Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
Билік 1466 10 пікір 14 Тамыз, 2024 сағат 13:16

Президент Жолдауы – даму даңғылы

Сурет akorda.kz сайтынан алынды

Мақсат айқын, жол анық. Қоғам алға жылжу үшін қозғау салатын күш керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты былтырғы Жолдауы сол күштің рөлін атқарып, тәуелсіз елдің  экономикалық-әлеуметтік және саяси қадамдарын айқындап берді. Тек оны тиімді пайдаланып, жүзеге асыру керек. Мемлекет басшысы алдымен алдыңғы жылдары Жолдауларда айтылған, айтылып қана қоймай жүзеге асқан ілкімді істерге тоқталған еді.

«2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел Президенті 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заман талабына сай жарақтандырылған мектепте оқуы үшін  апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешуге тапсырма берді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ел аумағында 2 кезеңмен іске асады. Алғашқысы бойынша биыл жыл соңына дейін 217 мектептің құрылысы аяқталуы тиіс. Оның 98-і бірінші қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі. Тағы 152 нысан келер жылға жоспарланған. Үкімет биыл 200 мың оқушы орны тапшылығын жоюға күш салмақ. Бүгінде бас қала – Астанада  «Жайлы мектеп» жобасымен 15 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның 8-і бірінші қыркүйекте қолданысқа беріледі. Ал, Алматыда  биыл 21 оқу орны ашылады.

«Маңғыстау» газетінің тілшісі Голрох Жеменей Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған басты мәселелер мен нақты тапсырмалардың Батыс Қазақстан өңірінде орындалысына қысқаша шолу жасапты. Сараптауынша, Маңғыстау облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында  4 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Ал 2025 жылға дейін 22 000 оқушыға арналған 21 жаңа мектеп салынады деп жоспарланған. Биыл 12 600 орындық 13 мектепті пайдалануға беру көзделді.

«Жайлы мектеп» жобасындағы барлық 21 мектеп, онымен қоса, білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 4 мектеп және жер қойнауын пайдаланушылардың қаражаты есебінен салынып жатқан 1 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген соң, облыста 15 үш ауысымды мектепте, апат жағдайындағы 3 мектепте және 31 мектепте 10435 орын тапшылығы жойылады», - деді Голрох Жеменей.

Оның айтуынша, ауылдағы медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында былтыр «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілген. Жоба аясында өңірлерде 655 алғашқы медициналық­санитарлық көмек нысанын, оның ішінде 253 медициналық пункт, 242 фельдшерлік­акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған.

«Бүгінде Маңғыстау облысы аумағында стационарлық типтегі 34 мекеме, оның ішінде 18 жеке аурухана, сондай­ақ 82 амбулаториялық­емханалық көмек көрсететін медициналық ұйым қызмет етеді. Облыста шалғай ауыл, елді мекендерде халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін алғашқы медициналық­санитарлық көмекті жетілдіру жолға қойылды. Бүгінде өңірде 31 дәрігерлік амбула тория, 6 фельдшерлік­акушерлік және 8 медициналық пункт халыққа медициналық қызмет көрсетумен қатар тұрғылықты халықты жеке және қоғамдық денсаулық сақтау үрдісіне тартуға жұмыстануда. Соңғы 3 жылда қаржыландыру деңгейі 2 еседен асты, компьютерлік томография мен магнитті­резонанстық томография қызметі 70 пайызға  өсті», - дейді Голрох Жеменей.

Айта кетейік,Президенттің тапсырмасымен елімізде «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынып, жүзеге асырылды. Биыл жыл басында 6,9 млн баланың есепшотына 100,52 доллардан түсті. Жалпы сомасы – 695 миллион доллар. Бұл қаржы Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында болады. Есепшоттағы қаржыны депозитке салуға немесе уақытынан бұрын шешіп алуға мүмкіндік жоқ. Сондай-ақ Президент Жолдауда  бүгінгі басты міндет – өз экономикамыз өзімізді толық қамтитын жағдайға жету екендігін баса айтқан еді. Ол үшін өңдеу саласын жедел дамыту қажет. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау сияқты бағыттарға басымдық беріледі. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2024 жылы өңдеу өнеркәсібі нысаналы индикаторлар шегінде (5,1%-ға) өсіп келеді. Өңдеу өнеркәсібі салалары ішінде металлургия өндірісінің – 8,3%-ға, машина жасаудың – 9,4%-ға, химия өнеркәсібінің – 5,3%-ға, жиһаз жасаудың – 28,3%-ға, фармацевтиканың – 14,8%-ға өсуі байқалады. Бұған отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын жетілдіру нәтижесінде қол жеткізілді. Бүгінгі таңда ОТӨ-мен жасалған шарттардың саны 2023 жылғымен салыстырғанда екі есеге, яғни  22,7 мыңнан 45,7 мыңға дейін артқан. Жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісінің көлемін ұлғайту, сондай-ақ азық-түлік өнімдері саласында жұмыстар жалғасуда.

Еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматы қаласы биыл тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Алып шаһарда көлік, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру, байланыс және сауда сияқты салалар өсімнің драйверлері болды. Қалалық экономика басқармасының мәліметінше,  2024 жылдың бірінші тоқсанында Алматының жалпы өңірлік өнімі 4,7% өсіп, 5,3 трлн теңгеге жеткен. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 0,6%-ға өсіп, 102,4% көрсетті. 2024 жылы экономиканың өсімі 5,5% деңгейінде болады деп болжанып отыр. Еске сала кетейік, 2023 жылы Алматының ЖӨӨ 24,8 трлн теңге болды, бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш.

Ал, Голрох Жеменейдің сараптауынша, былтыр Маңғыстау өңірі экономикасына салынған инвестиция көлемі 762 млрд теңгеден 1,1 трлн теңгеге дейін өсті, бұл 34%-ға көп көрсеткіш.

«Экономиканың түрлі салаларында жалпы соммасы 21 млрд теңгеге 16 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен 500 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің 10 жобасы, 3 жоба білім беру, 3 жоба ауыл шаруашылығы салаларында жүзеге асты. Перспективада 2026 жылға дейін 43 инвестициялық жоба іске асады деп жоспарланып отыр. Осы жобаларды табысты іске асыру есебінен өңір экономикасына 880 млрд теңге инвестиция тарту және 2 400 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның ішінде биыл 160 млрд. теңгеге 13 жобаны іске асыру және 600 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр», - дейді Голрох Жеменей.

Шикізат үшін шетке жалтақтамай, елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастыру қажет. Президент өндірістің барлық сатысын мемлекетте дамытуды тапсырды.

«Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуы тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте бір ғана мысал, құрылғанына 9 жыл толған Алматы индустриалды аймағы осы күнге дейін 2 трлн теңгеге жуық өнім өндірген. Былтырдың өзінде көрсеткіш 801,3 млрд теңгеге жеткен. Биыл жалпы сомасы 28,9 млрд теңгеге салынып жатқан 15 жаңа жобаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмекі. Нәтижесінде 1594 жаңа  жұмыс орны ашылады деп күтілуде. 490 ГА аумақты алып жатқан жауапкершілігі шектеулі серіктестікте бүгінде машина жасау, өндіріс, құрылыс, логистика, тамақ, химия және агроөнеркәсіп салалары бойынша 102 компания жұмыс істейді. Онда 14 мыңнан астам адам еңбек етіп жүр. Қазіргі таңда бұл аймақты дамытудың бірінші кезеңі аяқталып келеді. Өйткені аймақтағы берілген жерлердің 95 пайызы өнеркәсіп нысандарымен толып, игерілген. «Алматы индустриалды аймағы» ЖШС Бас директоры Әлішер Сатыбалдиевтің айтуынша, қала әкімдігі аумақты 194 гектарға кеңейту бойынша жұмыс жүргізген.

«Қазіргі уақытта АИА кеңейтудің екінші кезеңінің инженерлік-көлік инфрақұрылымын салуға техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау құжаттамасы әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың жобалық құжаттамасынан өткеннен кейін 2024-2026 жылдары қаржыландыру мәселесі шешілетін болады. Индустриалды аймақтың кеңейтілетін аумағында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру 235 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға  және қосымша 9 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деді Әлішер Сатыбалдиев.

Оның айтуынша, бүгінде Алматыда жалпы ауданы 46 мың м² болатын 11 өнеркәсіп паркі (қала аумағында 5, АИА аумағында 6) іске қосылды. Өнеркәсіп парктерінде 76 резидент орналастырылып, 1074 жұмыс орны құрылған. Жалпы ауданы 100 мың м² асатын тағы 26 өнеркәсіп паркін іске қосу жоспарда бар.  Оның бесеуі биыл, қалғаны келер жылы жүзеге асырылмақ. Бұл қосымша 3 400-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамыған. Ұлттық қазынаның бүйірін шығарып отырған осы сала. Қазір әлемдік нарықта көптеген металл бағасы шарықтап тұр. Қаржыға қызығып, өндірісті ұлғайтқанымызбен, оған наразылық білдірген тұрғын көп. Жұрт экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып шағымданған. Осы ретте Президент Үкіметке ірі өндіріс кәсіпорындарына 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауды жүктеді.

«2018 жылы тау-кен металлургия саласын басқару бойынша бірқатар заңдар қабылданған болатын. Бірақ ол заңдар қазір нақты орындалып жатқан жоқ. Себебін қайдан көреміз. Еліміздің табиғаты элементтерге қандай бай болса да, дәл бүгін жаңадан ашылып жатқан геологиялық жұмыстардың нәтижесін көрмей отырмыз. Мемлекет басшысы осы орайда нақты тапсырма берді», - деді Ө.А.Байқоңыров атындағы тау-кен металлургия институты директорының орынбасары Тілепбай Қуандықов.

PhD докторының айтуынша, Қазақстан территориясында 1,5 млн астам геологиялық және геофизикалық зерттеу жұмыстары жүргізілген.

