Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4147 0 пікір 7 Ақпан, 2014 сағат 06:44

Бейбіт Қойшыбаев. Осы жұрт Аяповты біле ме екен?!

1-сурет: Қалқаман Аяпов

2-сурет: Қалқаман Аяповтың соңғы кітабының мұқабасы

Өткен жылғы тамыздың ортасында Алматы медицина колледжі ғимаратында азалы шара болды. Жұртшылық осы оқу орнының негізін қалап, ширек ғасыр бойы басқарған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері,  медицина ғылымдарының докторы, профессор Қалқаман Аяпұлы Аяповты соңғы сапарға шығарып салды. Ұлағатты ұстаз, жаңашыл ғалым жайында әріптестері жүрекжарды сырларын айтты. Қалқаман Аяпұлының республикамыздағы мейірбикелік білім беру ісіне реформа жасау мәселесін көтеріп, оны өз оқу орнында жүзеге асырғанын,  мейірбике ісінің мамандарын дайындаудың көп деңгейлі жүйесін жасағанын, іргесін өзі көтерген Алматы медколледжінің оқу үдерісін әлемдегі озық үлгілерге сай ұйымдастырғанын сөз етті. Білікті, талапшыл, әділ басшы, адамшылығы зор азамат ретінде педагогикалық ұжымның құрметіне бөленгенін әңгімеледі.

1-сурет: Қалқаман Аяпов

2-сурет: Қалқаман Аяповтың соңғы кітабының мұқабасы

Өткен жылғы тамыздың ортасында Алматы медицина колледжі ғимаратында азалы шара болды. Жұртшылық осы оқу орнының негізін қалап, ширек ғасыр бойы басқарған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері,  медицина ғылымдарының докторы, профессор Қалқаман Аяпұлы Аяповты соңғы сапарға шығарып салды. Ұлағатты ұстаз, жаңашыл ғалым жайында әріптестері жүрекжарды сырларын айтты. Қалқаман Аяпұлының республикамыздағы мейірбикелік білім беру ісіне реформа жасау мәселесін көтеріп, оны өз оқу орнында жүзеге асырғанын,  мейірбике ісінің мамандарын дайындаудың көп деңгейлі жүйесін жасағанын, іргесін өзі көтерген Алматы медколледжінің оқу үдерісін әлемдегі озық үлгілерге сай ұйымдастырғанын сөз етті. Білікті, талапшыл, әділ басшы, адамшылығы зор азамат ретінде педагогикалық ұжымның құрметіне бөленгенін әңгімеледі.

Сол қаралы жиындағы  қоштасу сөздерден арамыздан кеткен тұлғаның артына қалдырған айшықты іздері анық аңғарылған-ды. Ұзамай марқұмның өз атынан мазмұнды жинақ (Аяпов К. Развитие сестринского дела в Республике Казахстан. 2-издание с доп. Алматы: ТОО «Эверо» – 2013. – 216 с.) жарық көрді. Осы кітаппен танысу барысында еліміздің медициналық орта буын қызметкерлерін дайындау саласы қандай озық ойлы маманнан, буырқанған замана толқынының жалында тұрып, жарқын болашаққа көз тіге білген қажымас қайраткерден айрылғанына көзіміз анық жетті.   

Жинақтың негізгі бөліміне профессор Аяповтың 1987–2012 жылдар ішінде мейірбикелерді даярлау ісін реформалау мәселесіне қатысты ғылыми, ғылыми-көпшілік, қоғамдық-саяси басылымдарға, газет-журналдарға жариялаған  ғылыми және публицистикалық мақалалары жинақталыпты. Осында, сондай-ақ, ол жасаған орта медициналық білім беруді дамыту концепциясы мен оның денсаулық сақтау министрлігі тарапынан мақұлданғанын көрсететін құжаттар және бұл жаңалық жайындағы көрші республика ғалымының пікірі берілген. Қосымша бөлімге жарияланған 30-дан астам материал – түрлі рецензиялар мен пікірлер – жаңашыл ғалым жүргізген реформаның жай-жапсарын мейлінше терең түсінуге мүмкіндік береді. Және оның алдағы уақытта жалғастырыла беруі тиістігіне күмән қалдырмайды.  

