Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5089 0 пікір 7 Ақпан, 2014 сағат 06:25

Нұрбол Қаби. Мағжанның қилы тағдыры

1-сурет: ақын Мағжан Жұмабаев

2-сурет: Бауыржан Момышұлы

3-сурет: Абдулла Әбдірахманов

4-сурет: Абдулла Әбдірахмановтың істі болғаны туралы жеке мұрағатында сақталған құжаты

5-сурет: Мағжан зиратын Магаданға іздеп барған бір топ, ақын жерленген жер-мыс деген тұста құран оқып отырған сәт

6- сурет: Мағжанның туған інісінің қызы - Райхан Қалижанқызы

7-сурет: Шериаздан Елеукенов

8-сурет: Талас Омарбеков

Барлық оқулықтарда Мағжанның өмірбаяны қысқа   сөйлеммен аяқталатын. Әлі де солай. Онда: Мағжан Жұмабаев 1938 жылы наурыз айының 19-ы күні қайтыс болған делінеді. Мәселе әдеби кітаптар яки Мағжан туралы тараудың қалай аяқталуында емес, мәселе мынада болып отыр. Кейінгі кезде "Репрессияда Мағжан, Сәкен, Міржақыптар тірі қалған" деген сөздер ауыздан-ауызға айтылып та,  жазылып та жүр. Жел тұрмаса шөтпің басы қимылдамасы анық. Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатовтар туралы сәл кейінірек. Қазір маржан жырдың иесі Мағжан туралы һәм оның жұмбақ өлімі жайлы оқыған, естігендерімді ортаға салмақпын.

1-сурет: ақын Мағжан Жұмабаев

2-сурет: Бауыржан Момышұлы

3-сурет: Абдулла Әбдірахманов

4-сурет: Абдулла Әбдірахмановтың істі болғаны туралы жеке мұрағатында сақталған құжаты

5-сурет: Мағжан зиратын Магаданға іздеп барған бір топ, ақын жерленген жер-мыс деген тұста құран оқып отырған сәт

6- сурет: Мағжанның туған інісінің қызы - Райхан Қалижанқызы

7-сурет: Шериаздан Елеукенов

8-сурет: Талас Омарбеков

Барлық оқулықтарда Мағжанның өмірбаяны қысқа   сөйлеммен аяқталатын. Әлі де солай. Онда: Мағжан Жұмабаев 1938 жылы наурыз айының 19-ы күні қайтыс болған делінеді. Мәселе әдеби кітаптар яки Мағжан туралы тараудың қалай аяқталуында емес, мәселе мынада болып отыр. Кейінгі кезде "Репрессияда Мағжан, Сәкен, Міржақыптар тірі қалған" деген сөздер ауыздан-ауызға айтылып та,  жазылып та жүр. Жел тұрмаса шөтпің басы қимылдамасы анық. Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатовтар туралы сәл кейінірек. Қазір маржан жырдың иесі Мағжан туралы һәм оның жұмбақ өлімі жайлы оқыған, естігендерімді ортаға салмақпын.

Иә, репрессия кезінде Алаш жұрты «алаштықтар» деп ат қойып, айдар таққан Мағжан Жұмабаевқа, Мәскеудің Әдебиет институтында білім алған зерделі ақынға саясаттың салқыны сезілмеді емес, сезілді. Сол кездегі салқын саясатқа Мағжан өз пікірін айтып, ұстанымынан танбағаны үшін де большевиктер қолынан келгендерін аяп қалған жоқ. Бір емес бірнеше рет түрмеге жапты, азаптап, қинап, соққыға да жықты.  1918 жылы алты айға қамалғаны аздай, 1929 жылы 10 жылға тағы да соттады. Оның жеті жылын Соловецк концлагерінде өтеді. Сосын Максим Горькийдің араласуымен 1936 жылы бостандық алады. Бірақ бір жылдан соң-ақ, 1937 жылдың 30 желтоқсанында «Жапон тыңшысы» деген жаламен қайта тұтқындалып, ең ауыр жазаға кесілгені тарихтан белгілі. Олай болса, жоғарыдағы сөздер қайдан шықты?