«Президент 2026 жылға қарай оның көлемін 2,2 млн арттыру керек деп Үкіметке нақты тапсырма берді. Осы орайда шетелдік тәжірибелерді де алға тартты. Ол үшін шетелдің ірі компанияларының инвестициясын елге тарту арқылы қол жеткізуге болады. Мысалы шетелде тау -кен металлургисын алға сүйрейтін ірі компаниялар бар. Оларға басымдық беріледі. Бізге де осындай жағдай жасау үшін, шетелдегідей салық, құжаттарды жылдамдататын цифрландыру мәселесін жолға қойған жөн. Құжаттарды цифрландырсақ, уақытты екі есеге үнемдейміз, - деді Тілепбай Қуандықов.

Қазір техника мен технология дамыған заман. Қазақстан жер қойнауы кенішке бай. Жолдауда сирек және жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игерудің басты бағытқа айналуы керек екендігі  де аталды. Геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор Әділхан Байбатшаның айтуынша, технологияны дамытуға жаңа материал керек. Оны жаңа элементтерден алады. Сол топқа жататын 24 элемент бар, Қазақстанда соның бәрі кездеседі.

«Мәселен, «литий» дейміз, қолда ұстап жүрген телефондарымыздың бәрінде аккумулятор бар ғой, сол литийден, бұрынғыдай қорғасын болса, кішкентай телефонға 20 кг аккумулятор алып жүруіміз керек. Анау 20 кг, литий 20 грамм. Міне, тиімділігі. Ол энергияны көп сақтайды, өзі кішкентай. Неге сирек дейміз, өйткені табиғатта өте сирек кездеседі. Кейін ғалымдар сол сирек элементтердің жаңа қасиетін айтып, пайдалану жолдарын көрсетті», - деді Әділхан Байбатша.

Ғалымның сөзінше, экономикамыз геологияға тәуелді, себебі бәрі біздің жер қойнауымызда. Жер қойнауын іздейтін, табатын, пайдалануға беретін - геологтар. Дамудың басында тұрған геологтар болған, бола береді.  Геологияны алып тастасақ, бәрі тоқтайды.

«Президент неге сирек жердегі элементті өндіру керек деді? Себебі көп жерлерде бұл элементтер жоқ. Өте дамыған мемлекет Жапонияның электроникасын бәріміз білеміз. Бала кезден көрген электрониканы бәріміз қолданып жүрміз. Соны шығару үшін сирек элементтер керек. Олар біздің жер қойнауында, өздерінде жоқ. Еуропаны алайық, олар да бізге келеді. Бізге келіп қаржы салады, керегін алады. 24 элемент өзі. Мәселен, литий.  Өте кішкентай, тоқтың тығыздығын ұзағырақ береді. Никель, кобальт, скандий...Шыны тұр. Егер осы шынының құрамына элементті қоссақ, бұл шыны ерекше қасиетке ие болады. Қасиеті-жылуды ішке кіргізеді, сыртқа шығармайды. Бәріміз сондай шыныға көшсек, бізге жылу проблема болмайды, «пеш жарылып кетті» дегенді айтпас едік. Дәл осы шыныны жерге қойып, үстінен бассақ, сынады. Сирек элементтер қоссақ, сынбайтын болады. Қытайда ұзындығы 3,5 км көпір шыныдан салынған. Астанадағы «ЭКСПО-2017» – шар тәрізді ғимарат. Этаждардың үстінен жүрсеңдер, бәрі шыны. Сол шыны сынбайды. Кәдімгі шыны қойсаңдар, қирап қалады. Осындай тамаша қасиеттер беретін элементтер біздің Қазақстанның жер қойнауында көп. Президент бізге соны табыңдар, зерттеңдер, өндіріске қосыңдар деп тапсырма берді. Біз Президентті қолдаймыз. Президент оны жәй айта салған жоқ, экономиканы зерттеп, ғалымдардың зерттеу қорытындысымен айтты. Егер соны орындасақ,  экономика қарыштап дамиды», - деді Әділхан Байбатша.

Ғалымның айтуынша, біздің бюджеттің 75 пайызын геология береді.

«Ол не деген сөз, ақшаға айналдырып есептейік. Мәселен, сіздің айлығыңыз 400 мың болса, геологияны алып таста, 100 мың тг ғана қалады. Сондай тиімділігі бар. Егер сирек жердегі элементтерді игерсек, технология қоссақ, тиімді пайдаланатын материалдар жасасақ, бізге ол тиімділік береді, бюджетті байытады, көбейтеді. Президент тапсырма берді ғой, адамдардың әл-ауқатын арттыру керек. Соны игеріп, шетелге сатсақ, сіздің айлық 800 мың болады. Соны қамтамасыз ететін біздің Қазақстанның жер қойнауы. Сол жер қойнауының байлығын табатын геологтар», - деді геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор.

Жолдауда жүктелген міндеттің бәрі үш жылда орындалуы тиіс. Ал аса күрделі міндеттер үшін нақты мерзім белгіленеді. Бүгінгі бастамалардың бәрі ел игілігі, ертеңгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалып отыр. Жол мұратқа жеткізеді. Президент Жолдауы – дамудың даңғыл жолы.

Abai.kz

10 пікір