Медицина мейірбикелерін оқытып, кәсіби маман болуға әзірлеу ісін реформалаудың жай-күйі, әрине, баспасөз назарынан тыс қалмаған.  Алматыдағы орта медицина  оқу орнында әлемдегі озық тәжірибелерді пайдалану арқылы жүргізіліп келе жатқан реформа туралы ұстаз, ғалым, басшы Аяповтың түрлі басылымдарға берген сұхбаттарының бірқатары, сондай-ақ реформаның жай-күйіне алаңдаушылық білдірген журналистік жұмыстар кітаптың арнайы бөліміне топтастырып беріліпті.

Жинақтың жалпы құрылымы осындай. Оны мазмұнды етіп құрастыруға Қалекеңнің жұбайы әрі әріптесі, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің білікті оқытушысы Жұлдызай Омарқызы Аяпованың едәуір еңбек сіңіргені бірден байқалады. Енді осы кітапты оқи отырып, Қалқаман Аяпұлының қызметінің алтын өзегіне айналған реформаторлық басты шаруасының мән-жайына шолу жасайық.

...Бәрі де Алматы қаласындағы денсаулық сақтау мекемелерінің орта медициналық кадрлармен толымдалуын жақсарту қажеттігінен басталған. Осы мақсатта қалада  орта медициналық білім беретін жаңа училище ұйымдастыру қажеттігі туған еді. Бұл жұмысты Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы қалалық денсаулық сақтау бөлімі сол кезгі басшы партия органдарымен келісе отырып, Республикалық медицина училищесі директорының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты  Қалқаман Аяповқа тапсырды.

Жаңа медициналық училище үшін № 1 балалар инфекциялық ауруханасының мекенжайы босатылып берілді.  Бұл әуелде балалар приюті, яғни жетімхана ретінде тұрғызылған, архитектор Пьер Гурдэнің жобасымен 1879 жылы ағаштан  салынған тарихи ғимарат, сәулет өнерінің жәдігері болатын. Совет өкіметі орнаған соң да балалар үйі мәртебесінде сақталған-ды. Тек, большевизм билігі әсерімен, ғимараттың бастапқы көрінісіне өзгеріс енді: ортаңғы бөліктің үстіне салынған, төбесіне айқыш орнатылған биік күмбезі бар қабат пен оның айналасындағы кішкене күмбездер жойылды.  Мемлекеттің қарамағына алынған приют сосын, Алматы астана болар қарсаңда, Есікке ауыстырылды да, төңкеріс дәуіріне лайықталған көне ғимаратқа Қызылордадан көшіп келген Қазатком, Халкомкеңес, Госплан кірді. Жас республиканың осынау жоғарғы мекемелері төрт-бес жылдан соң жаңа қонысқа кетіп, ғимарат науқас балаларды емдеу орнына берілді. Қырық шақты жыл бойы жұқпалы дертке ұшыраған балаларды жатқызып, емдеп келген аурухана үйін, енді, міне, медициналық оқу орнына лайықтап қайта жабдықтау қажет еді. Қалқаман Аяпұлы өзі жаңадан жасақтаған ұжымымен осы іске кірісті...

Алматы медицина училищесі 1981 жылы шаңырақ көтерді. Қалқаман Аяпұлы Аяпов медучилище директоры ретіндегі алғашқы жылдарын оқу орнының материалдық базасын жасауға, нығайтуға, оқыту ісін жолға қойып, дәстүрлі медициналық мейірбике, фельдшер, акушерка мамандықтарымен кадрлар дайындауды қалыптастыруға жұмсады. Содан кейін клиникалардағы медбикелер рөліне жаңаша мән беріп, тиісінше, осынау орта буын қызметкерлері қатарына қосылар түлектерді өзі құрған оқу орнында жаңаша дайындау қажеттігіне  ғалым көзімен ой жүгірте бастады.