Сонымен алдымда екі сұрақ тұр. Біріншісі, «Мағжан Жұмабаев 1938 жылы атылмаған» деген сөз қайдан шықты? Екіншісі,  Мағжан Жұмабаев 1938-де атылмағанына кімдер куә, қандай дәлел бар?

Ең әуелі «Мен Мағжанды көрдім» деп тарихты бір төңкеріп тастаған Бауыржан Момышұлына жүгінелік. 

Бауыржан Момышұлы: «Мен Мағжанды көрдім...»

1948 жылы мен Сібірдегі 59-бригада командирінің орынбасары болып тағайындалдым. Кезекті әскери жаттығулар өткізіп жүрген кезімде ну орманның арасында отқа жылынып отырған бір топ адамды көріп, маңына жақындадым. Киген киімдері біртүрлі, әсілі сотталғандар болу керек. Олардан өзгешелеу, басында түлкі тымағы бар бір адам 10-15 метрдей жерде өз алдына жылынып отыр екен. Тегінде қазақ сияқты. Мен соған жақындап келіп, қазақша «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бердім. Ол менің сәлемімді ернін жыбырлатып қана қабылдап, түріме одырая қарады да үндемей отыра берді. «Бұл не қылған адам?» деп өз ойымды жинап алғанша, ол теріс қарап отырған күйінде:

- Маған жақындама, бәлем жұғып кетеді, - деді. Сол кезде барып менің есіме Мағжан түсіп, оның өлеңдерін жатқа айта бастадым. Ол сәл жібіп:

 - Менің жағдайым қиын ғой, маған жақындамағаның дұрыс болады. Шамаң келсе, мені елге жеткіз, - деді. Мен оның қазақтың ақиық ақыны Мағжан екенін біліп, шамам келсе көмектескім келді де:

 - Мен он шақты күннің көлемінде қайта ораламын. Сол кезде дайын болып тұрыңыз, - дедім. Он шақты күннен кейін уақытым болмай, қайтып келе алмадым. Бір айдан кейін келсем, түрменің бастығы маған оның сал айдап жүріп суға кетіп қайтыс болғандығын айтты.

(Қаһарман Бауыржан Момышұлы, 98-бет. Алматы, «Өнер» баспасы, 2008 ж.)

 

«Мағжан 1938 жылы атылды» деген пікірге мықтап бекінген болсаңыз, тағы бір дәлел келтірейін. Дәлел емес, куәгер. Жоқ, сіз ойлағандай емес, көзі тірі. Жасы тоқсанды алқымдаған Абдулла Әбдірахманов ақсақал.

 

Абдулла Әбдірахманов: 1951 жылға дейін мен Мағжанмен Колымадағы Берелех лагерінде бірге болдым

 Абдулла Әбдірахманов 1921 жылы Атырау облысының Жылой ауданына қарасты Ақкиізтоғай ауылында дүнеге келген. Ол кезде бұл жер Амангелді ауыл советі деп аталған. Әкесі Әбдірахман Айғыров осы маңдағы 1800 жылдары салынған белгілі Дүйсеке ата мешітінде білім алған екен. 

 - 1938 жылы алдымен әкемді ұстады. «Халық жауы» деп  бір түнде ұсталған 27 адаммен бірге Гурьевтегі НКВД абақтысында 9 ай тергеу-тексеруден өткізген соң маған беймәлім себеппен босатты. Алайда кейін колхоздың ат-есегін бағып күнелтіп жүрген әкемді соғыс басталған тұста 1941 жылы қайта ұстап әкетті. Кейін НКВД түрмесінде Шымкентте өлгенін білдім. Бейбіт заман туған соң Шымкенттегі саяси құрбандар жерленген орынға барып дұға қылып, осы жерде әкем жатыр деп, сол қорымға белгі қойып кеттім,-дейді ол.

 

НКВД  оны «жапон тыңшысы» деп таныды

Соғыс жылдары Абдулла ақсақал Қосшағыл кенiшiнде оператор болып жұмыс iстеген едi. “Бәрi – майдан үшiн, бәрi – жеңiс үшiн!” деген ұранмен  бел шешпей еңбек  еткен 22 жастағы жас жiгiт ештеңеден аянып қалмаған-ды. Соғыс аяқталған соң да сол кәсiбiнен танбаған. Сөйтсе, репрессияның қанды  шеңгелi  әлi тыншымапты, тартар азабы   алда екен. 1948 жылғы маусымның 6-сы күнi түнде  НКВД жендеттерi оны да алып кетедi.

