Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 2714 3 пікір 14 Тамыз, 2024 сағат 15:24

Оспан шынында қандай адам?

Сурет автордың ұсынуымен жарияланды

Бұдан бір жыл ілгері, «Үш аймақ төңкерісінің бір бөлімі болған Алтай төңкерісі жөнінде» деген бір мақала жазып («Шынжаң тарихи материалдары» атты ұйғырша кітаптың 25-санында жарияланған), сол мақаланың соңында Оспанның 1945 жылы қыркүйек айынан кейінгі әрекеттері туралы айырым материал жазбақшы екендігімді ескерген едім. Қазір сол уәдем бойынша «Оспан, шынында, қандай адам?» деген тақырыпта осы мақаланы жазып отырмын. Түсініктірек болсын үшін мақала шағын бес бөлікке бөлінді. Бұлардың ішінде ең негізгі түйіні 4-бөлімі. Ал 2-ші, 3-ші бөлімдерінде жоғарыда айтылған мақаладағы Оспанға қатысты мазмұндар, оқырмандардың қажетіне және қоғамда айтып жүрген түрліше пікірлерге байланысты, мақсатты түрде ықшамдалып, жүйеге түсіріліп, қайталай шолып өтілді.

Мұнда бастысы, өзім көрген, естіген объективтік шындықтарды негізге етіп, оған оспанның әрқайсы тарихи кезеңдердегі орны, рөлі жөніндегі жеке көзқарасымды да қоса баяндап өттім. Бірақ Оспанның 1946 жылдан кейінгі Үрімжідегі Гоминдаң кертартпашыларымен болған қарым-қатынасында мен білмеген, білуім де мүмкін болмаған жәйттердің кезігуі шуәсіз. Сондықтан, кезінде басы-қасында болған немесе басы-қасында болғандармен жанаса жүріп хабардар болған жолдастардың бұл жөнінде толықтырма жасауын, сондай-ақ тұтас мақалада ортаға қойылған нақты фактілер мен көзқарастар туралы ұқсас болмаған пікірлері болса, шындықты іс-жүзінен іздей отырып ортаға салуларын қарсы аламын.

Ал енді нақты мәселенің өзіне көшейік.

Оспанның қысқаша өмірбаяны және отбасылық жағдайы

Оспан Ісләмұлы, ұлты қазақ, 12 керейдің Молқы руы ішінде Айтуған жігінен. Ол 1899 жылы Алтай аймағының Көктоғай ауданына қарасты Өндірқара қыстаулығында қарапайым малшы отбасында туылған. 1940 жылға дейін Көктоғайда отбасы шаруашылығымен шұғылданған. Алтай халқының 1940 жылы ақпан айындағы және 1941 жылы маусым айындағы Шың (Шың Шысай) үкіметіне қарсы екі реткі көтерілісіне қатынасқан. 1941 жылы қазан айынан 1943 жылы шілде айына дейінгі екі реткі көтерілісте қалдық күштердің атаманы, 1944 жылы маусым айынан 1945 жылы тамыз айына дейін Алтай партизандық әрекетінің жетекшісі, «Алтай халық уақыттық ұлттық үкіметтің» басшысы, 1945 жылы қазан айынан 1947 жылы ақпан айына дейін Үш аймақ Алтай әкімшілік мекемесінің басшысы, 1946 жылы маусым айынан бастап өлкелік бірлескен үкіметтің мүшесі, 1948 жылы ақпан айынан 1949 жылы өлке азат болғанға дейін Гоминдаң кертартпа үкіметінің сүйемелдеуімен Шонжыда құрылған қуыршақ  Алтай уәли мекемесінің уәлиі болған. 1951 жылы мамыр айында, ол банды, нақ төңкеріске қарсы елемент делініп, өлім жазасына ұшыраған. Сүйегі 1952 дылы қараша айында Көктоғайдағы мекеніне апарып жерленген.

