Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 2709 55 пікір 9 Тамыз, 2024 сағат 17:00

Қай жолды таңдаймыз – дінді ме, білімді ме?

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Құдайдың құзырынсыз қурай да сынбай ма?..

Құдайды неге есімізге алып отырмыз? Себебі, «басы ауырмағанның Құдаймен не ісі бар?» дейді қазақ. Ал, дәл бүгін біздің басымыз ғана емес, ең алдымен жүрегіміз, одан да бұрын жанымыз ауырып отыр – Тәуелсіздік алғалы бері қазақ елі өзінің ұлттық спорт түріне айналған бокста бұлай ойсырай жеңіліске ұшырап көрген жоқ еді. Жеті боксшы жігітіміздің алтауы (!) жартылай финалға жете алмады. (Ал, өзбектің сол межеге жеткен бес ұлының бесеуі де финалда...) «Сегіз ұлым бір төбе, Ер-Төстігім бір төбе» дегендей, жартылай финалдан өтіп, финалдың өзіне жеткен Нұрбек баламыз да үшінші раундта украиналық Хижняктың, «полтавалық танктың» толассыз шабуылына төтеп бере алмады...

«Спорттың аты спорт қой, «күш атасын танымайды» деген, одан трагедия істеудің не қажеті бар?» деуіңіз де мүмкін. Мәселе қалай жеңілуде... Шамасының жеткенінше шайқасса да әлі жетпеген, әйтсе де ел үмітін ақтай алмағанына ұяттан өртенердей болып, қарсыласының қолында өлуге дайын, бірақ, намысын беруге жоқ жігіттің жеңіске бергісіз жеңілісі болады! Ал, біз әңгіме етіп отырған жеті жеңілістің жартысынан көбінде ондай жігер мен намыстың ұшқыны да байқалған жоқ. Жайбарақаттылыққа, немкеттілікке қапа қалың қазақ... Спортшыларымыздың арасында соңғы жылдары жеңілсе болды: «Алланың нәсіп еткені осы шығар, ризамын» деген сөзді айту сәнге айналды. Ал, бұл дегенің жеке бастың жауапкершілігін Жаратушыға итере салу, басқа ешнәрсе емес – Құдайдың миллиардтаған адамның жүрген-тұрғанын, о.і. сенің сол сәттегі боксыңды, күресіңді, көкпарыңды қадағалап отырудан басқа жұмысы жоқ па?!..

Кәзіргі көктей қаулаған имам-молдалардан «Құдайдың құзырынсыз қурай да сынбайды» деген сөзді жиі естиміз. Жұртты жаңылыстыратын жалған миф, осы, міне! Жаратқан Иенің жанды-жансызға өлшеп берген ғұмыры мен тағдыры бар екені рас. Бірақ, Құдай «мына қурайдың сынатын күні бүгін, сындырайын» демейді! Дәл сол сияқты адамның Тағдырының кілтін де оның өзінің еркіңе берген! Әсіресе, есіңді біліп, етегіңді жапқаннан кейін қай жолға түсесің – алдыңа үлкен де ізгі мақсат қойып, соған жетер жолда аянбай тер төгіп, ақырында дегеніңе жетіп, «адам боласың» ба, жоқ әлде, Абай атамыз айтқандай «ішсем-жесемнен» аса алмайтын, малдан боғы бөтен ғана біреу боласың ба, өзіңнің қалауың біледі, өйткені сен енді өз тағдырыңа өзің қожайынсың. Адамзаттың алыбы Альберт Эйнштейн де сол себепті: «Мен тікелей жеке адамның шаруасымен немесе өзінің жаратқан пенделерін соттаумен айналысатын Тәңірді көз алдыма елестете алмаймын» деген болатын.

Тіпті сенің өлшеулі өз өміріңді ұзарту немесе қысқарту да өзіңнің қолыңда!

Дәлел керек пе? Мархабат! Кеңес Одағы кезінде атақты академик, кардиохирург Николай Амосов деген азамат болды. 70 жасында инфркттен соң жүрегіне кардиостимулятор қойдырған академик өз денсаулығын қолға алып, «1000 қозғалыс» деген жүйе ойлап табады. Сөйтіп өз өмірін бақандай 20 жылға ұзартады. Сексенге дейін дәрігерлігін, операция жасауын тоқтатпайды...

Ал, қазақтың екі ұлы өнерпаз ұлын – композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Мұқағали Мақатаевты алайық. Бірі «кемеліне келіп, кемеріне толған», ел-жұрт ақыл сұрайтын алпыстан енді асқан жасында, бірі «қынсыз қылыш» қырық бес жасында, бергенінен берері көп кезінде, мерзімінен бұрын өмірден өтті. Ең кемі ширек ғасыр жолдасы болған қу арақтың кесірінен денсаулығынан ерте айрылды екеуі де. Шәмші ағамыз оның үстіне «үйі жоқтың күйі жоқ» болып өмір сүрсе, Мұқағали жұбайы жанында болғанымен, сол он бесінде ғашық болып үйленген мұғалима апайы мас болып келген күйеуін үйіне кіргізбей, үш рет көп қабаттың үйдің бетон сатысында түнеп шығуға мәжбүр еткен. (Өлген соң өкінген, бірақ, одан не пайда...) Үш ретте де Мұқаң намыстанып, қасындағы ақын жігіттің (біреуінің көзі әлі тірі) «біздің үйге барайық» дегеніне көнбей, «кете бер, Лашын кіргізеді» деп қалып қойған. Үш түн емес, жарты сағат жатып көріңізші сол сатыда...