Бiр ай абақтыда ұстаған соң, этаппен айдалып кете бардым. Сот маған “әкесi – халық жауы, өзi – Жапонияның агентi, Иранның десанты” деген кiнә тақты. Ал мен бар болғаны 3 кластық бiлiмiм бар, Жапония мен Иран тұрмақ, Гурьевтен аттап шықпаған адаммын. Оны кiмге дәлел қылып айтасың? – дейдi Абулла Әбдiрахманов.

Жендеттер мойындамасыңа қоймайды. Тырнағыңның астына ине тығып, қайта-қайта ұрып-соғады. Күнi бойғы жауаптан әбден әлсiреп, есiң танып құлайсың. Үстiңе шелекпен мұздай су құяды, сiлкiнiп қайта түрегелесiң. Бұны ендi қайтып көрсетпесiн. Бұл туралы тiптi айтуға тыйым салынған, “жазаңды бiзде өтегенiң туралы ешкiмге айтпайсың” деп қол қойдырып алады.

 Бір айдан соң Абдулла  Әбдірахмановты Гурьев облыстық соты СССР ҚК 58-бабының 10,14-тармақтарымен түзеу-еңбек лагеріне 10 жылға  айдауға жібереді. Осылайша «жапондық тыңшы» жазасын өтеуге Магаданға аттанады.

 - Мені Сусуманск маңындағы алтын өндіретін кеніште қара жұмысқа салды. Ол жерде 9 ай қыс, 3 ай жаз болатын еді. Сондықтан қыс бойына жерді қазып топырақты үйе беретін едік те, жаз шығып, жер жібігенде құммен араласа шыққан алтынды сүзгіден өткізетінбіз. Арасында 6 ай Чукоткада да жұмыста болып, кері оралдық,- деп еске алады ол.

 Абдулла Әбдірахманов өзі тарқатып айтпағанымен әңгімесінен  ол сол кезде СССР-дегі ең ауықымды саналатын Магадан облысындағы Дальстрой - жол және  өндірістік құрылыс тресі жүйесіндегі ЗапЛагта болғаны-ау деп шамаладым.

Атырау облысының тоқсан екі жастағы тұрғыны Абдулла Әбдірахманов, 1951 жылы Мағжан Колымдағы лагерде аштық пен аурудан көз жұмды деп жаңа деректі жайып салды.

Ақсақалдың айтуынша, ол өзі де сол күзде  ақынмен бірге жазасын өтеген көрінеді. "Мағжан Жұмабаев жерленді" деген жерді іздеген қазақстандық экспедиция құрамында журналистерден өзге ақынның туыстары мен 92 жастағы Абдулла Әбдірахманов та болды.

Ақсақал Мағжанмен бірге жазасын өтеген Сусуман ауданы  Магаданнан 700 шақырым қашықтықта. Бірақ қария сыр берген жоқ. Өйткені ол халық жауы атанған ақынның елуінші жылдардың  басына дейін өмір сүргенін дәлелдеуге міндетті еді.

 

Абдулла аққсақал Мағжанның қабірін іздеп Магаданға да барды

         Осы күнге дейін «Мағжан ақын 1938 жылы атылды» делінгенімен, онымен соғыстан кейінгі Колыма лагерлерінде бірге болған Абдулла Әбдірахманов  ақынның аштық пен аурудан 1951 жылы қалай көзжұмғанын көргенін айтқан. Осы материалдан соң Мағжан Жұмабаевтың қабірін іздеуге арналған экспедиция Ресейдің Магадан облысына барып қайтты. Делегацияны «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек СӘРСЕНБАЙ басқарды. Оның құрамында   құлсарылық Абдулла Әбдірахмановтан басқа да Мағжан ақынның туыстары  Райхан ЖҰМАБАЕВА және Шәйзада БЕКІШЕВАЛАР  болды.  