Оспан ат жақты, ұзын мұрын, қоңыр-қызыл шырайлы, үлкен от көзді, шаш-сақалы қойу әрі айырықша қайратты, бойшаң (1,80 см), жұмыр денелі, алып адам еді. Ол сөзге сараң, сыр сақтағыш, жүріс-тұрысы салмақты, жан құралы жастығының астынан, қорамсағы белінен екі елі айырылмайтын. Бір атын отқа қойғанда, бір аты белдеуде тұратын қатты сақ, елгезек жан болатын. Өшіккен адамына «тістеген жерде тісім қалсын» дейтіндей зейіл болғанымен, адамдар ара байланыста анша дөрекі, апербақандардан емес-ды. Әрине, ол мұндай әдетті неше он жылдық сарпалдақ, сағат сайын төніп тұратын қауіп-қатерлі жағдайда қалыптастырған.

Сана сезім жақта, Оспан әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыз, діни құрапатшыл, күмәншіл, мүддетшіл, атақ құмар, бір мойын, құбылмалы адам еді.

Оспанның ұлы әкесі (атасы) біршама ауқатты әрі дін оқуын азырақ оқып, анша-мұнша «Молда» атанған адам болып, қыс қытауы Өндірқара, жаз жайлауы Алайғыр, Арасан, Ақбұлақ, Құжырты деген жерлер еді. Өз әкесі Ісләмнің тұсында отбасы бірте-бірте кедейлесіп, Оспан ат жалын тартып мінгеннен бастап кедейлік тұрмыс кешірген. Дәлірек айтқанда, ол 1941 жылдан ілгері Көктоғай ауданының Кеш көктеулігі – Күрті деген жердегі Екіқызылтас бұлағы бойында болмашы ғана арпа, тары егіп, соны талшық ететін.

Оспанның 1941 жылдан 1944 жылға дейінгі өмірі Шың Шысай үстемдігіне қарсы сайыс барысында салт басты, сабау қамшылы, қонарын сай, ұшарын жел білген сарпалдаң дала тұрмысында өтті. Осы аралықта, яғни 1943 жылы ол Қымбыл деген жамағайынының жесір әйелі – Баянмен некеленіп, оның үйіне енгеннен кейін ғана ырғын тұрмысқа кенелді. Өйткені, Оспан Қымбылдың 100 ден артық ірі қарасы, мыңнан астам қойы бар бай отбасына ие болды. Оның үстіне, бұл кезде Оспан «батыр», «басшы» атанып, оған келетін тарту-таралғы, сәлем-сауқыт көбейген еді. Сонымен, жүре-жүре Оспан Алтайдағы маңдай алды байлардың бірі есептелді.

Оспан небәрі екі ағайынды болып, інісі Дәлелқан 1942 жылы Көктоғайда Шың Шысай үкіметі жағынан зиянкестікке ұшырап қаза болған. Оспан үш әйел алған. Бірінші әйелі Нұрғизадан Шердіман, Шеряздан, Нығыметолла, Нәби, Байдолла, Кәри деген 6 ұл, Кәбира, Пансия деген 2 қыз болған. Нұрғиза өлген соң, екінші әйелі Мәмейді алған. Мәмейден Сапия, Қапияда, Замбия деген үш қыз көрген. Кейінгі жесір алған әйелі Баяннан Амақ деген бір ұл туған. Осы балаларынан Шеряздан 1940 жылы тұңғыш көтерілісте оққа ұшқан. Екінші әйелі Мәмей мен 3 ұл, 5 қызы 1942 жылы ақпан айында Бұрыпжап (моңғол) басқарған  Шың Шысай әскерлерімен болған соғыста қолға түсіп, алғашында Сарсүмбе (қазіргі Алтай) қаласында, 1943 жылы мамыр айынан бастап Көктоғай қаласында бақылау астында болып, ақыры 1944 жылы мамыр айында Гоминдаңның партизандардан қатты соққы жеп, өлердей өшіккен жендеттері жағынан қырғындалған 40 неше бейуаз бұқарамен қоса қырғын көреді. Жендеттер Оспанның 18 жастағы қызы Кәбира мен 14 жастағы ұлы Байдолланы кіші шешелері Мәмейдің көзінше кескілеп өлтіреді. 11 жасар ұлы Кәриді шырқыратып тұрып 20 неше метр тереңдіктегі құдыққа тірідей тастайды. Кезек енді Мәмейдің өзіне келгенде, зәре-құты ұшқан Мәмей жанынан түңіліп, қасындағы алас ұра тасып жатқан асау өзенге бір-ақ секіреді. Гоминдаң әскерлері жапа тармағай оқ жаудырғанымен бірде-бірі тигізе алмай, соңынан қуалауға таяу маңда абырон алып датқан партизандардан қорқып, мысы құрып қала береді.