Екінші жағынан, бұл екі адамды мысалға алып отырғанымыз, қазақтың даналығын тағы бір рет паш ете кету. Қазақ балаға қойылған есімді естігенде: «Е, жақсы екен, атына ие болсын!» дейді. Өйткені, «ат» екі мағыналы сөз: әрі адамның есімі, әрі мінетін көлігі. Шәмшінің әкесі азан шақырып қойған аты – Жәмшид, парсылардың түпкі атасы. Мұқағалидің аты – Мұхаммедқали. Екеуі де араққа салынғандықтан киелі есім-ат оларды лақтырып тастаған...

«Құдай – бір, пайғамбар – хақ, құран – шын» ба?

Жарайды, дінге қайтып оралайық. Адамның алға қойған мақсатына жетуіне оның қандай дінді ұстанатынының ешқандай қатысы жоқ. Бұрын да, бүгін де атақты ғалымдардың, өнерпаздардың, спортшылардың, ақын-жазушылардың көбісі болмаса да үлкен бөлігі атеист немесе агностик болып келетіндігі соның айғағы. Неге? Себебі, Махатма Ганди айтқандай, «Құдайда дін жоқ. Оған сен бір ай ораза ұстайсың ба, ұстамайсың ба, сүндеттелгенсің бе, жоқ па, намаз оқисың ба, оқымайсың ба, бәрібір».

Себебі, дүниедегі ақ пен қараны ет пен терідей қатар жаратып, тепе-теңдікті үнемі ұстап отыратын, әділеттілігі шексіз Тәңірі сенің қалауың қандай болса да оны құптап, еңбегіңе қарай өнбегін беріп, қолдап, қуаттап отырады. Жақсы мен жаманның күресі ешқашан бітпейтіні, елді жеген небір жалмауыз-жебірлердің де, қанішер қарақшылардың да ұрпағы өсіп-өніп, көбейіп-көгере беретіні содан. Жеке адам секілді, тұтас мемлекеттердің да дамудың қай жолына түсуі басшысының таңдауына байланысты.

Осы даму жолында діннің ойнар рөлі орасан зор. Себебі, ол санаға емес, оны билейтін түпсанаға, суық ақылға емес, ыстық сезімге байланатындықтан халықтың ерік-жігерін тез билеп, баурап ала алады. Мешіт салып, ораза ұстап, намаз оқып, тіпті қайта-қайта қажылыққа барып, «біз әуелі мұсылманбыз, сосын барып қазақпыз» деп, «әр талының түбінде пәлен періште отырады екен» деп сақал қойып, мұсылман болып көріну оңай. Бірақ, бұл, Махамбет айтқан «тілде бар да, ділде жоқ мұсылманшылық». Риялы, өтірік, жалған мұсылманшылық. Жалған болғандықтан мақсатына жете алмайтын мұсылманшылық. Ол жолды ұстанғанның өзі де мақсатына жете алмайтыны да, өзгелерге де кесірін тигізіп, оларды да жеткізбейтіні содан. «Діні бар да, ұлты жоқ, сақалы бар да, мұрты жоқ. Теке сақал, қырма мұрт, елдің түбіне сол жетер» деп көріпкел Шәкерім қажы да барынша ескертіп кеткен құбылыс. Қаңтарда 20 мың сақалды еліміздің түбіне жетуге сәл-ақ қалды. Одан бері де жоғарғы жақтағы сүйенгендері күшті болғандықтан, айылын жинайын демейтін олардың спортты ғана емес, өнерді де түгел жайлап болғаны бүгін ешқандай құпия емес. Ағашты қақ жарып шығатын сынадай, жалған діннің ертелі-кеш жарға жықпай қоймайтыны ақиқат. Оған қарсы мемлекетіміз, ең болмаса Өзбекстан секілді, ешқандай қарсы әрекет істемей отырғанда, бар салмақ қоғамға түседі. Ендеше дін деген не, Құдай деген кім, алдымен соны ажыратып алайық.

Бізе әкелеріміз бала күнімізде тақырыпшадағы сөзді жаттатып үйретті. Біздің Құдайдың бар екендігіне, бір, жалғыз екендігіне сенген-сенбегенімізге Ол мұқтаж емес. Әйгілі философ Блез Паскаль айтқандай: «Егер мен Құдайға сенсем, ал Ол жоқ болып шықса, мен ешнәрсе жоғалтпаймын. Ал, егер мен Құдайға сенбесем, ал Ол бар болып шықса, мен бәрін жоғалтамын».