Магаданда болғанда Абдулла ақсақал әңгімесін қайта өрбітіп:

- Көз алдымнан бәрі кино құсап заулап өтті. Осы жерде алтын қаздық, оны мына өзенде жудық. Үш ай жазда алтынды сүзіп үлгеруің керек. Қыста  суық 60 граудсқа дейін барады. Бет қаратпайтын аяз басталады, - дейді Абдулла ата.

 Атаның көрсетуімен ақын тұрған барактардың ескі жұртына бет алдық. Ол қиқы-жиқы салынған жер үйлердің арасымен жүріп кетті.

 - Осы тұс, мына жерде қатар қатар біздің барактар тұрды. Ал қасымыздағы еңсесі биік баракта Мағжан Жұмабаев тұрды. Мынау аула болған, ара-арасында тиіп қашып тіл қатысатынбыз, - деді ата көзі жасқа тола.

 - Көзі жұмылғандардың бәрін апарып, осы маңға көме салатын. Оның ешқайсысын бөліп, арулап жерлемейді. Тек ішіндегі атақты зектарға ғана басына белгі орнататын. Онда да қада қағылып, есімі ғана жазылатын. Дұрыстап қараңдаршы, «1951 жыл. Сергей не Алексей» деген жазуды көрсетсеңдер болғаны. Мағжанды сол тұсқа көмген, - деген Абдулла ата бізді артқа тастап зираттарды аралап кетті.

(Осы қорымның бір бұрышында ұлы ақынның мүрдесі жатыр-ау...)

- Мағжан Жұмабаевтың жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері қандай еді? 

 - Мағжан кербез жүретін (ата оның жүрісін салып келтірді). Сөйлегенде адамға тіке қарамай, мойынын бір жағына бұрып, қырындау отыратын. Даусы жұмсақ, биязы еді.

- Мағжан айтқан әңгімелерден есіңізде не қалды?

 - «Алаш» партиясының мүшесі болғанын, оның басшылары мен қолдаушыларының түгел дерліктей қуғындалып, қамалғанын айтқаны ойымда қалыпты. Жұмабай Шаяхметов – Сталиннің оң қолы болмақ, Сәбит Мұқанов – Голощекиннің сол қолы болмақ, Асқар Тоқмағамбетов – Мәйкевский (Маяковский дегені – С.Т.)- болмақ көрінеді дейтін. Сәбит Мұқановтың түрін бір көрсем деуші еді. Неге олай дейтінін іштей ұғатынбыз.

- Одан басқа не әңгімесі есіңізде сақталды?

 - Сәбиттен зәбір көрген-ау шамасы. Қазақ зиялыларына жасалған қиянаттардың шет жағасын шығаратын. Қасындағылардың жау болып шыққанын айтатын еді. Бірінші рет  Сібір жақта отырып келген екен.  Елде жүргенінде Сәбит Мұқанов  жәрдем етіп, жұмысқа алдырыпты. Кейін «бұл шіріген жұмыртқа тағы шіріп жатыр» деп  хабарлапты. Соны айтатын. Ол (С.Мұқанов - C.Т.) мәдениет, өнер саласындағы барлығын соттатты, тек жалғыз кісіні алып қалды деді. Онысы ридәксияда бастық болыпты, Түркіменстан жақтың тумасы болған.

- Мағжан Жұмабаевтың қайтыс болғанын қалай білдіңіз?

 - Ертеңгісін жұмысқа апарарда сапта тұрғанбыз. Оның қайтыс болғанын естідік. Өліктерді жерлейтін арнайы адамдар болады. Солардың  әкетіп бара жатқанын көрдім. Қасына барып қоштасуға, жерлесуге күзетші әскер жібермеді. Іштей қамығып, көзге жас алдым.

- Мағжанның өліміне не себеп болды?

 - Ол азапты көп көргендіктен денсаулығы нашар еді. Жұмысқа шықпай, ауырып жатқандарға 400гр. нан ғана беретін. Біз оған артылған нанымызды,шайымызды апарып беретінбіз. Шифер қайнатып ішетін. Өлер алдында ісініп, кеуініп, төрт тағандап жүре алмай қалды. Тістерінің бәрі босап, иектері ас жегізбейтін. Цингамен ауырды. Өмірден солай өтті.