Мәмей бірнеше жүз метр жерге ағып барып бір иінде талықсып жатады. Партизандар оны сол жерден құтқарып әкетеді. Қалай екені белгісіз, Оспан бұл әйелін дегендей менсінбейтін. Оның үстіне жақында ғана дәулетті де, сәулетті жесір әйелмен некеленгендіктен, Мәмейге әйелі ретінде емес, малайы қатарында қарайтын. Бұл теңсіздікке төзбеден Мәмей 1948 жылы жазда Оспаннан ажырасып кетеді.

Пансия деген қызы 1942 жылы жазда Шың Шысай үкіметі «елшілікке» жіберген ораймен әкесі Оспанның қасынан қайтпай тұрып қалғандықтан аман қалады. Қалған үш ұлы Шердыман, Нығыметолла, Нәбилер 1941 жылдан бастап Оспанның өзімен бірге жүріп, 1951 жылы Оспан Гансу өлкесінің Хайзы деген жерінде халық азаттық армиясы (коммунистік қытай билігі әскерінің атын осылай атаған. Ә.Ә) жағынан қолға түскен соң ғана бөлініп, Шынжаңға қашып келіп, адам топтап, Алтай-Боғда аралығында бандылықпен жалғасты шұғылданады. Халық азаттық армиясының өкшелей қуғындауы, партиямыздың жалықпай үгіт-насихат жүргізуі арқылы, олар ақыры 1952 жылы қыркүйек айында құрал тапсырып бағынуға мәжбүр болады. Партия мен үкімет олардың өткендегілерін қузастырмай, барлығын лайықты орналастырады. Айталық, Шердыман 1952 жылы қазан айынан 1959 жылға дейін Алтай уәли мекемесі Мал шаруашылық мекемесінің орынбасар басшысы, 1959 жылдан 1967 жылға дейін Іле облыстық Саяси кеңес кеңсесінің орынбасар басшысы болып қызмет істеді. «Мәденит зор төңкерісінде» ғана зауфаншылар (әпербақаншылар) жағынан қолға алынып, 1969 жылы түрмеде өлді. Нығыметолла 1972 жылы науқастан қайтыс болды. Нәби қазір Көктоғай ауданы Күрті ауылдығының Ертіс қыстағында. Амақ Күрті ауылдығының  Күрті қыстағында тұрады.