Эйнштейн: Біздің түсінік-ұғымымызға сыймайтын, оның ұлылығы мен сұлулығын біз тек жанама түрде ғана байқай білетін бір нәрсе бар екенін сезіну - діншіл болу деген сөз. Мен тек осы мағынада ғана діншіл адаммын» деген.

Адам ақыл-ойының шыңы болып саналатын екі ұлы заңды – энергия масса мен жарық жылдамдығының шаршысының көбейтіндісіне тең екендігін, сол жарық сәулесінің өзі де қисаятындығын дәлелдеген салыстырмалылық туралы заңды ашқаннан кейін Ғұлама бүкіл ғалам асқан дәл есеппен, тәртіппен жаратылғанын түйсікпен болжап біледі. Қалған жарты ғасыр өмірін сол заңды ашуға арнайды. Бірақ, аша алмайды. Ашуы да мүмкін емес-тұғын. Себебі, бай болғаннан кейін құдай болғысы келіп тұратын адамзат ол заңды біліп алса, атом бомбасын пайдаланып соғыста жеңгісі келген Гитлер секілді, ғаламды өзгертуге, өз билігін жүргізуге тырысары сөзсіз еді. Сондықтан ол заң ешқашан ашылмайды.

Бізге сенейік-сенбейік, Құдайдың бар екендігімен санасып өмір сүру ғана қалады.

Пайғамбардың хақ екендігін, яғни, бізге ұнасын-ұнамасын, өмірде болғандығын да білеміз.

Ал, Құран шын ба? Яғни, Пайғамбарға тікелей періштелер арқылы жеткізіліп тұрған Алланың өз сөзі ме? Бұл да даулы мәселе. Абай айтқандай, өмірде Алладан басқаның бәрі өзгермек». Өйткені өмір бір орнында тұрмайды ғой, үнемі дамып отырады. Бенедикт Спиноза секілді адамзат алыптары Таурат пен Інжілдің қайшылықтарын тауып, оны Құдай сөзі деуден бас тартқан. Құран да сондай. Ендеше, даулы мәселеге басымызды сұғып, «өнбейтін дауды қуатын өспейтін ұлдың» кебін киіп неғыламыз? Құранда «жеті атадан асқанша қыз алыспаңдар» деп тайға таңба басқандай жазылған сүренің жоқтығына бола оның пайдалы жағын алудан неге қашамыз? Құран шындап келгенде, адам баласының өмірін жеңілдету үшін, оны белгілі бір тәртіпке, белгілі бір жүйеге келтіруге тырысқан нұсқаулар жиынтығы ғана ғой.

Қазақтың қазақ болғанына кемі 5 мың жыл. Оның солай екенін мойындағы келмейтін жан кеңес заманының өзінде шыққан Әбдікерім Хасеновтің «Қазақтың бес мың жылдық тарихи баяны» кітабын алып оқысын. Осы 5 мың жыл ішінде бүкіл ғұмыры, жыл он екі ай бойы, ыстыққа күйіп, суыққа тоңып, жанын сақтау үшін, малын сақтау үшін күреспен өткен қазақ халқы небір құндылықтарды өмірге әкелді. «Сананы тұрмыс билейді». Қиындыққа, тіпті азапқа толы көшпелі тұрмыс қазақты көнбіс, шыдамды, төзімді, икемделгіш, бейімделгіш, алғыр, қабылетті, күрескер етіп қана қойған жоқ. Ол оны адал, ұрлық-қарлық пен суық жүрістен ада, шыншыл, теңдессіз қонақжай, шексіз кеңпейіл, алдымен қарақан қу басының емес, елінің қамын ойлайтын көпшіл, бауырмашыл етіп тәрбиелеп шығарды. Ары кетсе қырық-елу үйлі, бәрі елдің көзінің алдындағы ауылда сен қалай ұрлық жасайсың, сен қалай ойнастық жасайсың? Бұл саған дуалы екі метр қаланың үйі емес қой!

Ендеше біздің салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыздың Құраннан да, басқалардан жоғары тұруы заңдылық, табиғы құбылыс. Біздің адами жолымыздың исламдағы Алланың жолымен астасып жататын себебі сол.

Ендеше, қатпар-қатпар бабы көп, зерттеген сайын тереңіне тартып кете беретін дінге құлай берілудің ешқандай қажеттілігі жоқ бізге! «Құдай – бір, паййғабар – хақ» деп біл. Құран біздің жазылмаған салт-дәстүрлік, әдет-ғұрыптық заңдарымыздың бір тармағы деп таны, жетеді. «Салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың бәрі асыл дінімізден шыққан!» дейтін Керім Елемес баурымыздай теріс жайылма...

«Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрес – өзімнен! Өзгеден болды дегенді, шығарамын сөзімнен!» Сұлтанмахмұттың осы сөзі ұранымыз болуы тиіс. Өйткені Алла да (Тәңірі де), әруақ та тек қолдап, қуаттаушы ғана. Онда да сен тынбай әрекет етсең ғана берекет берушілер.

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап!» Абай бәрін айтып кеткен. Абай жолымен жүрсек, ешқашан адаспаймыз...

Өмірзақ Ақжігіттің желідегі жазбасы

Abai.kz

55 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1501
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3272
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5689