- Мағжанның қандай өлеңдер жазғанын білесіз бе?

 - Мен өзім сауатсыз адаммын. Оның үлкен ақын екендігін кейін білдім ғой. Аурудан арылмасын білді ме, ауылға жете алмасын ойлады ма,  бір күні бір сырты қапталған, су өтпесін деп  жазу жазылған, қолдан жасалған блокнотын берді. Көбін жәдитше және кейінгі әріппен жазған екен, мен оқи алмадым.  Оны «Алматыданмын» деген қазаққа берерсің» деп аманаттаған еді. Елге жетерде поезда ұйықтап қалып ұрлатып алдым. Бұған әлі күнге дейін өкінем ( ата өкінішті үнмен өзін жазғыра сөйледі, күйінді).

         Жоғарыда бейтаныс есімдерді байқаған боларсыз? Қайсы десеңіз есіңізге түсірейін «Мағжан ақынның туыстары...» деп келетін жері бар емес пе? Сол тұста Райхан ЖҰМАБАЕВА деген есімді байқаған боларсыз? Кім десеңіз айтайын, Райхан апайымыз, Мағжан Жұмабаевтың немере қарындасы. Інісі Қалижанның қызы. «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек СӘРСЕНБАЙ бастаған делегациямен бірге Мағжан атасының қабірін іздеп Колымаға жолға шықты.

Күтпеген хабар Колымаға жол тарттырды

Мен Мағжанның туған інісі Қалижанның қызымын, атым Райхан, – деп бастады әңгімесін сексенге келіп қалса да, ажарын бермеген апамыз. – Әттең, дүние-ай, ақын ағаның өзінен тікелей ұрпақ қалған жоқ, бірақ туыс-тума, жалпы Жұмабаевтар әулетінен Мағжан ағаның бар-жоғын түгендеп жүрген Қызылжарда, яғни туған жерінде Тасболат деген інісінің ұлы екеуміз ғана. Менің жасым болса – мынау, 77-демін, кәрілік күн санап өз дегенін жасатып, ауру-сырқау дегендер шыға береді екен ғой. Былтыр тамыз айында қатты ауырып, жансақтау бөлімінде жатқанмын. Сәл бетім бері қараған шақта маған Саят Жансүгіров хабарласты. Білесіздер ғой, Ілиястай ағамыздың ұлы. Екеуміз жақын дос, сырласпыз. Хабарласты да, халімнің біршама жақсы екенін сөзімнен, даусымнан білген соң: «31 мамырдағы «Жас Алашты» оқыдың ба?» деп сұрады. Ауырып жатып оқи алмай қалып едім, әйтпесе күнделікті баспасөзді қадағалап отырамыз ғой. Ауруханадан шыққан бойда әлгі газетті тауып, оқыдым. Сөйтсем, онда Атыраудың Құлсарысында тұратын Абдолла Әбдірахманов атты 92 жастағы қарт кісі кезінде өзінің Магаданда, Колыма лагерінде Мағжан ағаммен бірге отырғанын айтыпты. Әлгіні оқығанда төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей сілейіп отырыппын да қалыппын. Мәссаған, 1938 жылы атылып кетті деп жүрген ағамыз бертінге, 1951 жылға дейін тірі болыпты. Өз көзімен көрген адам міне тұр. «Егер туыстары болса, тіпті сол Мағжан жерленген жерді апарып көрсетіп, көрген-білгендерімді айтар едім, ақын аманаты әлі күнге мойнымда тұр, күні ертең арғы дүниелік болып кетсем, ол аманат мойнымда кетеді, екіншіден, қиянат жасаған болып табылам», – деген қария сөзінен соң өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей егіліп жылап алдым. Ол кісіге сол сәттен бастап ризамын, жасына қарамай, бізді сонау жер түбіндегі Магаданға бастап апарғанына да тәнті болдым. Тіпті 92 жастағы ол кісі түгіл, 77-дегі менің өзімнің сондай ұзақ жолға шығам дегеніме балаларым «бес минуты кем 80-десіз, ауруханадан шыққаныңыз да кеше» деп қарсы болды. Сонда да бой бермей «Мен бәрібір барамын, осыдан Мағжан ағам үшін жолда өліп кетсем, арманым жоқ» дедім. Расында, жол алыс та ауыр екен, қазақ текке «итжеккен» атамаған ғой: Мәскеуге дейін ұшақпен төрт сағат, ары қарай Магаданға дейін 12 сағат ұштық. Магаданның губернаторы қайта Құдайына қараған азамат екен, әрі қарай Колымадағы лагерьге дейін тағы 650 шақырым кедір-бұдыр жолға төтеп беретін көлік пен қасымызға жол бастаушы адам қосып берді. Әйтеуір, әупірімдеп ит арқасы қияндағы Сусуман ауданына да жеттік қой. Ауылдың аты да қазақшаға ұқсайды екен өзі, Берелех деп аталады. Әбекең, Абдолла ағамыз, өзі отырған лагерьді көргенде жылап жіберді. Бір кездері көрген азабы, тозағы есіне түскен шығар. Мағжан ағамен сол жерде отырғанын, қалай көргенін айтып берді. «Қай қиырда жүрсе де, адам өз қанын іздейді екен ғой, лагерьден өзім секілді қазақты кездестіргенде ауылымды көргендей елжіреп, көзіме жас келгенін, сол сәттегі сезімді тілмен жеткізе алмаймын. Ал Мағжан ағаның бойынан ақсүйектігі білініп тұратын яғни қандай азап көріп, қандай жаман жерде жүрсе де, тектілігі білініп тұратын. Қайта-қайта «Сәбиттің көзіне бір қарар ма еді, шіркін» деп айтатын», – дейді редакцияға берген сұхбатында.