Ол Омбы мемлекеттік медицина институтын 1964 жылы бітіріп, еңбек жолын Целиноград облысының Ерейментау ауданында дәрігер-хирург болып бастаған еді. Үш жылдан кейін Алматыға ауысты. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының клиникалық ординаторы, аспиранты, кіші ғылыми қызметкері болды. Өңеш обырын зерттеп, кандидаттық ғылыми диссертация қорғады. Сосын бірнеше жыл Министрлер Кеңесі Орталық ауруханасының дәрігер-хирургі, одан қалалық жедел жәрдем ауруханасында тамыр нейрохирургиясы бөлімінің меңгеруші болды.  Осындай еңбек жолдарынан өтіп жүріп, медбикелердің дәрігерлерге көмекші сипатындағы практикалық қызметтерін тікелей танып білді. Медбикелерді дайындайтын училищелерде қандай оқу бағдарламасы қолданылатынын және теориялық білім беру мен өмір көрсетіп отырған нақты іс арасында елеулі айырмашылық барын республикалық медицина училищесінде қызмет істеген 1978 жылдан бері, әсіресе, өзі ашқан қалалық  медучилищенің жұмыс  тәжірибесін сараптай  келе, айқын ажырата түсті.  

Осылай, ұстаз және ғалым Қалқаман Аяпов медициналық мейірбике ісінің мамандарын оқыту жүйесінің жұмысын жан-жақты және терең зерттеуге кірісті. Кеңестік және шетелдік арнайы әдебиетті, статистика деректерін  қарастырды. Медбике мамандығының қиындықтарын дәйектеу және кадр дайындаудың  кемістіктерін айқындау үшін арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізді. «Орта медицина кадрларын дайындау және оны жетілдірудің жолдары» деген тақырыппен денсаулық сақтаудағы өзектілігі айқын, өзін толғантқан мәселе жайында проблемалық ғылыми мақала жазды.  Оның медициналық білім беру саласында істегелі бергі осынау алғашқы ғылыми-құнды, проблемалық еңбегі 1987 жылы жарық көрген еді.

Әдетте «дәрігердің көмекшісі» деп есептелетін орта медицина персоналы хақында қалыптасқан көзқарасты түбегейлі өзгерту, медбикені дәрігердің нұсқауларын орындаушы ғана емес, емдеу үдерісіне белсене қатысушы, дәрігердің тең құқықты әріптесі ретінде тану қажеттігін дәйектеп, ол тың ұсыныс жасады. Орта буынның білікті  мамандарын дайындау жүйесін құрылымдық тұрғыда жетілдіру идеясын бірінші болып көтерді (көрсетілген кітаптың 41-беті). Сол 1987 жылы ол әлеуметтік медицина және қоғамдық денсаулық сақтау шебері (маманы) делінген ВОЗ-дың (дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының) дипломын алды. Тура осы жылды баспасөзге берген сұхбатында Қалқаман Аяпұлы еліміздегі медициналық мейірбике ісінің мамандарын дайындау жүйесін өзгерту идеясы бойын тұңғыш рет шындап билеген мезгіл ретінде атады (171-б.). «Чехословакияда стажировкада болуым менің медбикенің рөлі хақындағы ұғымыма төңкеріс жасады, – деді ол. – Брно қаласында мейірбике ісі институты бар-тын, сол кезде социалистік деп есептелетін елдің клиникаларында жұмыс батыстың жүйесімен жүргізіліп жатқан еді».

Содан бастап Аяпов медбикелер білімін реформалау жайындағы жаңашылдық ойын жүзеге асыруды қолға батыл алды. Денсаулық сақтау және оқу министрліктеріне мейірбике ісінің жоғары білімді мамандарын дайындау жоспарын ұсынды. Бұл реформаның қажеттігін, жасалған ұсыныстардың мән-жайын айтып, баспасөзде мәселе көтерді. Бірақ ғалымның энтузиазмы билік тұтқаларын ұстағандардың салқын енжарлығына тірелді. Сонда ол өзінің реформаторлық идеясын өзі құрған педагогикалық әм шығармашыл ұжыммен бірге талқылап, дамыта берді. Ақыры, елімізде мемлекеттік тәуелсіздік жария етілісімен, Аяпов көтерген білім жүйесін өзгерту туралы бастама қолдау тапты. Алматы медицина училищесі 1992 жылы республикада бірінші болып,  колледж ретінде қайта ұйымдастырылды. Орта медициналық қызметкерлердің кәсіби білімін, білігі мен машығын арттыру, қосымша білім беру мақсатымен, колледж базасында дипломнан кейін оқыту орталығы құрылды.

