Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Бұ не мазақ? 1908 13 пікір 19 Тамыз, 2024 сағат 14:16

Әліппесінен жаңылған Әліп: Қазақша сөйлеу хайп па?!

Коллаж: Abai.kz / Суреттер: sports.kz, 1bol.kz

Нұралы Әліп деген футболшы бар. Қазақстандық футболшы. Қазір Ресейдегі «Зенит» клубында ойнайды.

Сол Әліп әліппесінен жаңылып, Қазақстанда қазақша сұрақ қойып, қазақша жауап талап еткен журналисті «хайп жасады» деп айыптады.

Әлгінде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасына аттай қалап, Ресейден бапкер алдырғанбыз. Станислав Черчесов деген мұртты ағай келіп, «кереметті көрсетемін» деп уәде берген. БАҚ өкілдерімен алғашқы жүздесуінде сол Станислав Черчесов Қазақстанның мемлекеттік тілін менсінбей: «Сұрағыңды орысша қой, мен қазақша білмеймін. Мен осетинмін, саған осетинше жауап берсем, қалай?», - деп әкіреңдей сөйлеген.

Осылан соң, қазақ қоғамы Черчесовтің елден кетуін ашық талап қылып, қазақтың миллиондарын қимаған Черчесов ақыры тәубесіне келген. Арада көп өтпей: «Қазақша үйреніп жатырмын», - деп әлеуметтік желілерге суретін жариялап, жарнамасын жасаған. Бұл туралы Abai.kz порталында егжей-тегжейлі жаздық та, міне: «Черчесов кешірім сұрасын!».

Сурет Abai.kz скрині

Сол Черчесовті арада әжептәуір уақыт өткенде жоғарыдағы Әліп деген әйдік бала қорғап сөйлеп, қазақ қоғамының ашуын тағы туғызып отыр.

«Черчесов ол жерде осетин тілінде де жауап бере алам деген. Мен оны түсіндім. Өйткені Қазақстандағы журналистердің бәрі орыс тілін біледі. Ал ол (журналист) қазақ тілінде сұрақ қояды. Ол хайп ұстағысы келді», – дейді Нұралы Әліп.

Әліптің мұнысына қарап: «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне», - деген сөз еріксіз еске түседі.

Сурет Аслан Қаженовтың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Қазақша сұрақ қою хайп па?!

Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов бұл туралы бүйдейді:

 Қазақстандық футболшы Нұралы Әліптің мәлімдемесі қазір әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшіліктің ашуын туғызды. Ол Ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовқа қазақша сұрақ қойған журналисті «хайп жасағысы келді» - дейді. Бұған қоса, «Қазақстандағы тілшілердің бәрі орысша біледі» - деп, тағы қойып қалды. Бұның барлығын Ресейдегі подкаст алаңда айтып отыр.

Нұреке, сізге не болды? Басыңызға қатты доп тиген бе? Қазақстандағы баспасөз мәслихатында қазақ тілінде сұрақ қою расымен хайп па? Енді не істейміз? Өзің де «Зенитке» ауысқан алғашқы күндері орысша сұраққа қазақша ғана жауап беріп едің ғой. Сол кезде саған «хайп жасады» демедік. Керісінше, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырды деп қуандық. Ал, енді өз елімізде өз тілімізде сұрақ қойғанымызды төмен көріп отырсың.

Бұны қалай түсінсек болады? Әлде, тек қасыңдағы ана екеуіне жағу үшін солай сөйледің бе? «Өз ұлыңды бөтен үйден тойдырма» - дейтін нақыл сөз бар еді. Тойынғаның ба? Қазір жеп отырған наныңды, қазіргі тауып отырған табысыңды мемлекеттік тілден, оның арғы жағында, ұлт мүддесінен жоғары қойғаның ба? Елдің алдында жауабыңды кеңірек түсіндіруіңді талап етемін...

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2025