– Сонда Мағжан ағамыз лагерьде қашаннан бастап отырған? – деген редакция сұрағына Райхан Жұмабаева былай деп жауап береді:

– «Атылды» деп шығарған 1938 жылдан 1951 жылға дейін сол азап лагерінде жүргенге ұқсайды. Бұл деректің шындығын растайтын бір адам да бар, ол – өтірік айтуы екіталай қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы. 1948 жылы соғыс біткен соң да әскери тапсырмалармен жүріп сол Магадан жеріне жолы түссе керек. Сонда «осындағы азап лагерінде қазақтың бір ақыны айдауда жүр» деген әңгімені естіп, әуелі естіген әлгі деректің растығына көз жеткізу үшін, екіншіден, оның кім екенін анықтау үшін барыпты. Сол жерде Мағжан ақынды көріп, таңғалып әрі оның аянышты халіне жаны ашып, намысы келіп, елге барысымен шығарып алуға кіріспек болады. Бірақ оны сезіп қойған сол кездегі басшылық Баукеңді шұғыл әскери бұйрықпен басқа жерге жібереді де, сол бойына екеуі кездесе алмай қалады. Әбекеңнің айтуы бойынша, Мағжан лагерьде 1951 жылға дейін отырыпты. «Бір күні, – дейді Әбекең, – Мағжанның тіпті жүруге шамасы  келмей, еңбектеп қалды». Қасына барып хал сұраған екен: «Аяқтарым ісініп кетіп, баса алмай тұрмын, еңбектемеске лаж жоқ» деп, сол еңбектеген күйі қара жұмысын істей беріпті. Қалай ауырмасын, өзі ол жердің қысы адам төзгісіз, 50-60 градус суық, одан мұзды судың түбінен құм алдырып, ол құмды елетіп, алтын іздетеді екен. Ал беретін тамақтары күніне небары 400 грамм нан ғана. Ауырмай қайтсін? Сөйтіп жүргенде көп ұзамай Әбекең таңертең далаға шыққанда сондағылардың аузынан «Магжан умер» деген қаралы хабарды естіген. Жүгіре жеткенде, ең аяныштысы сол, оны «қазақтың сондай бір беткеұстар тұлғасы-ау» деген ешкім жоқ, күрекпен алып, ары ысыра салған. Жалпы, лагерьде кім өлсе де, олардың жансыз денесіне қарап, рәсімін жасауға ешкімнің құлқы да, мүмкіндігі де болмайтындықтан, жан-тәсілім еткендер сол құлаған жерінде қала береді екен. Кейін барып оларды жинап әкетіп, бір жерге топтап көме салады. Соны естігенде қалай жыламайын?!.