1993 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Колледжде мейірбике ісінің медициналық кадрларын Қалқаман Аяповтың жүйесі бойынша дайындау» бағдарламасын бекітті. «Аяпов жүйесінің» ерекшелігі – колледж талапкерлерді бұрынғыдай түрлі мамандық бөлімдеріне берген өтініштері бойынша қабылдаудан бастартып, жалпы медициналық білім беруге қабылдайды. Содан соң, студенттерді  үлгеріміне, бейіміне, талабына қарай, тиісті мамандықтар алулары үшін іріктейді. Оқу үдерісіне білім берудің неғұрлым озық, тиімді тәсілдерін енгізіледі. Сондай-ақ, жас маманды кәсіби шеберлікке баулумен қатар, оның жеке басының мәдениеті жоғары, дүниетанымы кең болуына көңіл бөледі. Оған науқасқа шын мәнінде адами мейіріммен қарай алатын, пациентті дәрімен ғана емес, жүрегінің жылуымен де емдейтін қасиеттер телуді көздейді.  

Бұрын училищеге жоғары оқуға түсе алмағандар келетін. Енді, колледждің беделін мейлінше көтеру арқылы, осы жәйтті түбегейлі өзгертіп, талапкерлер бұл білім шаңырағын шын ықыласымен таңдап келетін оқу орнына айналдыру мақсат етілді.  Ұжым оқу бағдарламасымен шектелмей, сабаққа міндетті түрде ғылымдағы ең соңғы жаңалықтарды пайдаланды. Ескі оқу бағдарламасының 70 пайызы теориялық пәндер оқытуды қарастыратын, практикалық сабақтарға оқу мерзімінің 30 пайызы ғана бөлінетін. Жаңа жүйе бойынша оқу мерзімінің 30 пайызы теорияға (ескі оқу жоспарларындағы көнерген, қазіргі уақытқа керексіз пәндер қысқартылды), 70-і практикаға берілетін болып жоспарланды (168–170-бб.).

Алматы мен Тусонның (АҚШ, Аризона штаты) бауырлас қалалар ретіндегі қызметтестігі ауқымында, медбикелер дайындау жүйесіне реформа жасауға басты назар аударатын ұйымдармен әріптестік бағдарлама жасалды. Бұл жұмыстың оң нәтижелерінің бірі сол, 1993 жылғы 12 желтоқсанда Денсаулық сақтау жөніндегі Тусон-Алматы коалициясының директоры Эмили Дженкинс Алматыға: «Қымбатты д-р Аяпов: ...Сіздің Тусон мекемелерінде денсаулық сақтау жөніндегі факультеттерге арнап, әсіресе Пима Комьюнити колледжінде, Медбикелер колледжінде және Аризона университетінің Медицина колледжінде медициналық мейірбикелер мен дәрігерлерді оқытудың жаңа жүйесін таныстырғаныңыз үшін мен Сізге коалиция атынан алғыс айтамын. ...Сіз идеяларыңызды таныстырған кезде, біздің коалиция ауруханаларының медбикелік оқуды ұйымдастырушылары мен оқытушылары көптеген пайдалы ақпарат алды. Сіздің жүйеңіздің негізінде Сізбен бірлесіп академиялық бағдарлама жасаймыз және қолданысқа енгіземіз деп үміттенеміз» (148–149-бб.), – деп хат жазды.

Мұндай дәрістерді Қалқаман Аяпұлы әлденеше рет Тель-Авивте де оқыды. Оған Израильдегі Беер-Шеве университетінің профессоры атағы берілді. Сондай-ақ Қытай, Ресей, Малайзия оқу орындарындағы ғалымдармен екіжақты байланыстар орнатты. Шетелдік әріптестермен ақпараттар алмасуды, өзара мамандар жіберіп, тәжірибе алмасуды кең жолға қойды. Ізденістерінің нәтижесінде, 1994 жылы Денсаулық сақтау министрлігіне «Мейірбикелік білім беру және мейірбике ісін реформалаудың концепциясын» жасап ұсынды. Медбикелік оқуды медициналық білімнің жеке саласы ретінде қарастырған концепция 1995 жылы министрлік алқасының қаулысымен мақұлданып, бекітілді. 