1940 жылдан 1943 жылы шілде айына дейінгі Оспан

Оспан 1940 жылы ақпан айының 2-күні Алтай қалқының Шың Шысайдың саяси жақтағы фашистік үстемдігіне, экономикалық жақтағы шектен асқан қанауына қарсы Есімқан, Ақтеке, Ырысқан, Сүлеймендер бастаған көтерілісіне бастан-аяқ қатынасып, әр қайсы шайқаста есе қосқандардың бірі. 1940 жылы шілде айының бас шенінде, ол 40 неше адамды бастап, жон Алтайдан жапсар жайлауы арқылы қу Ертіске түсіп, өзеннен сал байлап өтіп, Шың Шысай үкіметінің Көктоғай ауданына қарасты Күрті деген жеріндегі пошта пунктіне шабуыл жасап, ондағы он неше қорғаушы әскерді бүкілдей жойып, құралдарын олжалап, пунктті иелеп алады. Осы аралықта, Сарсүмбе жақтан Көктоғай қалашығына бастаған кетіп бара жатқан пошташы бұлардың үстіне келіп қалады. Оспандар оларды ұстап алып сұрақ қылса, олар арт жақтарында бір збот әскердің қорғауымен Шың Шысай үкіметінің 200 түйе артқан «қоры» (әскери жүгі) келе жатқанын, оның ішіндегі он неше түйедегісі оқ-дәрі, қалғандары азық-түлік, киім-кешек қатарлы заттар екенін айтады. Оспан қол астындағыларды дереу аттанысқа келтіре отырып, ұрымтал жерден жол тосып, тұтқиыл шабуылдап, әне-міне дегенше-ақ бір збот жау әскерін тып-типыл жойып, олар алып келе жатқан «қорды» түгелдей олжалайды. Сөйтіп, олар Гоминдаңның 40 әскерін жойып, 40 неше мылтығын, 30 неше атын, 200 түйесін, 40 қанша қорап оқ-дәрісін, сондай-ақ қыруар азық-түлік, киім-кешегін қолға түсіріп, айналасы бір жұмаға жетпейтін аралықта осыншалық олжаға батып, өздері шығынсыз оралады. Сонымен Оспанның еңбегі ел аузына ілініп, мадақтала бастайды. Оспан мұнан кейін  де Таршаты, Аршалы, Ашылы, Шықынты соғыстарында, басқа шептегілермен тізе қоса, аянбай күш шығарып, бұл жолғы көтерілістің жеңісін қолға келтіру де елеулі есе қосады.

Автор Патқан Дәлелқанұлы Сүгірбаевтың «Оспан, шынында, қандай адам» атты көлемді мақаласы жарияланған «Іле тарихи материалдары» журналының 8-саны, 1992 ж. Құлжа.

Шың Шысай үкіметі 1942 жылы жарыққа шыққан Алтай халқының тұңғыш көтерілісінде аса зор жеңіліске ұшырап, сол жылы қазан айында көтерілісшілермен 6 тармақты бітім жасауға мәжбүр болғанымен. Уәдесіне опасыздық жасап, халықтың басына қайтадан әңгір таяқ ойнатуға сұқтанды. Сондықтан Халел мен Рахат – әкелі-балалы екеуі бастаған екінші көтеріліс басталды. Оспан бұл көтерілістің де белсенді ұйымдастырушыларының бірі болды әрі көтерілісте елеулі еңбек сіңірді. Олай болатыны, бұл жолғы көтерілісте бұлар өздерінен әлде неше есе көп, қару-жарақ жағынан жер мен көктей парықты Шың Шысай әскерінің қанды тегеурінді астында арпалысты. Жеңіліске ұшыраған жағдайда, Халел бастаған көтерілісшілер қашып шығып, Жанымқанның «Құдайы мен құранына» алданып қайта келіп бағынғанда, Оспан тізе бүкбей, құрал тапсырмай, «аттың жалы, түйенің қомында» дегендей аласапырандылықта сытылып шығып, зұлымдыққа қарсы көтеріліс отын үзбей тұтандырады. 20 неше отбасын бастап жоңғария құмына кіріп кеткен Оспанды әуелде ешкім іздестірмеді. Тіпті сезбей де қалды. Өйткені, Оспан бұл кезде көтерілісшілер ортасында ел көзіне енді ғана түсе бастаған 3-ші, 4-ші орындағы батырлардың бірі болып, Шың Шысай үкіметі жөнінен алғанда, ол әлі де ат-атақсыз адам еді.

Оспан осыдай бастап талай тар жол, тайғақ кешулер басып, тау асып, тас басып, қыстың қақаған сары аязында қар жамылып, мұз төсеніп, жаздың ылғалды мезгілде жаңбырға малынып, шіліңгір кезінде кеңсірігі кеуіп, аш-жалаңаш жүріп, өзгелерден ешқандай көмек болмаған қиын-қыстау жағдайда табан бір жыл он ай алысып, ақыры үшінші көтерілістің өндірмесі болған ең машақатты бірінші кезеңді басып өтті. Атап айтқанда:

1. Екінші көтеріліске мұрагерлік етіп, недәуір қомақты қосын қалыптастырды.