Жоғарыда Райхан апамыздың қасында тағы бір бейтаныс есімді байқадыңыз ба? Шайзада БЕКІШЕВА. Кім десеңіз айтайын, Мағжан атамыздың немересі.

 

Шериаздан Елеукенов «Мағжан» атты монографиялық зерттеуі үшін Мемлекеттік сыйлық алған әдебиетші-ғалым. Ол кісінің пікірінше жоғарыдағы   деректердің барлығы да – лақап әңгіме.

Шериаздан Елеукенов:  Оның бәрі - лақап әңгіме

- 1995 жылы шыққан монографиямда мен Мағжанның қай жылы, қай күні атылғаны туралы 8-бөлімнің анықтама қағазын көрсеттім. Ал «Мағжан кейінгі жылдары да тірі болған» деген әңгімелердің бәрі өтірік. Ешкімнің ешқандай дерегі жоқ, бірінен бірі естіген, «анау айтыпты», «мынау айтыпты» деген лақап әңгіме әншейін. Бізде оның атылғаны туралы нақты құжат бар.

 Бауыржанның оны қай кезде көріп жүргенін мен білмеймін. Мағжан 1938 жылы атылған.

Мен осы мақаланы бекерден-бекер жазып, жариялап отырғаным жоқ. Ал енді жоғарыдағыларды салыстырайық. Сізге түсінікті болу үшін кестені сөйлетейін. Сіз мұқият қараңыз.

«Мағжан Жұмабаев

1938 жылы атылған жоқ»

«Мағжан Жұмабаев

1938 жылы атылды»

1. Бауыржан Момышұлы:

«Мен Мағжанды көрдім...»

1. Шериаздан Елеукенов:

«Оның бәрі – лақап әңгіме»

2. Абдулла Абдрахманов:

«1951 жылға дейін мен Мағжанмен Колымадағы Берелех лагерінде бірге болдым»

 

3. Райхан Жұмабаева:

«Атылды» деп шығарған 1938 жылдан 1951 жылға дейін сол азап лагерінде жүргенге ұқсайды»

 

4. Шайзада Бекишева:

«Дәйек толық табылғанда ұлы ақынның НКВД жендеттері қолынан емес, Колыма түрмесінде қаза болғаны туралы анық айтылатын болады.»

 

Осы кестеден не байқадыңыздар?  Бірі «...тірі болған» десе, енді бірі «1938 де қайтқан» дейді. Ал сіз не дейсіз? Сіздің ойыңызша Мағжан қай жылы қайтты? Айтпақшы кестенің «Мағжан Жұмабаев 1938 жылы атылған жоқ» деген бөлігіне тағы бір «ұпай санын» қосып бермекпін. Тағы бір куәгер бар. Басқалары бір төбе болса, бұл жолғы дерегім бір төбе. Сонымен, ол кім дейсіз ғой? Айтайын. 2012 жыл. Мен Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің 2-курс студенті ғана болатынмын. Әдебиет пәні бойынша дәріс тыңдап отырғанбыз. Пән мұғалімі – Кенжеахметова Зәмзәгүл Сейітқызы. Зәмзәгүл апай Сейіт Кенжеахметұлының қызы. Бауыржан атамызды көзімен көрген апайымыз  бізге мынандай бір әңгіме айтып берді.

 

Зәмзәгүл Сейітқызы: Бауыржан атамыздың Мағжанды көргені рас

- Сейіт Кенжеахметұлымен, яғни әкеммен Алматыға, жазушылардың бір жиналысына бардым, - деп бастады апайымыз әңгімесін. -  Ол  уақытта әлі бала едім. Бір кезде екі кісі екі қолынан демеп бір кісіні алып келіп, орындығына отырғызып жатты. Алып денелі, ірі  адам екен. Бала болсам да, Бауыржан ата екенін бірден білдім.

