Семей жұрты Абай тойын қалай атап өтпек?

Абай облысында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында өтетін мәдени іс-шаралардың кең ауқымды бағдарламасы таныстырылды.
Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омарханның айтуынша, мерейтой аясында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам ауқымды мәдени іс-шара өткізу жоспарланған. Соның ішінде маңызды шаралардың бірі – 8 тамыз күні Абай атындағы театрда өтетін «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы. Бұл аламан айтысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген танымал ақындар қатысып, сөз сайысында бақ сынайды. Олардың қатарында Рүстем Ақылбеков (Абай облысы), Әсем Ережеқызы (Абай облысы), Мұхтар Ниязов (Қызылорда), Айбек Жеңісқазин (Абай облысы), Абай Жолмағамбетов (Маңғыстау), Шұғайып Сезімханұлы (Алматы), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар), Мақсат Ақанов (Қарағанды), Жансая Мусина (Орал), Көпбосын Өміржан Ғабдұллаұлы (Ұлытау облысы), Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда облысы), Қуандық Кенжебекұлы (Абай облысы) сынды ақындар бар. Айтыс жеңімпазына автокөлік сыйға тартылады.
«Жоспарланған мәдени шаралар Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық сананы жаңғырту, сондай-ақ ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі мәдени ынтымақтастықты арттыруға бағытталатын болады. Мерейтой аясындағы мәдени және спорттық жарыстардың жүлде қорына 9 автокөлік пен 90 жылқы тігілген», - деді Жанжігіт Омархан.
Жалпы 1–10 тамыз аралығында облыс орталығында өтетін мерекелік іс-шараларға 30 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланып отыр.
Айрықша жобалардың бірі ретінде 1 тамыз күні іске қосылатын ABAY ACADEMIYASY энциклопедиялық порталы ұсынылды. Бұл онлайн платформада ақынның әдеби, ғылыми және музыкалық мұрасы толықтай цифрландырылып, әлемнің кез келген нүктесінен қолжетімді болмақ. Сонымен қатар, портал ғылыми зерттеулер жарияланатын, пікір алмасуға арналған интерактивті алаң ретінде де қызмет атқарады.
Мерейтой аясында сондай-ақ «Жеті қазына» ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалі өтеді. Аталған фестиваль аясында «Ер жігіт», «Сұлу әйел», «ІЛІМ-БІЛІМ: АБАЙ ОҚУЛАРЫ» республикалық байқаулары және тоғызқұмалақтан жарыстар өткізу жоспарланып отыр. Айта кетерлігі, тоғызқұмалақ жарысының жеңімпазына алғаш рет автокөлік, ал қалған байқауларда жылқы сыйлыққа беріледі.
6 тамыз күні Абай алаңында «Абай елі – өнер кеніші» атты ауданаралық көркемөнерпаздар байқауының үздіктері өнер көрсететін гала-концерт өтеді.
Басқа да іс-шаралар туралы толық ақпаратты Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ресми сайтынан және әлеуметтік желідегі парақшаларынан алуға болады.
Айта кетерлігі, ұлы Абайдың мерейтойына орай белгілі ақын Ақберен Елгезектің бастамасымен «Абай» баспасы бұрын-соңды жарық көрмеген 6 бірегей кітапты өз қаржысына шығарып, оқырманға тарту етпек. Бұл — тек әдеби сый ғана емес, рухани қазынаның қалың жұртқа жол тартуы. Тұңғыш рет басылып отырған бұл еңбектердің қатарында Базарбек Атығайдың «Абайдың аударма мектебі» атты терең ғылыми монографиясы мен «Шейіт» кітабы, сондай-ақ Даниял Ысқақовтың «Шығармалар» жинағы және бұрын еш жерде жарияланбаған «Жалынға малған жүрегін» атты туындысы бар. Сонымен қатар, Әсет Медеуханұлының «Халиолла» атты тағдырлы ғұмырнамалық хикаяты мен әйгілі ақын, жырау Төлеу Көбдікұлының «Сарыарқа» атты жыр жинағы да тұңғыш рет оқырманға жол тартпақ.
Бұл мерейтойлық шаралар — Абай мұрасын ұлықтауға бағытталған рухани серпіліс пен ұлттық бірегейлікті дәріптеудің жарқын көрінісі болмақ.
Abai.kz