Мейірбике ісі мамандарын көп деңгейлі дайындықтан өткізуді көздейтін осы концепцияны Қалқаман Аяпұлы басқаратын колледж оқу үдерісінде табысты түрде жүзеге асырды. Атап айтқанда, 1-курсты бітіргендерге медбике-ассисент мамандығы беріліп жүр, олар ауруханаларда медициналық мейірбикелердің көмекшілері болып істей алады. Бұл – маман дайындаудың 1-ші деңгейі. 2-курсты, яғни 2-ші деңгейді  аяқтағандар – медициналық мейірбикелер. 3-ші деңгейде – алғашқы екі жылдық білім базасында болашақ мейірбике ісінің мамандары оқытылады, сөйтіп, 3-курстан кейін – студенттер жедел терапия мен акушерлікке маманданған мейірбикелер болып шығады. Ал 4-курсты тамамдаған соң, яғни дайындаудың 4-ші деңгейінен өткеннен кейін – колледж түлегіне 1996 жылдан бастап медициналық мейірбике-менеджер, яғни мейірбике ісінің ұйымдастырушысы мамандығы және оған қоса «мейірбике ісінің бакалавры» академиялық атағы беріле бастады (45–46-бб.).

Министрлік бекіткен аталмыш концепцияда оны жүзеге асыру кезеңдерінің бірінде жоғары білімді медициналық мейірбикелер дайындайтын институт ашу көзделген-ді. Бұл институт түлегіне «мейірбике ісінің магисрі» және «мейірбике ісінің докторы» академиялық атақтары берілетін боп бекітілген еді.  Реформаны аяғына жеткізу үшін осы мәселеге қатысы барлардың бәрінің күш-жігер біріктіруі қажет болатын (47-б.). 

Профессор Аяпов шетел тәжірибелерін мұқият зерттей келе, еліміздегі «мейірбикелік істі» «дәрігерлік істен» бөлек, медицинаның дербес саласы ретінде дамыту қажет деп санады.  Өйткені, «дәрігерлер – дерт пен патологияны, ал медбикелер – дерттің әсерін және жүргізіліп жатқан ем-домды зерттейді, – деді ол. – Бұлар – өзара әріптес жағдайда жұмыс істейтін әртүрлі мамандар» (92-б.). Оның иланымы бойынша – «медициналық мейірбике – пациентті сауықтыру үдерісіндегі жәй ғана орындаушы емес, – дәрігердің белсенді серіктесі» (3-б.).

Орталық Азия аймағындағы мейірбикелік істі реформалаудың бастамашылы және көшбасшысы ретінде, Қалқаман Аяпұлы басқарған Алматы медицина колледжі Денсаулық сақтаудың америкалық халықаралық одағы серіктестігіне 1993 және 1993 жылдары мүшесі болды. 1996 жылы Алматыда ТМД елдері медбикелерінің АҚШ-тық әріптестер қатысқан екінші халықаралық конференциясы өткізілді. Алматы колледжінің медбике-менеджерлер мамандығымен кадрлар дайындау тәжірибесіне талдама жүргізген  ДДҰ-ның (ВОЗ) тәуелсіз сарапшылар тобы – америкалық Рочестер (Нью-Йорк штаты) университетінің өкілдері – мейірбикелік іс докторы Анн Мари Брукс пен педагогика докторы Тони Смит колледждегі оқу бағдарламасын халықаралық стандарттарға толығымен жауап береді деп бағалады (130-б.).  

Сонымен, профессор Аяпов мейірбикелік істің мамандарын дайындаудың көп деңгейлі үздіксіз жүйесін жасап, өзі басқаратын колледждің оқу үдерісіне енгізді. «Қазақстандағы  мейірбикелік істі дамытудың әлеуметтік-гигиеналық және ұйымдық негіздері» тақырыбымен диссертация қорғап, медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды. Көп жылғы тәжірибелері әр жылда шыққан «Қазақстандағы мейірбикелік істі дамыту стратегиясы», «ҚР-дағы мейірбикелік білім беруді жетілдіру жолдары», «Қазақстан жағдайындағы мейірбикелік білім», «ҚР-дағы мейірбикелік істі дамыту» атты монографияларында қорытылды. Зерттеулерінің материалдары бойынша өз республикамыз бен жақын және алыс шетел БАҚ-тарында 180-нен астам ғылыми жұмыс жариялады. Оның жасаған жүйесіне отандық және шетелдік жетекші оқу орындарынан көптеген лицензиялар мен пікірлер келді. 1993–2006 жылдар ішінде, Америкалық халықаралық денсаулық сақтау одағымен серіктестік ауқымында,  мейірбикелік білім берудің біздің жүйеге бейімделген америкалық моделін колледждің жұмыс тәжірибесіне енгізді (130-б.).