Оспан 20 неше отбасын бастап құмға кірген соң көп өтпей, Керейдің шақабай жігінен шыққан Сүлеймен Бектұрұлы он отбасын бастап, сол жылы маусым айында Көктоғай мен Шінгілге аяқастынан келе қалған алтыншылар (алтын шайқаушылардың) сырын ұғып қалғандығы үшін қолға алынған Кәдірбай жұйжаң (жұйжаң – мекеме басшысы) Сарсүмбе түрмесінен қашып шығып, Көктоғайдағы туыс-туғандарынан 20 дай отбасын ілестіріп келіп Оспанға қосылады. Сонымен, бұлар 50 дей отбасы, 200 неше жан болып, Жоңғарияның қобы құмындағы Қарағанд-шбе деген жерге барып бекініп жатып алады. Желтоқсан айының соңына келгенде ғана азық-түліктен тарыққандықтан Үрімжі жақтан Алтайға қарай 20 неше түйемен күріш алып бара жатқан кірешілерді қолға түсіріп, күріштерін, түйелерін олжалап, адамдарын қайта қоя береді. Нәтижеде, өздерінің қайда екенін әшкерелеп алды. Шың Шысай үкіметі 1942 жылдың ақпан айының бастарында Уатқан би, Мағауия залың, Мәмиле зәңгі қатарлы адамдарды Оспанды насихатпен бағындырып келуге жібереді. Оспан оларға бұл жолғы көтерілістің бір басшысы Халелді және оның астыртын жоспарлаушысы деп қаралған Бұқатты Үрімжіге алдап апарып түрмеге жапқан Шың Шысай үкіметіне сенбейтіндігін, онымен өліспей беріспейтінін айтып, оларды екі ауыз сөзге келтірмей айдап салады.

Шың Шысай үкіметі бұл «пәлкеттердің» көктем шығысымен Алтай аңғарына кіріп алып, еркін қарманып, үлкен қиғылық салуынан қорқып, оларды құмдағы кезінде қарулы күшпен біржолата жоймақ болып, наурыз айының ортасында Бұрыпжап бастаған 200 әсер (жартысы моңғол) жібереді. Екі жақ Үшбұлақ маңында ұшырасып, бір мезет атысады. Оспан жағдайдың тиімсіз болып бара жатқанын байқап, 16-17 адаммен қашып құтылады. Бұрыпжаптар қалғандарын қолға түсіріп, Оспан, Сүлеймен, Қабас, Кәдірбай төртеуінің қатын-баласын Сарсүмбеге айдап келіп, бақылау астына алады. Осы еңбегі үшін Бұрыпжап Сарсүмбе ауданының әкімі болып тағайындалады.

1942 жылдың ақырында, ілгергі көтерілістердің маңдай алды батырларының бірі әрі 1941 жылы күзде Сарсүмбе түрмесінен қашқан Кәдірбай жұйжаңды бір мезет өз үйінде жасырып қойып, кейін Оспан жаққа жолға салып жібереген Келес, енді өзінің де қолға алынатынын біліп қалып, 20 неше адамды ілестірген беті Қазанқұмда жатқан Оспанды іздеп табады. Мұнан соң, олар 40 неше адам Бәйтік тауына жақын Қарамайлы деген жерге барады. Осы кезде бастарына ауыр қауіп төнген Малгаждар, Мәсей, Сейт қатарлы 20 неше адам Оспанға тағы келіп қосылады да, сәуір айының соңында бәрі Алтай тауының аңғарына еніп кетеді.

Мамыр айының бас шенінде, өзімен бірге туысқан жалғыз інісі Дәлелқанды Көктоғай қалашығындағы үкімет орнына жіберіп, үкімет Сарсүмбеде бақылауда тұрған қатын-балаларын әкеліп табыс етіп сенім білдірсе, өзінің құрал тапсырып бағынатынын айтады. Шың Шысай үкіметі Оспанға дереу адам жіберіп: «Інің қатты қызып ауырып қалғандықтан қазірше қайта алмады. Қатын-балаңды маусым айының ... күні орынбасар әкім Қажынаби, Мағауия залыңдар барып қолма-қол тапсырып береді. Шықынтыдан тосып алды», – деп хабарлайды.