Бауыржан Момышұлының Мағжанды көргені рас. Бауыржан атам Мағжанды алып кетуші еді, бірақ Бауыржан ата әскери киімде болғасын, Мағжан одан қорқып қашып кеткен. Неге десеңдер, Мағжан ол кезде НКВД-дан көп зорлық-зомбылық көрген болатын.

Сонымен кестені қайта өзгертейін. Жоқ алдымен кестеден бұрын тарихшы-ғалым Талас Омарбековтің пікірін қоса кетейін.

Талас Омарбеков, тарихшы-ғалым:  Бәрібір ештеңені дәлелдеу мүмкін емес

- Бауыржан Момышұлының Мағжанды көргені туралы естелігі бары рас. Бірақ бүкіл құжаттарда «Мағжан Жұмабаев 1938 жылы атылды» деп айтылады, солай қабылданған. Енді келіп «Олай емес екен, Мағжан атылмапты» деген әңгіме шығарудың не қажеті бар?! Бәрібір ештеңені дәлелдеу мүмкін емес.

Жалпы, репрессия туралы ашылмаған ақиқат, айтылмаған әңгіме қалған жоқ. Бәрі жазылды, айтылды. Мағжан ақталды, кітаптары шығып жатыр. Басқа не керек енді?!

 

«Мағжан Жұмабаев

1938 жылы атылған жоқ»

«Мағжан Жұмабаев

1938 жылы атылды»

«Атылмсын» мейлі «атылмасын»

1. Бауыржан Момышұлы:

«Мен Мағжанды көрдім...»

1. Шериаздан Елеукенов:

«Оның бәрі – лақап әңгіме»

1. Талас Омарбеков:

«Бәрібір ештеңені дәлелдеу мүмкін емес»

2. Абдулла Абдрахманов:

«1951 жылға дейін мен Мағжанмен Колымадағы Берелех лагерінде бірге болдым»

   

3. Райхан Жұмабаева:

«Атылды» деп шығарған 1938 жылдан 1951 жылға дейін сол азап лагерінде жүргенге ұқсайды»

   

4. Шайзада Бекишева:

«Дәйек толық табылғанда ұлы ақынның НКВД жендеттері қолынан емес, Колыма түрмесінде қаза болғаны туралы анық айтылатын болады.»

   

5. Зәмзәгүл Сейітқызы:

«Бауыржан атамыздың Мағжанды көргені рас»

   

Ортақ есеп.

5

1

1

       

 

Хош, сонымен, басқа - басқа, сіз қандай ойға тоқтадыңыз? Сіздің ше Мағжан қай жылы қайтқан? Бірден жауап бере алмайсыз...

         Мағжан Жұмабаев 1938 жылы қаза тапты. Біз әдебиетті, әдебиетті болғанда да  қазақ әдебиетін осылай оқып келеміз. Себебі ұстаздарымыз бізге осылай үйретті. Ұстаздарымызға да осылай үйреткен болар, сірә. Ал біз ше? Өзіміз «өтірік» оқығанымызбен қоймай, ертең киінгі ұрпаққа «өтірік» әдебиетті оқытамыз. Менің мамандығым мұғалім. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршіндеріміз біздерден әріп үйреніп, ана тілдерімен танысады. Ана тілі басталған сәттен-ақ кейінгі әдебиет өкілдері осы Мағжандармен танысады. Сонда оларға да «өтірік» айтамыз ба? «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген де сөз бар. Мен бір ғана қазақ зиялысының өмірін қозғап, қазбаладым. Тек бір ғана Алаш зиялысының өмірінде қаншама былық, қаншама өтірік.  Ал басқа да қазақ зиялыларын не істейміз? Әлде тарихшы-ғалым Талас Омарбеков сияқты  «Бәрі-бір ештеңені дәлелдей алмаймыз», деп жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырамыз ба? Сіз не дейсіз?

АРҚАЛЫҚ ҚАЛАСЫ.

Abai.kz

 

Мақалада пайдаланылған деректер сілтемесі:

http://azh.kz/kz/news/view/1541

http://old.abai.kz/node/5542

http://old.abai.kz/node/5542

http://alashainasy.kz/tan/33095/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570