  Медбикелік  білім беру концепциясының негізгі мақсаты мейірбикелік істі медицинаның халықаралық деңгейге бағдарланған дербес саласы ретінде реформалау болып табылатын. Осы концепцияның жоғарыда аталған, колледждің білім беру жүйесіне енгізілген төрт деңгейінен кейінгі кезекте 5-ші деңгей өзінің жүзеге асырылуын тосып тұр. Дипломнан кейінгі білім беруді көздейтін бұл деңгейде мейірбикелік іс бойынша магистратура мен докторантурада ғылыми кадрлар дайындау ойластырылған (118-б.). Бірақ әзірге, оның орнына, республика медицина университеттерінде 2007 жылдан бері жоғары білімді медбикелер дайындау жүзеге асырыла бастады.

Медбике ісін реформалау мәселесі Алматы медколледжін 25 жыл бойы басқарған профессор Аяповтың өмірінің мәніне айналған еді. С.Ж.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінде сабақ бере бастаған шағында да ол медбикелердің жаңа буынын дайындауға қызмет ететін «мейірбике ісі институтын  – мемлекеттік деңгейдегі жоғары оқу орнын» ашу әлі де күн тәртібінде деп есептеді (120-б.). Себебі, еліміздегі бастамаларды қолдау, инновациялық көзқарастарды ынталандыру дәстүрлері болашақта республикамыздағы  мейірбикелік істі дамыта түсуге игі әсерін сөз жоқ тигізеді.  Ол бұл ойын, білім беруді дамытудың 2010–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына орай, «Казахстанская правда» газетінде (2011 жылғы 28 шілдеде) тереңдете өрбітті. Еліміздің емдеу-профилактикалық ұйымдарында медбикелерді күні бүгінге дейін дәрігердің көмекшісі деп қарайды. Ал сырқатқа күтім жасау үдерісі еленбей, емдеудің маңызды құрамдас бөлігі ретінде танылмай, бағаланбаған күйі қала беруде. Сондықтан да мейірбике ісі бойынша дербес жоғары оқу орнын құру мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ деп түйді ол. 

Профессор Қалқаман Аяпұлы Аяпов Алматы медицина колледжін ширек ғасыр бойы басқарып, әлем мойындаған оқу орны дәрежесіне жеткізді. 1993–2006 жылдары Қазақстан Республикасы мен Орталық Азия аймағындағы мейірбикелік білім беруді дамыту бағдарламасын ұйымдастырып, оны, Америкалық халықаралық денсаулық сақтау одағымен серіктестік ауқымында, АҚШ-тың медициналық университеттерімен үйлестіріп тұрды. Әлем медициналық мейірбикелері халықаралық ұйымының (Sigma Theta Tau International) мүшесі болды, 2000 жылы осы ұйымның алтын медалімен марапатталды. Өмірінде шыншыл, адал болған, ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен азаматтың артына қалдырған айтулы ізі осы өзі іргесін қалаған оқу орнымен тығыз байланысты. Мейірбикелік істің мамандарын Аяпов бастаған, енгізген реформа негізінде дайындау бүгінде мұнда одан әрі дамытылып, табыспен жүргізілуде. Егер өзінің бел баласы сынды осынау медколледжге жаңашыл ғалым, медбике ісінің тұңғыш реформаторы, профессор Қалқаман Аяпұлы Аяповтың есімі берілсе, мұндай қадамды аталмыш оқу орнының ұжымымен қатар  күллі ғылыми-медициналық қауымның, жұртшылықтың дән ризашылықпен қабылдарына күмән жоқ.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,  жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572