Тегінде әр екі жақтыкі де алдамшылық тәсіл еді. Оспанның құпия ойы «бағынамын» деп қойып қатын-балаларын қолына келтіріп алу болса, үкімет жақтың мақсаты да қатын-балаларын шырғаға тарту арқылы Оспанды торға түсіру еді.

Айтулы күні Қажынабилер Оспан отбасы қатарлы 4 үйдің бала-шағаларын 300 әскердің «қорғауымен» уағдалы жерге алып барады. Оспан олардың қыруар қарулы әскермен келе жатқанын алыстан көреді де, өздерін шетке тартып ұшыраспай қояды. Сонымен 4 отбасы адамдарына бола соңынан ілесіп жүргендердің обалына қалғысы келмеген Оспан Қайыртының басындағы тауға шығып кетеді.

Шілде айының басында Шың Шысай үкіметі Оспандарға Салық тәйжі, Әділқан би қатарлы адамдарды жіберіп, құрал тапсырып бағыну жөнінде «насихат» жүргізеді. Бұған Оспан бастаған көп санды адамдар құлақ аспай, ақтың демдеріне дейін аянбай алысатындықтарын айтады. Қабас Тіркешұлы, Әбдірахман би, Кәдірбай жұйжаң қатарлы 5-6 адам бақтарын сынап көрмекші болып бағынып кетеді. Арада екі ай өтер-өтпестен, Кәдірбай жұйжаң қайтадан қолға алынады. Оспанның бірнеше айдан бері Көктоғайда уәкіл болып тұрған інісі де түрмеге тасталады (екеуі кейін түрмеде өледі). Мұны көрген Қабас, Әбдірахман секілді бағынып барып таяуда қайта келгендер ғана емес, былтырғы көтеріліске қатнасқандарда үрейленіп, жиыны 40 неше адам қашып келіп Оспанға қайта қосылады.

Қазан айының соңында, Көктоғай сақшы органы Үрімжі түрмесінде жатқан Халел, Зейнелдерді жоқтап келіп тоқтатылып қойылған жерлерінен қашып кеткен Қаби, Жәмшит, Кәкашаларды қолға алуға адам жібереді. Халел тәйжінің үлкен ұлы Сәйіптер ауылымен аттанысқа келіп, барған әскерлердің 2-3 адамын өлтіріп, өздерінің матап қойған адамдарын босатып алып, олжалаған мылтықтарымен қаруланып, жиыны 30 дай адам қашып барып Оспанды табады.

1943 жылы маусым айында, Шіңгіл ауданынан Сұлубай, Тескенбай, Тоқтаубайлар 20 шақты адаммен қашып шығып, оларда Оспандарға келіп қосылады.

Қысқасы, 1940-шы, 1941-шы жылдардағы екі көтеріліске қатынасқан, кейін амалсыз құрал тапсырып бағынған немесе түрліше себептермен қолға алыну қаупі болған адамдар бір-екіден, бес-алтыдан, тіпті он-онбес, қырық-отыздан қашып шығып, Оспанға қосылушылар барған сайын көбейді. Алтай көлемінен ғана емес, Еренқабырғадан, Баркөлден, Құмылдан қашып келіп қосылушылар да аз болмайды. Мәселен, Баркөлден Қуанышбай, Алтай түрмесінен Тоқтаған, Сендиков (орыс), Фукаң ауданынан Жолдыбай, Үрімжіге түрмесінен Қалмаған қатарлылар арт-артынан қашып келіп Оспан тобына қосылады.

Патқан Дәлелқанұлы Сүгірбаевтың «Оспан, шынында, қандай адам?» атты мақаласының журнал бетіне берілген алғашқы беті. Бұл көлемді мақала аталған журналдың 176-293-бетіне дейін толық берілген. Біз уақыттың болу болмауына байланысты аз-аздан жариялап тұруды жөн санадық. Өйткені тарих осындай беттермен бірін-бірі толықтайды. Және шынайы тарыққа қол жеткізуге болады.

