғаның орны мен жылы бұрмаланып, бізге жаңсақ жетуінде болып тұр. Қабанбай батыр ат ізін салмаған Тоғызтараудағы шоқының «Қабанбай шоқысы» атануы мен Текестегі «Тесіктас», Қабанбай моңғолдарды бірде қырғыздарды тосып жатып, ат шалдырған «Аттыңтауы» деп аталатын жерлер. Бұл қырғыз батыры Атеке және қазақ батыры Қабанбайдың арауағының алдында және тарихи шындық алдында кешірілмейтін күнә болатыны ақиқат.

Кейбір айтқыштар мен жазғызшар Қытай мемелекеті батыр бабамыз Қабанбайға білдей бір шоқының атын беріп тұрғанда, біз неге оны көп көреміз, неге мойындамаймыз, неге қай-қайдағыны бықсытып, өнбес дауды қозғап жүрсіңдер деп айтатыны анық. Қазірге дейін Қытай мемлекеті «Қабанбай шоқысын» қай Қабанбайдың атымен нақтылы атайтыны туралы ресіми құжатын әлігедейін біз көрмедік. Алайда, жергілікті халық неде болса қазақтың қас батыры Қаракерей болу керек деген түсінікпен, бүгінге дейін жақсақ аталып келгені белгілі. Оншақты жылдың алдында Тоғызтараудың Көлденең жайлауында Қабанбай батырдың ескерткішін тұрғызып, қытай, қазақ тілінде батыр бабамыздың өмірбаянын тасқа қашап жазғанын ғаламтордан көрдік. Осы екі-үш жылдың алдында сол ескерткішті жергілікті билік бұзып тастапты. Әрине, өкінішті! Оның себебін біз біле алмадық...

Қаракерей Қабанбай батыр ескерткішінің бұзылған орны.

Бірақ Қытай билілі Үйсін мемлекетінің ханы Күн биді және жарты Әлемді билеген Шыңғыс ханды, оның немересі Құбылай ханды және жалайыр Мұқылайды жат көрмейді. Оларға Қытай мемлекетін бірлікке келтірген ұлы тарихи тұлға ретінде қарап, Қытай тарихының бетіне алтын әріппен жазып қойған. Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданының орталығында қазақтың үш биінің ескерткіші бой көтерген. Соған ұқсас тарихта өткен қазақ батырлары әр жерде бар. Ал қазақтың қас батыры Қаракерей Қабанбайдың Тоғызтараудың Көлденең жайлауындағы ескерткішін неге бұзып тастағанын білу қиын. Мүмкін саясаттың, мүмкін тарихтың ықпалы болған шығар.

Тарихқа үңіліп қарасаң Қабанбай батырға бұл шоқыны телитіндей еш тарихи негізі жоқ. Бұл ары кетсе XX ғасырдың орта шенінен бастап жергілікті халық арасында қалыптасқан мифтік аңыздар ғана бар. Бәрінің желісі жоңғарлармен шайқасқан Қабанбай батыр сол шоқыға қубас атымен шауып шығып, шауып-түседі екен.

Біз күпті болып жүрген, күмәнді тарихтың ақиқатына көз жеткізу үшін өзіміз ізденіп қол жеткізген тарихи дерекке сүйеніп дәлелдеуге тырыстық. Ендігі төрелігін патша көңілді оқырмандардың еншісіне қалдырдық.

Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963