2. Қанды шайқастарда қыруар қару-жараққа ие болады.

Шың Шысай үкіметі 1942 жылы ақпан айында Оспанға қарсы қарулы шайқас жасағаннан кейін де сан рет шабуыл жасады. Шың Шысай әскерлері кейде қыр соңдарынан қалмай соғысқан кездер де, ішінара кезде Оспан тобының олармен өздері іздене келіп шайқасқан шақтары да болды. Бұл соғыстардың көлемдіректері Қарамайлы, Жиек, Құланқұдық, Балертіс, Күрті, Құжырты қатарлы жерлердегі соғыстар болды. Осылардың бәрінде Оспан әрі қолбасшы, әрі қан кешкен қайсар жауынгер болды. Кейде қасарыса қарсыласу, қапысын тауып қайтарма шабуылға өту, кейде қаша жүріп соғысу, соғыса жүріп жаздырып кету тактикасын қолданған Оспан тобы үнемі дерлік ырықты орында тұрып, Шың Шысай армиясының 120 дай адамын жойып, 70-80 нен артық құралын олжалайды. Мысал үшін осы соғыстардың үшеуіне қысқаша аялдай кетейік:

(1) Өндірқара соғысы. Шың Шысай армиясы 1943 жылы қаңтар айында Оспанға қарасты ел орналасқан Өндірқараға 300 адамдық қосынымен шабуыл жасады. Оспандар оларды сәл алыстан байқап, ұрымтал жерден аброн ұстап, алдыларынан қарсы ырықтылықпен майдан ашады. Нәтижеде, Шың Шысай әскерлері жеңіліске ұшырап шегінеді. Оспандар олардың 40 неше адамын жойып, 30 дай құралын олжалап, айбатын сындырып, сүмірейтіп қуып салады.

(2) Балертіс соғысы. Бұл соғыста Оспандар а дегенде басым келіп, жаудың бірсыпыра жанды күшін жайып, 20 ға тарта қару-жарағын олжаға түсіреді. Бірақ, кейін келе Шың Шысай әскерлері арттарынан жіберілген қат-қабат көмекке сүйеніп, біртіндеп үстем орынға шығып, өлермендене шабуылдайды.

Көтерілісшілерден 3-4 адам шығын болады. Астындағы атына оқ тиген Оспан жаяушылықта жау қолына түсуге айналады. Осындай қысылтаяң кезде, Сұлубай жауып тұрған оққа қарамай шауып барып, Оспанды артына мінгестіріп құтылдырып әкетеді. Жау әскерлері «құйыршықтар» қашып кетті деп қаннен-қаперсіз тынығып, тамақтанып жатқан кезде, ес жиып қайта қарманған Оспан тобындағылар кенеттен шабуылға өтіп, жаудың бірталай адамын өлтіріп, 16 мылтығын олжалайды.

(3) Қаратөңке соғысы. Бұл соғысты Оспандар іздене барып қозғайды. Бірнеше сағаттық сұрапыл шайқас арқылы жаудың бірқыдыру жанды күшін жойып, 20 дан көп қару-жарағына ие болады.

Сүйтіп, 1943 жылы сәуір айының басына келгенде, Оспан қатары кеңейіп, 400 дей адамы бар, 150 ден көп құралы бар қомақты қосын болып қалыптасты. Бұл 1943 жылы шілде айынан кейінгі Алтай партизандық әрекетінің дүниеге келуіне ұйымдық негіз қалады. Әрине, сол тұстың өзінде Оспанда анық мақсат, айқын жол болмаса да, мұны оның Шың Шысайдың озбырлығына қарсы көтерілген Алтай халқының әділетті, қарулы күресіне мұрагерлік етіп, қат-қабат қиыншылықтарды жеңіп, ұшқыннан жалын қаулату, жауға зілді соққы беру сынды тарихи кезеңде көрсетілген үлкен қызметі, елеулі еңбегі деуге әбден болады.

(Жалғасы бар)

Патқан Дәлелқанұлы Сүгірбаев

«Іле тарихи материалдары» журналынан (No8-саны,  1992 ж.) аударып дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048